Фильм түсіріп жатыр, иллюстративті фото

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 12 қыркүйек

156
Бұл – Григориан күнтізбесінде 255-ші күн. Жылдың соңына дейін 110 күн бар

12 қыркүйекте не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik дерекқорынан оқыңыз.

12 қыркүйекте әлемде қандай қызықты оқиға болды: 

Әлем елдерінде ерекше мейрамдар көп. Мысалы, бүгін, 12 қыркүйек – Халықаралық баланы құндақтау (sling) күні.  Sling – арнайы шарфтың көмегімен баланы алып жүру тәсілі, бала анасының қасында жүреді, бірақ анасының екі қолы бос болады. Арба алуға мүмкіндік болмаған жағдайда белсенді ата-аналар үшін өте ыңғайлы. "Babywaring" халықаралық ұйымы 2008 жылы алғаш рет мерекені өткізу бастамасын көтерді. Бұл күні шеберлік дәрістері өткізіліп, бала күтіміндегі жаңалықтар айтылады. 

Жыл сайын 12 қыркүйекте Біріккен Ұлттар Ұйымының Юг-Юг ынтымақтастығы күні – БҰҰ-ның халықаралық күндерінің бірі аталып өтеді. 1978 жылы осы күні Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында 138 елден келген делегациялар Дамушы елдер арасындағы техникалық ынтымақтастықты дамыту және жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын қабылдады. "Юг-Юг ынтымақтастығы" термині Африка, Латын Америкасы және Азия елдері арасында білім, технологиялар және ресурстар алмасу дегенді білдіреді. 

Қазақстанда Қазақ киносының күні аталып өтеді. "Амангелді" алғашқы қазақ фильмі саналады. Ұлы батыр Амангелді Иманов туралы фильм "Ленфильм" студиясында түсірілді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақ киносы одан әрі дамыды. "Ленфильм" және "Мосфильм" киностудиясы Алматыда жұмыс істей бастады. 1941 жылы картина түсірумен көркем және деректі фильмдер студиясы айналысты. Кейінірек ол "Қазақфильм" деп өзгертілді. Қазақстандық кинематографистер одағының басшысы Бауыржан Нөгербеков 2005 жылы 12 қыркүйекті "Қазақ киносы күні" деп атауды ұсынды. 

12 қыркүйекте әлемде болған тарихи оқиғалар:

1485 жылы Тверь княздігі Мәскеу мемлекетінің құрамына кірді;

1858 жылы Жаңа Шотландияда (Канада) алтын табылды;

1959 жылы "Луна-2" кеңестік автоматтық планетааралық станциясы іске қосылды;

1699 жылы алғаш рет орыс әскери кемесі Қара теңіз арқылы Константинополге барды. 

12 қыркүйекте Қазақстанда болған тарихи оқиғалар: 

1931 жылы Павлодар облысының ең көне басылымдарының бірі – "Трибуна" газеті шығарылды; 

1941 жылы Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесінің шешімімен Алматы киностудиясы (көркем фильмдер) ұйымдастырылды. Кейінірек, 1960 жылы оның атауы "Қазақфильм" киностудиясы болып өзгертілді;

1998 жылы Алматыда көрнекті ақын, ғалым және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың ескерткіш бюсті ашылды; 

2009 жылы Алматыда "Асыл Алма" атты сыйлықтың таныстырылымы болды.

12 қыркүйекте дүниеге келген танымал тұлғалар:  

— 1921 жылы поляк жазушысы, сатирик, философ және фантаст, "Жұлдыздардан оралу", "Жердегі бейбітшілік" шығармаларының авторы Станислав Лем дүниеге келді;

— 1933 жылы кеңестік театр және кино актрисасы Татьяна Доронина дүниеге келді. ("Әпке", "Өгей шеше"фильмдері);

— 1949 жылы кеңестік мәнерлеп сырғанаушы, үш дүркін олимпиада чемпионы және он дүркін әлем чемпионы Ирина Роднина дүниеге келді.  

12 қыркүйекте Қазақстанда кім дүниеге келді:

— 1909 жылы Қазақстандағы бірінші сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Төлеу Бәсенов дүниеге келді;

— 1948 жылы Қазақстан инновациялық университетінің вице-президенті Ләйла Маусымбаева дүниеге келді;

— 1948 жылы биші, Қазақстанның халық әртісі  Гүлжан Талпақова дүниеге келді;

— 1955 жылы қазақ жазушысы, журналист Бейсебай Кірісбаев дүниеге келді;

— 1956 жылы Қазақстан Республикасы парламенті сенаты төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров дүниеге келді. 

Ай күнтізбесі 

Ай Таразы белгісінде орналасады. Жаңа байланыстар орнатуға қолайлы күн, кез келген мәміле бүгін табысты әрі оңай жасалады. Отбасыңыз бен достарыңызға уақыт бөліңіз.

156
Кілт сөздер:
12 қыркүйек, атаулы күндер, тарихи оқиғалар, мереке, Қазақстан
Тақырып:
Бүгін қандай мереке: әр күнге арналған күнтізбе (361)
Тақырып бойынша
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 10 қыркүйек
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 9 қыркүйек
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 8 қыркүйек
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 7 қыркүйек
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 6 қыркүйек
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 5 қыркүйек
Жамбыл Жабаев

"ХХ ғасыр Гомері" деген бағаға ие болған Жамбыл Жабаев жайлы қызықты деректер

129
Жыр алыбы, ақын, суырыпсалма ақын, қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл Жабаев туралы деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Ұлы жүздің шапырашты тайпасының екей руынан шыққан. Арғы аталары дәулетті болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа шаруа кісі болған. Кей тарихи деректе жыр алыбының әкесі туралы шоқпыт шапанды кедей болған деген сипаттама кездеседі.

"Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей - көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан", - дейді Жамбыл ақын.

"Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкен кезде бесінмен ала жүрді", дейді ақынның өзі балалық шағы жайлы. Соған қарағанда ақын бала күнінде қоңырқай тірлік кешкен.

Жамбылдың туған нағашысы Жетісу өңіріне танымал әнші болған.

"Жетісудың даңқы асқан биі Бөлтірік Алатаудың баурайындағы ағайынды аралап келген екен. Сонда үлкен сөз өнері ортаға түсіп жатқанда даладан бір бала жүгіріп келген екен. Бірден барып Бөлтіріктің қолын алыпты. Сонда Бөлтірік баланың қолын ұстап тұрып, "атың кім, балам?" депті. "Атым - Жамбыл" деп жауап берген екен. "Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар. Шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі болар екенсің" деген екен", - дейді қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде көпшіліктің аузынан түспей жүрген Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

Жамбыл "Шағым", "Жылқышы", "Шәбденге", "Сәт сайланарда", "Өстепкеде", "Патша әмірі тарылды", "Зілді бұйрық" сияқты өлеңінде елдің әлеуметтік саяси өмірін көрсеткен.

Жамбыл Жабаев шығармашылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл сол жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды.

"1936 жылдан бастап Жамбылдың аты орыс тілі арқасында шетелге де тарала бастады. Кеңес үкіметі сол кезде 75 жылдық шығармашылық тойын тойламақ болады. Соның қарсаңында үй салып береді", - дейді Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық мұражай директоры Мәулен Қожашев.

Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Ақынның "Өтеген батыр", "Сұраншы батыр", "Көрұғлы", "Бақ, дәулет, ақыл" деген дастандары бар.

ХХ ғасыр Гомері

Бірде Жамбылдың ел арасында оның ақындық қабілетіне күмән келтіргісі келетіндер де табылған. Сонда орталық комитет жазушы Леонид Соболевті жағдайдың анық-қанығын білуге Ұзынағашқа жіберген. Жамбылдың жыршылығына таңқалған жазушы үш күн қасында болып, "жиырмасыншы ғасырдың Гомері" деп баға берген.

Жамбыл саналы ғұмырында Құлманбет, Досмағамбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Шашубай ақындармен айтысқан. Соның ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі. Жас күнінде Жамбыл ақын Сара, Айкүміс, Сайқал, Кәмшат қыздармен айтысқан.

Жыр алыбы Жамбыл күйші Дина Нұрпейісовамен де жақын таныс болған. 1936 жылы танысып, таныстық соңы жақсы сыйластыққа ұласқан деген дерек бар.

Ақынның отты жырлары

Ақынның соғыс жылдары отан қорғау тақырыбына арнап жазған өлеңдері үш мың жолды құрайды. Әсіресе, "Ленинградтық өренім", "Москваға", "Майданға хат" сынды өлеңдері бар. Жамбыл ақын өмір мен өлім апралысына түскен Кеңес жауынгерлеріне отты жырлары арқылы жігер беруге тырысты.

Жамбылдың ұлы Алғадай жат елде оққа ұшқан болатын. Ұлының қазасынан кейін "Жамбылдың Алғадайды жоқтауы" деген өлеңі шықты. Кей дерекке сәйкес, Алғадайдан ұрпақ тарап, бүгінде бүтін бір отбасы болып отыр.

Жамбыл өзінің алдындағы аға буын өкілі Сүйінбай ақынды өзіне пір тұтқан. Ал Кенен Әзірбаев Жамбыл Жабаевты тәлімгері деп таныған.

Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.

1946 жылы ақпанда Қазақстан халқы жыр алыбының жүз жылдық мерейтойын тойлады. Сол жылы ақынның таңдамалы шығармаларының академиялық жинағы қазақ және орыс тілінде басылды.

129
Кілт сөздер:
қызықты деректер, Жамбыл Жабаев
Тақырып бойынша
"Өз жаназасын өзі шығарды": Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы деректер
"Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі
Қазақтың "қазақ" деп атанып жүргені Сәкен Сейфуллиннің арқасы - танымал ақын
Абайдың үш әйелі: ақын сүйіктілеріне не сыйлаған - фото
Абайдың 175 жылдығы: ұлы ақын жайлы фильмдерді қайдан тамашалауға болады
Перо, ручка, бумага, письмо, иллюстративное фото

"Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі

195
(Жаңартылды 11:56 30.11.2020)
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Балалық шағы

Бүкіл ғұмырын қазақ балаларын оқытуға, мектеп ашуға сарп еткен Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда азіргі Қостанай облысы Қостанай ауданында дүнеге келген. Азан шақырып қойған аты – Ибрагим.

Бала Ыбырай үш жасқа толғанда әкесі Алтынсарыдан айырылады. Осыдан кейін туған атасы, сол кездегі белгілі би, рубасы Балқожа Жаңбыршыұлының қолында тәрбиеленеді.

Немересінің білім алғанын қалаған атасы тамыр-танысының көмегімен Ыбырайды Орынбордағы Шекара коммиссиясы жанынан ашылған мектепке жаздырады. 1850 жылы 22 тамызда Ыбырай сол мектепке алғашқы 30 баланың бірі болып қабылданады.

Балғожа би немересін кішкентайынан адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешендікке баулыған. Өзімен бірге жиын-тойларға ертіп,  билік айтқызып, қанатын қатайтқан. Ыбырай жасынан зерек болып, алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленіп өседі.

Еңбек жолы

1857 жылы жазда Ыбырай Орынбордағы мектепті үздік тәмамдап шығады. Осыдан кейін екі жылдай атасы Балқожа бидің хатшысы болып жұмыс істейді. Кейін Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаш болып қызметке алынады.

1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде алғашқы мектебін ашты.

1866-1868 жылдары Торғай уезінде уақытша судья болып қызмет етті.

1868 жылы Торғайдағы қазақ мектебі бір класстық орыс-қазақ училищесі болып қайта құрылды. Сол жылы Ырғыз қаласында екі класстық орыс-қазақ училищесі ашылады.

1869 жылы ол уезд бастығының аға жәрдемшісі болып тағайындалды. 1871 жылдар аралығында Торғай уезінің судьясы болып жұмыс істеді.

1874 жылы орыс географиялық қоғамына мүше болып сайланды. 1875-1876 жылдары Орынбор, Қазан, Петербург қалаларына сапар шегіп, ол жақтан оқушыларға қажет әдістемелік және тағы басқа кітаптар әкеліп, ағартушылық ісіне қызу кіріседі.

1879 жылы 1 қыркүйекте Торғай облысындағы мектептердің инспекторы болып тағайындалды.

Алтынсарин ашқан мектептер

Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларын білім нәрімен сусындатуға асықты. Осы арманын жүзеге асыру үшін облыстық басқармаға мектеп ашу туралы өтініштер жіберді. Ақыры 1860 жылы облыстық басқарма Алтынсаринге Торғайдан қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырды, әрі өзін сол мектепке орыс тілінің  мұғалімі етіп тағайындады.

Бірақ, жергілікті үкімет Алтынсаринге қол ұшын соза қоймады, сөйтіп мектеп ашу ісі ұзаққа созылды. Ыбырайдың армандаған мектебі араға төрт жыл салып, 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде салтанатты түрде ашылды. Бұл ұлт ұстазы негізін қалаған алғашқы білім ордасы еді. Мектепті Алтынсарин төрт жыл бойы жинаған ақшасына ашты.

"Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды  және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды", - деп жазған еді Ыбырай Алтынсарин.

1879 жылы Алтынсарин Торғай облысы бойынша орыс-қазақ учищелерінің  инспекторы болып тағайындалды. Бұл оның қолын ұзартты. Торғай, Жітіқара, Обаған, Қарабалық, Әуликөл болыстарында және Қостанай қаласында тағы он бес мектеп салынды.

1882 жылы Ыбырай Алтынсарин барлық мектепке ән-күй сабақтарын енгізді. Жергілікті, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, кітапхана ашты.

Қазақ балаларын тек біліммен сусындатпай, еңбекке баулуды көздеген ол 1883 жылы 15 қарашада Торғай қолөнер мектебін ашты.

Алтынсарин қазақ қыздарын оқытуға да көп күш салды. 1887 жылы 15 қарашада Ырғыз қыздар училищесінің негізін қалайды. 1888 жылы қыздарға арналған 12 орындық мектеп интернат ашады.

"Қазақ хрестоматиясы" немесе ағартушылық еңбегі

Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан кезде, балаларға арналған оқулықтар  мүлде жоқ болатын. Дәл осы жылдарда өнегелі ұстаз қысқа-қысқа әңгімелер мен өлеңдер шығар бастайды, оқу құралдарын жазуға кіріседі.

1879 жылы ақынның қазақ мектептеріне арналып жазылған алғашқы ұлттық оқулық –  "Қазақ хрестоматиясы" жарық көрді.

Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңінде ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екенін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді.

Ал "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету.

Бұдан бөлек, Алтынсариннің шығармашылығында табиғат көріністерін суреттейтін өлең жолдары да кездеседі. Ақын оқырмандардың көңілін табиғатқа аудару арқылы жас шәкірттерінің бойында Отанға сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін қалыптастыруды мақсат етті.

Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. Оған "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш", "Атымтай жомарт", "Әке мен бала" және тағы басқа әңгімелері дәлел.

"Қандай әділдік күтуге болады"

1883 жылы Ыбырай Алтынсариннің Кеңес үкіметі тұсында көп айтыла қоймаған тағы бір кітабы басылып шықты. Ол – "Мұсылмандық тұтқасы".

Бұл кітапта ағартушы дүмше молдаларды аяусыз сынайды. Мұндай сын молдалардың тарапынан жауапсыз қалмайды, әрине. Ақыры отаршылыққа, шоқындыруға қарсы күрескен, қазақ тілін білім мен ғылым тіліне айналдырған Алтынсарин туралы "орысшыл, отаршыл, шоқынған" деген қауесет әңгімелер таратылады. Ақынның болыстыққа таласқан туыстары оның үстінен арыз жазады. Билік мектептеріне шүйліге бастайды.

"Қазір жан дүнием құлазып, өте көңілсіз жүрмін. Көмек күткен үкімет орындары қолдаудың орнына заңды да, заңсыз жолдармен мені қудалауға салып отыр. Бұдан кейін қандай әділдік күтуге болады.Осының бәрі ашық сот арқылы анықталса екен деген тілек көкейімнен кетпейді", - делінген Алтынсариннің Катаринскийге жазған хатында.

Ыбырай Алтынсариннің отбасы

Ыбырай 1864 жылы Сырдария облысы (қазіргі Қызылорда облысы ) Перовский уезіне қарасты Жаппас руындағы Шолақ деген кісінің Айғаныс атты қызына үйленеді. Ерлі-зайыпты көпке дейін бала сүйе алмайды, сөйтіп олар туысқандары Оспанның Хамитбек деген баласын бауырына басады. Алайда ол алты жасында қайтыс болады.

Ыбырайдың тұңғыш баласы Абдолла 1880 жылы дүниеге келеді. 1887 жылы Әбдірахман деген екінші ұлы, 1888 жылы Шарипа атты қызы туды. Балалары Әбдірахман мен Шарипа кішкентай кезінде ауырып қайтыс болды.

1920-1930 жылдардағы дүрбелеңнен Ыбырайдың ұрпақтары да байдың тұқымы ретінде қуғындалған. 1928 жылы Алтынсариннен қалған жалғыз тұяқ Абдолла да Қазақстаннан тыс жерге қоныс аударады.
Нағима Абдоллақызы — Ыбырай Алтынсариннің жалғыз немересі. Нағима атасын көрмесе де, 1924 жылы қайтыс болған әжесі Айғаныстың көзін көріп өскен.

Нағима Ыбыраева 1916 жылы Қостанай облысы Талапкер ауылында дүниеге келді. Бала кезінде атасы Ыбырай ашқан Қостанайдағы мектепте үш жыл оқиды. 11 жасында анадан айырылады. Нағима Ыбыраева екі баланы дүниеге әкелген, өмірінің соңғы жылдарын Тараз қаласында өткізді. 1998 жылы 30 наурызда 82 жасында қайтыс болды.

Ыбырай Алтынсарин 1889  жылы 17 шілдеде Қостанай қаласынан үш шақырым жердегі көл жағасында салдырған ағаш үйінде ауырып өмірден өтті. Өлерінің алдында өзіне тиесілі жерлерді Қостанай қаласындағы ауыл шаруашылық училещесінің меншігіне беруді тапсырды. Ұлт ұстазының жасы бұл кезде небәрі 48-де еді.

195
Кілт сөздер:
Ыбырай Алтынсарин, ұстаз
Тақырып бойынша
Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлымен сұхбат: "Назарбаевтың айтқаны болмады"
Қабдеш Жұмаділов 83 жаста: шекараны бұзып, Қытайдан 200 мың қазақты бастап келген жазушы
"Кінәсін мойындаған" Әуезов: жазушы туралы қызықты деректер
Жазушы Ғабит Мүсірепов туралы қызықты деректер
Мүсіреповпен құда болған: әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов туралы қызықты деректер
Дональд Трамп

АҚШ Иранға қарсы соғыс жариялай ма?

0
Дональд Трамп дауыс берушілер алқасы Джо Байденнің жеңісін мойындаса, АҚШ билігінен бас тартуға келісті. Алайда, БАҚ болжамы бойынша, ол "тақтан" кетпес бұрын Иранға соғыс ашуға дайын көрінеді

Иранмен соғысуға "ядролық келісім" іске аспағаннан кейін қайта жаңғыртылған атомдық бағдарлама себепші болмақ. Америкалықтар Тегеранға қысым көрсетуге Тель-Авивті де тартуы мүмкін, деп жазады РИА Новости.

"Дональд Трамп Иранға соққы жасау туралы бұйрық беруі мүмкін. Сондықтан, Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) сақ жүруі тиіс. Израиль билігі Джо Байденнің инаугурациясына дейінгі кезеңнің қиындығын түсінуі керек. Кетіп бара жатқан америкалық көшбасшы Натанздағы уран байыту зауытының көзін жою туралы бірнеше рет мәселе көтерген болатын", - деп жазды Axios онлайн-басылымы.

Ақпарат агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп жазғанына сәйкес, МАГАТЭ ирандық ядролық бағдарламаның дамуы туралы кезекті есепті жария еткеннен кейін Трампқа Тегеранға соққы жасау туралы ой келген. Құжатта Ислам Республикасы Бірлескен жалпыға ортақ жоспар талаптарын орындаудан бас тартқаннан кейін елде жоғары байытылған уран қоры артқаны жазылған. Америкалық шенеуніктердің сөзіне сүйенген The New York Times басылымы президентті бұл жағдай қатты ашуландырғанымен, Майн Пенс пен Майк Помпео оны сабырға келуге шақырғанын жазды. Олар Иранға соққы жасау қажетсіз зорлық-зомбылыққа себепші болатынын айтқан.

Америка жоспары туралы расталған мәлімет жоқ. Бірақ, Израильдегілер ықтимал қарсылыққа дайындалу туралы нұсқау келгенін айтты.

Саясаткерлер ықтимал соғыс туралы ақпараттың рас-өтірігін анықтап жатқан шақта Иранда физик Мохсен Фахризаде өлтірілді. Батыстағы арнайы қызмет әсерилері оны "Иран бомбасының атасы" деп атайтын. Дәл осы азамат Иранның ядролық бағдарламасын басқарып отыр деген қауесет бар еді. Тегеран тез арада бұл кісі өліміне Израильді кінәлап, кек алуға уәде етті. Биньямин Нетаньяху ирандықтардың мәлімдемесіне құлақ асқан жоқ.

Иранға соққы жасау туралы алып-қашпа әңгімеге көңіл аудармауға болар еді. Бірақ, күні кеше АҚШ Таяу Шығысқа B-52H Stratofortress стратегиялық бомбалаушыларын жеткізгені елең еткізді. Америка қарулы күштерінің орталық қолбасшылығы (CENTCOM) әскери ұшақтар агрессияны бақылауда ұстау және одақтастарға қолдау көрсету мақсатында өңірге жеткізілгенін айтты.

Вашингтон қанша бомбалаушы ұшақ жөнелтілгені және олардың қай мемлекетке орналастырылғаны туралы ешқандай ақпарат ұсынған жоқ. Жойғыш ұшақтар қазір Диего-Гарсияда екені туралы мәлімет пайда болды.

Иранның Таяу Шығыстағы беделінің өсуі басқасынан бұрын Израильді қатты алаңдатады. АҚШ пен Иранның қыстағы шиеленісуінен кейін Тель-Авив дабыл қақты. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Тегеран тек америкалықтардан ғана емес, еврей мемлекетінен де кек қайтармақшы деп болжады.

Парсы шығанағындағы монархиялар да Иранның Таяу Шығыстағы ықпалына кедергі келтіруге тырысуда. Ирактағы Саддам Хусейн режимі құлағаннан кейін Ислам Республикасы аймақтағы көшбасшы рөлін өз қолына алуға тырысты. Арабтар мазасыздана бастады. Аятоллалардың шиит режимі олардың сунниттік ұстанымдарына сәйкес келмейді.

Өңірдегі Иран рөлінің күшеюін қалай да азайту мақсатында арабтық монархтар 2000-шы жылдардың ортасында-ақ Израильмен ресми емес келісімдер жасасқан болатын. Олардың ашық түрде бірігуіне шешімін таппаған палестиналық мәселе кедергі келтіргенімен, тараптар Тегеранға қарсы қадамдарды біріктіру туралы келісіп алды.

Қос елдің бірлесе әрекет етуіне Иордания, Сауд Арабиясы, Бахрейн мен БАӘ мемлекеттерінің израильдік авиация үшін өз әуе кеңістіктерін ашуға дайын екендігі дәлел бола алады.

Дональд Трамптың президенттікке келуі және оның антиирандық ұстанымы арабтар мен израильдіктердің байланысын нығайта түсті. Билікке келген АҚШ-тың 45-ші президенті "ғасыр мәмілесі" арқасында таяушығыстық проблемалардың барлығының шешімін табатынын айтты. Ол палестиналық мәселені "қос халыққа арналған қос мемлекет" принципі бойынша шешуді қарастырды. Яғни, Израильмен бірге әлем картасында Палестина да пайда болады.

Алайда, бұл бастама араб әлемінде қолдау таппады. Бірақ, парсы монархиясының айтуынша, бұл "Таяу Шығыстың жаңадан құрылуына" ықпал етті. Қыркүйекте Израиль, БАӘ және Бахрейн америкалықтардың қолдауымен ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Олар бұл дипломатиялық "одақтастық" Иранға қарсы сипатта екенін еш жасырмады.

Өзін араб әлемінің көшбасшысы ретінде ұстайтын Сауд Арабиясы Израильдің жанына жуымайтын. Мемлекеттердің ресми емес қарым-қатынасы туралы барлығы білгенімен, жоғары деңгейдегі диалогқа ешкімнің батылы бармады. Эр-Рияд палестиналық проблема шешілгенге дейін Тель-Авивпен бірлескен іс-әрекет жайлы ешқандай сөз болмайтынын дәстүрлі түрде мәлімдеді. Бірақ, бұл стереотип те ұзаққа барған жоқ.

Күні кеше Нетаньяху саудтық Неом қаласында құпия түрде болып, мұрагер ханзада Мұхаммед бин Салманмен келіссөздер жүргізгені белгілі болды. Жаңалық сенсацияға айналды. Бұл кездесуде қозғалған басты мәселе ирандық ықпал болғаны туралы болжам бар.

Эр-Рияд бастапқыда бұл диалогты жоққа шығарды. Бірақ, Тель-Авивтің осыған қатысты пікір білдіруден бас тартуы кездесудің болғанын айқындай түсті. Бұл кездесудің АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыстағы турнесімен тұспа-ртұс болуы да алаңдатады. Майк Помпео кезекті рет қос мемлекетті достастырып, Ираннан төнген қауіптің орасандығын айтты.

"Израиль Иранмен тікелей соғысқа түскісі келмейді. Бірақ, жасырын конфронтация барлық жақта байқалады. Ислам Республикасы израильдік шекара периметрі бойынша Сириядағы әскери қатысуларын күшейтіп жатыр. Тағы бір көрші – Ливан – Иранның бағынышында десек те болады. Тегеранның Газ секторына ауқымды ықпалы бар, ХАМАС-ты қаржыландырады. Жалпы, Иран израильдік шекараның барлығына дерлік ықпал етіп отыр", - деп санайды кнессеттің экс-депутаты, Израильдегі Герцлийск пәнаралық институтының сарапшысы Ксения Светлова.

Ол Нетаньяхудың Сауд Арабиясына құпия сапарын АҚШ-тағы биліктің жақында ауысуымен байланыстырады.

ММХҚИ Халықаралық зерттеулер институтының аналитигі Адлан Маргоев Иран араб-израиль өзара әрекеттесітігі туралы хабардан деп санайды. Сарапшының айтуынша, Сауд Арабиясы, БАӘ және Бахрейннің Израильмен байланысын сынағанымен, Иран билігі қақтығыстың шиеленісуін қаламайтынын айтты.

Маргоевтың пікірінше, Тегеран АҚШ әкімшілігі ауысқаннан кейін антиирандық ұстаным бәсеңдейді деп үміттенеді. Ол Трамптың антиирандық шешімдерін бірден жоққа шығару Байденге оңай соқпайтынын айтады. Трамп әкімшілігі мен оны жақтаушылар Иран саясатын тек жаман тұсынан көрсетіп, үнемі қаралаумен болды. Сарапшының айтуынша, қалай болғанда да пікір қайшылықтары соғысқа алып келетіндей жағдайдың алдын алу әлі де мүмкін.

0