Денис Тен, архивтегі сурет

Қаралы күн: мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өмірден өткеніне бүгін үш жыл

102
(Жаңартылды 10:46 19.07.2021)
Спортшы пышақ жарақатынан көп қан жоғалтып көз жұмды. Оған ұрылар екі жерінен пышақ салған. Бірінің ұзындығы - 9 сантиметр, екіншісі – 4 сантиметр. Денис Тен ауруханада жансақтау төсегінде жан тапсырды

АЛМАТЫ, 19 шілде – Sputnik. Үш жыл бұрын қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2014 жылы Сочи Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған Денис Тен Алматының қақ ортасында кісі қолынан жарақат алып, аурухана төсегінде көз жұмды. 

Sputnik Қазақстан қазақ спорты қара жамылған қайғылы оқиғаға шолу жасады. 

Қайғылы жағдай 2018 жылы 19 шілдеде түскі сағат үш кезінде Құрманғазы мен Байсейітов көшелерінің қиылысында болды. Денис Тен автокөлігінің айнасын ұрламақ болғандардың үстінен түскен. Артынша қаскөйлер спортшыны пышақтап кеткен. Денис Тен орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Оның оң жамбастың үстіңгі бөлігінен пышақ жарақатын алғаны, тамырларына зақым келіп, қан жоғалтқаны хабарланды. Алайда сол сәтте ешкім өмірден өтеді деп ойламаған...

Ауруханаға ауыр хәлде түскен спортшыға дереу жансақтау шаралары көрсетілді. Алайда дәрігерлер спортшының өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, сағат кешкі бес шамасында 25 жастағы Денис Тен жансақтау бөлімінде көз жұмды.

Алматы тұрғындары 21 шілдеде Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды. Мыңдаған адам Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына келіп, гүл шоқтарын қойды. Денис Тенді соңғы сапарға шығарып салуға шетелде жүрген Геннадий Головкин келген болатын.

Жиналған мыңға жуық қала тұрғыны мен қала қонақтары Денис Теннің орындауындағы She won’t be mine әнімен орындарынан тұрып спортшыны ақтық сапарға шығарып салды.

Мәнерлеп сырғанаушымен елордалықтар да қоштасты.

Спортшыны өлтіргендер қамалды

Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің бас прокуроры мен ішкі істер министріне Денис Теннің қазасына байланысты істе қатаң бақылауға алуды, мұқият әрі объективті тергеу жүргізуді тапсырды. 

2018 жылы 20 шілдеде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Арман Құдайберген, Нұралы Қиясов ұсталды. 

24 шілдеде спортшыны өлтірді деген күдікпен ұсталған Нұралы Қиясов Тенге пышақ сұққанын мойындады.

27 шілдеде елдің бас прокуратура Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша үшінші адамның ұсталғанын хабарлады. Құзырлы орган үшінші адамның қылмыс туралы хабар бермегені үшін қамауға алынғанын атап өтті. Полиция Жанар Толыбаеваны 23 шілдеде ұстаған, аудандық сот тұтқындауға санкцияны 25 шілдеде берген.

25 қазанда сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Денис Теннің өліміне қатысты тергеу аяқталғанын мәлімдеді. 

25 желтоқсанда Алматыда Бостандық ауданының №2 сотында Тенің өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы басталды. 

Отырыста қамауда отырған Нұралы Қиясовтың Алматыда Шаңырақ ықшам ауданында туған ағасы және жеңгесімен тұрғаны белгілі болды.

Өзбекстанда дүниеге келген Қазақстан азаматы күдікті Жанар Толыбаева өзінің тұрмыста болғанын, 4 жасар баласы бар екенін айтты. Екінші баласына аяғы ауыр болған, жүктіліктің алтыншы айында еді.

2019 жылдың 3 қаңтарында өткен кезекті сот отырысында сотталушы Арман Құдайбергенов ұрлық жасағанын мойындады, бірақ ол Денис Тенді өлтіруді жоспарламағанын алға тартты.

Қиясов өз қылмысын мойындаған жоқ. "Мен айыпты мойындамаймын, өлтірген жоқпын, ұрлаған жоқпын", - деді Қиясов сот отырысында.

Ал үшінші күдікті Жанар Толыбаева достарының қылмысқа бара жатқанын білмегенін, пышақ салып жатқанын көрмегенін айтты.

Ал айыптау актісіне сәйкес, Денис Тен көз жұмған 19 шілдеде сотталушылар Нұралы Қиясов пен Жанар Толыбаева, Арман Құдайбергенов "Магнум" сауда үйінен ас үй пышағы мен қолғап сатып алған. Құрманғазы көшесінен шығысқа қарай Бәйсейітова көшесінде "LEXUS 708 02" көлігі тұрғанын көрген. 

Олар көліктерін "Достық" қонақүйінің қасына қалдырып, Теннің автокөлігіне жаяу жақындаған. Толыбаева жан-жағына қарап, адамдардың қарасы азаюын, ыңғайлы сəтті күтіп, 7 метр ара қашықтан аймақты бақылап тұрған. Құдайбергенов болса, көліктің айнасын шешіп алып, көлік иесіне 199 мың теңге шығын келтірді. Сол сəтте Денис Тен Толыбаеваның қасынан өтіп, көлігінің жанында бөтен адамның тұрғанын көреді. Оның көлік айнасын ұрлап жатқанын байқаған соң, айнасына жармаса кеткен.

Осы сәтте Құдайбергенов Бәйсейітова көшесіне қарай қаша жөнелген. Ал Тен көп ұзамай оны қуып жеткен. Сол арада Құдайбергенов пен Тен арасында төбелес басталған. 

Құдайбергенов шалбарының белбеуін шығарып, Теннің бетінен ұра бастаған. Сол сəтте Қиясов рюкзактан пышақты алып арт жағынан келген. Қиясов қылмысты жасыру үшін оны өлтіруді ойлаған. Құдайбергенов Тенді ұстап тұрады. Сол кезде Қиясов Денис Теннің оң жақ санының артериясының жоғарғы тұсынан екі рет пышақ салған.

11 қаңтарда өткен сот талқылауында Денис Теннің өлімі туралы қорытындыны жазған сот-медициналық сарапшы Әзиз Ибрахимов спортшы пышақ жарақатынан көп қан жоғалту салдарынан көз жұмғанын айтты. Оның сөзінше, Денис Тенге екі пышақ жарақатын салған: бірінің ұзындығы 9 сантиметр, екіншісі – 4 сантиметр.

14 қаңтарда өткен сот отырысында сотталушы Нұралы Қиясов Денис Тенді өлтіргенін мойындап, қалай қылмыс жасағанын айтты. Қылмыс жасауға өзінен жүкті қызға көмектесу үшін ақша іздегені себеп болған.

Содан кейін прокурор күдіктілерді 20 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал қылмыс жайлы хабарламағаны үшін Жанар Толыбаеваны төрт жылға бас бостандығынан айырып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесіне қамауға алуды сұрады.

17 қаңтарда Нұралы Қиясов 18 жылға, Арман Құдайбергенов 18 жылға, ал аяғы ауыр Жанар Толыбаева 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қиясов пен Құдайбергенов жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде, ал Толыбаева қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды.

Жанар Толыбаева 2019 жылдың 6 наурызында ұл босанды. Осыған байланысты сотталушының адвокаты Амангелді Сариев жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдыруды сұраған болатын. Сот адвокаттың бұл сұранысын қанағаттандырмады.

2021 жылдың 6 қаңтарында сотталушы Жанар Толыбаеваның бостандыққа шыққаны белгілі болды. Заңға сәйкес, ауыр қылмыс үшін сотталған кез келген азамат жаза мерзімінің 1/3 бөлігін өтегеннен кейін қалғанын жазаның едәуір жеңіл түріне ауыстыру туралы сотқа өтініш білдіре алады. Бір жыл бұрын, 2019 жылдың желтоқсанында Толыбаева осы құқығын пайдаланған. Себебі оның жазасын өтеу мерзімі қамалған күннен – 2018 жылдың 21 шілдесінен бастап есептелді.

Сот Толыбаеваның қалған жаза мерзімін бас бостандығын шектеу түріне ауыстырды. Алайда Толыбаева 2021 жылдың наурызында қайтадан түрмеге қамалды. Ол қазір жазасын Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 түзету мекемесінде өтеп жатыр.

Баласымен бірге түрмеде отырған Толыбаева Sputnik Қазақстанға эксклюзивті сұхбат беріп, басынан не өткенін айтты. 

Денис Тен артында қалған із

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел атынан шығып, Олимпиада ойындарында медаль жеңіп алған алғашқы және жалғыз спортшы Денис Теннің қазасынан кейін спортшы туып-өскен үйге мемориалды тақта орнатылды. 2018 жылдың 7 қарашасында мемориалды тақтаның ашылуына КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі КСРО спорт шебері, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Татьяна Тарасова арнайы келді.


Жаттықтырушы Денис Тенмен тікелей таныс болған және өз ұлындай көргенін айтты. 

"Денис Қазақстанда тұрғысы келді, Қазақстанның атын шығарғысы келді. Өкінішке қарай, Денис осы елде көз жұмды. Ол өз отанын әлемге танытты, Денистің қойылымын тамашалаған миллиондаған көрермен Қазақстанды картадан іздеп, қайда орналасқанын білді. Денис – өз халқы үшін қызмет еткен қазақтың баласы. Денистің ата-анасына қайталанбас тұлғаны тәрбиелегені үшін алғысымды білдіремін. Менің көп шәкіртім болды. Денис сол тізімде бірінші орында. Бала күннен бастап өз мамандығын сүйіп, сол жолда ерінбей еңбек етті. Үздіктердің үздігі болды", - деді Тарасова. 

Сондай-ақ 2018 жылдың тамызында Денис Тен қоры құрылды. 

2019 жылы Ресейдің "Матч.ТВ" телеарнасы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған авторлық фильм шығарды.

50 минуттық фильмде "Матч.ТВ" шолушысы Константин Столбовский мен қазақстандық журналист Сергей Райлян Денис Тен туралы естеліктерді оның жақын адамдарынан – бапкерлерінен, достарынан және тағы басқа адамдардан жинады. Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Алексей Ягудин, оның жаттықтырушылары Айгүл Қуанышева мен Елена Водорезова, қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин, әнші Роза Рымбаева Денис Тен туралы әңгімелеген.

Сонымен қатар Халықаралық коньки тебушілер одағы 2021 жылы қазанында Алматыда "Алматы арена" мұз айдынында Денис Тенге арналған халықаралық жарыс өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл сайысқа 10 мемлекеттен 100-ден аса спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.

Денис Теннің өмірбаяны

Денис Юрьевич Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген.


Ол тәуелсіз Қазақстан тарихындағы Олимпиада ойындарында (2014 жылғы Сочидегі қысқы ойындарда "қола"), әлем чемпионаттарында (2013 жылы "күміс", 2015 жылы "қола"), құрлық біріншілігінде (2015 жылы), Қысқы Универсиадада (2017 жылы), Қысқы Азия ойындарында (2011) медаль жеңіп алған алғашқы және жалғыз спортшы болды. Жасөспірімдер арасындағы гран-при кезеңінде (2008 жылы) "алтын" жеңіп алып, ISU турнирінің медалін жеңіп алған алғашқы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы атанды.

Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде 25 жасында көз жұмды.

 

102
Кілт сөздер:
Денис Тен
Тақырып:
Денис Теннің қазасы (102)
Тақырып бойынша
Денис Тенді өлтіргендер үкімді естігенде қандай күйде болды - видео
"Тапсырыс емес, тағдыр" — сотталушы Денис Теннің қазасы туралы
"Күйе жағылғанын қаламаймын" Денис Теннің өліміне күдіктілер соңғы сөзін сөйледі
Эксклюзив: Денис Теннің ісі бойынша сотталған Толыбаева қайта түрмеге қамалды
Денис Теннің өліміне қатысты істі қараған судья көз жұмды
Жігіт пен қыз орындықта отыр

"Клиенттерінің күйеуінен бала туады": Ақтөбеде ер адам өз ұлының анасына жала жапты

6
Сот әлеуметтік желіде жанайғайын жеткізген Ақтөбе тұрғынына ірі мөлшерде айыппұл салды

НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. Ақтөбеде сот өз ұлының анасын басқа отбасыларды ойрандайды деп айыптаған ер адамға жарты миллион теңге айыппұл салды.

Іс әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі ауданаралық сотында қаралды. Сот алдына Ақтөбе облысы экономикалық тергеу департаментінің 40 жастағы жедел уәкілі келді.

Сотта анықталғандай, 12 маусым таңертең Ақтөбе тұрғыны жергілікті Instagram-пабликтердің бірінде жаңа клиниканың ашылуы туралы жазбаны көрген. Бұл мекемеде әйел пациенттерді Т.есімді акушер-гинеколог қабылдайды.

Осыған жауап ретінде ер адам ашулы пост жазған: "Ақтөбенің қымбатты әйелдері! Бұл зұлым әйелге бармаңыз. Ол өз пациенттерінің күйеуінен бала туып, отбасын ойрандайды. Оған ұлы Әмір дәлел".

Істі қарау барысында ер адам бұл дәрігер бір кездері одан жүкті болып қалғанын, ақыр соңында ол әйелімен ажырасуға мәжбүр болғанын түсіндірді.

Тағы оқыңыз: Көңілдесінен қызғанған: Ақтау тұрғыны ауыр қылмыс жасады

Ол гинеколог жайлы жазғаны шындық екенін айтып, құқықбұзушылық құрамы жоқ болуына байланысты әкімшілік өндірісті тоқтатуды сұрады.

Жәбірленуші дәрігер әлгі ер адамнан шынымен аяғы ауыр болғанын, қазір оның ұлын тәрбиелеп отырғанын растады. Алайда оның өз клиенттерінің күйеуінен бала табатыны өтірік, бұл оның абыройы мен ар-намысына, беделіне нұқсан келтіреді. Дәрігер татуласудан бас тартып, өзіне жала жапқан адамды жазалауды талап етті, делінген сот қаулысында.

Сот ер адамды 73-3-баптың екінші тармағы "Көпшілік алдында жала жабу" бойынша кінәлі деп тапты. Енді ер адам 520 мың теңге айыппұл төлеуге тиіс. Десе де ол шағым түсіре алады.

6
Кілт сөздер:
жала жабу, сот, күйеу, Ақтөбе
Тақырып бойынша
Түркістанда үш әйел бүтін бір отбасына коронавирус жұқтырды деп жала жапты
14 еркек зорлағанын айтқан қызды жала жапты деп айыптап жатыр
Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев Үндістан президентіне көңіл айтты

21
Махараштра штатында су тасқыны мен лай көшкінінен кем дегенде 138 адам көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН, 25 шілде – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан президенті Рам Нат Ковиндке көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда.

Қазақстан президенті Махараштра штатында болған су тасқыны мен лай көшкіні салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және үйлер мен ғимараттардың қирағаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдады.

"Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болған адамдардың отбасыларына көңіл айтамын және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Із-түзсіз жоғалған отандастарыңыз өз отбасыларына аман-есен оралсын. Осындай қиын-қыстау шақта біз Үндістан халқымен біргеміз", – делінген жеделхатта.

Тағы оқыңыз: "Қайғырып көңіл айтамын": Тоқаев Си Цзиньпинге жеделхат жолдады

Үндістанның орталығындағы Махараштра штатында су тасқыны мен лай көшкінінен кем дегенде 138 адам көз жұмды, деп хабарлайды РИА Новости.

84 мыңнан астам адам штатттың оңтүстігіндегі Пуна округінде қауіпсіз аймаққа орналастырылды.

Үнді метеорология бюросы Махараштра штатының әкімшілік орталығы Мумбаидағы нөсер жауынға байланысты дабылдың қызыл деңгейін жариялады. Табиғи апат салдарынан қала тұрғындарын жарық және сумен қамтамасыз етуде қиындықтар туындады.

21
Кілт сөздер:
көңіл айту, Үндістан, Қасым-Жомарт Тоқаев