Филателист Әнуарбек Балахметов

Уәлихановқа арналған монетаны жер орбитасына жіберген: алматылықтың ерекше хоббиі - фото

32
Алматылық Әнуарбек Балахметов 30 жыл ішінде Байқоңырдан жер орбитасына аттанған ғарышкерлердің ондаған ұшу-қону сәтінің куәгері болған

АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Алматылық Әнуарбек Балахметов отыз жылдан бері адамның ғарыш кеңістігіне сапары тарихын зерттеумен айналысады. Оның ішінде ғарышқа ұшу фактілері сөз жүзінде ғана емес, заттай айғақ ретінде қолында бар. Олардың арасында монета, марка, конверт, ашықхаттар мен адамның ғарыштағы әр қадамын суреттейтін фотолар кездеседі. Алматылық мұның бәрін үйдегі мұражайында мұқият сақтайды. Соған қарамастан Әнуарбек Балахметов Sputnik Қазақстан кеңсесіне келіп, ғарыш әлеміне қатысы бар коллекциясын көрсетті.

Бала қызығушылық 30 жылға жалғасты 

Әнуарбек Балахметовтың айтуынша, ғарыш әлеміне деген қызығушылық өткен ғасырдың 70-жылдары пайда болған. Мектеп оқып жүрген кезде ғарыш туралы азды-көпті ақпараты болған. Дәл сол уақытта ғарыш тақырыбына арналған алғашқы маркалар қолына түседі. Мерзімді басылымдар ғарышқа жасалған сапарлар жайлы жаза бастайды. Оқушының қызығушылығы да дәл сол уақытта басталды.

"Содан бастап жалпылама қызыға бастадым. Жалпы үрдіс. Біз кітап оқып, кітап арқылы тәрбиелендік. Анам – мұғалім, әкем – "Наука и жизнь", "Огонек" журналына жазып тұратын. Ғарышқа ұшқан сайын сол тақырып бойынша тұщымды мақалалар мен сұхбаттар шығатын. Ең жарқын ғарышқа ұшу "Союз-Аполлон" болды. Тіл меңгеріп, әр елден маркаларды жинадық, мен сияқты ғарыш әлемімен әуестенетін басқа елде тұратын адамдармен хат алмасып тұрдық. Ол мен пионер болған кез... Үш рубльге әртүрлі тақырыптағы қаншама марка сатып алуға болатын. Әкем іссапардан маркалар мен белгішелер алып келетін. Солай жинап, әуестеніп кеттік", - дейді Әнуарбек Балахметов.

Алматыға көшкеннен кейін жас жігіттің балалық шағында әуестенген ісі әлдеқайда кеңейе түскен. Ол жергілікті филателистер қауымдастығына кіреді. Өзін ғарыш әлеміне қызығатын адамдардың ортасында коллекция жиюшы ретінде жақсы көрсетеді. Сол кезде өзі секілді марка жинаумен әуестенетін Моңғолия, Германия және басқа да елде тұратын азаматтармен хат алмасып тұрады.

Әнуарбек Балахметов коллекциясын көрсетіп жатыр
© Sputnik / Тимур Батыршин
Әнуарбек Балахметов Қазақстан Ұлттық банкі шығарған "ғарыш" монеталар топтамасын көрсетіп жатыр

Болашақты айқындаған кездесу 

1982 жылы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының студенті Әнуарбек Балахметов құрылыс жасағының құрамында Арқалық қаласына барады. Торғай даласына ғарышкерлер жиі барған.

"Бізді кешке жинап, әуежайға ғарышкерлерді қарсы алуға баратынымызды айтты. Бардық, бір топ студент күтіп тұрмыз. Вертолеттер тоқтады, адамдар түсіп жатыр. Светлана Савицкая, Александр Серебров және Игорь Волков. Үшеу. Алғаш рет ғарышкерді жүзбе-жүз көрдім. Олар бізбен бірге жүрді. КСРО ғарышкерлерінің  бірінші отрядының ғарышкері Борис Волынов, ғарыштағы әскери экспериментке қатысқан алғашқы ғарышкер Андриян Николаев сол жерде болды. Біз оларды бала кезден білетінбіз. Оның ішінде ғарышкерлер Көкшетауға қонатын. Алғаш болып Көкшетауға Валерий Быковский қонған. Қазірге дейін "Восход-1" экипажы қонғанын көрсететін ескерткіш тұр", - деп еске алады Балахметов.

Сол сәт Әнуар ағаның өміріне өзгеріс енгізді. Ол кісі содан бастап неге қызығатынын нақты шешкен. Ал араға 10 жыл салып, Байқоңырда болды. Өзгелерден жабық қалаға достарының көмегімен кірген. Сол жерде алғаш рет зымыранның ұшырылғанын көреді.

Содан бері Әнуарбек Балахметов Байқоңырдағы ғарышкерлердің ұшу сәтінің куәгері болуға тырысады. Көп жағдайда осы ойын жүзеге асырған. Алайда оның екінші жағы да бар. Мұндай сапарлар шындап келгенде қымбат тұрады. Алайда қызығушылығы бар адамды бұл да тоқтатпайды. Себебі бұл сапарлар әлемге әйгілі ғарышкерлермен жеке танысып, олармен бірге фотоға түсуге мүмкіндік береді. Сол оқиғаға арналған маркалар мен конверттер тарихи құжатқа айналады. Сонымен қатар коллекция жиюшы ол жақта көптеген дос тапқан.

"Ұшқыштар кезекшіліктен келеді... оларға қарап отырудың өзі қызық. Олар да бала сияқты өзара "Мына марка ерекше екен. Мынаны сіздегі маркамен ауыстыруға болады екен" деп айтып отырады. Сол жерде погон таққан үлкен аға отырады, ол да марка жинайды. Бұған барлығы мұқият қарайтын. Байқоңырда мұндай адам көп болатын. Себебі олар сол ортада жүр. Олар соның бәрін көреді", - дейді Әнуар аға.

Әнуарбек Балахметов пен ғарышкер Владимир Коваленок
© Photo : Әнуарбек Балахметовтің жеке архивінен
Әнуарбек Балахметов пен ғарышкер Владимир Коваленок

Ал Байқоңырда жұмыс істейтін қызметкерлер Әнуарбек Балахметовтің қызығушылығы туралы біліп, коллекциясын толтыруға көмектесіп отырған.

"Ғарышкерлер ұшып келді, содан кейін ұзақ уақыт бойы оңалтуда жатады. Оларға қол қою үшін фотосуреттер, конверттер апарады. Олардың ұшуы үшін медицина қызметкерлері, іздеу тобындағы вертолетшілер мен басқа да қызметкерлер жұмыс істейді. Бірақ олар ғарышкерлерді көрмейді. Сондықтан оларға қол қойылған естеліктерді таратып береді. Байқоңырға барған кезде бақылау-өткізу пунктінде вахтер отырады, ғарышкерлердің фотосы мен қол қойылған бір уыс қағазды ұстатады да, "ала бер, саған керек қой, маған керек емес" дейді", - деп айтып берді Әнуарбек аға.

Әнуарбек Балахметов коллекциясын көрсетіп жатыр
© Sputnik / Тимур Батыршин
Әнуарбек Балахметов коллекциясын көрсетіп жатыр

Ұрпақтар сабақтастығы 

Әнуарбек ағаның көп жылдан бері қалыптасқан қызығушылығы ұлы Әлібекке берілген. Ол да әкесі секілді ғарыш әлемінің тарихи сәттерін есте сақтап қалуға, заттай айғақпен сақтауға тырысады. Ол бірде ұзақ уақыт сапарда болып, орбитадан ұшып келген жапондық астронавт Такуя Онисиге жапон тілінде сұрақ қойған.

Әнуарбек ұлының әкесі секілді ғарыш әлеміне деген қызығушылығына әрдайым қолдау көрсеткен. Ұлы алғаш рет зымыранның ұшуын 2007 жылы көрген. Ол кезде әкесі Байқоңырға дейін екі адамға билет алған. Ол уақытта ғарышқа алғашқы малайзиялық шейх Музафар Шукор аттанды. Жанына турист ретінде америкалық ғалым Чарльз Симони ұшқан.

10-сынып оқитын Әлібек 2011 жылы Алматыда тарих музейінде Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанына 20 жыл толуына орай көрме ұйымдастырған. Көрмеге Тоқтар Әубәкіров те келген. Балахметовтың айтуынша, ғарышкер жас ұрпақтың әлі де болса ғарыш аймағын көруге ұмтылатынына қуанған екен.

Тоқтар Әубәкіров Әнуарбек Балахметовтың ұлы Әлібек ұйымдастырған көрмеге келген сәт
© Photo : Әнуарбек Балахметовтың жеке архивінен
Тоқтар Әубәкіров Әнуарбек Балахметовтың ұлы Әлібек ұйымдастырған көрмеге келген сәт

"Ұлымды қинаған жоқпын. Қазір балаларға айтқаныңды істете алмайсың. Сол алғашқы көрмеден кейін өзі қызығып, көмектесе бастады. Мысалы, америкалық, жапондық немесе Ресейдегі таныстарыма хат жазамын. Қолымнан келгенше жазамын, мерекемен құттықтаймын немесе арнайы белгі жіберемін. Ал ұлым сол хатты басқа тілге аударады не болмаса сөйлемнің дұрыс құрылғанын қарап шығатын", - дейді Әнуарбек Балахметов.

Шоқанның саяхаты 

2015 жылы қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов халықаралық ғарыш станциясына ұшатын кезде Әнуарбек Балахметов этнограф, тарихшы Шоқан Уәлихановқа арналған монетаны жер орбитасына жіберу идеясын ұсынған. Ғарышкерге достары арқылы беріп жіберіп, жердің фонында иллюминатор арқылы суретке түсіруді сұраған. Ойлағанының бәрі орындалды.

Ал ғарыш әлемінде болған монетаны Балахметов көпшіліктен жасырын ұстамай, Уәлиханов туған ауылда ашылған көрмеге берген.

"Ұшу аяқталғаннан кейін монетаны музейге апаруды сұрадым. Көкшетауда Сырымбет ауылында музейде тұр. Мен де сол жерде тудым. Шоқан ол жерде әжесінің қолында тұрған, әжесі өте білімді кісі болған. Уәли ханның жесірі. Кезінде Александр II-ге хат жазып, ол ақша бөліп, үй-жай салынды. Монетаның түпнұсқасы Айғаным үйінде сақтаулы тұр", - дейді Балахметов.

Оның ғарыш тарихын жинауға деген құштарлығының жоғары болғанына қарамастан, тарихқа айналған көптеген экспонатты музейлерге өткізген.

"Мен оны не істеймін? Бәрібір өзіммен бірге алып кетпеймін ғой. Иә, әр зат мен үшін қымбат, орны ерекше. Егер менде бар зат біреуге қатты қажет болса, оны беруге дайынмын. Сатпаймын. Өзіңнің "ғарыш" өміріңді қалай сатасың?",- дейді Әнуарбек аға.

Ғарыш пен Қазақстан елтаңбасы немен байланысты 

Әнуарбек Балахметовтың айтуынша, Қазақстан Елтаңбасының пайда болу тарихы еліміз тәуелсіздік алғанға дейін басталған. Оның алғашқы эскиздері КСРО кезінде, Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшар алдында жасалған.

"Шот-Аман Уәлиханов – біздің академик. Ғарышқа қазақтың ұшатынын біліп, оған сол оқиғаға арнап қандай да бір символ ойлап табу керек екенін айтқан. Ол кісі қос аққу қанатын бейнелеп, астына "Қазақстан" деп жазды. Ал оның астында шаңырақ, жарты ай мен жұлдыз бейнеледі. Бұл да ғарышқа ұшқан шеврон болды. Кейін Елтаңба жасауға конкурс жарияланған кезде Уәлиханов осы шевронды негізге алды. Яғни, бұл Әубәкіров пен Мұсабаевтың скафандрларында болған шеврон. Ол Қазақстанның Елтаңбасына ұсынылып, жеңіп алды", - деп түсіндіреді Балахметов.

Академик Шот-Аман Уәлиханов Тохтар Әубәкіров ғарышқа ұшар алдында жасаған қазақстандық ғарышкерлердің шевроны
© Photo : Әнуарбек Балахметовтің жеке архивінен
Академик Шот-Аман Уәлиханов Тохтар Әубәкіров ғарышқа ұшар алдында жасаған қазақстандық ғарышкерлердің шевроны

Оның айтуынша, ғарыштың ізі Алматыдағы Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументінде де бар.

"Шот-Аман Уәлиханов Тәуелсіздік ескерткіші – Алтын адамның авторы атанды. Ол сақ адамын салуы керек болды. Оны Тоқтар Әубәкіровке қарап салған. Ескерткішке анықтап қарар болсақ, ол жерде расымен де ұқсастық бар", - дейді коллекция жинаушы.

Ғарышқа ұша алмай қалған ғарышкерлер

Әнуарбек Балахметовтың коллекциясында ғарыш шеврондары мен белгішелерінің орны ерекше. Оларға қарап коллекционер ғарыш экспедициясының барлық қыр-сырын, оның құрамынан бастап, сол кезде орбитада болған оқиғалардың ерекшеліктерін көруге болатынын айтты.

"Мысалы, Айымбетов ғарышқа ұшқан шевронда нота мен скрипканың суреті бар. Себебі шеврон Сара Брайтманға арнап дайындалған. Ол орбитада ән немесе ария орындауы қажет еді. Кейіннен ол анасының ауырып қалғанын айтып, ұшпайтынын мәлімдеді. Сол кезде Брайтман дегенді Айымбетов деп өзгертті", - дейді Балахметов.

Айдын Айымбетов ғарышқа ұшқан шеврон
© Photo : Әнуарбек Балахметовтің жеке архивінен
Айдын Айымбетов ғарышқа ұшқан шеврон

Әнуарбек аға осыған ұқсас көптеген оқиғаны біледі.

"Тағы бір қызықты айтып берейін. Волков деген ғарышкер бар. Александр Волков. Ол Тоқтар Әубәкіровпен бірге ұшқан. Ал Айдын Айымбетовпен бірге оның ұлы Сергей ұшты. Олар: "біздің отбасы қазақтарды орбитаға жеткізіп салады" деп әзілдесетін", - дейді Әнуарбек аға.

Әнуарбек Балахметов болашаққа жоспар құрмайды. Ол үшін ең бастысы мүмкіндік, уақыт пен күш-қуат болып, ғарыш әлеміне жақын жүру. Әрине, коллекциясын оқиғаларды суреттейтін және растайтын жаңа экспонаттармен толықтырғысы келеді. Кез келген коллекция жиюшы сияқты ол да сирек кездесетін заттардың өзінде болғанын қалайды. Алайда Әнуарбек аға барлығын жинау мүмкін емес екенін түсінеді.

Әнуарбек Балахметов пен ғарышкер Александр Волков
© Photo : Әнуарбек Балахметовтің жеке архивінен
Әнуарбек Балахметов пен ғарышкер Александр Волков
32
Кілт сөздер:
ғарышкерлер, ғарыш
ғарышкерлер тамағы

Шарманов жылқының еті мен сүтінен ғарышкерлер тамағы қалай әзірленгенін айтты

86
(Жаңартылды 10:45 12.04.2021)
Қазақ тағамтану академиясының мамандары неліктен жылқы еті мен қымыздың ең пайдалы ғарыш тамағының бірі екенін айтып берді

АЛМАТЫ, 12 сәуір – Sputnik. Қазақ тағамтану академиясын отыз жылдан астам уақыттан бері басқаратын академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Төрегелді Шарманов қазақстандық ғарышкерлердің тағамы қалай әзірленгені туралы әңгімеледі. 

Басты жетістік – ұлттық тағам

Ғарыш кеңістігіне арналған мәзірді әзірлеумен Қазақ тағамтану академиясы ресейлік әріптестерімен бірге ұзақ уақыт айналысты. Мамандар елуге жуық ғарышқа арналған тағам дайындаған. Ал соның ішінде басты жетістік – жылқы еті мен бие сүтіне негізделген ұлттық өнім.

Президент Казахской академии питания, академик РАМН, академик НАН, доктор медицинских наук, профессор, лауреат Госпремии, заслуженный деятель науки Казахстана Торегельды Шарманов
© Sputnik / Тимур Батыршин
Академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов

Бұл ингредиенттерді пайдаланып, ғарышқа арналған тағамдарды дайындау идеясы қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов халықаралық ғарыш станциясына ұшатын сәтте келген. Төрегелді Шармановтың айтуынша, ғалым орбитаға қазақ ұшқанда оны өзіне таныс тамақпен қамтамасыз ету керек деп ойлаған. Өйткені кез келген адам сияқты оның ұлттық тағамды жақсы көруі мүмкін екені ескерілген. Сонымен қатар ғалым ретінде ұлттық өнімнің басқа ұлттың ғарышкерлеріне де қаншалықты нәрлі болатынын анықтау туралы ойлайды.

"Құрамын білгендіктен дайын болдық. Мысалы, бие сүті мен жылқы еті теңіз өніміне қарағанда тез сіңеді. Сондай-ақ  жылқылардың тіршілік ету ортасы теңізбен салыстырғанда адам өмір сүретін ортаға сәйкес келеді. Сол себепті соны қолданамыз деп шештік. Тағамды әзірлеу кезінде қазақтар бұрыннан пайдаланған азық-түлік негізге алынды. Яғни, жылқы еті мен сүтін пайдаландық. Ол ғарышқа ұшу кезінде тіршілікті толық қамтамасыз етті және қажеттілікті толық өтеді деп санаймыз", - дейді Төрегелді Шарманов.

Бір қарағанда бәрі оңай әрі тез жасалғандай болып көрінгенімен, бұл шешімнің артында қаншама адамның бірнеше жылға жалғасқан еңбегі жатыр. Себебі ғарышқа арналған тағамды әзірлеуге Қазақ тағамтану академиясының барлық қызметкері бір кісідей атсалысқан. Әрине, жануарларға сынақ жүргізілген.

Космическое питание
© Sputnik / Тимур Батыршин
Ғарышкерлер тамағы

Эксперимент кезінде сынақ жүргізілетін жануарларды торға орналастырады, ғарыш кеңістігіне ұшу факторы арнайы модельденеді және оларға 30-60 күн су мен тамақ береді. Осы кезеңнен кейін оларды ұйықтатады және қандағы биохимиялық және иммунологиялық көрсеткіштері бағаланды.

Ғалымдар халықаралық ғарыш станциясының бортына жіберу жоспарланған азық-түлікті жануарлардың қосымша тобына беріп бақылаған.

"Бұл өнімдерде жануарлардың антиоксиданттық жағдайын, иммунитетін арттыратын бірқатар биологиялық белсенді ингредиенттер бар. Олардың әсерін биохимиялық көрсеткіштер арқылы бақыладық. Осылайша біз ғарышқа арналған өнімдердің рецептін әзірледік. Содан кейін жұмыс рецептурасын әзірледік, тиісті стандарттарды, нормативтік құжаттарды жасадық, өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін бағаладық және одан әрі олар Бирюлевский тәжірибе-эксперимент зауытына жіберілді. Ал ол жақта өнімдерді қабылдаумен айналысқан комиссия оларды Байқоңырға жіберді", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті, биология ғылымдарының докторы, профессор Юрий Синявский.

Космическое питание
© Sputnik / Тимур Батыршин
Ғарышкерлер тамағы

Жарамдылық мерзімі – екі жыл

Академик Төрегелді Шармановтың жетекшілігімен Қазақ тағамтану академиясында жылқы еті мен бие сүті егжей-тегжейі зерттелді. Нәтижесінде ғарышқа арналған тамақ ғарышкерлердің денсаулығы мен күшін сақтау үшін өте қолайлы деген болжамы расталды.

"Жылқы еті мен қымызда дәрумендер мен басқа да заттар жеткілікті. Сондай-ақ өнімге тау пиязын қостық. Мен туған жерде көкөністер мен жемістер өспейтін. Бәрін таудан жинайтынбыз. Ол бақшада өскен өнімнен әлдеқайда пайдалы. Мен соны жеп өстім. Жұмыс істеп жүрмін. Ақыл-ойым да басқалардан кем емес. Менің ұсыныстарымды америкалықтар, орыстар, еуропалықтар, австралиялықтар және басқалар тыңдайды. Ол өнімнің пайдалы екенін мен өзім арқылы көрсеттім деп ойлаймын. Жақында 91 жасқа келемін. Бұл дәлел бола алмай ма? Қазірге дейін мен үшін басты тағам – ұлттық тағамдар", - дейді Төрегелді Шарманов.

Ғарышқа арналған тағамды дайындау кезінде нормативтік базаға ерекше назар аударылды: стандарттар, рецептуралар, химиялық құрамды бағалау. Мұның бәрі өте маңызды саналады, өйткені ғарышқа арналған тағамның жарамдылық мерзімі кемінде екі жыл болуы керек. Себебі кей жағдайға жоспардан тыс жайттар болуы мүмкін. Екі жыл ішінде тағамың дәмі, құрамы өзгермеуге тиіс. Сонымен қатар олар микробиологиялық және токсикологиялық көрсеткіштер бойынша қауіпсіз болуы керек. Осының бәрін Қазақ тағамтану академиясының ғалымдары тексеріп, содан кейін ғана осындай тағам құрамының ғарышқа ұшу үшін қауіпсіз екендігіне кепілдік берді.

Космическое питание
© Sputnik / Тимур Батыршин
Ғарышкерлер тамағы

Дей тұрғанмен, Қазақ тағамтану академиясы ғарышқа ұшуға арнап әзірлеген тағамның дәмін және пайдалы қасиеттеріне басты бағаны ғарышкерлер береді. Алғашында олар жерде тағамның дәмін көреді. Ғарышкерлерге сауалнама жіберіледі. Олар ол жерде өнімнің ағзаға әсер етуімен байланысты маңызды сұрақтарға жауап беріп, оның органолептикалық көрсеткіштерін сипаттауы керек.

Ғарыш кеңістігінде кез келген өнімнің дәмі айтарлықтай өзгереді. Жерде тәтті болған тағам ол жақта сезілмеуі мүмкін. Зерттеу аяқталған соң ғарышқа арналған тамақ арнайы ыдысқа салынады.

Алайда зерттеу мұнымен аяқталмайды. Оның келесі кезеңі ғарышта өтеді.

"Қосымша зерттеулерге келетін болсақ, ұшу барысында бортта биохимиялық және иммунологиялық аппаратура өте көп, ғарышкерлердің өзі қан алады, бірқатар биохимиялық көрсеткіштерді бағалайды және бұл деректер бізге жерге жіберілді. Яғни, біз белгілі бір өнімнің ғарышкер қанының биохимиялық және иммунологиялық көрсеткіштеріне әсерін бағаладық. Жеке мәліметтерге келетін болсақ, нәтиже жақсы болды: барлық ғарышкер бес деген баға қойды. Менде олардың қолы қойылған хаттамалар да бар", - дейді академик Төрегелді Шарманов.

Космическое питание
© Sputnik / Тимур Батыршин
Ғарышкерлер тамағы

Қазір Қазақ тағамтану академиясы әзірлеген ғарышқа арналған тамақ өндірілмейді. Алайда барлық рецепт, құрамы және өндіріс технологиялары сақталған: қажеттілік пайда болса, ғалымдарға оны өндіру қиындық тудырмайды.

Ал қазір академия жаңа жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Олар әскери авиация ұшқыштары, альпинистер, спортшылар және қызмет бабы бойынша төтенше жағдайларда болуы мүмкін басқа да маман иелеріне арнап өнім әзірлемек.

Қазақ тағамтану академиясы КСРО денсаулық сақтау министрлігінің 1973 жылдың 6 желтоқсанындағы бұйрығы негізінде құрылды. Бастапқыда 1974 жылдың сәуірінде құрылған КСРО Медицина ғылымдары академиясының тамақтану институтының Қазақ филиалы болды.

Қазір академияда 74 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 13 медицина (биология) ғылымдарының докторы және 21 медицина (биология) ғылымдарының кандидаты бар.

86
Кілт сөздер:
ғарыш, қымыз, ғарышкерлер, жылқы
Юрий Гагарин отбасымен

Юрий Гагариннің қызы әкесінің қауіпті сәтте қалай аман қалғаны туралы айтты

55
(Жаңартылды 09:24 12.04.2021)
Жер шарының тұңғыш ғарышкері Юрий Гагарин бірде аңшылық құрып жүріп, сілеусіннің құрбанына айнала жаздаған

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір – Sputnik. Юрий Гагарин бір рет аң аулау кезінде сілеусіннің құрбанына айнала жаздады. Бұл туралы тұңғыш ғарышкердің үлкен қызы, "Московский Кремль" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының бас директоры Елена Гагарина айтты, деп хабарлайды РИА Новости.

"Бірде аң аулау кезінде күтпеген жағдай болды. Әкем өте сезімтал еді әрі үнемі сергек жүретін. Ол сол қасиетінің арқасында бір өлімнен аман қалды.   Қысқы аң аулау кезінде оның арқасынан сілеусін секіріп, тарпа бас салмақ болған. Алайда, әкем әбжіл әрекет етіп, оны атып үлгерді", – деді ғарышкердің қызы телеарнадағы "Росиия 1" арнасының "Вести Недели" бағдарламасына берген сұхбатында.

Сұхбат барысында ол РИА Новости архивіндегі бірегей фотосуреттер негізінде ғарышкер өміріндегі беймәлім эпизодтар туралы да айтты.

Ол әкесінің көзі өткір әрі қырағы болғанын атап өтіп, аңшылыққа әуестігі туралы да баяндады.

"Ол орманды кезіп аңшылық құрғанды жақсы көретін. Бұл кәдімгі аң аулау болатын. Яғни, көп уақытын орманды шарлап, аң аулауға жұмсаса да кейде олжасыз келетін", – дейді Елена Гагарина.

Оқи отырыңыз: "Айғайладым! Мұндай дүние үнсіз жазылмайды": Олжас Сүлейменов сұхбат берді

55
Кілт сөздер:
аңшылық, ғарышкерлер
Тақырып бойынша
"Назарбаев елге жариялап қойыпты": Әубәкіров қалай ғарышкер болғанын айтып берді
Байқоңырдан "Гагарин" ғарыш кемесі қалай ұшырылды - видео
Байқоңырдан "Гагарин" ғарышқа аттанды
Қазақтан шыққан ғарышкер Талғат Мұсабаев туралы не білеміз?
Ғарышқа Гагарин шақырды: Байқоңырда ғарыш саласының жұлдыздары кездесті - видео
Әскери оқу-жаттығу

Жағдай шиеленісіп барады: Ресей мен Украина қатынасы қалай өрбиді

0
Британдық және америкалық радиоэлектронды барлау ұшақтары мен кемеге қарсы ұшақтар Қара теңіздің бейтарап аумағында тынымсыз ұшып жүр

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Соңғы күні Солтүстікатлантикалық альянс шығыс Еуропада күрт белсенділік танытып жатыр. Бұл Киевтің Донбаспен шекараға қосымша бөлімшелер мен техника жеткізуіне қатысты жауапты әрекет екені ешкімге жасырын емес, деп жазады РИА Новости.

Донбастағы жағдайдың кезекті рет өршуіне байланысты НАТО елдерінің авиациясы бұл аймақта жиі төбе көрсетіп жүр. Түйісу орнында RQ-4 Global Hawk барлаушы дрондары тұрақты күзетте тұр. Олар ДХР мен ЛХР әскерінің қорғанысқа даярлығын назардан тыс қалдырмауда. Ұшқышсыз ұшу аппараттары түсірген суреттер сол мезетте киевтік әскери қолбасшылардың үстеліне жететініне еш күмән жоқ.

Украина қарулы күштері де әуе барлауын күшейтті. Сарбаздар Түркиядан сатып алған Bayraktar TB2 соққы жасаушы дрондарын байқаған. УҚК-де мұндай алты дрон бар. Қосымша ұшқышсыз ұшу аппараттарын жеткізу туралы келісімшарт жақында Украина президенті Владимир Зеленскийдің Түркияға сапары кезінде жасалғаны мәлім болды.

Сонымен қатар, батыс авиациясы Қырым жағалауына күн сайын мониторинг жүргізіп отыр. Британдық және америкалық Boeing RC135W және Lockheed P-3COrion радиоэлектронды барлау ұшағы мен P-8APoseidon кемеге қарсы ұшағы Қара теңіздің бейтарап аумағында тынымсыз ұшып жүр. Олардың басты міндеті – Қара теңіз флоты кемелерінің әрекетін қадағалау және түбекте орналасқан әскери топтың әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерінің позицияларын анықтау.

НАТО өңірдегі әскери-теңіз қатысуын да күшейтіп жатыр. Сәуірдің соңына дейін АҚШ ӘТК-нің екі зымыран эсминеці Қара теңізге шығуы керек. Пентагонның ресми мәлімдемесі бойынша, кемелерді бағыттау қалыпты сипатқи ие. Алайда Кремль жағдайды назарда ұстап отыр. Себебі бұл эсминецтер елуден астам "Томагавк" қанатты зымыранын тасымалдайды.

"Америка Құрама Штаттарының әскери белсенділігіне, соның ішінде Қара теңізге кеме кіргізуіне келсек, бұл тұрақты болып жатыр. Қазір бұл әсіресе агрессивті қарқында орындалуда", – дейді Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров.

Тағы бір қызық жағдай: АҚШ ӘӘК әскери-көлік авиациясының ұшақтары Киевке қандай жүк жеткізіп жатыр?

Мамандар FlightRadar интернет сервисінің көрсеткішіне назар аударып, АҚШ, Германия мен Балтық маңы елдерінен ұшып шыққан америкалық С-17 мен С-30 Борисполь әуежайына тоқтап, жүк түсіріп, кері қайтып жатқанын анықтады.

Әскери сарапшы Алексей Леонковтың пікірінше, Вашингтон Украинаға радиоэлектронды күрес кешендерін жеткізіп жатыр. Бұл жақын уақытта УҚК шабуыл жасайды дегенді білдіреді. Ресей де қол қусырып отырмайтыны анық.

"Егер жағдай ушығатын болса, онда біз өзіміздің және қай жерде жүрсе де, өз азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлығын жасаймыз. Мұндай өршуге Киев пен оның Батыстағы кураторлары толық жауапты болады. Сондай-ақ біз Қырымнан, Қара теңіздегі жағалаудан аулақ болу туралы АҚШ-қа ескертеміз", – деді СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябков.

Батыс елдерінің ресейлік шекара маңында белсенділігінің артуына тағы бір себеп – НАТО әскерлерінің мамырдың ортасында өтетін ең ауқымды Defender Europe 2021 оқу-жаттығуына дайындығы.

Өткен жылмен салыстырғанда 2021 жылғы әскери шара кезінде Шығыс емес, Оңтүстік Еуропаға көп көңіл бөлінеді. Маневрлер Черногория, Косово және Албанияда жоспарланған. Болгария мен Румынияда әуедегі шабуылдан қорғаныс жүйелері мен "жер – жер" тобындағы зымырандардың жаттығуы өтеді. Ал Венгрия тыл қызметін атқарады. Маневрлерге украин әскери қызметшілері де қатысады.

Еуропадағы АҚШ Құрлық әскерінің ресми сайтында жарияланған баспасөз релизіне сәйкес, оқу-жаттығулар "АҚШ, НАТО бойынша одақтастар мен серіктестері арасындағы стратегиялық және жедел дайындық пен өзара әрекеттесуді күшейтуге бағытталған". Бұл маневрлер үшінші мемлекеттер үшін ешқандай қауіп төндірмейтіні жазылған. Алайда Defender Europe 2021 антиресейлік бағытта өрбитіні айдан анық.

Сондықтан Ресей мен Белоруссия қыркүйекте "Батыс-2021" маневрлерін өткізеді. Белоруссияның қорғаныс министрі Виктор Хренин атап өткендей, "бірлескен оқу-жаттығулар жоғары урбанизацияланған елді мекендерде шабуылдау бөлімшелерінің бірлескен іс-қимылдарының жаңа әдістерін сынауға мүмкіндік береді" деп санайды.

0
Кілт сөздер:
Украина, Ресей