Қоғам

Алматыдағы атыс: Тоқаев үкімет пен ұлттық банкке бір ай уақыт берді

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.09.2021
Жазылу
Мемлекет басшысының айтуынша, кредиторлар мен проблемалық қарыз алушылар арасындағы қарым-қатынас саласы заңнамалық жетілдіруді талап етеді

НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда бес адамның өмірін қиған атыстан кейін заңнамалық және нормативтік түзетулер әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы атыс кезінде қаза тапқан адамдардың отбасына тағы да көңіл айтты.

"Полицейлер мен сот орындаушы қызметтік борышын орындады, өкінішке қарай шабуыл кезінде қаза болды. Себебі қандай болмасын, адам өлтіруді ақтауға болмайды. Өркениетті қоғамда осы тектес кез келген дау мен проблемалар тек құқықтық алаңда шешілуге тиіс. Сонымен қатар, трагедияны жіті тексерген жоқ. Неге осылай болғанын анықтау қажет", - деді Тоқаев Маңғыстау облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту туралы жиында.

Президенттің айтуынша, кредиторлар мен проблемалық қарыз алушылар арасындағы қарым-қатынас саласы, әсіресе баспанаға қатысты, өте сезімтал және заңнамалық жетілдіруді талап етеді. Бұл банктердің кепіл саясатына, бағалау қызметін реттеуге, жеке сот орындаушылары мен басқа да аспектілерге қатысты.

"Бұл мәселеде ашық және біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету өте маңызды. Үкімет, ұлттық банк және қаржы нарығын реттеу агенттігі, егер бұған қажеттілік болса, заңнамалық және нормативтік түзетулер пакетін бір ай мерзімде әзірлеуі керек. Бірақ мен мұндай қажеттілік бар деп санаймын. Алайда мамандар бұл проблеманы тағы бір мәрте мұқият зерделеуге тиіс", - деді мемлекет басшысы.

Ол үкімет пен Алматы әкімдігіне қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің барлығына, ең алдымен балаларға көмек көрсетуді тапсырды.

Тоқаев заңнамалық түзетулер мазмұны жағынан үкімет пен мамандар тарапынан мұқият зерттеліп, жұртшылықпен келісіліп, келесі жылдың басында күшіне енуі керек екенін мәлімдеді.

Алматыдағы атыс

Трагедия 20 қыркүйек кешкі бес шамасында болды.

Банк борышкері сот шешімін орындауға келген бірнеше адамды атып тастады. Салдарынан бес адам – екі полицей, жеке сот орындаушысы, дау шыққан үйдің жаңа иесі мен оның танысы көз жұмды.

1967 жылғы күдікті басқа адамға сатылған баспанасын босатудан бас тартқан.

Жаңалықтар
0