Архивтегі фото

Білім саласында қандай өзгеріс болады төрт жылдың жоспары жарияланды

276
(Жаңартылды 20:57 17.11.2021)
Тұжырымдамаға сәйкес, әр сыныпты бітірген соң барлық білім алушының мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергені анықталады. Ауыл мектептерінде дарынды оқушыларды дамыту мен қолдау шараларына басымдық беріледі

НҰР-СҰЛТАН, 17 қараша – Sputnik. Қазақстанда білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді. Оның аясында балалардың жеке қабілетін барынша дамытып, нарық заманына бейімдеу жоспарланып отыр. Педагогтарға да жоғары талап қойылады. Sputnik Қазақстан алдағы төрт жылдың негізгі құжатына шолу жасайды.

Қордаланған проблемаларды шешу қажет

Тұжырымдаманың бастапқы бөлімінде қазіргі білім беру саласының негізгі проблемалары көрсетілген. Мәселен, бүгінде "мұғалім-оқушы-ата-ана" тізбегі бойынша өзара тиімді іс-қимыл жасалмайды, әлі де талап қою сипаты басым. Ата-аналар көп жағдайда мұғалімдерге сілтей салады. Ал үйдегі зорлық-зомбылық та білім алуға кері әсерін тигізіп жатады. Мектептегі буллинг мәселесі тағы бар. Осындай жағдайларда өзара іс-қимыл тәртібі болуы қажет. Бірақ ондай хаттамалар рәсімделмеген.

Негізгі проблемалар:

  • сынып жетекшілеріне жүктелген міндеттер білім беру қызметін тиімді орындауға мүмкіндік бермейді;
  • жасөспірімдер арасында суицид жиілеп кетті, бүгінде 100 мың адамға шаққанда 11,3 жағдай тіркеледі, ал халықаралық көрсеткіш 8,3 болып тұр;
  • қазақстандық оқушылар буллингке жиі ұшырайды. Әлем бойынша бұл көрсеткіш 23 процентті құрайды, ал Қазақстанда 32 процентке жеткен;
  • балалардың көбісі виртуалды зорлық-зомбылық, дін мен суицид насихатына түседі, әлеуметтік желілер арқылы танысуға оң көзқараспен қарайды. Осыған байланысты оқушылардың бос уақытын ұйымдастыру мәселесі өзекті болып тұр. Олардың психикалық денсаулығын да қадағалап отыру қажет;
  • балалар кітап аз оқиды;
  • қосымша білім беру ұйымдары ерекше қажеттілігі бар балалар үшін жабдықталмаған;
  • қосымша білім беру ұйымдарында техникалық және жаратылыстану бағыттары емес, музыкалық, көркемдік және спорттық бағдарламалар басым;
  • қосымша білім беретін педагогтардың тапшылығы;
  • балабақшалар бассейн мен спорт залдарымен толық жабдықталмаған;
  • мектеп оқушыларының дене дайындығы төмен, түлектердің көбісі президенттік тестен төмен баға алып жатады.

Қылмыс тыйылмай тұр

Қазіргі кезде білім беру ұйымдарының барлығы меншік нысанына қарамастан 100 процентке бейнебақылаумен жабдықталған. Алайда мектептердің 11 проценті ғана (823) полицияның жедел басқару орталығына қосылды. Ал қаладағы мектептердің жартысынан көбі күзет фирмаларымен келісімшартқа отырды. 1 017 мектепте дабыл түймелері орнатылса, 333 мектепте турникет бар.

Өткен жылы дәретханасы сыртта орналасқан мектептердің саны төрт есеге азайды. Ал тасымалдаумен қамтылған балалар саны 27 процентке қысқарып отыр. 2020 жылы 83 автобус сатып алынды. Бірақ әлі де 506 автокөлік керек. Оған ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 127 көлік құралы да кіреді.

Бүгінде кәмелет жасқа толмағандар арасында қылмыс жасау тыйылмай тұр. Өздері де жәбір көріп жатады. Суицидке баратындар аз емес. Ал мектепке психолог мамандар жетіспейді. Республика бойынша бір педагог-психологтың жүктемесі - 455 оқушы, ал кейбір мектептерде 1 000 баладан асады. Барлық мектептің үштен бірінде ғана психолог кабинеті бар.

Қандай мұғалімдерге сұраныс болады?

Қазақстанда педагог кадрлардың саны жарты миллионға жетті. Былтыр 9 220 жас маман оқуды бітірсе, биыл олардың қатарына тағы 11 800 адам қосылды. Дегенмен мұғалімдердің тапшылығы әлі де бар. Тұжырымдамада нақты саны да көрсетілген. Олар:

  • математика – 505 мұғалім;
  • физика – 208 мұғалім;
  • химия – 188 мұғалім;
  • информатика – 131 мұғалім;
  • орыс тілі – 889 мұғалім;
  • ағылшын тілі – 404 мұғалім;
  • бастауыш сынып – 558 мұғалім:

Әсіресе, ауылды жерде осы мәселе өзекті болып тұр. Ресми мәліметке сәйкес, былтыр мектептерден 22 525 маман кеткен. Олардың тең жартысы – ауылда жұмыс істегендер. 

Төрт жылдың ішінде арнайы пәндер шеберлері мен оқытушыларына деген қажеттілік екі есеге өсті. Ал егде және зейнет жасындағы кадрлардың саны артып келеді.

"Жинақталған тәжірибе мен халықаралық практиканы ескере отырып, педагог кадрларды аттестаттау жүйесін одан әрі жетілдіру талап етіледі, өйткені біліктілік санаттары білім алушылардың білім сапасының өсу нәтижелері бойынша ғана берілуге тиіс", - делінген тұжырымдамада.

Балабақшада кәсіби мамандар жетіспейді

Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда кәсіби мамандар аз. Балабақшада жұмыс істейтін мамандардың 27 процентінің "Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту" мамандығы бойынша білімі жоқ. Жартысынан көбі біліктілік санатын алмаған. Бұның барлығы қызмет сапасына тікелей әсер етеді.

Бұдан бөлек, балабақшалар толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтылмаған. Ал 5 434 балабақшада, яғни, барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының 51 процентінде жылы дәретхана жоқ. Оған қоса, 1 мыңнан астам балабақшаның дәретханасы далада орналасқан.

Биыл Нұр-Сұлтан қаласында ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жоба басталды. Осы тәжірибе барлық балабақшада қолданылады.

Алдағы уақытта ерте және мектепке дейінгі жастағы балалар үшін арнайы білім беру ұйымдарының саны артады.

Оқушылардың қазақ тілін білу деңгейі бағаланады

Қазіргі кезде мұғалімдердің жүктемесін азайтуға басымдық беріліп отыр. Алайда оқушыларға да шамадан тыс салмақ түсетіні байқалады. ТМД елдері ішінде Қазақстанның бастауыш мектебінің үлгілік оқу жоспарында ең жоғары жүктеме тіркелген. Мәселен Ресейде оқу уақытының орташа жылдық саны 2 393 сағат болса, Қазақстанда  3 664,5 сағатты құрайды.

"Қазіргі уақытта Қазақстанда біріншіден қазақ тілінде оқытпайтын мектептерде қазақ тілін оқытудың жалпы жүйесі жеткіліксіз құрылған. Осыған байланысты мектептердің, колледждердің, жоғары оқу орындарының оқу бағдарламалары арасында тіл оқытуда сабақтастық байқалмайды. Ал бұл мемлекеттік тілді оқыту сапасына әсер етеді. Салдарынан мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының түлектері қазақ тілін тиісті деңгейде меңгермейді", - делінген тұжырымдамада.

Бұдан бөлек, тағы бір мәселеге баса назар аударылған. Бүгінде орта білім беру жүйесінде қазақ тілі мен әдебиеті біріктіріліп, бір пән ретінде оқытылады. Ондайда білім алушыларға бір пән бойынша тіл мен әдебиетті игеру қиынға соғады. Ал халықаралық тәжірибеде тіл міндетті түрде жеке пән ретінде оқытылады.

Құжатқа сәйкес, "әр сыныпты бітірген соң барлық білім алушының мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергеніне бақылау жүргізіледі".

Ауыл мектептерінде дарынды оқушыларды дамыту мен қолдау шараларына басымдық беріледі. Ал инклюзивті білім беруге жағдай жасамаған мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары басшыларының жауапкершілігі артады.

2022 жылдан бастап кемтар балаларды, оның ішінде жекеменшік орталықтарда түзеу арқылы қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады.

Түлектердің дағдылары төмен

Кәсіптік білім беру саласының проблемалары да аз емес. Соның бірі – оқулық мәселесі. Қазіргі кезде колледж студенттерінің 60 пайызы мемлекеттік тілде білім алса, қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдебиеттердің үлесі небәрі 35  процентті құрап отыр. Мемлекетке қарайтын колледждердің жартысы әлі күнге дейін ескірген жабдықтарды қолданады.

Сабақ беретін оқытушылардың көбісі егде жаста. Зейнеткерлікке шыққандар да аз емес. Ал колледж түлектерінің оқыған мамандығы бойынша жұмысқа тұру көрсеткіші 72 процентті құрап отыр.

Жоғары оқу орындарының түлектері де жұмыс іздеп қиналады. 2019 жылы Қазақстан "Түлектердің дағдылары" индикаторы бойынша 141 елдің ішінде 95-орында тұрған. Соның бір себебі -  жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілердің арасындағы тығыз ынтымақтастықтың болмауы.

Тұжырымдаманың мақсат-міндеттері

Алдағы уақытта білім беру саласындағы заңнама кодекс үлгісінде қабылданады деген жоспар бар. Тұжырымдамада көрсетілген мақсат-міндеттерге де басымдық беріледі. Олар:

  • қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу;
  • педагогтардың кәсіби және мәдени капиталын арттыру;
  • мектептке дейінгі білімді алуға тең мүмкіндіктер жасау;
  • саналы және жан-жақты дамыған азаматты орта білім беру жүйесі арқылы қалыптастыру;
  • жастарды оқуға және еңбек нарығына интеграциялау;
  • экономика білімі үшін жоғары білікті кадрлар даярлау;
  • жүйелі деңгейде білім беру сапасын қамтамасыз ету.

Тұжырымдамада осы мақсат-міндеттерді орындаудың нақты жолдары және нәтижесін жазылған. Бұған дейін бұл құжат қоғамдық талқылауға шығарылды. Оның толық мәтінін мына жерден табуға болады.

276
Кілт сөздер:
білім, өзгерістер, жоспар
Жусан операциясы

Сирияға кеткен мыңға жуық қазақстандықтың 600-і оралды Назарбаев

43
Қазақстанның тұңғыш президенті елге оралған 600 қазақстандықтың ішінде 33 адамға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан — Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев Сирияға кеткен қазақстандықтар туралы айтты.

"Qazaq. History of the Golden Man" ("Қазақ. Алтын адамның тарихы") фильмінде америкалық режиссер Оливер Стоунға берген сұхбатында Елбасы Ислам мемлекетінің* қызметі толығымен экстремистік идеологияға негізделгенін мәлімдеді.

"Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең деп айтылған. Олардың мұсылмандықпен ешқандай байланысы жоқ, олар дінді өз мақсаты үшін пайдаланатын экстремистер. Бұл Исламның өзіне зиян тигізеді", - деді Назарбаев.

Қазақстанның тұңғыш президенті республикадан Сирияға бір мыңға жуық азамат кеткенін, олардың 600-і отанға оралғанын хабарлады.

"Біз 600 адамды қайтардық, оның ішінде 303 ер адам. Отыз үшіне қатысты тергеу жүргізіп жатырмыз. Жұмысы жоқ, қиыншылық көрген адамдар сол жерге кетті. Онда өмір керемет болатынына уәде береді. Сондықтан ол жаққа бүкіл отбасымен бірге барды. Өздерін ұрып-соғып, өлтірген кезде ғана жағдайды түсінді", - деді ол.

Сондай-ақ, Елбасы исламның және бүкіл әлемнің ірі орталықтарының бірі болып табылатын Сирияның қирауы мәселесіне қатысты өз өкінішін білдірді.

"Мен ол жерде болдым, керемет ғимараттарды көрдім... Олар біздің балалар көре алмайтын бүкіл адамзаттың тарихи, мәдени естелігін жойды", - деді Назарбаев.

2019 жылдың қаңтар айынан бастап ұлттық қауіпсіздік комитеті "Жусан" гуманитарлық арнайы операциясы аясында Сирия мен Ирактан қазақстандықтарды қайтару бойынша 5 арнайы операция өткізді.

Бұл арнайы гуманитарлық операцияның бірінші кезеңі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2019 жылдың 6 қаңтарында ұйымдастырылды.

ИМ* – Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым.

43
Кілт сөздер:
Назарбаев, Сирия, қазақстандықтар
Тақырып бойынша
Назарбаев өзінің арманы туралы айтты
Назарбаев Қазақстан Қырымға қатысты дауыс беруден неге қалыс қалғанын түсіндірді
Назарбаев Қазақстан жастарына үндеу жасады – видео
Қазақстан алдағы жүз жылда ешкімге соғыс ашпайды – Назарбаев
Назарбаев Горбачевтің кабинетінде қандай келеңсіз жайтқа куә болғанын еске алды
Олжас Құдайбергенов

Тоқаевтың экс-көмекшісі зейнетақы жинағының жеткілікті шегіне қатысты ойын айтты