Сакен Майгазиев

Сәкен Майғазиев туралы не білеміз?

2453
(Жаңартылды 17:27 01.10.2018)
Белгілі эстрада жұлдызы, атақты "Музарт" тобының әншісі Сәкен Майғазиевтің өмірбаянын Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Сәкен Қордабайұлы Майғазиев 1975 жылы 1 қаңтарда Түркістан облысы, Созақ ауданында туған. Қазақ эстрадасының жұлдызы, танымал "Музарт" триосының әншісі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.

Сәкен Майғазиевтің отбасы мен балалық шағы 

Әнші – он бір ағайынды, Сәкен отбасында тоғызыншы екен. Әкесі Қордабай Майғазыұлы кассир және бухгалтер болып қызмет еткен. Күйші болған адам, сол өнерінің арқасында елге белгілі азаматтармен сырлас болған. 2005 жылы дүниеден озған. 

Анасы – Ұлтай Мырзабекқызы бүгінде немере-шөбере тәрбиелеп отырған ақ жаулықты апа.

Кішкентай Сәкеннің денесі мен бетінде қал көп болыпты. Ауыл балалары ойын кезінде онымен төбелесіп қалған кезде, "Қалдыбек" деп атайды екен. Бетіндегі қалының көптігіне ашуланатын Сәкенге әкесі "ол сенің бағың, Алла Тағала саған бақыт беріп жатыр" деп жұбатқан көрінеді. 

Галстук тағып, пионер болған, устав, жарғы жаттап комсомол қатарына кірген әншілердің бірі. Сабағын жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, спортқа бейім болыпты. 

Бала кезде әпкесінің сыныптасына қатты ғашық болған екен.

"Бала болған соң, әңгімең де еленбейді, басыңнан сипайды да, бетіңнен сүйіп кетеді. Ерте есейіп, ерте ғашық болуыма, жүректегі ұйықтап жатқан сезімдерді оятуға сол кісі себепкер болды деп айта аламын. Әпкелерімнің достарын көрген кезде ән шығарғым келіп, ән айтқым келетін", - деп еске алады әнші. 

Шығармашылығы

Әнші болу – Сәкенннің бала кезден бергі арманы. 1993 жылы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада – цирк колледжіне түседі. 1997жылы Т.Жүргенов атындағы "Өнер" академиясының "эстрада әншісі" бөлімін тәмамдайды. 

2001 жылы құрылған, қазақ эстрадасында өзіндік орны бар "Музарт" тобы әншіге танымалдылық әкелді. Сәкеннің айтуынша, топтың тағдырын алғашқы концерт шешкен. "Сенің көзің" әнін естіген залдағы көрермендер ду қол шапалақтап, ыстық лебіздерін жеткізген. 17 жыл ішінде "Музарт" тобы Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүздеген концерт беріп, алыс-жақын шет елдерге гастролдік сапармен барды.  

"Музарт" тобы орындайтын әйгілі "Үшқоңыр" әнінің сөздерін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жазғаны көпшілікке мәлім. Қазақстан президенті туып-өскен жеріне өлең жолдарын арнап, белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаевтан оған әдемі музыка шығаруды өтінген. Осылайша ән дайын болғанда, композитор оны "Музарт" тобына беріп, трионың да, әннің де бағын ашты. 

Бүгінде топ әншілері  жеке немес дуэт болып та ән шырқап жүр. 

1997 жылы Сәкен "Алтын домбыра" республикалық байқауында жеңіске жетті. 1998 жылы "Дарын" мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, "Алматы-98" фестивалінде 1-орын иеленген. Әншінің жеке наградалары арасында "Д.Қонаев – 100 жыл" жне "Қазақстан тәуелсіздігіне 25 жыл" медальдары да бар. 2013 жылы "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын алды. 

"Қазақтың жері – қазақтікі!"

Сәкен Майғазиев – ел мен жердің тағдырына бей-жай қарай алмайтын ұлтжанды әншілердің бірі. Осыдан екі жыл бұрын жер дауы ушыққанда, халықпен бірге екенін білдіріп, жерді сатуға қарсы шыққан азамат. 

"Біреу ертең отқа май құйып жіберсе, үлкен бір адам шығынына әкеп соқтыруы мүмкін. Сол үшін тез арада елдің бейбітшілігін қаласа, халық санының артқанын қаласа, кемімегенін қаласа, билік ертерек шешімін өзгертсе деген талап-тілегіміз бар", - деп жердің сатылуына да, оның жалға берілуіне де қарсы екенін ашық білдірген еді.

"Жүрегі "қазақ" деп соққан ұлтжандылармен жаныммен біргемін. Алла сақтасын, ұрпақтарымыздың өзгеге құл болғанын қаламаймын! Қазақтың жері – қазақтікі! Жоғарыдағылар да жерге қарап қалмас. Отқа май құюдан да, аяқты аспанға көтеріп жатудан да аулақпын. Алла Тағала бейбіт күніміз бен ұлан-ғайыр жерімізден айырмағай. Қайырлысын Алла білуші, бұл жағдай қазақтың бірлігіне сеп болғай", – деп жазған еді әнші кезінде.

"Қол жұмсауға мәжбүрлемеңдер"

Ақыл-парасаттылығы өз алдына, қазақы болмысымен ерекшеленетін Сәкен Майғазиев ұлт тамырына балта шабатын дүниелерге қарсылығын білдіріп, отандастарының намысын оятып, жігерін қайрауға тырысатын намысшыл әншілердің бірі десек артық айтқандық болмас.

Жуырда ғана әлеуметтік желілерде қазақ қызының Қытай азаматына тұрмысқа шыққан сәті түсірілген видео тараған еді. Желі қолданушылары шетелдікпен отау құрған қазақ қызын жерден алып, жерге салса, эстрада жұлдызы Сәкен Майғазиев сол тойда қытайлардың шашбауын көтеріп, аудармашы болған жігітті сөкті.

"Сөзім жоқ. Іштен шыққан жау жаман. Аудармашы намыссыз жеңгетайдың жағын сындырар ма еді", - деген еді ашуланған әнші. 

Телеарналардың бірінен көрсетілетін "Қалаулым" бағдарламасы да әншінің талай сынына іліккен болатын. Сәкен Майғазиев, тіпті, "тәрбиелік мәні жоқ, қазақтың табиғатына жат" бағдарламаны жабу үшін эстрада жұлдыздары арасында флешмоб та бастаған еді. Алайда әншінің ойы іске аспады.

Эстрада жұлдызы арзан атақ қуған, "хайптың" құлы болған кейбір журналистерге сес көрсетіп, ескерту жасаған еді. 

"Бауырларыма тағы да айтқым келеді. Біз сияқты намысты азаматтарды, қол жұмсауға дейін мәжбүрлемеңіздерші, өтініш. Бір күні болмаса, бір күні намысты азаматтар жарылады. Жақтарыңыз сынып, аяқтарыңыз мәйіп болып жүрмесін. Тағы ескертемін. Әрине, барлығы заңмен қорғалған. Бірақ мен бабамның әруағы үшін, Алланың разылығы үшін, мен ондай қадамға баруға дайынмын. Абай болыңдар жігіттер! Хайп деп жүріп, хайпқа құл болып кетіп жүрмеңдер",  -деген болатын әнші сұқбаттарының бірінде.

Намысшыл әншінің өнердегі ағасына жұдырық ала жүгірген кездері де болыпты. Айтуынша, тойлардың бірінде "Досмұқасан" тобына тіл тигізген "Ялла" тобының дыбыс режиссерімен жаға жыртысқан. 

"Ең құрығанда, осы жерге келгеннен кейін елін де құрметтесе екен деген тілек бар. Қазақ халқының даралығын, даналығын, кемеңгерлігі мен қонақжайлылығын айтып мақтаса екен деймін. Мейлі шешен болсын, мейлі басқа ұлт өкілі болсын, қазақтан қамқорлық көрмей қалған халық жоқ", — деп Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінен осы елге аз да болсын құрмет көрсетуді сұраған еді. 

Сәкен Майғазиевтың жеке өмірі 

Әнші жұбайы Динарамен алғаш рет Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде танысқан. Болашақ жарына бір көргеннен ғашық болыпты. 

"Ең алдымен көзіне, сосын өзіне ғашық болдым. Адам ретінде өзіндік пікірі мен ұстанымының барын, сонымен қатар, оның маған жар болғанға дейін ерке бойжеткен емес, өнегелі отбасының тәрбиесін сіңірген қыз болғанын бағаладым. "Иә" деген сөзін күткен 4 аптам төрт ғасырдай болды мен үшін. Уақыт өте келе анам Алматыға келгенде, Динараны үйге апарып, таныстырдым. Анам: "бұдан артық келіннің керегі жоқ!" деп бірден ризашылығын білдірді", - деп еске алады әнші. 

Үш жыл бойы көңіл жарастырған екі жас бір-бірін ұзақ уақыт зерттеп, соңында шаңырақ көтеруге бел буған.

Бүгінде ерлі-зайыпты – төрт баланың ата-анасы. Үлкен ұлы Әділет 1998 жылы дүниеге келген. Араға он бес жыл салып, отбасы  Райана есімді қызбен толығады. 2016 жылы Мәриям есімді қыз дүниеге келеді. Ал биыл Сәкеннің отбасында тағы бір қуаныш болды. Үшінші қызы дүние есігін ашты, әнші төртінші баласының есімін Сәфия деп қойған.

Айта кетсек, көп балалы отбасында өскен көп балалы "жұлдыз" әке кішкентайларды қатты жақсы көреді. Балажан әншінің инстаграм парақшасы бүлдіршіндермен түскен суреттерге толы. 

Әншінің өнер мектебі һәм бизнесі

Сахна төрінде талай жылдар ән шырқап, көптің жүрегіне жол тапқан Сәкен Майғазиев артынан ерген дарынды ұл-қыздармен жинаған азды-көпті тәжірибесімен бөлісіп жүр. Былтыр әнші Алматыда "SMart” өнер мектебін ашты. Өнер ордасына тек оңтүстік шаһардан ғана емес, басқа да қалалардан келіп жатқан бүлдіршіндер жетерлік. Мектепке 5 пен 17 жас аралығындағы жас талапкерлер қабылданады. 

Бұған қоса, жуырда отандық эстрада жұлдызы бизнес бастады. Сәкен Майғазиев – "Alhadaya" халал компаниясының негізін қалаушылардың бірі, "Abyroi" компаниясының (бет бейнесі) амбассадоры. Қазір отандық тауарды жарнамалап, халал өнімді қолдап жүр.

2453
Кілт сөздер:
фото, "Музарт" тобы, әнші, өмірбаян, отбасы, өнер, әртіс, Сәкен Майғазиев
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
Әсет Исекешев туралы не білеміз?
Мұғалім, премьер, елші: Иманғали Тасмағамбетов туралы не білеміз?
Тұрсынбек Қабатов туралы не білеміз?
Ернар Айдар туралы не білеміз?
Баян Мақсатқызы Алагөзова туралы не білеміз?
Қасым-Жомарт Тоқаев туралы не білеміз?
Нұржан Төлендиев (Тука) туралы не білеміз?
Бекболат Тілеухан туралы не білеміз?
Димаш Құдайбергенов туралы не білеміз?
Қайрат Нұртас туралы не білеміз?
Сайлау, дауыс беру, иллюстративті сурет

Мәжіліс сайлауы: кім дауыс бере алады

406
Мәжіліс сайлауында дауыс беруге құқылы сайлаушылар, дауыс беру уақыты мен тәртібі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Мәжiлiс депутаттарын сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Азаматтар жасырын дауыс береді және сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасауға тыйым салынады.

Сайлаушылар тізімінде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшiн – қосымша күнi мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетiледi.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді

Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне жүгінуге құқылы. Жазбаша өтiнiшті сайлаудан кемінде отыз күн бұрын беру керек.

Азамат өтiнiш жасаған соң, әкімдік оны тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығарып, сол қаладағы дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзеді.

Дауыс беру уақыты

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Алайда учаскелiк сайлау комиссиялары басқа уақытты белгiлей алады. Бұл орайда дауыс берудi сағат 06.00-ден ерте бастап, сағат 22.00-ден кеш аяқтауға болмайды.

Учаскелiк сайлау комиссиясы азаматтарды дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, БАҚ арқылы, сондай-ақ, өзге де әдiстермен хабардар етуі тиiс.

Дауыс беру тәртібі

Учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс берудің басталуына бiр сағат қалғанда дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастайды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан 30 минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар-жоғын, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады.  Комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Бюллетеньдер сайлаушылар тiзiмі негiзiнде жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң берiледi.

Сайлаушылар тiзiмге бюллетеньдердi алғаны туралы қол қояды.

Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясы төрағасы мен хатшысының бюллетень бepуге құқығы жоқ.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

406
Кілт сөздер:
сайлау, Мәжіліс
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Мәжіліс залы

Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

728
(Жаңартылды 18:32 27.09.2020)
Қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Қазақстан президенті парламент сайлауының өтетін күнін 2020 жылдың 24 қазанынан кешіктірмей белгілеуі тиіс

Парламент – Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: сенаттан және мәжілістен тұрады.

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 107 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Сайлауды кім және қалай тағайындайды

Мәжілістің соңғы сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтіп, бірінші сессия 2016 жылдың 25 наурызында ашылған еді. Тиісінше, қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Конституцияға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауы парламенттің жұмыс істеп тұрған шақырылымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Осылайша, төменгі палата депутаттарының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

"Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауын президент депутаттар өкiлеттігінің бiтуiне кемiнде бес ай  қалғанда тағайындайды.

Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Үміткерге қойылатын талаптар

Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан, жасы жиырма беске толған адам мәжіліс депутаты бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Мыналар:

  • сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • сот сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам парламенттің депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, кандидат бола алмайды.

Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркелген саяси партиялар, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттарды Ассамблея кеңесі ұсынады.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.

Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын үміткерлерді ұсыну сайлаудан 2 ай бұрын басталып, оған 40 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

ҚХА сайлайтын кандидаттарды ұсыну сайлаудан 1 ай бұрын басталып, оған 20 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Кандидатураны алып тастау

Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

728
Кілт сөздер:
сайлау, мәжіліс депутаты, Мәжіліс
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Калькулятор, архивтегі сурет

"Инфляциядан төмен болады": депутаттар республикалық бюджеттің шикі тұстарын атады

7
(Жаңартылды 13:28 21.10.2020)
Коммунистер атаулы әлеуметтік көмек алатын адамдар саны жыл сайын 120 мыңға азаяды дегенге күмәнмен қарайтынын білдіргенімен, заң жобасын қолдап дауыс берді

НҰР-СҰЛТАН, 21 қазан – Sputnik. Парламент мәжілісінің депутаттары 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджеттің шикі тұстарын атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Депутаттың айтуынша, осы жолы да бюджетте шикізаттық секторға басымдық беріліп, табыстың басым бөлігін мұнаймен толтыру жоспарланып отыр. Бұл стратегия президент қойған мақсат-міндеттерге сай келмейді.

Сондай-ақ, ол 2021 жылы ішкі жалпы өнім 2,8 процентке өседі деп көрсетілгенін еске салды.

"Бұл дегеніміз, экономика 2019 жылдың деңгейіне де шыға алмайды деген сөз. Ал 2025 жылға қарай 4,6 процентке дейінгі өсім бір ғана фактордың арқасында болады делінген. Ол – мұнай өндіруді 17 процентке арттыру және экспорт көлемін ұлғайту. Ондай стратегия президент қойған міндеттерге сай келмейді. Мемлекет басшысы шикізаттық емес экономиканы дамытуды тапсырған", – деді Қоңыров мәжілістің жалпы отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағдайда мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шаралары да мұнайдың әлемдік бағасына тәуелді болады. Себебі қаржының басым бөлігі шикізат экспортынан түседі.

"Бұған дейін әлеуметтік шығындар көбейді деп айтылды. Алайда коммунистер үш жылдық бюджетті әлеуметтік салаға бағытталған дей алмайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде әлеуметтік шығындар ішкі жалпы өнімнің 15-30 процентін құрайды. Соның ішінде зейнетақы, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер, жұмысшы халықты қолдау және тағы басқа шаралар бар. Ал Қазақстанда әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындарға сан алуан инвестициялық жобалар да кіреді. Ондай жобалардың бенефициары – бизнес құрылымдар", – деп атап көрсетті Қоңыров.

Зейнетақыны көбейтудің кемшілігі қандай?

Осы орайда депутат үш жылдық бюджетте көрсетілген маңызды бір мәселеге назар аударды. Ол жерде инфляцияны ескере отырып, ынтымақты зейнетақының көлемін көтеру туралы айтылған.

"Ынтымақты зейнетақының көлемін көтергенде инфляция деңгейінен 2 процентке артық меже ескеріледі деген. Алайда 2021 жылы зейнетақының орташа мөлшері 5,7 процентке көтеріледі. Мұның өзі инфляциядан төмен болып тұр", – дейді Қоңыров.

Бұдан бөлек, келесі жылы атаулы әлеуметтік көмекті 979 мың адам алады деген жоспар бар. Олардың қатары жыл сайын 120 мың адамға азаяды. Қоңыров ондай есеп-қисаптың экономикалық негізі жоқ деп санайды. Себебі қазіргі жағдайда соншама көп адамның мемлекеттік көмек алатындардың қатарынан жылдам шығуы мүмкін емес. Соған қарамастан, коммунистер заң жобасын қолдады және өз ұсыныстарын ескеруді сұрады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда инфляция 9-11% шамасында болжанып отыр

Айта кетейік, бүгінгі отырыста депутаттар үш жылдық бюджет туралы заң жобасы бірауыздан мақұлдады.

7
Кілт сөздер:
депутаттар, республикалық бюджет
Тақырып бойынша
2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет халыққа жұмсалмақ
Нұр-Сұлтанда бюджет 32 миллиард теңгеге оңтайландырылды
Министр Жамаубаев бюджет ақшасын игермеген мемлекеттік органдарды атады
Жыл соңына дейін инфляция 8%-ке дейін өседі 
Шымкенттің мәртебесіне байланысты республикалық бюджет қайта қаралды