Жаңа жыл

Жаңа жылға арналған әндер

32306
(Жаңартылды 17:31 23.12.2018)
Жаңа жылда көңіліңізді көтеріп, шаттыққа бөлейтін мерекелік әндер жайлы Sputnik дерекқорынан біле аласыздар

Санаулы күндерден кейін тағы бір жыл тарих қойнауына енеді. Табалдырықтан Доңыз жылы аттап, жаңа жылдың ақ парағы ашылады. Аяз ата мен жасыл шыршадан бастап Жаңа жылдың көркін келтіретін дүние көп-ақ. Соның бірі – Жаңа жылға арналған мерекелік әндер. 

Балаларға арналған жаңажылдық әндер

"Аппақ, аппақ, жапалақтап" деп басталатын ән естеріңізде болар. Балабақшаларда, мектептерде бүлдіршіндер шыршаны айнала, бірге қосылып шырқайды. Халықтың сүйікті композиторы Латиф Хамидидің жарты ғасырдан астам уақыт бұрын шығарған әні. 

Аппақ, аппақ, жапалақтап,  

Қар жауады тынбастан 

Қалың орман қар жамылған 

Маужырайды түнгі аспан

       Қайырмасы:

Кел билейік, үйренейік 

Ол келгенше жаңа жыр. 

Құтты болсын, құтты болсын, 

Құтты болсын жаңа жыл.

Жаңа жылда балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлайтын тамаша әндердің бірі – "Келді, міне, жаңа жыл". Балаларға арнап ән жазып жүретін белгілі сазгер Бота Бейсенованың туындысы.

"Келді, міне, Жаңа жыл,

Шаттық сыйлап әр үйге, 

Жаңа бақыт, жаңа нұр,

Үлкен, кіші, сәбиге", — деп басталады. 

Дәл осы сазгердің "Шырша жыры" деп аталатын әні де мектеп жасындағы балалар арасында танымал.

Қане, достар, тұрмайық, 

Қарсы алайық, жыл басын. 

Қызықтан бос қалмайық, 

Шырша жыры самғасын. 

Ал достарым келіңдер, 

Келді Аяз атамыз, 

Биге бөлеп беріңдер, 

Шырша жырын айтамыз. 

Санаулы күндерден кейін есік қағатын Доңыз жылын Сайлаубай Тойлыбаевтың сөзіне жазылған "Жаңа жыл" әнімен қарсы алуға болады. Әні: Сәкен Дәрібаев.

Көк шыршамыз ырғалып 

Жатыр дала-қыр нағып  

Жылым келді аппақ жүзі нұрланып!

Жарасатын еліме,

Төрлет жылым төріме!

Бейбіт жатқан қазағымның жеріне!

                 Қайырмасы:

Жаңа жыл! Жаңа жыл! Жаңа жыл!

Ақ көрпесін жамылды ғой дала-қыр.

Жаңа жыл! Жаңа жыл! Жаңа жыл!

Шалқытайық шаттық ән мен жаңа жыр.

Сиқырлы әрі қайталанбас мерекенің көркін Бота Бейсенованың "Жаңа жыл" әні қыздырады.

Жаңа жылым келді еліме 

Жаңа жылым келді жеріме, 

Көкейімде сайрап сан арман 

Бізді тосады бақыт алдан. 

Жаңа жылым келді еліме, 

Жаңа жылым келді жерме. 

Көңілді бөлейтін шаттыққа

Әр үйді бөлейтін бақытқа. 

Қазақ эстрада жұлдыздарының жаңажылдық әндері 

Танымал әнші Мадина Сәдуақасова орындайтын "Жаңа жыл шамдары" әні кез келген жанды шаттыққа бөлейтіні анық.

 Әні: А.Жүнісқожаев, сөзі: М.Мәліков

Ақ сезімдей ақ ұлпа жалында

Ақ шағала қонады қолыма

Көптен күткен мереке сағынып

Келді, міне, Жаңа жыл тағы да, тағы да.

                   Қайырмасы:

Жаңа жылдың жарқырасын шамдары,

Жаңа өмірдің жадырасын жандары,

Жаңа жыл, жаңа күн, жаңа өмірде,

Орындалсын әрбір жанның бар арманы.

Бақыт Шадаеваның "Жаңа жыл" әні де көңіліңізге үміт пен сенім ұялатады.

Қош келдің жаңа жылым қазағыма,

Қайранмын дүниенің ғажабына.

Көндірген бейнетімен азабына,

Қош келдің жаңа жылым қазағыма.

                   Қайырмасы:

Белін бекем буған елім, 

Бақ дәулетке тұнған елім.

Құтты болсын, кұтты болсын,

Жаңа жылым туған елім.

Сондай-ақ, отбасылық мереке күндері Жанар Дұғалованың "Жаңа жыл" атты әнін тыңдауға кеңес береміз.

Ақ жүрекпен ән шырқайық жап-жаңа,

Тілекпен жыл жеткен жеткезсің деп арманға,

Мереке бұл күткен жанаратын таңымыз,

Думанмен, шаттықпен қарсы алайық бәріміз.

             Қайырмасы:

Кел жаңа жыл, кел жаңа жыл,

Жаңа әлемді көрейік таңда аман

Асқақ көңіл бейбіт өмір орнаған.

"Жаңа жылда жаңа нұр тілейміз біз баршаға" деп әндететін "Меломен" тобының "Жаңа жыл" әні де мерекелік көңіл-көңіл сыйлайды. 

Тағы да келді, көптен күткен жаңа жыл,

Жаңа күн, жаңа жыр, жарқырайды жаңа нұр,

Көңілге шаттық орнап, жүрек сыры ашылған,

Пәк көңіл, ақ тілек, аппақ қардай шашылған

Жаңа жылда, жаңа жылда

Жаңа нұр тілейміз біз баршаға,

Ақ тілек те арнаймыз біз жар сала.

Жаңа жылда, жаңа жылда,

Жаңа нұр, жарқырасын жаңа күн,

Бейбіт күндер әкелсін тек жаңа жыл.

Жаңажылдық әндер тізімін BN тобының "Жаңа жыл" туындысымен түйіндемекпіз.

Шомылып ақ қарға,

Мақтадай жатқанда

Ғасыр салып ойнап жүргенбіз.

Бір бақыт тапқанда,

Самғайды ақпанда

Бақытты өмір сүргенбіз.

Арманың барда,

Бақытың алда

Шаттықпен өткізші өмірді.

Айтарым енді

Жаңа жыл келді

Көтеріп жүрейік көңілді!

32306
Кілт сөздер:
балалар, эстрада жұлдызы, доңыз жылы, жаңа жыл, шырша, жаңажылдық әндер
Тақырып:
Жаңа жыл 2019: Доңыз жылында бізді не күтіп тұр? (31)
Тақырып бойынша
Жаңа жыл — 2019: Жақындарыма қандай сыйлық сыйлаймын?
Нумеролог жаңа 2019 жыл қазақстандықтар үшін қандай болатынын болжады
Қазақстандықтар 2019 жылы қанша күн демалады?
2019 жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр?
Қазақстандықтар Жаңа жылға қандай сыйлық алғысы келеді?
Астанада бас шырша жағылды — видео
Жаңа жыл келді: Министр азық-түліктің қымбаттауына дайын болуға кеңес берді
Архивтегі сурет

Қазақстанда табылған нигериялық Eta штамм туралы не білеміз

220
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың Eta штамын "назар аударатын" санатқа жатқызды. Қазақстан аумағында табылған жаңа штамм туралы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

ДДСҰ мәліметінше, Eta штамм алғаш рет былтыр желтоқсанда бірқатар елде анықталды. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі ауру жұқтырған науқастар алғаш Нигерияда (кейін коронавирустың бұл түрі "нигериялық" деген атауға ие болды) және Ұлыбританияда тіркелгенін мәлімдеді.

Әлем зерттеушілері вирус штамдарының таралуын бақылау үшін қолданатын Pango жіктеуі бойынша Eta штамм (B.1.525) Канадада (20%), АҚШ-та (16%), Германияда (10%), Францияда (9%), Данияда (8%) жиі кездеседі.

Қазақстанда коронавирустың Eta штамы төрт өңірде табылды: Нұр-Сұлтанда, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстарында.

Нигериялық штамның ерекшелігі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратынша, 2021 жылдың 15 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Eta штамм 77 елде кездесті. ДДСҰ санаты бойынша "бақылауды" қажет ететін штаммға жатады.

Нигериялық штаммның клиникалық белгілері Alpha (британдық) және Beta (оңтүстікафрикалық) штаммдарымен бірдей: дене қызуы, жөтел, иіс пен дәм жоғалту, аурудың ауыр өтуі.

Eta штамм коронавирустың "Йота", "Каппа" және "Лямбда" түрлері сияқты аурудың ауырлығын өзгерту, сондай-ақ иммундық жауаптан, диагностика құралдарынан немесе дәрі-дәрмек әсерінен жалтару қабілетіне ие.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустың жаңа штамы табылды – Цой үндеу жасады

Коронавирустың тез таралуына, тиісінше вирус жұқтырған адамдар санының өсуіне әкеп соғуы мүмкін.

ДДСҰ мәліметінше, қазіргі таңда Eta штамм коронавирустың "өлтіретін" түрлеріне қарағанда соншалықты қауіпті емес.

220
Кілт сөздер:
коронавирус, вакцина
Архивтегі сурет

"Өзімнен жерідім де, жаза бастағанымды тастап кеттім": Тахауи Ахтанов туралы не білеміз

172
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық жазушысы Тахауи Ахтановтың өмірі мен шығармашылығы туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жазушы Тахауи Ахтанов 1923 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған.

Бір деректерде жазушы туып-өскен Қарабұтақ ауылындағы мектеп 10 кластық мектеп болмағаны айтылады. Әрі қарай білім алғысы келген ол алтыншы сыныпты бітірген соң табельдегі "6" санын "9" деп өзгертіп, сол құжатпен Алматы мұғалімдер институтына келіп түскен.

Әкесінің аты – Ақтан, анасы – Дәйілхан. Екеуінің Тахауи, Сапа деген екі ұлы болған.

Тахауи Ахтанов 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды.

Тахауи да алғашқы шығармашылық ізденісін өлеңнен бастаған. Қаһарлы соғыс жылдарында да, одан кейін де поэзияда бағын біраз сынады. Естеліктерінің бірінде бесінші класс оқып жүргенде алғаш өлең жазғанын айтады.

Тахауидың поэзиядағы ізденісі оқырманға 1949 жылы шыққан "Жастар даусы" деген Қазақстан жас ақындарының танымал өлеңдері мен поэмаларының жинағы арқылы таныс. Ол жерде "Майдан лирикасы" деген атпен 16 өлеңі жарияланған.

Соғыстан кейінгі әдебиет

1942 жылы соғысқа аттанып, төрт рет жараланғанымен, бағына орай елге оралғандардың бірі – Тахауи Ахтанов. Елге аман-есен оралған соң балалық, жастық шағы туралы былай дейді: "Біздің жастығымыз туралы не айтуға болады? Балалығымыз ашаршылықпен тұстас келді. Жастығымыз Отан соғысымен тұстас келді... Соның бәрінен аман қалып, әдебиетке кірген кезде бізде тағы бір майданға енгендей екпін, от бар болатын.

...Жастығымның майданда өткенін айттым. Ал майданның адамды тазалыққа, әділдікке, тәртіпке үйрететіні белгілі. Менің бір іштей шүкіршілік ететінім – осы қасиеттер менің өзімнің де, майдандас тұлғаластарымның да бой-басында қалып қойды ғой деймін".

Тағы оқыңыз: "Үкіметке өкпем жоқ": жазушы Мұхтар Мағауин Қазақстаннан неге кетті

1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін шығармашылықпен айналысты. Соғыстан кейінгі жылдары әдебиетке келген ол үстінен сұр шинелі түспеген өзге әріптестері секілді аға буын қаламгерлердің шынайы қолдауына ие болды. Құлашын кең жайып, шығармашылыққа ден қойды. Соның нәтижесінде "Қаһарлы күндер", "Боран", "Шырағың сөнбесін" романдары ұлттық әдебиетімізге қосылды. Драматургия саласында қалам сермеді, әңгіме, хикаяттар жазды. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда: "...соғыстан бергі қазақ әдебиетін талантты сыншы, талантты аудармашы, талантты драматург, талантты прозашы Тахауи Ахтановсыз көзге елестету мүмкін емес".

"Қаһарлы күндер" романының жазылуы жайында автордың да айтқаны бар.

"Бұл романның жазылуы онша көп уақыт алмағанымен, толғағы ұзақ болды. Үш жыл бастан кешкен соғыс туралы роман жазуды көп ойладым. 1949 жылы бас жағын жазып, кірісіп те кеттім. Бірақ жұмысым өнбеді. Шамасы, келер жылы болар, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Курляндия" романы жарық көрді. Соны оқып шығып, ойға қалдым. Шығарма біраз кемшілігі болса да, маған қатты ұнады. Онда сол кездегі қазақ жазушыларының басым бөлігінде жоқ, кәдімгі тірі, жанды сурет, бусанып тұрған өмір бөлшектері бар екен. Ал менің бастап қойғандарымның тұрған дәрежесі одан әлдеқайда төмен болатын. Содан өзімнен-өзім жерідім де, жаза бастағанымды тастап кеттім. Кейде болашақ шығарманы ойлап, толғанып жүрсем де, үш-төрт жылға дейін қайтып оралуға зауқым соқпады. Сын мен көркем аударма саласында жұмыс істей бердім",- деген еді Тахауи Ахтанов.

Ал қаламгер Ғабит Мүсірепов Тахауи Ахтанов жайлы былай дейді:

"Ұлы Отан соғысынан кейін әдебиетке келгендердің ішінде мен төрт жігітті, төрт прозаикті бөліп атар едім. Олар: Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденов. Бұлардың қай-қайсының да мүшел жастары партия мен үкімет тарапынан еленбей қалған емес. Ал, партия мен үкімет тарапынан олардың еңбегінің еленуі – халықтың бағалауынан туып отырады. (...) Майданнан қайтқан Тахауи Ахтанов "Қаһарлы күндер" атты романымен Ұлы Отан соғысы тақырыбын бастады. Дәл осы тақырып – меніңше, Аханов творчествосының негізгі тақырыбы ғой деп ойлаймын. Сол романымен-ақ совет әдебиетіндегі Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған шығармалардың ішінде кеуде тұстағы туынды болды. Сол шығармасымен ол соғыстан кейінгі дәуірде әдебиетке келген жастардың алды болса, бүгінде алпысқа келгендердің де алдыңғы сапында", - деді қаламгер Ахановтың алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында.

Ахтановтың шығармашылығы мен еңбек жолы

Жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанры – проза мен драматургия. Баспасөз бетінде алғаш жарық көрген әңгімесі – "Күй аңызы".

"Боран" романы Тахауи Ахтановтың шығармашылығында алатын орны ерекше. Қаламгер ретінде тәжірибесі толысқан шағында жазылған бұл туындысына автор үлкен ізденіспен келген. 1963 жылы "Дала сыры" повесі болып жарияланып, қайта өңдеу, толықтырудан соң "Боран" драмасына, содан кейін осы аттас романға айналды. Осы шығарма үшін жазушы 1966 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленді. Роман көптеген шетел тіліне аударылды.

Ал мемлекеттік сыйлықтың иегері Тахауи Ахтановтың "Шырағың сөнбесін" романы өткен ғасырдың 60-80 жылдары қазақтың ұлттық прозасын көркемдік биік деңгейге көтерген, шеберлік тағылымы мол туынды.

Тағы оқыңыз: "Мемлекеттік қызметте жүру қиын болды": жазушы Төлен Әбдік жайлы қызық деректер

1968 жылы жазылған "Сәуле" драмасы, одан кейінгі "Боран", "Ант", "Әке мен бала" драмалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. "Махаббат мұңы", "Күтпеген кездесу" драмалары, "Арыстанның сыбағасы", "Күшік күйеу" комедиялары қазақ, орыс және туысқан халықтар сахнасында қойылды.

Толстойдың "Азапты сапарда" трилогиясын, М.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды.

Көркем әдебиет баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, киностудияда сценарий бөлімінің бастығы, "Әдебиет және искусство" – "Жұлдыз" журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көркемөнер бас басқармасының бастығы, республикалық кітап палатасының директоры сияқты жауапты қызметтер атқарды.

ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет белгісі" ордендерімен марапатталған. Қаламгерге Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілген.

Халқына өшпес мұра қалдырған Тахауи Ахтанов 71 жасқа қараған шағында 1994 жылы 25 қыркүйекте ұзаққа созылған сырқаттан қайтыс болды.

Жазушының қазасына қатысты ақын Өтеген Оралбаев:

  • Сынды тағы,
  • Тыңды тағы бір алып.
  • Қазақ сөзін бір асқарға шығарып.
  • Шырақ сөнді,
  • Ажал жеңді, амал не?
  • Оның сөзін оқыдым мен дұға қып, деп жазды.

Ал ақын Есенғали Раушанов:

  • Ой, Кеңсай, мен қайтейін биігіңді,
  • Басыңа қап-қара бұлт үйірілді.
  • Теңселтіп нән кемені барады алып,
  • Қара су есік алды иірімді.
  • Нән кеме гауһар-маржан толған іші,
  • Бағасыз жез бен мыста болмады ісі.
  • Тік жүріп, тік құлаған сені көрдім,
  • Қазақы қара сөздің жолбарысы, деп жоқтады.
172
Кілт сөздер:
өмірбаян, жазушы, шығармашылық
Тақырып:
Өмірбаяндар
Пожар возле лицей №60 в Сарыаркинском районе столицы

Нұр-Сұлтанның оң жағалауында салынып бітпеген ғимарат өртеніп жатыр видео

0
(Жаңартылды 20:19 24.09.2021)
Өрт сағат 19.49-да оқшауланды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ

НҰР -СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Өрт елордада салынып жатқан тұрғын үй кешенінен басталды.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Сағат 19.35-те өрт сөндірушілер Кенесары көшесі, 3А мекенжайында түтін көрінгені туралы хабарламаға шығып кетті.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минут ішінде жетіп, жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешенінің аумағында 50 шаршы метр аумақта рубероид жабыны мен жиналған қоқыс өртеніп жатқанын анықталды.

Өрт сағат 19.49-да оқшауланды.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

0