Әже бата беріп тұр

22 наурызға арналған бата

54421
(Жаңартылды 00:07 18.03.2019)
Sputnik Қазақстан Ұлыстың ұлы күнінде берілетін бірнеше батаны назарларыңызға ұсынады

Қазақ халқының кез келген мейрамы ақ тілек пен батасыз өтпейді. Наурыз мейрамында Наурыз батасының орны ерекше. Бұл күні жасы кішілер үлкендерге сәлем бере барып, ақсақалдардың батасын алады.

Бата

Ұлысың оң болсын,

Ақ мол болсын,

Қайда барса да жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жала жерге енсін!

Ұлы халқым тоқ болсын,

Көйлектерің көк болсын!

Қайғы уайым жоқ болсын,

Қуаныштарың көп болсын!

Тағы оқыңыз: Қыдыр ата туралы қызықты деректер

Дәулетті бас берсін,

Бақытты ас берсін,

Ұлыстың ұлы күнінде!

Ұлыс оңға қонсын,

Қызың қырға қонсын!

Қозыға толсын көгенің,

Тұлпар болсын құлының.

Сүтті болсын құдығың,

Өрісті болсын жайлауың,

Ырысты болсын қыстауың!

Арыстандай болсын қайратың,

Аюдай болсын айбатың,

Гүлге толсын өңірің,

Көңілді өтсін өмірің,

Асқа толсын табағың,

Ашық болсын қабағың!

Тағы оқыңыз: 22 наурыз мейрамы туралы не білеміз?

Үй-іші, ауыл-аймақ аман болсын,

Тыныштық баршамызға заман болсын.

Табиғат таусылмайтын ризық беріп,

Тартулы дастарқанға тағам болсын!

Күніміз ұлысты болсын,

Жеріміз ырысты болсын.

Өрісіміз малға бай, дүбірлі болсын,

Халқымыз жанға бай, үбірлі-шүбірлі болсын.

Тағы оқыңыз: Наурыз мейрамында дастарқанға қандай тағамдар қойылады

Ескі жылда есіркесін,

Жаңа жылда жарылқасын!

Саба іркіт пен саумалдан босамасын.

Өре құрт пен ірімшектен босамасын,

Мал ішсіз, келін құрсақсыз болмасын,

Түн ішінде түйе қомдатпасын,

Інгеннен айырып ботасын боздатпасын,

Қараңғыда ит ұлып, сиыр мөңіремесін,

Ата – ұлдан, ана – қыздан айрылып еңіремесін!

Тағы оқыңыз: "Көшеге шығамыз, болды" Министр Наурыз мейрамын тойлауды неге өзгерткісі келеді?

Аспанымыз жауынды болсын,

Жеріміз шөпті болсын,

Малымыз сүтті болсын,

Халқымыз тоқ болсын,

Қайғы-қасірет жоқ болсын!

Тағы оқыңыз: Бата беру дәстүрі қайдан шықты және оны кімдер береді?

Жаңа жыл бақыт жылы болсын,

Малың тоқ,

Уайым-қайғың жоқ болсын.

Көген толы қозы,

Желі толы құлын болсын.

Малың базарлы,

Ұлың назарлы,

Қызың ажарлы болсын!…

Жарылқа, тәңірім, қабыл ет.

Қарық қып құтты Наурыз

Құрдасыңа – қуаныш бол

Уа, жаратқан, жарылқа

Құдайдың өзі сөйтіп оңдасын.

Тағы оқыңыз: Ет асып, табақ тартудың жөн-жосығы: қандай қателік жіберуге болмайды?

Дәулетің зияда болсын,

Дұшпаның қияда болсын,

Аққуларың ұяда болсын, 

Ауыл-аймақ, 

Бота, тайлақ,

Үй-жамағат –

Бәрі түгел аман болсын, 

Кейінгіге береке берсін!

Алғанда аз да болса көптей көр, 

Бергенде көлдей бол. 

Жарылқасын құдайым,

Тартпасын халық уайым. 

Бай қылсын, 

Төрт түлікті сай қылсын,

Кетпес дәулет берсін,

Отауыңа сәулет берсін.

Ұлыс күні қазан толса, 

Осы жыл ақ мол болар!

Тағы оқыңыз: Сырға салу туралы не білеміз?

Әумин! – бата берейін,

Жақсылықты терейін.

Жаңа жылда жараңдар

Үстем болсын мерейің!

Жақсылыққа бас болып,

Ауылымызда ас болып,

Келген Наурыз құт болсын!

Жүгінелік ақылға,

Араздыққа жол беріп,

Отырмайық тақырға.

Жермен бірге жаңарып,

Көңілде кір қалмасын!

Сырттағы жау жаланып,

Жағаға қол салмасын!

Есіктен кірген емініп,

Төр менікі демесін.

Еңістен келген тебініп,

Өр менікі демесін!

Наурызбенен жаңарсын

Тәніміз бен жанымыз

Жақсы негіз қалансын

Жарасып ән сәніміз!

Тағы оқыңыз: Сәлем салу: ескіліктің сарқыншағы ма, жоқ әлде әдептілік белгісі ме?

Ниеттерің ақ болсын,

Наурыздың ақша қарындай!

Бастарыңа бақ қонсын,

Шашыңның барлық талындай!

Санасы өсіп адамның,

Көңілде кір қалмасын.

Құты қашып жаманның,

Жақсы тапсын жалғасын!

Тыныш болсын даламыз,

Түгел болсын нуымыз!

Таза болсын ауамыз,

Тұнық болсын суымыз!

Қатыгездік жоқ болсын,

Оралмасын кез өгей.

Кірісіміз көп болсын,

Бүгінгі Наурыз көжедей!

Тағы оқыңыз: Баланы қырқынан шығару дәстүрі туралы не білеміз?

Мұзафар Әлімбаевтың батасы

Қарық қып құтты Наурыз,

Қазанға толсын сары уыз.

Қайнасын Наурыз көже де,

Толтырып ішкей кесеңе.

Ұлыстың ұлы күнінде,

Көппенен бірге күлімде.

Көбейсін жаңа достарың,

Молайсын елге қосқаның.

Жарасып көңіл хоштығы,

Бекісін халық достығы.

Ішінде жүрсе аз ғана,

Шайылсын өкпе, наз-нала.

Алдыға сыймай сәбилер,

Құшағын жайсын жаңа үйлер.

Жастардың самсап отауы,

Мейірім төксін Отаны.

Әспеттеп ата дәстүрін,

Әсем боп өссін жас буын.

Кірбің тартпасын кәрілер,

Барыңның дәмді нәрін бер!

Дүрлеген Қазақстанға

Таңғалсын дос та, дұшпан да!

54421
Кілт сөздер:
мейрам, бата, 22 наурыз
қалам

Балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаев туралы не білеміз?

197
Қазақ әдебитетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаев туралы Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Жазып та көрдім мен де өлең,

Жазып та көрдім, қара сөз.

Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,

Өлмейді тек дана сөз, деп жазған Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15 қазанда дүниеге келді. Туған өлексі – Алматы облысының Нарынқол ауданының Қостөбе ауылы.

Әкесі қарапайым малшы болған, оқымаған жан болса да ауыз әдебиеті үлгілерін көп білген дейді. Балаларының анасы көз алдында дүние салды. Ол кезде Бердібек небәрі сегіз жаста болған. Бұғанасы қата қоймаған ол бала күнінен ауыр еңбекке жегілді. Бердібек Соқпақбаевтың өмірі қазақ даласындағы ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келді. Жетімдіктің зардабын шекті.

Балалар әдебиетін алып бәйтерек десек, оған нәр беріп, құнарландырып тұратын күретамыр Бердікбек Соқпақбаев деуге негіз бар. "Балалық шаққа саяхат", "Менің атым Қожа", "Өлгендер қайтып келмейді" шығармалары – жазушының шоқтығы биік туындылары. Бұл шығармаларда жазушы өзі өмір сүрген заманның шынайы келбетін суреттеді. "Балалық шаққа саяхат" повесінде жазушы анасының ұзақ ауырып қайтыс болғанын, емшектегі інісі Тұрдыбек тоқтаусыз жылап қалғанын жазған. Жұпыны үй ішінде бір үзім нанға зәру күн кешкенін бейнелеген.

"Сегіз жасымда шешем өліп, жетім қалдым. Колхоздастырудың алғашқы жылдары, ең бір қиын кез. Осы күннің өзінде жүрегім қарс айырыла жаздайды. Япыр-ау, қалай тірі қалдым? Осы күнге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданамын", - деп жазды қаламгер естелігінде.

"Дүниеде мен үшін одан асқан жексұрын сөз жоқ. Тақиясын қорыған тазшадай осы сөз қай жағымнан сарп ете қалады деп зәрем ұшып, үрейленіп тұрамын. Балалар, менің қымбатты жан достарым! "Жетім" деген тажалдай суық сөзді айтпаңдар, айналайындар! Ұр, соқ, төбелес! Тіпті етінен ет кесіп ал, бірақ әлгідей деп тілдеме. Аяңдар!", -  дейді Бердібек Соқпақбаев "Балалық шаққа саяхат" повесінде.

Бердібек салған соқпақ

Қазақ әдебитетіне өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушы Бердібек Ыдырысұлы Соқпақбаев Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін түсіп, оны 1949 жылы аяқтады. Содан кейін Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген.

Институт бітірген соң Бердібек Бәшен атты қызға үйленді. Аз уақыттан кейін ол шәкірт тәрбиелеуге ден қойған. Еңбек жолын өзінің туған өлкесі Нарынқолда бастады. Біраз жыл ауыл мектебінде ұстаздық етті.

Балалармен бірге жұмыс істегені оның балалар әдебиетіне тың серпіліс әкелуіне ықпалын тигізді. Шығармашылық жолын балаларға арнап өлең жазудан бастады. Олар "Лениншіл жас", "Қазақ пионері", "Пионер" журналдарында басылып тұрды. 1950 жылы "Бұлақ" атты жыр жинағын шығарған.

Күшігім менің саққұлақ,

Келеді әне шапқылап,

Сақтығыңды көрейін,

Қойшы атайға берейін, деген мектеп оқулықтарындағы өлеңнің авторы да Соқпақбаев.

Содан кейін Алматыға әдеби ортаға келеді. "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Балдырған" журналында тартымды мақала, әңгіме жазды.

Бердібек Соқпақбаев өлеңнен прозаға ауысты, сол екі қасиет біріге келе сценарий жазатын болған. Қазақ кино өнерінің алтын қорына енген "Менің атым Қожа" фильмінің сценарийін жазды. 1963 жылы экранға шыққан бұл туынды қазақ кино өнерінің бойтұмарына айналды. Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында редактор болып жұмыс істеді.

Көргенін көркем суреттеп, көз алдыңа елестетіп жан бітіретін жазушылық қасиетінің арқасында балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман ұсынды. "Менің атым Қожа", "Балалық шаққа саяхат" повестері балаларға арналса, "Бозтөбеде бір қыз бар" жасөспірімдерге, "Өлгендер қайтып келмейді" романы ересектерге арналып жазылған. Оның "Қайдасың, Гауһар" повесінде жазушының бірінші әйелі Бәшенмен тұрған кезі, басынан кешкен оқиғалары қаз қалпында бейнеленген.

Жазушының туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тіліне аударылып, сахнада, экранда көрсетілді.

Бердібек Соқпақбаевтың кей шығармасы бірнеше жыл бойы қолжазба күйінде жатып қалған. Күллі қазақ білетін "Менің атым Қожа" повесі де алғашында протестік шығарма деп танылды. Сондықтан алдамен орыс тіліне аударылып, кейін ғана қазақ тілінде басылды.

Соған қатысты жазушы Жүсіпбек Қорғасбек "қоғамдағы, идеологиядағы жалғандыққа іштей наразылығы қаламгер романдарының эпизодтарында ашық беріледі" дейді.

1967 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында өткен халықаралық фестивалінде "Менің атым Қожа" фильмі арнаулы жүлдеге ие болды. Сол арқылы жер жүзінің киносүйер қауымы қазақ елінде кино өнері бар екеніне көз жеткізді, сол арқылы Қазақстанның табиғатын, болмысын білді. Фильмнің шыққанына жарты ғасырдан асса да, көрерменін әлі жалықтырған жоқ.

Бердібек Соқпақбаев Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған, одақта 1952-1970 жылдары түрлі қызмет атқарды.

Әке жолымен...

Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларының шет тілдерге аударылуына елеулі үлес қосып жүргендердің бірі – қаламгердің қызы Самал Соқпақбаева. Тегіне тартып, елдің аударма ісіне еңбек сіңірді. Бердібек Соқпақбаевтың талай шығармасын орыс тіліне аударды.

"Менің атым Қожа" повесін әкемнің көзі тірісінде аударып, өзіне көрсеттім. Бұл менің шығармашылық жұмысымның алдыңғы қатарында болған жұмыс. Әкем аударманы ұнатып, жазған еңбегімді қабылдады. "Балам, шығармашылық жолмен жүре бер, қолыңнан біраз нәрсе келеді" деген әкемнің лебізі бар", - дейді Соқпақбаева.

"Қай шығарманы алсаңыз да, үлкен шеберлікпен жазылған... Өте ақылды, жүрегі жомарт кісі болатын. Балаларды жақсы көретін. Біздің отбасыда бізбен бірген тұрғанда мен де еркелеп өстім. Анам да әкемнің шығармашылығын сыйлап, бар жағдайын жасап жүрген әйел болатын", - дейді қызы.

"Бердібек марқұм көп ашуланатын. "Балалық шаққа саяхатта" өз мінезі туралы "ыза болсам, күйіп-жанып, дызақтап кетемін. Ойланбай істеп, ойланбай сөйлеп, өкінетін кездерім көп болады" дейтіні бар ғой. Сондай еді марқұм. Басын кесіп алса да, илікпейтін. Сол кішірейе білмегендігінен де барлық сыйлықтан құр қалған болар. Мақтау қағазын да алмай өтті ғой", - деген бірінші жары Бәшен Баймұратқызы.

Бердібек Соқпақбаев бірінші жарымен екіге айырылған соң бірнеше жылдан кейін Бибігүл есімді қызға үйленген. Одан Әлнұр және Мұхтар деген екі ұл сүйді.

1974 жылы "Өлгендер қайтып келмейді" романы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ұсынылды. Бірақ жазушы лауреат атанбаған. Бердібек Соқпақбаев қайтыс болардан аз уақыт бұрын бір топ қаламгер "Халық жазушысы" деген атаққа ұсынылған. Алайда кейін сол атақ алғандар ішінде Соқпақбаевтың есімі болмай шыққан.

197
Кілт сөздер:
Бердібек Соқпақбаев
Тақырып:
Өмірбаяндар
Әділбек Алдабергенов

Запастағы генерал-майор Әділбек Алдабергеновтің өмірбаяны

126
Әділбек Алдабергенов әскери училище курсантынан бастап, Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасарына дейінгі қызмет жолынан өтті. Ол Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында арнайы мақсаттағы топты басқарды

Генерал-майор Әділбек Алдабергенов туралы не білеміз? Бұл жөнінде Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Білімі

Әділбек Алдабергенов 1961 жылы 6 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Жұлдыз ауылында дүниеге келген. Қазақ және орыс тілдерін біледі.

1984 жылы Рязань жоғары әуе-десанттық командалық училищесін, ал 1996 жылы Фрунзе атындағы Әскери академияны бітірді.

Еңбек жолы

Алдабергеновтың еңбек жолы ауқымды.

1984-1985 жылдары еңбек жолын Қапшағай қаласындағы Орта Азия әскери округінің 22-1 жеке арнайы мақсаттағы бригадасында (42610 ә/б) арнайы мақсаттағы топ командирі лауазымынан бастады.

1985-1986 жылдары Ауғанстан, Забуль провинциясының Шахджой елді мекенінде орналасқан 22-ші жеке арнайы мақсаттағы бригада құрамында 186-шы жеке арнайы мақсаттағы жасақта арнайы мақсаттағы топ командирі болды. Осы кезде ол 50-ден астам барлау жұмыстарын жүргізді.

1986-1988 жылдары – арнайы мақсаттағы топтың командирі, 546-шы арнайы мақсаттағы оқу полкінің (71170 ә/б) рота командирі, Қапшағай қаласы.

1988-1991 жылдары – ГКӘТ құрамында (Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобы) арнайы мақсаттағы үшінші жеке гвардиялық бригада барлау ротасының командирі (83149 ә/б), Фюрстенберг қаласы.

1991-1992 жылдары – 3-ші жеке гвардиялық арнайы мақсаттағы бригадасы (21208 ә/б) ЕОӘО (Еділ-Орал әскери округі) арнайы мақсаттағы жасақ командирінің штаб бастығы, Самара облысының Рощинск елді мекені.

1992-1993 жылдары – Қапшағай қаласындағы 35-ші жеке гвардиялық әуе-десанттық бригадасы парашюттік-десанттық батальоны командирінің орынбасары, командирі (32363 ә/б), Қапшағай қаласы.

1995-1998 жылдары – штаб бастығы – 35-ші жеке гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасы командирінің орынбасары (32363 ә/б), Қапшағай қаласы.

1998-2001 жылдары – 35-ші жеке гвардиялық десанттық-шабуылдау бригадасының командирі (32363 ә/б), Қапшағай қаласы.

2001-2004 жылдары – Қарулы Күштер мобильді күштері қолбасшысының орынбасары – штаб бастығы, бірінші орынбасары.

2004-2007 жылдары – "Батыс" өңірлік қолбасшылығында штаб бастығы, қолбасшының бірінші орынбасары.

2007-2008 жылдары – "Шығыс" өңірлік қолбасшылығында штаб бастығы, қолбасшының бірінші орынбасары.

2008-2009 жылдары – 14776 ә/б командирі, Астана (Нұр-Сұлтан).

2009-2013 жылдары – Қарулы Күштер Құрлық әскерлері Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы.

2013-2016 жылдары – Қарулы Күштер Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы.

2016 жылдың 22 қазанынан – Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары.

2021 жылдың наурызында Қорғаныс министрлігінде генерал-майор Әділбек Алдабергеновтың әскери қызметтен босатылуына және құрметті демалысқа шығуына орай салтанатты шара өткізілді.

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосты, Аэроұтқыр әскерлерін басқарды.

Марапаттары мен атақтары

Әділбек Алдабергеновтің наградалары ішінде – Қызыл Жұлдыз ордені (1986), ІІ дәрежелі "Айбын" ордені, ІІ дәрежелі "Даңқ" ордені және І дәрежелі "Даңқ" ордені, 14 медаль бар.

2007 жылдың 7 мамырынан бері – генерал-майор.

126
солдат

Отставкадағы генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов өмірден озды

0
Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен қарулы күштердің жеке құрамы Құрбан Сәкенұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстарына көңіл айтты

НҰР-СҰЛТАН, 31 шілде – Sputnik. 64 жасына қараған шағында отставкадағы генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов коронавирус инфекциясынан қайтыс болды, деп хабарлады қорғаныс министрлігі.

Генерал-лейтенант в отставке Курбан Каражанов
© Photo : министерство обороны Республики Казахстан
Құрбан Қаражанов

Құрбан Қаражановтың 31 шілдеде қайтыс болғаны хабарланды.

"Генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов абыройлы, ерік-жігері мықты, нағыз патриот болатын. Ол ұдайы күрделі қызметтерді атқарды. Бүкіл ғұмырын елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға арнады", - делінген хабарламада.

Генерал-лейтенант Құрбан Сәкенұлы Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищені бітірген. Әскери мансабын 1979 жылы мотоатқыштар взводының командирі қызметінен бастады.

Қазақстан армиясы құрылған сәттен бастап әр жылдары еліміздің қарулы күштерінде жауапты қызметтер атқарды. ІІ дәрежелі "Данқ" орденімен марапатталған.

Қазақстанның қорғаныс министрлігінің басшылығы мен қарулы күштерінің жеке құрамы Құрбан Сәкенұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

0