Қоғам

Елордалық мұғалім жүз шақты адамға жалған вакцина паспортын алуға көмектескен

© Sputnik / Тимур БатыршинАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.09.2021
Жазылу
Екі медбике мен мектеп мұғалімі маусым айынан бастап жалған вакцина паспорттарын таратқан

НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Жыл басынан бері Қазақстанда ПТР-анықтама мен вакцина паспорттарын қолдан жасау және пайдалану бойынша 156 қылмыстық іс қозғалды.

Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың төрағалығымен өткен жалған вакцина паспорты мен ПТР-анықтаманы тарату фактілерінің жолын кесу және тергеу жөніндегі ведомствоаралық арнайы топтың кезекті отырысында айтылды.

"Жыл басынан бері ішкі істер органдары ПТР-тестілеу нәтижелері мен вакцина паспорттарын қолдан жасау және пайдалану бойынша 156 қылмыстық іс тіркелгені аталып өтті", - деп хабарлайды Polisia.kz.

Профилактикалық шаралар мен түсіндіру жұмыстарына қарамастан, жалған медициналық құжаттарды дайындау және пайдалану тыйылмай тұр.

Мәселен, порталдың ақпаратынша, елордада 15 қыркүйекте қалалық емхананың 2 медбикесі мен делдал – мектеп мұғалімі ұсталды. Олар маусым айынан бастап жалған вакцинация жүргізген. Алдын ала мәлімет бойынша 100-ге жуық азамат жалған паспорт алған.

Барлық факті бойынша жалған екпе алған адамдарды анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Сотқа 20 қылмыстық іс жолданды, 17 адамға қатысты айыптау үкімі шығарылып, 200 АЕК-ке дейін (583 мың теңге) айыппұл салынды.

Осыған ұқсас заңбұзушылықтар Маңғыстау облысында да тіркелді. 30 мың теңге үшін жалған вакцина паспортын сатумен айналысқан сегіз адамды, соның ішінде 4 медицина қызметкері ұсталды. Олардың жауабына сүйенсек, жалған құжат 150-ден астам азаматқа берілген.

Ал Ақтөбе қаласында жеке клиниканың медицина қызметкері мен делдалдық қызмет көрсеткен жұбайына облыстық соттың шешімімен әрқайсысына 200 АЕК (583 мың теңге) айыппұл салынды.

Жиын қорытындысы бойынша жалған медициналық құжаттарды дайындау және пайдаланумен байланысты заңбұзушылықтардың жолын кесу үшін қабылданатын шаралардың тиімділігін арттыру бойынша қажетті іс-шаралар белгіленді.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0