Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 5 мамыр

© Sputnik / Владислав Воднев5 мамыр - күнтізбе
5 мамыр - күнтізбе - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұл григориан күнтізбесінде 125-ші күн. Жыл соңына 240 күн бар.

5 мамырда не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

         5 мамырда қандай қызықты оқиға болды

Бүгін әлем халқы Халықаралық мүгедектер құқығын қорғау күнін атап өтеді. Бұл датаның тарихы 1992 жылдың 5 мамырынан басталады. Дәл осы күні Еуропаның 17 елінде жарымжан жандар бір мезетте мүгедектерді кемсітуге қарсы күрес күнін өткізген еді.

Жыл сайын Оңтүстік Кореяда мемлекеттік мереке – Балалар күні тойланады. Кәріс тілінде бұл мерекенің атауы – "Орини наль". Балалар күні қоғамдық педагог Банг Джонг-Хванның арқасында 1923 жылдан бастап мемлекеттік мейрамға айналды. Джонг-Хванг 1 мамырды Балалар күні етіп бекітуді ұсынған болатын. 1946 жылы мереке күні 5 мамырға ауыстырылып, ал 1975 жылдан бастап демалыс күніне айналды. Бұл күні барлық қала мен ауылдарда мерекелік шаралар, спорт жарыстары өткізіледі. Ұйымдастырушылар балалардың көңілін көтеру үшін барын салады.

Сондай-ақ, бүгін Халықаралық акушер күні. Бұл идея алғаш рет Нидерландыда 1987 жылы Халықаралық акушерлер конфедеарциясының конференциясында айтылған болатын. Мейрам тұрақты түрде 1992 жылдан бастап аталып өтеді. Акушерлердің міндеті – жүкті әйелдер мен жаңа босанған аналарға көмек көрсету. Бұл жүгі ауыр, жауапкершілігі жоғары мамандық.

         5 мамырда әлемде болған тарихи оқиғалар

1951 жылы Ұлыбританияда ойынға арналып жасалған алғашқы компьютер көрсетілді;

1956 жылы Токиода дзюдодан бірінші әлем чемпионаты басталды;

1988 жылы Эверест шыңынан алғаш рет телетрансляция жасалды;

2000 жылы "I love you" жаңа компьютерлік вирусынан бір ғана Солтүстік Американың өзінде миллиард доллар шығын келді.

         5 мамырда Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1918 жылы Бүкілқазақ жастарының съезінде "Жас азамат" жастар ұйымы құрылды. Ұйымның мақсаты – қазақ жастарын біріктіру, ұлттық мүддені қорғау;

1925 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы әйелдер бөлімі шығарған "Азат әйел" газеті негізінде "Теңдік" газетінің алғашқы саны жарыққа шықты;

1986 жылы Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мұражайы ашылды;

1995 жылы Жамбыл облысында Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының мұражайы ашылды;

2010 жылы елордаға сонау 1945 жылы Рейхстагқа тігілген Жеңіс туының көшірмесі әкелінді;

2017 жылы Алматы облысы Алакөл ауданы Еңбекші ауылындағы таулардан шамамен 100-120 жыл бұрын басылып шығарылған жеті ежелгі кітап табылды.

         5 мамырда әлемде туған танымал тұлғалар

1940 жылы кеңестік және ресейлік сықақшы, жазушы-сатирик, сценарист, радио және тележүргізуші Лион Измайлов дүниеге келді;

1937 жылы кеңестік театр және кино актері Юрий Назаров өмірге келді (фильмдері: "Земля Санникова", "Андрей Рублев", "Адъютант его превосходительства");

1966 жылы ресейлік эстрада әншісі Ирина Салтыкова туды;

1988 жылы британиялық әнші, композитор Адель дүниеге келді.

         5 мамырда Қазақстанда кімдер туды

1896 жылы әйгілі актер, ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР Халық әртісі Серәлі Қожамқұлов өмірге келді;

1916 жыл Кеңес Одағының Батыры Виталий Королев дүниеге келді;

1920 жылы қазақ жазушысы, ақын Құрманғали Ұябаев туды;

1926 жылы қобызшы, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Фатима Балғаева өмірге келді;

1943 жылы жазушы Серік Әбдірайымұлы дүниеге келді;

1943 жылы жазушы Сейітқазы Досымов туды;

1962 жылы әнші, сазгер, заманауи хит-әндердің авторы Еркеш Шәкеев өмірге келді;

1968 жылы ауыл шаруашығылы министрі Сапархан Омаров дүниеге келді.  

         Ай күнтізбесі

Ай Торпақ белгісінде орналасады. Бүгін – өзгерістер күні, оның қандай болатыны сіздің қабылдауыңызға байланысты. Келеңсіз жайт бола қалса, бас қатырып, уайымдамаңыз. Барлық мәселе өз-өзінен шешіледі. Айналаңыздағы адамдардың бірі күтпеген жерден қол ұшын созуы мүмкін.

Жаңалықтар
0