Спорт

"Сәттілік серік болды": спорт ардагері жеті бірдей Олимпиадаға қалай барғанын айтты

© Sputnik / Елена БережнаяБауыржан Күлжанов музей жәдігерлерімен бірге
Бауыржан Күлжанов музей жәдігерлерімен бірге - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Осыдан тура қырық жыл бұрын Бауыржан Күлжановтың жолы болып, Мәскеу Олимпиадасына барды. Тарихи жарыстарды тамашалап, қазақстандық чемпиондармен кездесті. Сол кезде танымал болған әнші София Ротарумен танысты, тіпті, оның концертіне шақыру да алды

НҰР-СҰЛТАН, 19 шілде – Sputnik. Петропавл қаласының тұрғыны, спорт ардагері, кеден қызметінің полковнигі, зейнеткер Бауыржан Күлжанов Олимпиада ойындарына жеті рет барған. Алайда 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиаданы ешқашан ұмытпаймын дейді. Себебі бұл – оның ең алғашқы олимпиадасы. Оған барамын деп ойламапты.

Олимпиадаға жаяу барды

"Мен ол кезде комсомолдың қалалық комитетінде жұмыс істедім. Бір күні Петропавл қаласында Камчаткадан радиожурналист Юрий Шумицкийдің келгенін естідік. Ол Владивосток қаласынан Олимпиадаға жаяу шыққан. Қазақстан арқылы өтемін деп, Петропавлға да соққан ғой. Мен оны қарсы алуға аттандым. Қонақ үйге жайғастырдым. Сөйтіп, екі күн бойы бірге жүрдік. Одан кейін жолға шығарып салдым", - деп еске алады Күлжанов.

Шумицкий өз сапарын Олимпиада ойындарына арнады. 1979 жылы 25 шілде 35 келілік иыққаппен жолға шығып, мыңдаған шықырымды жүріп өтті. Ал Мәскеуге Олимпиада ойындарына екі апта қалғанда - 1980 жылы 7 шілдеде келді.

© Sputnik / Елена БережнаяЮрий Шумицкийдің саяхаты туралы мақала
Сәттілік серік болды: спорт ардагері жеті бірдей Олимпиадаға қалай барғанын айтты - Sputnik Қазақстан
Юрий Шумицкийдің саяхаты туралы мақала

"Мәскеуде Юрийді журналистер қарсы алған. Тілшілердің ішінде танымал Василий Песков та болды. Ол үлкен мақала жазып, "Комсомольская правда" газетіне шығарды. Шумицкий өз сұхбатында біздің қаламызды да атап өтті. Камчаткада ғана емес, Солтүстік Қазақстан жерінде тағы бір Петропавл қаласының бар екенін айтты. Мақала шыққаннан кейін мені облыстық партия комитетіне шақырып алды. Радиожурналисті қалай қарсы алғанымды, не туралы сөйлескенімді, бәрін сұрап алды. Сұрап болғасын басшылық: "Олай болса, Олимпиадаға барасың" деп, қысқа ғана қайырды", - дейді Күлжанов.

Осылайша, Бауыржан Ниязұлы КСРО-ның тарихында алғаш рет ұйымдастырылған Олимпиада ойындарына баруға мүкіндік алды.

"Мен Мәскеуге барған бойда Юрий Шумицкийді іздей бастадым. "Комсомолканың" редакциясына хабарластым. Сөйтсе, ол Песковтың саяжайында тұрып жатыр. Василий Михайлович мені де қонаққа шақырды. Артынан делегациядағы әріптестеріме Песковтың саяжайында болдым десем, ешкім сенбейді", - дейді Күлжанов.

Петропавлға бірінші болып келген Олимпиада чемпионы

Жаңа таныстықтың арқасында Бауыржан Күлжанов Олимпиада қалашығына да кірді. Сол жерде КСРО құрамасына кірген қазақстандық спортшылармен танысты. Мәскеу Олимпиадасы спорттың 21 түрі бойынша ұйымдастырылған болатын. Қазақстанның 20 спортшысы 10 бағытта өнер көрсетті.

"Сонда мен классикалық стильде өнер көрсеткен әлемге әйгілі палуанымыз Шәміл Серіковпен танысқан едім. Ол сияқты күрескен адам болмады. Өз ісінің нағыз шебері болған. Боз кілемде билеп жүріп күрескен Шәміл Мәскеу Олимпиадасында алтыннан алқа таққан", - деп еске алады Күлжанов.

Бауыржан Ниязұлының өзі жас кезінде спортпен айналысқан. Күрестен спорт шебері атағы бар. Бүгінде облыстық федерацияны басқарып жүр. Сондықтан Шәмілдің өнері туралы айтқанда ерекше бір сезімге бөленеді.

"Артынан Шәміл екеуіміз дос болып кеттік. Айтпақшы, ол - Петропавл қаласына бірінші болып келген Олимпиада чемпионы. Одан кейін Мәскеу Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған Серік Қонақбаев пен алтын медаль иегері Жақсылық Үшкемпіров келіп кеткен. Әлі есімде, Шәміл Серіков күрестен облыстық жарыстарға келген еді. Өкінішке қарай, өмірден ерте кетті. 1989 жылы 33 жаста ғана болған", - дейді ол.

© Sputnik / Владимир Родионов / Медиабанкке өтуШәміл Серіковтің (қызыл киімде) ақтық сында Олимпиада алтынына таласқан сәті
Сәттілік серік болды: спорт ардагері жеті бірдей Олимпиадаға қалай барғанын айтты - Sputnik Қазақстан
Шәміл Серіковтің (қызыл киімде) ақтық сында Олимпиада алтынына таласқан сәті

Бауыржан Ниязұлы Мәскеу Олимпиадасында Серік Қонақбаевпен де танысты. Екеуі әлі күнге дейін араласады.

"Серік Олимпиада ойындарының күміс медалін жеңіп алды. 1981 жылы ол ресми түрде әлем бойынша үздік әуесқой боксшы деп танылды. Атақты Костя Цзюдің өзі Қонақбаевтың арқасында бокспен айналыса бастадым дейді. Оның ата-анасы Серіктің жанкүйері болыпты. Содан ұлымыз сүйікті боксшымыз сияқты болсын деп, оны бокс секциясына берген. Біраз жылдан кейін Серік пен Костя танысып, дос болып кетті", - деп жалғастырды әңгімесін Бауыржан Ниязұлы.

Высоцкийдің қазасы

Олимпиада кезінде Мәскеу қаласында танымал актер, автор және орындаушы Владимир Высоцкий қайтыс болды. Бауыржан Күлжанов оны жерлеу рәсіміне де барып қайтты.

"Әлі есімде, 25 шілде күні Мәскеудегі досым телефон шалып, шұғыл кел деді. Мәселенің мән-жайын түсіндірген де жоқ. Барсам, Высоцкий қайтыс болды дейді. Не дерімді білмей қалдым. Бәріміз оның әндерін тыңдадық, кинодағы рөлдерін жақсы білеміз. 28 шілде күні жерлеу рәсімі болды. Сонда табыттың қасында жесір болып қалған әйелі Марина Владидің жылап тұрғанын көрдім. Фотоға да түсіріп алдым. Сол суреттерді әлі күнге дейін сақтап жүрмін", - дейді Күлжанов.

Тағы оқыңыз: Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы не білеміз?

Оның айтуынша, Олимпида өтіп жатқаннан кейін Высоцкийдің қазасы туралы ашық жариялаған жоқ. Алайда қаралы хабар халық арасында тез тарап кетті. Үш күн бойы театрдың алдында, тіпті жақын жердегі көшелерде халықтың қарасы көп болды.  Барлығы сүйікті әртісімен қоштасуды ойлады. Жерлейтін күні адамдардың кезегі ондаған шақырымға созылды. Ал катафалк зиратқа бара жатқанда халық жолға гүлдерді лақтырып тұрды. Сол күні Мәскеудегі дүкендерде гүл таусылып қалды.

© Sputnik / Анатолий Гаранин / Медиабанкке өтуВладимир Высоцкийді жерлеу рәсімі, 1980 жыл
Сәттілік серік болды: спорт ардагері жеті бірдей Олимпиадаға қалай барғанын айтты - Sputnik Қазақстан
Владимир Высоцкийді жерлеу рәсімі, 1980 жыл

"Сол Олимпиададан біраз естелік бар. Кітап жазып шығуға да болады. Танымал адамдармен де таныстым. Олардың ішінде София Ротару да бар. "Қалай болды?" дейсіз ғой. Делегациямыздың құрамында Владимир Бондарь деген жігіт болған. Олимпиада кезінде Бауман атындағы училищеде тұрдық. Бір күні дәлізге шықсам, София Ротару келе жатыр. Мен кәдімгідей абдырап қалдым. Жанында күйеуі Анатолий Евдокименко және өзіміздің Бондарь. Сөйтсем, ол Евдокименконы жақсы таниды екен", - деп еске алады Күлжанов.

Сол күні Бауыржан Ниязұлы әріптесінің арқасында София Ротарумен танысты. Барлығы жиналып, шампан да ішті.

"Артынан Ротару біздің тобымызға сыйлық жасады. Бәрімізге "Лужники" стадионындағы концертіне шақыру таратып берді. Концерттен кейін біз жиналып, бір құшақ гүлмен грим жасайтын бөлмеге бардық. Сол жерде мен алғаш рет Пугачеваны көрдім", - дейді Күлжанов.

Қош бол, біздің ерке қонжығымыз!

Мәскеу Олимпиадасында қазақстандық спортшылар 16 медаль ұтып алды. Соның ішінде алты алтын, үш күміс пен жеті қола жүлде бар. Бауыржан Күлжанов Олимпиада ойындарының жабылу салтанатына да қатысты. Оған барлық делегация кіре алмады. Бірақ осы жолы да Бауыржан Ниязұлына сәттілік серік болды.

"Қазақстанның барлық делегациясы Олимпиаданың жабылу рәсіміне бара алмады. Себебі орындары шектеулі болды. Содан басы сынған сіреңкені тарттық, қағазға жазып, жеребе тастадық. Сөйтіп, кімнің баратынын анықтаған едік. Сонда тағы сәттілік серік болып, Олимпиада ойындарының жабылу салтанатын көруге мүмкіндік алдым", - дейді Күлжанов.

Мәскеу Олимпиадасына арналған көптеген деректі фильмде XXII жазғы Олимпиада ойындарының бойтұмары – Миша деген қонжықты аспанға жіберіп жатқан сәті бар. Сонда келесі кадрда трибунада отырған бір әйел көз жасын жасыра алмай, қол бұлғайды. Бауыржан Күлжанов дәл сол келіншектің жанында болған екен. Камералардың жылап отырған әйелді жақыннан қалай түсіргенін де көрген. Соның бәрі есінде қалған.

© Sputnik / Елена БережнаяБауыржан Күлжановтың коллекциясындағы Олимпиада қонжықтары
Сәттілік серік болды: спорт ардагері жеті бірдей Олимпиадаға қалай барғанын айтты - Sputnik Қазақстан
Бауыржан Күлжановтың коллекциясындағы Олимпиада қонжықтары

Негізі, бас кезінде Олимпиаданың бойтұмарына Конек-Горбунок, Матрешка мен Петрушка қуыршағын да ұсынған болатын. Алайда олар комиссиядан өтпей қалды. Басым бөлігі аюды таңдады. Олимпиадалық қонжықтың авторы – танымал суретші-иллюстратор Виктор Чижиков.

Осылайша, сегіз метрлік резеңке бойтұмар - "Олимпиадалық Мишка" аэростаты жасалды. Оны арнайы материалдан тіккен. Ал ішіне гелий үрлеп қойды. Аяқ-қолын да бөлек үрлеп, арнай топсамен бекітті. Сөйтіп, Мишка қолын бұлғап, түнгі аспанға ұшып кеткен.

"Олимпиада кезінде қонжық Мишканың суреті барлық жерде болды. Төсбелгі, конверт, марка, кәдесый, киім-кешек – бәріне қонжықтың суреті салынды. Сол кезде мен де Мәскеуден біраз кәдесый алып келгенмін. Мишканың мүсіншелері, Олимпиаданың символикасы бар тәрелкелер мен вазалар, спорт түрлерінің суреті бар төсбелгілер және тағысын тағы. Соның бәрін әлі күнге дейін сақтап келемін", - деп атап өтті Күлжанов.

© Sputnik / Федосеев / Медиабанкке өтуМәскеу Олимпиадасының жабылу салтанаты
Сәттілік серік болды: спорт ардагері жеті бірдей Олимпиадаға қалай барғанын айтты - Sputnik Қазақстан
Мәскеу Олимпиадасының жабылу салтанаты

Бауыржан Ниязұлы Мәскеуден кейін тағы алты Олимпиадаға барып қайтқан. Соның ішінде Лилллехаммер, Атланта, Сиэтл, Сеул мен Сидней бар. Алайда Мәскеу Олимпиадасын ешқашан ұмытпаймын дейді.

"Ақбидайға" – 40 жыл

Бауыржан Күлжановтың есінде тағы бір маңызды оқиға қалған. Мәскеу Олимпиадасы өтетін жылы Солтүстік Қазақстанда алғаш рет "Ақбидай" атты ауыл спортының мерекесі ұйымдастырылды. Соның басы-қасында Бауыржан Ниязұлы да жүрді.

"Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Виктор Жиляев осы спорттық мерекенің негізін қалады, бәрін ұйымдастырып, шапқылап жүрді. Мен болсам, Мамлюткада алғашқы "Акбидайды" өткізгеннен кейін Олимпиадаға аттандым", - деп еске алады Күлжанов.

Артынан "Ақбидайдың" үлгісінде басқа аймақтар да ауыл спортына арналған жарыстарды өткізе бастады. Содан бері 40 жыл өтті. "Ақбидай" спорт мерекесі де жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Биыл ғана коронавирус пандемиясына байланысты дәстүрлі мерекені өткізбеуге шешім қабылданды.

Бүгінде Бауыржан Күлжановтың коллекциясында біраз нәрсе жиналды. Соның бәрін ол үйдің жанындағы саябақта ашылатын музейге қоюды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде спорт даңқына арналған аллеяда танымал спортшылардың ескерткіштері орнатыла бастады. Сол жерде Шәміл Серіковтің ескерткіші де қойылады.

Жаңалықтар
0