Спорт

Ислам дінін қабылдап, аты-жөнін өзгертті: Олимпиада жүлдегерлері туралы қызықты деректер

© AFP 2024 / UESLEI MARCELINOАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2021
Жазылу
Токиода өткен Олимпиада ойындарында отандастарымыз дзюдодан, ауыр атлетикадан, бокстан, еркін күрес пен каратэден жүлде иеленді

НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз – Sputnik. Төрт жылда бір келетін жазғы Олимпиада ойындарында Қаазақстан құрамасына "алтын" мен "күміс" медаль бұйырмады. Қазақ спортшылары байрақты бәсекеден сегіз "қоламен" оралды. Токио Олимпиадасында ел намысын қорғаған қола жүлдегерлер кім? Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Елдос Сметов

Токио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы медальды дзюдошы Елдос Сметов салды.

Сметов – Тараз қаласының тумасы. Бірнеше жылдан бері дзюдодан Қазақстан намысын абыроймен қорғап келеді.

Спортшы 1992 жылы 9 қыркүйекте туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биология және биотехнология факультетін тәмамдады.

Әкесі Бақтыбай Сметов — бизнесмен, анасы Тоқтагүл Сметова — үй шаруасындағы әйел. Сметовтің үлкен ағасы Жандос та дзюдомен айналысады.

© REUTERS / HANNAH MCKAYЕлдос Сметов Токио Олимпиадасында
Ислам дінін қабылдап, аты-жөнін өзгертті: Олимпиада жүлдегерлері туралы қызықты деректер - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2021
Елдос Сметов Токио Олимпиадасында

Елдос Сметов дзюдо секциясына алғаш рет бес жасында барған. Бокс, кикбоксинг, еркін күрес, самбоға да қатысқан, бірақ таңдауы дзюдоға түсіпті. Алғашқы бапкері — Ахмет Жұмағұлов.

Сметов 2010 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанды. Алайда осы жеңістен кейін дзюдошының жолы болмады.

"Бәрі жеткілікті сияқты, бірақ бірінші, екінші белдесулерде ұтылып қала бердім. Жастар арасында әлем чемпионы болып, осымен тоқтаған шығармын деп ойладым. Мүлде күрескім келмей кетті, жаттығудан да шаршап кеттім", - деп еске алды спортшы өмірінің қиын кезеңін.

Осы сәтте оған анасы мен әкесі қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін айтып, демеу болған.

Дзюдошы 2012 жылдан бастап ересектер құрамасында өнер көрсетеді. 2013 жылы Бангкокта өткен Азия чемпионатында қола, Самсундағы Гран При кезеңінде күміс, ал Варшавада дзюдодан ашық Еуропа кубогында алтын иеленді. 2015 жылы елордада дзюдодан әлем чемпионы атанды.

2016 жылы Рио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына "күміс" салды. Олимпиада медалі үшін "Парасат" мемлекеттік орденімен марапатталды.

2018 жылы Екатеринбургте "Grand Slam" турнирінде жеңіске жетті. 2019 жылы сәуірде Түркияда "Гран-при" турнирінде топ жарды.

Тағы оқыңыз: "Өкініш байқалды": Токиода жүрген қазақстандықтар сұхбат берді

"Елдос шет мемлекеттерге шыққанда қазысын, етін, сорпасын, бауырсағын міндетті түрде салып жібереміз. Басқа елдерге жарысқа кетерде тіпті, қазысын қатырып, сорпасын бөтелкеге құйып, оны да мұзбен қатырып, сыртын суық жібермейтін қағазбен орап алып кететін. Қазының дәмін татқан жапондар, африкалықтар "бұл қандай шұжық" деп сұрап жейді екен",- дейді Елдостың анасы бір сұхбатында.

Сметов 2011 жылдан бері "Динамо" дене шынықтыру және спорт қоғамында істейді. Лейтенант шені бар. Дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері.

Отандасымыз 2017 жылы шаңырақ көтерген. Жұбайының есімі – Балауса Әділжан. Бүгінде бақытты отбасы екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Балауса болашақ күйеуіне тұрмысқа шықпас бұрын, оның анасымен Меккеде қажылық кезінде танысқан екен.

Айта кетері, Сметов те бес уақыт намаз оқиды, 2015 жылы анасымен бірге Меккеге барған.

Игорь Сон

Қазақстан халқын Олимпиадада екінші "қоламен" қуантқан ауыр атлет.

Игорь Сон 1998 жылы 16 қарашада Алматы облысы Үштөбеде туған. Ұлты – корей.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @igorsoniwf

Ауыр атлетикаға бала кезден жақын болыпты. Алғаш рет 2013 жылы жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында бақ сынады. Алайда 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 13-ші орынға тұрақтады. Араға екі жыл салып, Азия жастар чемпионатында жеңімпаз атанды.

2019 жылы ересектер арасында Паттайяда өткен әлем біріншілігінде 55 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алды.

2020 жылы Ташкентте ауыр атлетикадан халықаралық бірлік чемпионатында 61 келіге дейінгі салмақта алтыннан алқа тақты. Қазақстанның халықаралық санаттағы спорт шебері.

Тағы оқыңыз: Олимпиада жүлдегері Игорь Сон мемлекет беретін қаржыны інісінің еміне жұмсайтынын айтты

Жас спортшы үйленген. Жары Алина Ашхабекова үйлену тойынан кейін күйеуінің тегіне өтті. Ауыр атлеттің жұбайы да спортпен айналысады — "Тараз" волейбол клубының мүшесі.

Игорь Сонның сал ауруына шалдыққан інісі бар. Қазір ата-анасымен бірге Кореяда емделіп жатыр. Спортшы Токио Олимпиадасының сыйақысын бауырының еміне жұмсайтынын айтты.

Зульфия Чиншанло

Зульфия Чиншанло – қазақстандық ауыр атлет, үш дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Бірнеше әлемдік рекорд орнатқан.

Ол 1993 жылы 25 шілдеде Қытайда туды. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасы алдында Қазақстан азаматтығын алды.

2010 және 2014 жылдары Азия ойындарының күміс жүлдегері, бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы атанды. 2012 жылдың үздік әлем ауыр атлеті. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Алматы облысының құрметті азаматы. "Құрмет" орденімен, екінші дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталған.

© AP Photo / Luca BrunoТокио Олимпиадасында сынға түскен сәтінен
Ислам дінін қабылдап, аты-жөнін өзгертті: Олимпиада жүлдегерлері туралы қызықты деректер - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2021
Токио Олимпиадасында сынға түскен сәтінен

Токио Ойындары — Чиншанлоның спорттық мансабындағы екінші Олимпиада. 2012 жылы спортшы Лондон Олимпиадасына қатысып, "алтын" медаль иеленген еді. Алайда 2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті Чиншанлоның допинг қолданғанын анықтады. Осыдан кейін отандасымыз алтын медалін қайтарып беруге мәжбүр болды. Олимпиада чемпионы мәртебесінен де айырылды. Зульфия екі жыл үзілістен кейін спортқа қайта оралды.

"2016 жыл маған оңайға соқпады. Көңіл-күйім түсіп кетті. Бәрін тастағым келді. Мен ол кезде небәрі 23 жаста едім. Кейін ойланып, "шыда, шыдай түс" деп өзімді жұбаттым. Токио Олимпиадасында үшінші орын алғаныма қуанамын. Өйткені мен қартайдым", - деп күлді Чиншанло журналистерге берген сұхбатында.

2013 жылы жазда Зульфия тұрмысқа шықты.

Қамшыбек Қоңқабаев

Токио Олимпиадасында "қола" иеленіп, Қазақстан құрамасына төртінші медаль әкелген боксшы.

Қоңқабаев 1991 жылы 18 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келді. Отбасында төрт ағайынды – екі ағасы және бір қарындасы бар. Әкесі полиция майоры болып, зейнетке шыққан. Анасы – үй шаруасында.

© REUTERS / UESLEI MARCELINOҚамшыбек Қоңқабаевтың Токио Олимпиадасында өткізген жекпе-жектерінің бірі
Ислам дінін қабылдап, аты-жөнін өзгертті: Олимпиада жүлдегерлері туралы қызықты деректер - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2021
Қамшыбек Қоңқабаевтың Токио Олимпиадасында өткізген жекпе-жектерінің бірі

Қамшыбек 2010-2011 жылдары Алматыда қорғаныс министрлігі әскерінің орталық спорттық клубында әскери борышын өтеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде "Құқықтану" мен "Дене шынықтыру және спорт" мамандықтары бойынша білім алды.

Тағы оқыңыз: Қамшыбек Қоңқабаев: жарыс кезінде бәрі басқаша болады

Спортқа қызығушылығы бала кезде оянған. Қамшыбекті боксқа ағасы Асқар Қоңқабаев жетелеп алып барған екен. Бокспен 9-шы сыныптан бастап айналысты. Содан бері тынбай еңбектеніп келеді.

Бүгінде отандасымыз Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, көптеген республикалық турнирдің жеңімпазы, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Азия чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері, Дүниежүзілік әскери ойындарының күміс жүлдегері, әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионы.

Ауыр салмақта (91 келіден жоғары) өнер көрсетеді, Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны.

Сәкен Бибосынов

Сәкен Бибосынов Қазақстанға бокстан екінші қола жүлде сыйлады.

Спортшы 1997 жылы Өзбекстанда туған. 13 жасында Қызылорда қаласындағы мектеп-интернатта оқу үшін Қазақстанға көшіп келді. Кейін Түркістан облысына қоныс аударды. Бұл жерде болашақ Олимпиада жүлдегерін жарыстарға бапкер Қадырбек Қуатбеков дайындады. Өңірде бәсеке төмен болғандықтан, тәлімгер Бибосыновты Шымкентке апарып жаттықтырды.

© REUTERS / AMR ABDALLAH DALSHБибосынов Олимпиаданың жартылай финалында қарсыласынан жеңіліп қалды
Ислам дінін қабылдап, аты-жөнін өзгертті: Олимпиада жүлдегерлері туралы қызықты деректер - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2021
Бибосынов Олимпиаданың жартылай финалында қарсыласынан жеңіліп қалды

Қуатбековтің айтуынша, спортшы сол кезде-ақ еңбекқорлығымен және шыдамдылығымен ерекшеленген.

Сәкен Бибосынов аса жеңіл салмақта сынға түседі. Әуесқой бокста 2015 жылдан бері өнер көрсетеді.

Екатеринбургте 2019 жылы өткен әлем чемпионатында Сәкен жартылай финалға дейін барды. Алайда үнді боксшысынан жеңіліп, әлем біріншілігінің қола медалін қанағат тұтты.

Бибосынов – Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының спортшысы.

Ол Инстаграм желісін белсенді қолданады, бірақ жеке өмірін жария ете бермейді.

Нұрислам Санаев

Нұрислам Санаев та Токио олимпиадасында еркін күрестен 57 келі салмақта қола медаль иеленді.

30 жастағы палуан Ресейдің Тыва республикасында туған. Азан шақырып қойған есімі –  Артас Санаа.

Алғашқыда Ресей құрамасында өнер көрсетті. Бірнеше беделді халықаралық турнирлерде бақ сынап, күміс медаль иеленді.

2014 жылы Дінмұхаммед Қонаев жүлдесіне өткен халықаралық турнирдің нәтижесі бойынша Қазақстан мен Ресей федерациялары арасында Артас Санааның Қазақстан құрамасында өнер көрсетуі туралы келісім бекітіледі. Осылайша ресейлік палуан Қазақстан құрамасына өтеді.

Тағы оқыңыз: Санаев қарсыласын тістеп алды – бірлескен федерация шешім шығарды

2015 жылы ол Қазақстан президенті Кубогының қола жүлдегері атанды, сондай-ақ әлем біріншілігінде бесінші орынға табан тіреп, 2016 жылғы Олимпиада ойындарына жалғыз лицензияны жеңіп алды.  

Ал Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қарсаңында ислам дінін қабылдап, аты мен тегін қазақшалады.

"Мен әлемнің үздік сайыстарында Қазақстан намысын қорғаймын. Бірақ атым да, тегім де қазақша емес. Сондықтан мен осы елде тұрғандықтан, бәрі соған сай болуы керек деген шешім қабылдадым. Басқа мемлекеттер маған Қазақстан атынан сынға түсетін легионер сияқты қарағанын қаламаймын. Керісінше барлығы мені қазақ деп санағанын қалаймын", - деген еді Санаев.

Алайда Рио Олимпиадасында Санаевтың бағы жанбады, отандасымыз 12-ші орынды қанағат тұтты.

Бұдан бөлек, ол 2017 жылы Азия чемпионатының қола медалін, 2018 жылы әлем біріншілігінің күміс жүлдесін қанжығасына байлады. 2018 жылы Азия чемпионы атанды. Спортшы Ақтөбе облысы атынан сынға түседі.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Nurislam Sanayev(Artas Sanaa) (@artas061)

Санаев үйленген, екі ұлы бар. Болашақ жарын палуан тарихи отанында кездестірген. Тыва халқының әдет-ғұрпы бойынша басында баспанасы жоқ ер адам үйлену тойын жасай алмайды. Сол себепті жас жұбайларда ұлан-асыр той болмаған, екі жас тек неке қидырған.

Дархан Асаділов

Дархан Асаділов – каратэден Қазақстаннан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері. Ол ел қоржынына жетінші қола медальді салды.

33 жастағы каратеші ерлер арасында 67 келіге дейінгі салмақта сынға түсті.

Дархан Асаділов Сарыағашта туған. Шымкентте жаттығады. Каратэмен алты жасынан бастап шұғылданады.

© AP Photo / Vincent ThianДархан Асаділов
Ислам дінін қабылдап, аты-жөнін өзгертті: Олимпиада жүлдегерлері туралы қызықты деректер - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2021
Дархан Асаділов

Бұған қоса, ол әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азиаданың чемпионы атанды. Азия ойындарында қазақ спортшысы үш күміс және үш қола медаль иеленді. 2018 мен 2021 жылдар аралығында WKF ұйымдастырған Karate 1 Premier League турнирлерінде алты алтын, екі күміс және үш қола жүлдені қанжығасына байлады.

Қазір Асаділов 60 келіге дейінгі салмақта Бүкіләлемдік карате федерациясының рейтингінде топ жарып тұр.

Софья Берульцева

Токио Олимпиадасында Қазақстанға соңғы, сегізінші қоланы сыйлаған каратеші. Софья – Жапонияда ел намысын қорғаған ең жас спортшылардың бірі.

Каратеші қыз 2000 жылы 6 қарашада Шымкентте туған. Асаділов сияқты каратэмен алты жастан бастап айналысады.

2016 жылы Джакартада және 2017 жылы елордада өткен жастар чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 2017 жылы Испанияда +59 келі салмақта жастар әлем біріншілігінің жеңімпазы атанды.

Ислам дінін қабылдап, аты-жөнін өзгертті: Олимпиада жүлдегерлері туралы қызықты деректер - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.08.2021
Софья Берульцева

2019 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында +68 келі салмақта күміс медаль иеленді. 2021 жылы Стамбулда өткен Каратэ 1 Премьер-лига чемпионатында алтыннан алқа тақты.

Берульцева Токиодағы жазғы Олимпиадаға өз бетінше жолдама ала алған жоқ. Бүкіләлемдік каратэ федерациясы (WKF) оған Олимпиада ойындарына құрлықтық лицензия берді.

Қазіргі таңда Берульцева WKF рейтингінде үшінші орын (+68 келі салмақта) алады.

Отандасымыз Олимпиаданың қола жүлдесін каратэден Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкері марқұм Жасталап Санауовқа арнады.

Жаңалықтар
0