"Жеңімнен жұлқылады": белгісіз ұшатын нысанды көрген алматылық жігіттің әңгімесі 

© Sputnik / Леонид Савинов / Медиабанкке өтуБелгісіз ұшатын нысан, архивтегі сурет
Белгісіз ұшатын нысан, архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Белгісіз ұшатын нысанды өз көзімен көрген алматылық жігіт осы жайттан соң бөгдеғаламшарлықтардың барына кәміл сенетін болыпты

АЛМАТЫ, 25 наурыз - Sputnik. Бөгдеғаламшарлықтар, белгісіз ұшатын нысан жайлы интернеттен жиі оқып, видеоларды да көп тамашалауға болады. Бұл ретте ғалымдардың пікірі екіге жарылады. Бірі оған сенетіндер, екіншісі - сенбейтіндер. Сондықтан бұл арада дөп басып, ғылыми тұжырым айту қиын.

Түн, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Әлем
Қытайда белгісіз ұшатын нысан жұртты дүрліктірді – видео

Дегенмен бұл тылсым дүниенің бары рас. Оны көргендер Жер шарында көп кездеседі. Соның бірі - алматылық Жанарбек Садырбекті Sputnik Қазақстан тілшісі әңгімеге тартқан еді.

Ол үш жыл бұрын өзі куә болған осы жайттан соң бөгдеғаламшарлықтардың барына кәміл сенетінін айтады.

"Жазда, кешқұрым елең-алаң кез болатын. Көлікте едік. Қасымда төрт адам. Алған бағытымыз - Қапшағай. Бір уақытта Байсеркенің көпірінен өтіп бара жатқанда алдында отырған анам: "Анау зымыран ғой деймін", - деді. Рөлде отырған соң оған онша мән бермедім.

Тек қарайып бара жатқан кешіміз бір уақытта жап-жарық боп кетті. Жан-жақта көлік көп қой. Солардың жарығы ма деймін сонда да. Анам жеңімнен жұлқылай бастады осы кезде. Сөйлей алмай қалыпты. Ол бағанадан бері өзі байқаған зымыраннан көз алмаған екен. Ал ол жақындай келе алып дүниеге айналған", - дейді Жанарбек үш жыл бұрынғы оқиғаны еске алып.

Техникалық мамандықты тәмамдаған ол мұның қандай да бір пилотсыз ұшақ немесе адам қолынан шыққан құпия құрылғы болуы мүмкін емес екенін айтады.

Қол - Sputnik Қазақстан
Әлем
Видеоға түсіп қалған белгісіз ұшатын нысанның құпиясы ашылды

"Бұрын НЛО, бөгдеғаламшарлықтар жайлы естігенде оған сенбейтінмін. Бұл - ұшқышсыз ұшырылатын құпия нысандар, мүмкін, орыстікі, немесе америкалықтардікі деп ойлаушы едім. Бірақ өзім куә болған жайттан соң бұл пайымымның күл-талқаны шықты.

Ол беймәлім нысан төбемізде тұрды-тұрды да бір уақытта қас-қағым сәтте жоқ болды. Тіпті, ізі де жоқ. Адамзат ойлап тапқан ең жылдам дүние зымыран болса, ол да артына із қалдырады ғой. Ал мұнда жоқ", - дейді ол.

Оның айтуынша, беймәлім нысан деректі фильмдерде көрсететіндей дөңгелек пішінді, жиек шеңбері бар, ал шеңберінде көптеген жарық шам орнатылған екен.

"Үлкен енді. Бізден 50 метрдей биіктікте ғана тұрды ғой деймін. Тура төбемізден төніп тұрды. Мен атып шықтым. Қалғаны көлікте қалды. Жарығы көзді қарыды. Қолыммен бетімді көлегейлеп, көзімді ашқаным сол еді, зу етіп, жоқ болды", - дейді ол.

Жаңалықтар
0