Қоғам

Ресей азаматы ұрланған көлігін Қазақстаннан тапты – оқиғаның мән-жайы

© Sputnik / Алексей Даничев / Медиабанкке өтуАвтомобили, архивное фото
Автомобили, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.11.2021
Жазылу
Көлік құралының заңды иесі және жаңа иесі сотқа арыз түсірген. Ал полиция автомобильді айыппұл тұрағынан шығаруға рұқсат бермеді

НҰР-СҰЛТАН, 11 қараша – Sputnik. Ресейдің Миасс қаласының тұрғыны Егор Мухорин ұрланған көлігін Қостанай облысынан тапқан. Бірақ ақпан айынан бері оны алып кете алмай жүр, деп хабарлайды "Наша газета" порталы.

Көлікті іздеу операциясы

Егор Мухорин – таксопарктің иесі. Көліктерді жалға береді. Renault Logan-ды да тура солай Александр Савушкинге ақылы негізде ұсынған. Жүргізуші апта сайын ақшасын беріп тұрды. Ал 2021 жылы 28 қаңтарда кеңсеге келмей қалды. Көліктің ақысын да тапсырған жоқ. Содан Мухорин полицияға шағым түсірді. Савушкин ұсталып, 5,5 жылға сотталды. Бірақ көлік табылмады.

Сол кезде таксопарк иесі көлігін арнайы датчиктің сигналы арқылы іздей бастады. Ондай құрылғы әрбір таксиге орнатылған. Ұрланған көлік Қазақстан шекарасынан өтіп, Қостанайға дейін барған. Бірақ тура сол жерде сигнал жоғалды. Мухорин сақтандыру компаниясынан көмек сұрады. Мамандар ақпараттық база арқылы көліктің Жезқазғанда жүргенін анықтап берді.

Ресей азаматы ұрланған көлігін сол қаладан тауып алды. Жаңа иесімен де танысты. Данияр есімді жас жігіт екен. Ол Renault Logan-ды Сергей дейтін бір алыпсатардан сатып алдым деді.

"Бірақ сол Сереганың кім екенін ешкім білмейді. Олның есімі шынымен сондай ма белгісіз. Себебі олар сатып алу-сату келісімшартын рәсімдеген де жоқ. Ол көліктің төлқұжатын қолдан жасап, ақшасын алғаннан кейін автомобильді қазақстандыққа бере салған. Енді Данияр да күдіктенуі керек қой. Бағасы арзан, небәрі 1 650 000 теңгеге сатып алыпты. Екі есе арзан болып тұр. Қазақстанда тіркеуге қойылған да жоқ", - дейді Мухорин.

Полиция мен прокуратураның табалдырығын тоздырды

Егор Даниярмен танысқаннан кейін көліктің түпнұсқа құжаттарын көрсетті. Сосын полицияны шақырды. 5 ақпан күні жалған құжат жасау фактісі бойынша тергеу шаралары басталды. Ал көлік құралын Жезқазғанның айыппұл тұрағына қойып тастады.

3 сәуірде Қарағанды облыстық полиция департаментінің жауап алу бөлімінің бастығы қылмыстық істі тоқтатты. Бірақ Егор Мухоринге хабар берілген жоқ.

"Меніңше, бұл жерде Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 188-бабы, 2-тармағы бұзылып отыр. Оған сәйкес, іс тоқтатылған жағдайда заттай айғақтар заңды иесіне қайтарылуы қажет", - деп атап көрсетті Мухорин.

Ал Даниярдың меншік құқығы заңды түрде рәсімделмеген. Мемлекеттік органдарда көлікті сатып алу фактісі де тіркелмеді. 5 сәуірде ол полицияға арыз жазып, Сергей есімді алыпсатарды қылмыстық жауапқа тартуды сұрады.

26 сәуірде қылмыстық іс материалдары Қарағанды облысының прокурорына жіберілді. Ал 26 мамырда Қостанай қаласында өндіріске алынды. Себебі қылмыс сол жерде жасалды. 4 шілде күні қалалық прокурор сотқа дейінгі тергеу мерзімін тоқтатты. Себебі "Сергей есімді ер адамның жеке басы анықталмады".

Қыркүйек айында Егор Мухорин тағы Қарағанды облыстық полиция департаментінен көлігін алып кетуге өтініш жасады. Ол жерде Қостанай облыстық полиция департаменті жауап алу бөлімінің бастығынан рұқсат алу қажет деді.

Содан Егор Қостанай қаласына барды. Бірақ полиция өкілдері айыппұл тұрағына қойылған көлік жалған құжат жасау бойынша заттай айғақ ретінде тіркелмегенін айтты. Оны тағы Жезқазғанға жіберді. Ресей азаматы Қарағандыға барса, қайтадан Қостанайдан анықтама қағазын алып келуге кеңес берді.

"Мен қазір Миасс қаласында жүрмін. Полиция мен прокуратураның екі бөлімі де көлігімді қайтару туралы қаулының кімнің беретінін шеше алмай отыр. Қазақстанда үйім жоқ. Ақшам да таусылды. Полиция бір-біріне сілтеп, жүйкемді әбден тоздырды. Қазақстанда екі аптадан артық уақыт жүріп қаламын деп ойлаған жоқпын. Күнде 1 500 шақырымды артқа тастап, екі қаланың арасында шапқылап жүрдім", - деп еске алады Мухорин.

Қостанай облыстық полиция департаменті қалалық полицияның шешімі заңды екенін хабарлады. Себебі айыппұл тұрағына қойылған көлік заттай айғақ ретінде тіркелді. Ал соттың шешімі әлі шығарылған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Серега табылмаса, Егор Мухорин өз көлігін алып кете алмайды.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0