Спорт

Ресей спортына қандай қауіп төніп тұр?

© AP Photo / Alexander ZemlianichenkoДопинг-проба
Допинг-проба - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Соңғы жылдары Ресей спортымен халықаралық аренада болып жатқан жағдай жақсы деп айта алмаймыз

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Қараша айының соңында Бүкіләлемдік антидопинг агенттігінің сәйкестік жөніндегі комитеті ресейлік спортшыларға қатысты "ресейлік допинг" туралы іс бойынша ұсыныстар жариялады.

Құжатқа сәйкес, алдағы төрт жылда Ресей барлық халықаралық жарыстарда тусыз және әнұрансыз қалады. Бұған қоса, Ресей Федерациясы аумағында өтуі тиіс барлық ірі сайыс басқа елдерде өтеді. Бұл - қазіргі кезеңдегі Ресей спортын оқшаулаудың ең ауқымды шарасы.

Екі аптадан кейін әлемдік спорт қауымдастығы бұл туралы WADA атқарушы комитеті не ойлайтынын біледі. Sputnik болған жағдайдың себептерін анықтап, оқиғалардың қалай дамитынына болжам жасауға тырысты.

Даудың басы

Барлығы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарынан кейін басталды. Бұл әлемдік додада ресейлік спортшылар тамаша нәтиже көрсетеді. Олар 33 медаль жеңіп алады, олардың 13-і - алтын.

WADA "ресейлік олимпиада спортында допингті көп пайдалану" тақырыбына арналған тергеуге бастамашы болды. Ұйым канадалық Ричард Макларенді қорытындының шығарылуына жауапты етіп бекітті. WADA штаб-пәтері де Канадада орналасқанын атап өткен жөн. Бірақ бұл сәйкестік қана.

Тергеу нәтижелері бойынша, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарына ресейліктер шағын құраммен барды. Олардың қатарынан жеңіл атлетика жұлдыздары алынып тасталды. Ал олар Ресей қоржынына көбірек медальдар әкелуші еді.

Тергеу барысында Сочидегі 2014 жылғы қысқы ойындардың қожайындары федералдық қауіпсіздік қызметінің көмегімен өз атлеттерінің допинг-сынамаларын ауыстырды деп айыпталды.

Кореялық Пхенчхандағы 2018 жылғы қысқы Олимпиада алдында халықаралық олимпиада комитеті ресейліктер ойынға өз туынсыз және әнұранынсыз барады деп шешім қабылдады. Бұл бүкіл Ресей үшін күтпеген жағдай болды.

Ұйымдастырушылар барлық проблеманы түзетуге, кез келген деңгейде кез келген допингті жоюға бағытталған үлкен жұмыстың басталғанын айтты. Ал спортшылар бастарын салбыратып, марапаттау рәсімінде ту мен әнұран болмаса да, медаль ұтуға баратынын жеткізді.

Тағы оқыңыз: Депутаттар допингпен ұсталатын спортшылардың жазасын қатаңдатты

Ресей ойын ережелерін қабылдады, өйткені басқа амал болмады. Әрине, барша жұрт барлығын өзгерту үшін осы жеткілікті деп үміттенді.

Дегенмен қазір WADA "ештеңе өзгерген жоқ, елде допинг проблемасы әлі күнге дейін маңызды" деп мәлімдеп отыр. Бұған Мәскеу антидопингтік зертхана мәліметтерін тексеру қорытындысы себеп болды.

Ресей спортының неліктен қудаланып жатқанына және ол қаншалықты ұзаққа жалғасатынына қатысты көптеген теория бар.

Біріншіден, спорттық жетістіктерге назар аударған жөн. Қысқы және жазғы спорт түрлерінен Ресей мектебіне ешкім жетпейді. Атлеттер жиі жеңіске жетеді, тіпті кейбір спорт түрлерінен қарсыластарына еш мүмкіндік бермейді.

Бұл жердегі түйін, Ресей – мықты қарсылас. Сондықтан олардан қорқады, сондықтан кедергі жасамас үшін оларды шеттету керек.

Бұған қоса, көптеген халықаралық спорт федерациясында Ресей өкілдері бар. Олардың көбі маңызды қызметтерде отыр. Әрине, бұл көбіне ұнамайды.

Әркім ұсынылып отырған мәліметтің бәрінен өз нәтижесін шығарар. Өкінішке қарай, біз бәрін білмейміз және білмейтін де шығармыз.

Сондықтан бізге көптеген нәрсе жайлы болжау мүмкіндігі ғана қалады. Бірақ бүкіл өмірін спортқа арнаған атлеттерге не істеу керек? Енді олардың өмірінің мәні бар ма?

Ресей спортшыларын не күтіп тұр

Әрине, бұл жағдайдан ең көп жапа шегетін – спортшылар. Олар саясаттан алыс, олар елдің беделі үшін ғана денсаулығын құртады. Осындай жас спортшылар дамуға ынтасыз қалып қана қоймай, өмірдің мәнінен айырылуы мүмкін.

WADA комиссиясы ұсыныстарына сәйкес, Ресейдің көптеген атлеті алдағы екі Олимпиадаға өткізілмеуі мүмкін. Тек өз "тазалығын" дәлелдеген санаулы адам ғана өтеді деген болжам бар.

Ал Ресей туы мен әнұраны туралы алдағы төрт жылда ұмыта беруге болады.

WADA жоспарына сәйкес, санкциялар ресейлік спорт шенеуніктеріне де қатысты болады. Олар халықаралық спорт федерацияларындағы қызметтерінен де алынып тасталуы мүмкін.

Биылғы жыл ресейлік спорт қауымдастығы үшін осылай аяқталып келеді. Кезінде бүкіл әлемдік спорттың дамуына серпін берген Ресей спорты елеусіз қалмақ. Бұл қолдан келе ме? Бұны жақында білеміз.

Жаңалықтар
0