25 қаңтар - күнтізбе

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 25 қаңтар

191
(Жаңартылды 18:56 25.01.2019)
Бұл Григориан күнтізбесіндегі 25-ші күн. Жыл соңына дейін 340 күн қалды

25 қаңтарда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен есте қалғанын дерекқорынан оқыңыз.

25 қаңтарда қандай қызықты оқиғалар болды

Бүгін — әлемнің барлық студенті бас қосатын күн. Себебі, олардың барлығы бірігіп Татьяна күнін атап өтеді. Осы күні XVIII ғасырда студенттердің қамқоршысы болған азап шегуші әйел Татьяна Римская дүниеге келді. Бүгін Татьяна есімді әйелдердің барлығын осы мерекемен құттықтау қажет.

Мұнымен қатар, бүгін орта және жоғары білім ордаларында оқып жатқан студенттердің кәсіби мерекесі. Бұл күн күзгі семестр мен сессиялардың аяқталып, қысқы демалыстардың басталатын уақытына орайластырылған. Әдетте бұл мерекеде студенттерге шәкіртақылар тағайындалып, мақтау қағаздары беріледі. Көптеген студент қандай қызметке орналасқанына қарамастан, бұл күнді ерекше жылылықпен еске алады.

Сондай-ақ, бүгін ұлттық Ирландия кофесінің мересі. Ирландия кофесі дегеніміз — қант, Ирландия вискиі және кілегей қосылып қара кофеден жасалған коктейль. Бұл сусынды 1942 жылы Фойнс әуе базасында Джо Шеридан жасап шығарды. Он сегіз сағат бойы Атлантика арқылы ұшып келген жолаушылар тобы барға демалу үшін келеді. Джо кофе қайнатып, оған кішкене виски қосып, қонақтарға ұсынады. Жергілікті аңыз бойынша, жолаушылардың бірі одан "Бұл бразилиялық кофе ме?" деп сұраған екен. Осы сәтте Джо күліп, өзі ұсынған сусынның Ирландия кофесі екенін айтқан. Он жылдан кейін Сан-Францискодағы Buena Vista барының иесі Джек Кепплер мен жазушы Стэнтон Делаплейн ирландиялық кофенің рецептісін АҚШ-қа алып келеді. Олар шамамен бір ай бойы эксперимент жүргізіп, кейін мәзірге коктейль қосты. Осыдан кейін ол Америкадағы көптеген адамның жүрегін жаулады. Аталған сусын бүгінгі күні де танымал. Олай болса, бұл мерекеде сіз де Ирландия кофесінен ауыз тиіңіз.

Бұдан өзге, бүгін Уэльсте қасиетті Двинвен күні. Көптеген мемлекетте Әулие Валентин күні ғашықтар мерекесі болып саналады. Ал Уэльс ғашықтары бұл мерекені 25 қаңтарда атап өтеді.

25 қаңтарда әлемде болған тарихи оқиғалар

1323 жылы тарихта алғаш рет Литваның астанасы Вильнос қаласының аты аталды;

1905 жылы Оңтүстік Африкада "Куллинан" атты әлемдегі ең ірі алмас қазып алынды;

1949 жылы алғаш рет америкалық телевизиялық "Эмми" жүлдесі табысталды.

25 қаңтарда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1966 жылы Батыс Қазақстан облыстық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармония ашылды;

1992 жылы Алматыда Қазақстан мен Франция Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

25 қаңтарда әлемде дүниеге келген танымал адамдар

1874 жылы британиялық жазушы, 1930-жылдардағы үздік прозашылардың бірі, 78 кітаптың авторы, Ұлыбритания барлау қызметінің агенті Сомерсет Моэм туды;

1978 жылы украиналық шоумен, актер, "Квартал-95" студиясының көркемдік жетекшісі Владимир Зеленский өмірге келді;

1983 жылы Беларусь, Украина және Ресей телевидениесі мен радиосының жүргізушісі Дмитрий Шепелев дүние есігін ашты. Ол әнші Жанна Фрискенің күйеуі еді;

1985 жылы украиналық әнші, Украинаның халық әртісі Тина Кароль туды.

25 қаңтарда Қазақстанда кімдер дүниеге келді

1951 жылы генерал-майор, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар бойынша комитетінің бұрынғы төрағасы Валерий Петров туды.

Ай күнтізбесі

Ай Таразы белгісіне келіп тоқтайды. Бүгін барлық жұмысты шетке ысырып, демалатын уақыт келген сияқты. Сондай-ақ, зиянды әдеттерден арылып, өзіңізді барынша дамытатын уақыт.

191
Кілт сөздер:
қаңтар, күнтізбе, танымал тұлғалар, тарихи оқиғалар, мереке
Тақырып:
Бүгін қандай мереке: әр күнге арналған күнтізбе (361)
Тақырып бойынша
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 24 қаңтар
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 23 қаңтар
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 22 қаңтар
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 21 қаңтар
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 20 қаңтар
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 19 қаңтар
Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 18 қаңтар
Жамбыл Жабаев

"ХХ ғасыр Гомері" деген бағаға ие болған Жамбыл Жабаев жайлы қызықты деректер

208
Жыр алыбы, ақын, суырыпсалма ақын, қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл Жабаев туралы деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Ұлы жүздің шапырашты тайпасының екей руынан шыққан. Арғы аталары дәулетті болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа шаруа кісі болған. Кей тарихи деректе жыр алыбының әкесі туралы шоқпыт шапанды кедей болған деген сипаттама кездеседі.

"Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей - көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан", - дейді Жамбыл ақын.

"Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкен кезде бесінмен ала жүрді", дейді ақынның өзі балалық шағы жайлы. Соған қарағанда ақын бала күнінде қоңырқай тірлік кешкен.

Жамбылдың туған нағашысы Жетісу өңіріне танымал әнші болған.

"Жетісудың даңқы асқан биі Бөлтірік Алатаудың баурайындағы ағайынды аралап келген екен. Сонда үлкен сөз өнері ортаға түсіп жатқанда даладан бір бала жүгіріп келген екен. Бірден барып Бөлтіріктің қолын алыпты. Сонда Бөлтірік баланың қолын ұстап тұрып, "атың кім, балам?" депті. "Атым - Жамбыл" деп жауап берген екен. "Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар. Шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі болар екенсің" деген екен", - дейді қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде көпшіліктің аузынан түспей жүрген Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

Жамбыл "Шағым", "Жылқышы", "Шәбденге", "Сәт сайланарда", "Өстепкеде", "Патша әмірі тарылды", "Зілді бұйрық" сияқты өлеңінде елдің әлеуметтік саяси өмірін көрсеткен.

Жамбыл Жабаев шығармашылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл сол жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды.

"1936 жылдан бастап Жамбылдың аты орыс тілі арқасында шетелге де тарала бастады. Кеңес үкіметі сол кезде 75 жылдық шығармашылық тойын тойламақ болады. Соның қарсаңында үй салып береді", - дейді Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық мұражай директоры Мәулен Қожашев.

Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Ақынның "Өтеген батыр", "Сұраншы батыр", "Көрұғлы", "Бақ, дәулет, ақыл" деген дастандары бар.

ХХ ғасыр Гомері

Бірде Жамбылдың ел арасында оның ақындық қабілетіне күмән келтіргісі келетіндер де табылған. Сонда орталық комитет жазушы Леонид Соболевті жағдайдың анық-қанығын білуге Ұзынағашқа жіберген. Жамбылдың жыршылығына таңқалған жазушы үш күн қасында болып, "жиырмасыншы ғасырдың Гомері" деп баға берген.

Жамбыл саналы ғұмырында Құлманбет, Досмағамбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Шашубай ақындармен айтысқан. Соның ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі. Жас күнінде Жамбыл ақын Сара, Айкүміс, Сайқал, Кәмшат қыздармен айтысқан.

Жыр алыбы Жамбыл күйші Дина Нұрпейісовамен де жақын таныс болған. 1936 жылы танысып, таныстық соңы жақсы сыйластыққа ұласқан деген дерек бар.

Ақынның отты жырлары

Ақынның соғыс жылдары отан қорғау тақырыбына арнап жазған өлеңдері үш мың жолды құрайды. Әсіресе, "Ленинградтық өренім", "Москваға", "Майданға хат" сынды өлеңдері бар. Жамбыл ақын өмір мен өлім апралысына түскен Кеңес жауынгерлеріне отты жырлары арқылы жігер беруге тырысты.

Жамбылдың ұлы Алғадай жат елде оққа ұшқан болатын. Ұлының қазасынан кейін "Жамбылдың Алғадайды жоқтауы" деген өлеңі шықты. Кей дерекке сәйкес, Алғадайдан ұрпақ тарап, бүгінде бүтін бір отбасы болып отыр.

Жамбыл өзінің алдындағы аға буын өкілі Сүйінбай ақынды өзіне пір тұтқан. Ал Кенен Әзірбаев Жамбыл Жабаевты тәлімгері деп таныған.

Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.

1946 жылы ақпанда Қазақстан халқы жыр алыбының жүз жылдық мерейтойын тойлады. Сол жылы ақынның таңдамалы шығармаларының академиялық жинағы қазақ және орыс тілінде басылды.

208
Кілт сөздер:
қызықты деректер, Жамбыл Жабаев
Тақырып бойынша
"Өз жаназасын өзі шығарды": Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы деректер
"Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі
Қазақтың "қазақ" деп атанып жүргені Сәкен Сейфуллиннің арқасы - танымал ақын
Абайдың үш әйелі: ақын сүйіктілеріне не сыйлаған - фото
Абайдың 175 жылдығы: ұлы ақын жайлы фильмдерді қайдан тамашалауға болады
Перо, ручка, бумага, письмо, иллюстративное фото

"Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі

262
(Жаңартылды 11:56 30.11.2020)
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Балалық шағы

Бүкіл ғұмырын қазақ балаларын оқытуға, мектеп ашуға сарп еткен Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда азіргі Қостанай облысы Қостанай ауданында дүнеге келген. Азан шақырып қойған аты – Ибрагим.

Бала Ыбырай үш жасқа толғанда әкесі Алтынсарыдан айырылады. Осыдан кейін туған атасы, сол кездегі белгілі би, рубасы Балқожа Жаңбыршыұлының қолында тәрбиеленеді.

Немересінің білім алғанын қалаған атасы тамыр-танысының көмегімен Ыбырайды Орынбордағы Шекара коммиссиясы жанынан ашылған мектепке жаздырады. 1850 жылы 22 тамызда Ыбырай сол мектепке алғашқы 30 баланың бірі болып қабылданады.

Балғожа би немересін кішкентайынан адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешендікке баулыған. Өзімен бірге жиын-тойларға ертіп,  билік айтқызып, қанатын қатайтқан. Ыбырай жасынан зерек болып, алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленіп өседі.

Еңбек жолы

1857 жылы жазда Ыбырай Орынбордағы мектепті үздік тәмамдап шығады. Осыдан кейін екі жылдай атасы Балқожа бидің хатшысы болып жұмыс істейді. Кейін Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаш болып қызметке алынады.

1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде алғашқы мектебін ашты.

1866-1868 жылдары Торғай уезінде уақытша судья болып қызмет етті.

1868 жылы Торғайдағы қазақ мектебі бір класстық орыс-қазақ училищесі болып қайта құрылды. Сол жылы Ырғыз қаласында екі класстық орыс-қазақ училищесі ашылады.

1869 жылы ол уезд бастығының аға жәрдемшісі болып тағайындалды. 1871 жылдар аралығында Торғай уезінің судьясы болып жұмыс істеді.

1874 жылы орыс географиялық қоғамына мүше болып сайланды. 1875-1876 жылдары Орынбор, Қазан, Петербург қалаларына сапар шегіп, ол жақтан оқушыларға қажет әдістемелік және тағы басқа кітаптар әкеліп, ағартушылық ісіне қызу кіріседі.

1879 жылы 1 қыркүйекте Торғай облысындағы мектептердің инспекторы болып тағайындалды.

Алтынсарин ашқан мектептер

Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларын білім нәрімен сусындатуға асықты. Осы арманын жүзеге асыру үшін облыстық басқармаға мектеп ашу туралы өтініштер жіберді. Ақыры 1860 жылы облыстық басқарма Алтынсаринге Торғайдан қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырды, әрі өзін сол мектепке орыс тілінің  мұғалімі етіп тағайындады.

Бірақ, жергілікті үкімет Алтынсаринге қол ұшын соза қоймады, сөйтіп мектеп ашу ісі ұзаққа созылды. Ыбырайдың армандаған мектебі араға төрт жыл салып, 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде салтанатты түрде ашылды. Бұл ұлт ұстазы негізін қалаған алғашқы білім ордасы еді. Мектепті Алтынсарин төрт жыл бойы жинаған ақшасына ашты.

"Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды  және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды", - деп жазған еді Ыбырай Алтынсарин.

1879 жылы Алтынсарин Торғай облысы бойынша орыс-қазақ учищелерінің  инспекторы болып тағайындалды. Бұл оның қолын ұзартты. Торғай, Жітіқара, Обаған, Қарабалық, Әуликөл болыстарында және Қостанай қаласында тағы он бес мектеп салынды.

1882 жылы Ыбырай Алтынсарин барлық мектепке ән-күй сабақтарын енгізді. Жергілікті, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, кітапхана ашты.

Қазақ балаларын тек біліммен сусындатпай, еңбекке баулуды көздеген ол 1883 жылы 15 қарашада Торғай қолөнер мектебін ашты.

Алтынсарин қазақ қыздарын оқытуға да көп күш салды. 1887 жылы 15 қарашада Ырғыз қыздар училищесінің негізін қалайды. 1888 жылы қыздарға арналған 12 орындық мектеп интернат ашады.

"Қазақ хрестоматиясы" немесе ағартушылық еңбегі

Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан кезде, балаларға арналған оқулықтар  мүлде жоқ болатын. Дәл осы жылдарда өнегелі ұстаз қысқа-қысқа әңгімелер мен өлеңдер шығар бастайды, оқу құралдарын жазуға кіріседі.

1879 жылы ақынның қазақ мектептеріне арналып жазылған алғашқы ұлттық оқулық –  "Қазақ хрестоматиясы" жарық көрді.

Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңінде ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екенін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді.

Ал "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету.

Бұдан бөлек, Алтынсариннің шығармашылығында табиғат көріністерін суреттейтін өлең жолдары да кездеседі. Ақын оқырмандардың көңілін табиғатқа аудару арқылы жас шәкірттерінің бойында Отанға сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін қалыптастыруды мақсат етті.

Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. Оған "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш", "Атымтай жомарт", "Әке мен бала" және тағы басқа әңгімелері дәлел.

"Қандай әділдік күтуге болады"

1883 жылы Ыбырай Алтынсариннің Кеңес үкіметі тұсында көп айтыла қоймаған тағы бір кітабы басылып шықты. Ол – "Мұсылмандық тұтқасы".

Бұл кітапта ағартушы дүмше молдаларды аяусыз сынайды. Мұндай сын молдалардың тарапынан жауапсыз қалмайды, әрине. Ақыры отаршылыққа, шоқындыруға қарсы күрескен, қазақ тілін білім мен ғылым тіліне айналдырған Алтынсарин туралы "орысшыл, отаршыл, шоқынған" деген қауесет әңгімелер таратылады. Ақынның болыстыққа таласқан туыстары оның үстінен арыз жазады. Билік мектептеріне шүйліге бастайды.

"Қазір жан дүнием құлазып, өте көңілсіз жүрмін. Көмек күткен үкімет орындары қолдаудың орнына заңды да, заңсыз жолдармен мені қудалауға салып отыр. Бұдан кейін қандай әділдік күтуге болады.Осының бәрі ашық сот арқылы анықталса екен деген тілек көкейімнен кетпейді", - делінген Алтынсариннің Катаринскийге жазған хатында.

Ыбырай Алтынсариннің отбасы

Ыбырай 1864 жылы Сырдария облысы (қазіргі Қызылорда облысы ) Перовский уезіне қарасты Жаппас руындағы Шолақ деген кісінің Айғаныс атты қызына үйленеді. Ерлі-зайыпты көпке дейін бала сүйе алмайды, сөйтіп олар туысқандары Оспанның Хамитбек деген баласын бауырына басады. Алайда ол алты жасында қайтыс болады.

Ыбырайдың тұңғыш баласы Абдолла 1880 жылы дүниеге келеді. 1887 жылы Әбдірахман деген екінші ұлы, 1888 жылы Шарипа атты қызы туды. Балалары Әбдірахман мен Шарипа кішкентай кезінде ауырып қайтыс болды.

1920-1930 жылдардағы дүрбелеңнен Ыбырайдың ұрпақтары да байдың тұқымы ретінде қуғындалған. 1928 жылы Алтынсариннен қалған жалғыз тұяқ Абдолла да Қазақстаннан тыс жерге қоныс аударады.
Нағима Абдоллақызы — Ыбырай Алтынсариннің жалғыз немересі. Нағима атасын көрмесе де, 1924 жылы қайтыс болған әжесі Айғаныстың көзін көріп өскен.

Нағима Ыбыраева 1916 жылы Қостанай облысы Талапкер ауылында дүниеге келді. Бала кезінде атасы Ыбырай ашқан Қостанайдағы мектепте үш жыл оқиды. 11 жасында анадан айырылады. Нағима Ыбыраева екі баланы дүниеге әкелген, өмірінің соңғы жылдарын Тараз қаласында өткізді. 1998 жылы 30 наурызда 82 жасында қайтыс болды.

Ыбырай Алтынсарин 1889  жылы 17 шілдеде Қостанай қаласынан үш шақырым жердегі көл жағасында салдырған ағаш үйінде ауырып өмірден өтті. Өлерінің алдында өзіне тиесілі жерлерді Қостанай қаласындағы ауыл шаруашылық училещесінің меншігіне беруді тапсырды. Ұлт ұстазының жасы бұл кезде небәрі 48-де еді.

262
Кілт сөздер:
Ыбырай Алтынсарин, ұстаз
Тақырып бойынша
Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлымен сұхбат: "Назарбаевтың айтқаны болмады"
Қабдеш Жұмаділов 83 жаста: шекараны бұзып, Қытайдан 200 мың қазақты бастап келген жазушы
"Кінәсін мойындаған" Әуезов: жазушы туралы қызықты деректер
Жазушы Ғабит Мүсірепов туралы қызықты деректер
Мүсіреповпен құда болған: әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов туралы қызықты деректер
Илья Ильин Sputnik студиясында өткен баспасөз мәслихатында

Илья Ильин сүйінші жаңалығын бөлісті

0
Әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы спортшы әлеуметтік желіде жазды

НҰР-СҰЛТАН, 5 желтоқсан – Sputnik. Танымал қазақстандық спортшы Илья Ильин Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының дене шынықтыру саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстары зертханасының бас ғылыми қызметкері болып тағайындалды.

Ауыр атлет сүйінші жаңалығын Instagram-дағы парақшасында бөлісті.

"Тағайындау! Ильин Илья Александрович ҚР БҒМ "Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы" РМҚК дене шынықтыру саласындағы ғылыми зерттеу жұмыстары зертханасының бас ғылыми қызметкері лауазымына тағайындалды", - делінген жазбада.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Илья Ильин (@ilyailyinforever)

Биыл 10 қыркүйекте Ильин Қазақстандық спортшылар одағының Қызылорда облысы бойынша филиалын басқаратынын мәлімдеген еді. Танымал спортшы туған жерінде спортты дамытуға қатысты үлкен жоспарларының бар екенін жеткізді.

Ал 8 қазанда ауыр атлет "Халық алғысы" медалімен марапатталды.

0
Кілт сөздер:
жаңа қызмет, спортшы, Илья Ильин
Тақырып бойынша
Ауруханаға түсіп қалған Илья Ильин видео жариялады
Илья Ильин алтын медаль ұтып алды - видео
Илья Ильин "Халық алғысы" медалімен марапатталды
Илья Ильин жаңа қызметке тағайындалды