Қоғам

Ақмола облысында коронавирустан емделіп шыққан қарияның денесі даладан табылды

© Sputnik / Тимур БатыршинПожилая женщина несет в пакете продукты
Пожилая женщина несет в пакете продукты  - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.09.2021
Жазылу
Марқұмның мәйіті куәгерлер көрген жерден 700 метр қашықтықтағы талдардың арасынан табылған. Туыстары қайғылы жағдай дәрігерлердің салғырттығынан болды дейді 

НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек – Sputnik. Ақмола облысында дәрігерлер ауруханадан шығарған қарияның денесі даладан табылды.

60 жастағы әйел адамды балалары, еріктілер, полиция 3 күн іздеген. Марқұмның балалары қайғылы жайтқа ақхалаттыларды кінәлайды. Өйткені Аршалы аудандық ауруханасы індеттен жазылды деп шығарыпты, жақындарына ол жайында ескертпеген, деп хабарлады Астана арнасы.

Ақмола облысы Шортанды ауданына қарасты Жолымбет кентінің тұрғынын 21 тамыз күні коронавирус жұқтырды деп ауруханаға жіберген. Дерті асқынып 3 күн жансақтау бөлімінде ем қабылдапты. Әрең жаны қалған қарияны екі аптадан соң жақындарына ескертпестен ауруханадан шығарған. Осылай деген жақыны жалаңаяқ шығарып жіберді дейді.

"Аяғында туфли болған дейді. Грейдерден түскен кезде түсіп қалуы мүмкін. Шұлықпен де шыққан болуы мүмкін", - дейді марқұмның ұлы Жәнібек Айдаубай.

Ауыр дерттен соң тәлтіректеп әрең тұрған егде әйелді түс ауа жол жиегінен бірнеше адам байқап қалған. Ал ары қарай не болғаны беймәлім. Енді жақындары Аршалының ауруханасынан шығып, адасып өлген ананың обалы дәрігерлерде дейді. Өйткені қалта телефонына хабарласа алмай қойыпты. Тіпті аурухананың өзіне хабарласу мүмкін болмады деп отыр.

"1-2 қыркүйектен бастап апама мүлдем хабарласа алмай қойдым. Телефоны сөндірулі. Кезекші дәрігерлерге қоңырау шалып, "телефонын қоссын, айтып жіберіңіздерші" деп өтіндім. Сосын ол кісілердің өздерінің қызметтік нөмірі сөніп қалды", - дейді марқұмның келіні Алтынгүл Серікбаева.

Марқұмның мәйіті куәгерлер көрген жерден 700 метр қашықтықтағы талдардың арасынан табылған. Туыстары қайғылы жағдай дәрігерлердің салғырттығынан болды дейді. Өзге ауданнан келген егде адамды қоя бергендерін түсінбей отыр.  

"1961 жылы туған науқас 21 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында   Аршалы ауылының коронавирустық инфекциясы стационарында емделген. Жазылған соң ауруханадан шығарылған. 9 қыркүйек күні оның денесі табылды. Аталған факт бойынша комиссия құрылды. Қазір іске қатысты тергеу жүріп жатыр. Тексеру нәтижесі қосымша хабарланады. Қылмыстық іс қозғалды", - деп түсіндірді Аршалы аудандық ауруханасының әкімшілігі.

Марқұмның жақындары ажалға кінәлілер тиісті жазасын алуға тиіс дейді.

Жаңалықтар
0