Қоғам

Байден Тоқаевқа хат жолдады

© REUTERS / TOM BRENNERДжо Байден
Джо Байден - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.09.2021
Жазылу
АҚШ президенті екі ел серіктестігінің әлеуетін толық әрі жемісті іске асыру үшін Тоқаевпен жұмыс істеуге дайын екенін айтты

НҰР-СҰЛТАН, 1 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына АҚШ президенті Джозеф Байденнен хат келіп түсті.

Байден Семей ядролық полигонының жабылғанына отыз жыл толуына орай құттықтауын жеткізген, деп хабарлайды Ақорда.

"29 тамыз күні Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына орай Америка Құрама Штаттарының атынан Қазақстан халқына ең ізгі құттықтауымды білдіргім келеді. АҚШ бұрынғы сынақ полигоны аймағын қалпына келтіру мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша сіздің үкіметіңізбен арадағы жалғасып жатқан ынтымақтастықты қоса алғанда, Қазақстанмен берік серіктестігін нығайта бермек. АҚШ Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы күнінен бастап Семей аймағында әріптестік қарым-қатынаста жұмыстар атқарып келеді", – деп жазды Байден.

Ол қауіп-қатерлерді бірлесіп төмендетуге бағытталған Нанн-Лугар бағдарламасы аясында кеңестік ядролық сынақ инфрақұрылымынан қалған мұраны жою жолында Қазақстан мен АҚШ-тың бірігіп жұмыс атқарғанын еске алып, екі елдің достығын атап өтті.

Тағы оқыңыз: Семей полигоны. Жарылыс үні өшкен 30 жыл

"Америка Құрама Штаттары сіздің еліңізді дос деп мақтана айтады және мен серіктестігіміздің әлеуетін толық әрі жемісті іске асыру үшін сізбен жұмыс істеуге дайынмын", – делінген құттықтау хатта.

Еске салсақ, Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын мәңгілікке жапты. 1949-1989 жылдар аралығында полигонда 456 ядролық сынақ жүргізілді. Барлық жарылыстың қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе артық болды. Түрлі есептеулерге сүйенсек, Қазақстанда полигондағы сынақтардан 1,5 миллионнан астам адам зардап шеккен.

Жаңалықтар
0