Спорт

Токио Олимпиадасы-2020: қазақ боксшыларының мүмкіндігі қандай

© REUTERS / UESLEI MARCELINOСәкен Бибосынов
Сәкен Бибосынов  - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.07.2021
Жазылу
Жазғы Олимпиада ойындарында қазақстандық боксшылар барлық салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді

НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Токиода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында қазақ боксшыларының жекпе-жегі басталды. Жанкүйер болып отырған әр қазақстандық спортшылардан жүлделі орын мен жеңіс күтеді. Осыған орай Sputnik Қазақстан спорт саласында жүрген сарапшылардан байрақты бәсекеде сынға түсетін отандастарымыздың мүмкіндігін бағалауды сұрады.

Спортшылар бүкіл дайындығын көрсетуі керек

Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбековтың айтуынша, Олимпиадаға дайындалған уақыт ішінде  федерация өз алдына қойылған міндеттерді толығымен орындады.

Боксшылар барлық жоспарланған жиын мен жарыстарға қатысты. Америка мен Кубаға барып, шеберлігін шыңдады.

"Яғни, біз өз алдымызға қойылған міндеттерді түгелімен орындадық. Сол себепті біздің жігіттер боксты, бүкіл дайындықты барынша көрсетуі керек. Мұны жігіттер де түсінеді. Әліптің артын бағайық. Олимпиадада боксшыларымыз жоғары нәтиже көрсетеді деп ойлаймын", - деді ол.

Мықтыбеков спортшылар форма, тұратын жер, тамақ, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

"Әрине, Ұлттық Олимпиада комитеті де көмектесті, жиындар мен жарыстардың қаржысын төледі. Ал қосымша шығындарды федерация көтерді. Сондықтан Олимпиада ойындарының алдында барлық жұмыс атқарылды", - деді атқарушы директор.

Осал қарсылас жоқ

Әлем чемпионы Галиб Джафаров Токиоға аттанған боксшылардың мүмкіндігіне қатысты болжам жасаудан қиналды. Айтуынша, әр салмақтың өз мықтылары бар. Әркім әрқалай сынға түседі.

"Кез келген спортшының алтын алуға мүмкіндігі бар. Бірақ ол адамның бағына да, боксшының дайындығына да, тіпті қалай демалғанына, жекпе-жекке қандай көңіл-күймен келгеніне, тактикасына байланысты. Мұндай сәтте ұсақ-түйектің өзі әсер етеді. Жүлдені кім алады, кім алмайтынын айту өте қиын. Алайда еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қанша Олимпиадаға барсақ та, боксшыларымыз үнемі медальмен оралды. Бір медаль болса да, әйтеуір болатын", - деді Джафаров.

Тағы оқыңыз: Токио Олимпиадасы: Елдос Сметов ел қоржынына алғашқы медальды салды

Айтуынша, бұрын бокс Ресей, Куба, Еуропа елдерінде көбірек насихатталса, қазір әлемнің түкпір-түкпірінде жақсы дамып жатыр. Сол себепті Олимпиада ойындарында әр қарсылас қауіпті, отандастарымызға осы тұрғысынан қиындау болады.

"Бірақ олар Олимпиадаға жай бара салған жоқ, көп дайындалды. Біздің елге медаль әкелуге кетті. Мен олардың лайықты өнер көрсетіп, жүлдемен оралғанын қалаймын. Қазір салмақ дәрежелерін төмендетті. Бұрын он бір болатын, қазір сегіз қалды. Қыздарға берді. Біздің қыздардан тек біреуі ғана ілікті. Оған да оңайға соқпайды", - деді әлем чемпионы.

Олимпиада-2012 чемпионы Серік Сәпиев те Sputnik Қазақстанға өз болжамын бөліскен еді.

"Отандық бокс мектебінің деңгейі әлемдегі ең жоғарылардың бірі саналады. Мен біздің әр боскшыға және Надежда Рябецке үміт артамын. Әрбіреуі медаль әкеле алады. Әрине, әр салмақ дәрежесінде халықаралық аренада жетістіктерге жеткен фавориттер мен лидерлер бар", -деді Сәпиев.

Вэл Баркер кубогы

Жанкүйерлер боксшыларымыздан жүлдемен қатар Вэл Баркер кубогын да күтетіні белгілі.

Алайда Серік Сәпиевтің пікірінше, бұл жолы Вэл Баркер кубогы Қазақстанға бұйырмайды.

"Бұл атақты кубалық боксшылардың бірі жеңіп алады", - деп болжады Олимпиада чемпионы.

Қазақстандықтардан ең бірінші болып бұл мәртебелі атаққа 1996 жылы Атланта олимпиадасында Василий Жиров қол жеткізді. Екінші рет Афины олимпиадасында чемпион атанған Бақтияр Артаевқа бұйырды. Ал үшінші рет Лондон олимпиадасында топ жарған Серік Сәпиев қанжығасына байлады.

Вэл Баркер кубогы – 1936 жылдан бастап Олимпиада ойындарының ең техникалық боксшысына берілетін жүлде. Кубок AIBA-ның жекеменшігі саналады және Олимпиада ойындарында алған орнына қарамастан ең мықты техника көрсеткен боксшыға табысталады.

Қазақстан намысын кім қорғайды

Токио Олимпиадасында қазақстандық боксшылар барлық салмақ дәрежесінде бақ сынайды.

  • Сәкен Бибосынов (52 келі);
  • Серік Теміржанов (57 келі);
  • Закир Сафиуллин (63 келі);
  • Абылайхан Жүсіпов (69 келі);
  • Әбілхан Аманқұл (75 келі);
  • Бекзат Нұрдәулетов (81 келі);
  • Василий Левит (91 келі):
  • Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары).

Ал әйелдер арасындағы бокста ел намысын жалғыз Надежда Рябец (75 келі) қана қорғайды.

Бұған дейін Серік Теміржанов, Закир Сафиуллин мен Сәкен Бибосынов Олимпиададағы алғашқы жекпе-жектерін сәтті бастады.

Тағы оқыңыз: Зүлфия Чиншанло ел қоржынына үшінші қола медаль салды

Айта кетсек, Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев жазғы Олимпиаданың болашақ жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жеке сыйақы қорын бөлді.

Бұған дейін дүбірлі додадан жүлдемен оралатын боксшыларға мемлекеттен ғана сыйақы берілетін. Биыл бокс федерациясы өз атынан да марапаттайды.

"Алтын" үшін 100 мың, "күміске" 70 мың, "қолаға" 50 мың доллар қарастырылып отыр.

Жеке бапкерлердің де еңбегі елеусіз қалмайды. Олимпиада чемпионының жаттықтырушысы 25 мың, күміс медаль иегерінікі 15 мың, ал қола жүлдегердің бапкері 10 мың доллар алады.

Токиода Олимпиада ойындары 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді.

Жаңалықтар
0