Қалам мен қағаз

Абайдың қара сөздері (1-15)

80133
(Жаңартылды 20:53 27.11.2019)
Абай Құнанбайұлының қара сөздерін Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз. 2020 жылы ұлы Абайдың 175 жылдығы аталып өтеді

Абайдың 1 (бірінші) қара сөзі

Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.

Тағы оқыңыз: Абайдың қара сөздері (16-30)

Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!

Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.

Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік.

Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық?

Тағы оқыңыз: Абайдың қара сөздері (31-45)

Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен керерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.

Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.

Абайдың 2 (екінші) қара сөзі

Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді "енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде "әке-үке" десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, "сарт-сұрт деген осы" деп. Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: "түйеден қорыққан ноғай, атқа мінсе – шаршап, жаяу жүрсе – демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңші, түкке ыңғайы келмейді, солдат ноғай, қашқын ноғай, башалшік ноғай" деп. Орысқа да күлуші еді: "ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс" деп.

Тағы оқыңыз: Абайдың 175 жылдығы қалай тойланады - Тоқаев жарлыққа қол қойды

Орыс ойына келгенін қылады деген... не айтса соған нанады, "ұзын құлақты тауып бер депті" деп.

Сонда мен ойлаушы едім: ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп, әлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.

Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда. Оның малдыларына, құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: "сәнің шақшы аяғың білән пышыратырға қойған идән түгіл, шық, сасық казақ", - деп үйінен қуып шығарады. Оның бәрі – бірін-бірі қуып қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып, зор болғандық әсері. Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?

Абайдың 3 (үшінші) қара сөзі

Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы  жоқ жандар  шығады.

Тағы оқыңыз: Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы туралы қызықты деректер

Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден  кетпек – әр қазақтың ойы осы.

Осылар біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әрі-беріден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке болыстық, билікке таластық.

Сонан соң не момынның баласы бөтен жаққа шығып, еңбек қылып, мал іздемейді, егін, сауданың керегі жоқ болады. Өз басын өзі осындай таласпенен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен сатады да жүреді. Ұрылар тыйылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлығын ешкім сүйемес еді. Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап, сүйеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады.

Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік "шапты, талады" деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание – тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін. Ол адам басын құтқармақ үшін жамандарға жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені. Ол болыс болғандар өзі  қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, өзіме дос болып, жәрдемі тиеді деп, егер қас болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан келеді деп.

Осы күнде қазақ ішінде "ісі білмес, кісі білер" деген мақал шықты. Оның мәнісі: "ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалылығынан жетерсің" деген сөз. Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы "Сені біз сайламадық па?" деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күні өтеді. Енді несі қалды? Осы қазақ халқының осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келеді: Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадәрлі орысша образование алған кісі болсын. Егер де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уезный начальник пенен военный губернатордың назначениесімен болады десе, бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Оның себебі: әуелі – қызметқұмар қазақ балаларына образование беруге ол да – пайдалы іс, екінші – назначениемен болған болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.

Тағы оқыңыз: Халықаралық валюта қорының басшысы Абайдың сөзіне құлақ асуға үндеді

Уә және назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді, бәлки жоғалар еді. Уә және әрбір болыс елде старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы "Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын", Әз Тәуке ханның Күлтөбенің басындағы күнде кеңес болғанда "Жеті жарғысын" білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ.

Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: "Би екеу болса, дау төртеу болады" деп. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы әшкере білінгендікпенен түссе, әйтпесе түспесе.

Ол билерге даугер адамдар қалмай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе; егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай, бітім болар еді.

Абайдың 4 (төртінші) қара сөзі

Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, өлмеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалмаса керек.

Тағы оқыңыз: Каир қаласында Абай ескерткіші ашылды

Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кәніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздығыңа уайым-қайғы қыл дағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харекет табу керек һәм қылу керек. Әрбір орынды харекет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа, орынды харекетпен азайт!

Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып қалмақ, ол өзі де – бір антұрғандық. Және әрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болғаныңнан күл, ызалы күлкі – ол өзі де қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, әрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рахаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан тапқандығын ғибрат көріп күл. Әрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады. Көп күлкінің бәрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау, құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен, жүректен келмейді, қолдан жасап, сыртыменен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің әнін сәндеп, әдемішілік үшін күлетін бояма күлкі.

Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.

Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды.

Абайдың 5 (бесінші) қара сөзі

Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: "Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!" деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы – жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың: әуелі – "Түстік өмірің болса, күндік мал жи", "Өзіңде жоқ болса, әкең де жат", "Мал – адамның бауыр еті", "Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық", "Ер азығы мен бөрі азығы жолда", "Ердің малы елде, еріккенде қолда", "Берген перде бұзар", "Алаған қолым – береген", "Мал тапқан ердің жазығы жоқ", "Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз", "Қарның ашса, қаралы үйге шап", "Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без" деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.

Тағы оқыңыз: 21 жасында Кеңес одағының батыры: Сағадат Нұрмағамбетов туралы не білеміз?

Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен.

Бұлардың жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?

Абайдың 6 (алтыншы) қара сөзі

Қазақтың бір мақалы: "Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік" дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?

"Ырыс алды – тірлік" дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.

Кеселді жалқау, қылжақбас,

Әзір тамақ, әзір ас,

Сыртың – пысық, ішің – нас,

Артын ойлап ұялмас, болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.

Абайдың 7 (жетінші) қара сөзі

Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, "ол немене?", "бұл немене?" деп, "ол неге үйтеді?" деп, "бұл неге бүйтеді?" деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.

Тағы оқыңыз: Қабдеш Жұмаділов 83 жаста: шекараны бұзып, Қытайдан 200 мың қазақты бастап келген жазушы

Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі "бұл немене, ол немене?" деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?

Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: "Ой, тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің!" - дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.

Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.

Абайдың 8 (сегізінші) қара сөзі

Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?

Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтармыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де, қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба, немесе халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығындап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? - деген ебіне қарай біреуді жетілтейін деп, біреуді құтылтайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді.

Тағы оқыңыз: Мағжан Жұмабаев туралы не білеміз?

Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, Құдай Тағаланы да паралап алам дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де, қолы тие ме? Ол малды суармақ, тойғызбақ, саудасын жиғызбақ, күзеттірмек, ұры-бөрі, қыс, суық-сұғанақ – солардан сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ. Оның бәрін жайғастырып, аяғын алып келіп мақтанға орналастырғанша қашан? Қолы тимейді.

Енді ұры-залым, сұм-сұрқия өздері де тыңдамайды. Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнін де көре алмай жүр. Аналар анадай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын? Және де білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ: "Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға айт!" дейді. Оның өзгеменен ісі жоқ, ана алдындағы үшеуіндей болған жанның ойында ешбір қайғысы, мұңы болмаса керек.

Абайдың 9 (тоғызыншы) қара сөзі

Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, "не қылды, не болды?" демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай?  Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді.

Тағы оқыңыз: Шерхан Мұртазаның шерлі сөздері

Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі. Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде "әттегене-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!" деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге.

Абайдың 10 (оныншы) қара сөзі

Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?

Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді?  Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?

Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма? Ахирет үшін бала тілегенің – балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?

Қартайғанда асырасын десең, о да – бір бос сөз. Әуелі – өзің қаруың қайтарлық қартаюға жетемісің, жоқ па? Екінші – балаң мейірімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші – малың болса, кім асырамайды? Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары – ол да екі талай. Хош, құдай тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің. Әуелі өз күнәңді өзің көтергеніңмен тұрмай, балаңның күнәсіне тағы да ортақ боласың. Әуелі балаңды өзің алдайсың: "Әне, оны берем, міне, мұны берем" деп. Басында балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? "Боқта!" деп, біреуді боқтатып, "кәпір – қияңқы, осыған тимеңдерші!" деп, оны мазаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, "пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді" деп, тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?

Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол.

Тағы оқыңыз: Смағұл Елубай: Құдайын ұмытқан қазіргі қоғамнан қорқамын...

Бұл – құдайдан тілеген емес. Бұл – абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады. Бейнет, күйігі, ызасы – сол үшеуінен басқа ешнәрсе бойында қалмайды. Барында баймын деп мақтанады. Жоғында "маған да баяғыда мал бітіп еді" деп мақтанады. Кедей болған соң, тағы қайыршылыққа түседі.

Абайдың 11 (он бірінші) қара сөзі

Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелі – ұрлық, ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып мал алам деп, ұрыға атымды сатып пайдаланам деп, не өткізбесін арзанға түсіріп алам деп жүр. Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең кеп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр. Кім азса, мен соған керек боламын деп, к...н қыздырып алып, өзін бір ғана азық қылайын деп жүр.

Тағы оқыңыз: Нақақтан-нақақ жала жабылды: Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова туралы не білеміз

Ұлықтар пәлі-пәлі, бұл табылған ақыл деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп жүр. Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр. Осы бір ұры, бұзақы жоғалса, жұртқа ой да түсер еді, шаруа да қылар еді. Бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел секілденіп талапқа, тілеуге кірісер еді. Енді жұрттың бәрі осы екі бүлік іске ортақ, мұны кім түзейді? Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме? Ұрыны тыю да оңай болар еді, бірақ осы бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды?

Абайдың 12 (он екінші) қара сөзі

Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі – иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші –  үйреніп жеткенше осы да болады ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин, кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп, оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.

Абайдың 13 (он үшінші) қара сөзі

Иман деген – алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ. Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз.

Тағы оқыңыз: 17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы қызықты деректер

Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде құдай тағала кеңшілігімен кешеді-дағы демесін, оның үшін құдай тағаланың ғафуына яки пайғамбарымыздың шафағатына да сыймайды, мүмкін де емес. "Қылыш үстінде серт жоқ" деген, "құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ" деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын.

Абайдың 14 (он төртінші) қара сөзі

Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың "жүректісі" мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры – әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.

Тағы оқыңыз: Брюс Лиден де мықты: 6 дан дәрежесін алған тұңғыш қазақ Мұстафа Өзтүрік туралы не білеміз?

Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі "айда, батырлап!" қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?

Абайдың он бесінші (15) қара сөзі

Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.

Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен.

Есер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп, жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.

Тағы оқыңыз: Абай атындағы мемлекеттік музыкалық қазақ драма театры

Үшінші – әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен. Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, "ананы-мынаны" дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісілер ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к...н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім.

Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?

80133
Кілт сөздер:
Абай
Тақырып:
Абайдың 175 жылдығы (61)
Сайлау, дауыс беру, иллюстративті сурет

Мәжіліс сайлауы: кім дауыс бере алады

432
Мәжіліс сайлауында дауыс беруге құқылы сайлаушылар, дауыс беру уақыты мен тәртібі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Мәжiлiс депутаттарын сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Азаматтар жасырын дауыс береді және сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасауға тыйым салынады.

Сайлаушылар тізімінде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшiн – қосымша күнi мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетiледi.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді

Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне жүгінуге құқылы. Жазбаша өтiнiшті сайлаудан кемінде отыз күн бұрын беру керек.

Азамат өтiнiш жасаған соң, әкімдік оны тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығарып, сол қаладағы дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзеді.

Дауыс беру уақыты

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Алайда учаскелiк сайлау комиссиялары басқа уақытты белгiлей алады. Бұл орайда дауыс берудi сағат 06.00-ден ерте бастап, сағат 22.00-ден кеш аяқтауға болмайды.

Учаскелiк сайлау комиссиясы азаматтарды дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, БАҚ арқылы, сондай-ақ, өзге де әдiстермен хабардар етуі тиiс.

Дауыс беру тәртібі

Учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс берудің басталуына бiр сағат қалғанда дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастайды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан 30 минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар-жоғын, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады.  Комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Бюллетеньдер сайлаушылар тiзiмі негiзiнде жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң берiледi.

Сайлаушылар тiзiмге бюллетеньдердi алғаны туралы қол қояды.

Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясы төрағасы мен хатшысының бюллетень бepуге құқығы жоқ.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

432
Кілт сөздер:
сайлау, Мәжіліс
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Мәжіліс залы

Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

732
(Жаңартылды 18:32 27.09.2020)
Қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Қазақстан президенті парламент сайлауының өтетін күнін 2020 жылдың 24 қазанынан кешіктірмей белгілеуі тиіс

Парламент – Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: сенаттан және мәжілістен тұрады.

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 107 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Сайлауды кім және қалай тағайындайды

Мәжілістің соңғы сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтіп, бірінші сессия 2016 жылдың 25 наурызында ашылған еді. Тиісінше, қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Конституцияға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауы парламенттің жұмыс істеп тұрған шақырылымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Осылайша, төменгі палата депутаттарының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

"Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауын президент депутаттар өкiлеттігінің бiтуiне кемiнде бес ай  қалғанда тағайындайды.

Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Үміткерге қойылатын талаптар

Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан, жасы жиырма беске толған адам мәжіліс депутаты бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Мыналар:

  • сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • сот сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам парламенттің депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, кандидат бола алмайды.

Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркелген саяси партиялар, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттарды Ассамблея кеңесі ұсынады.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.

Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын үміткерлерді ұсыну сайлаудан 2 ай бұрын басталып, оған 40 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

ҚХА сайлайтын кандидаттарды ұсыну сайлаудан 1 ай бұрын басталып, оған 20 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Кандидатураны алып тастау

Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

732
Кілт сөздер:
сайлау, мәжіліс депутаты, Мәжіліс
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Нидерланды, архив

Ресей еуропалықтарды өзара сыйластыққа негізделген диалогқа мәжбүрлемек пе?

0
Еуропа Ресей Федерациясының MH17 рейсінің күйреуіне байланысты Нидерланды және Австралиямен үшжақты консультациядан шығу туралы шешіміне байланысты шу шығарды

Алайда бұл шудың табиғаты мен жоғары лауазымды шенеуніктердің сөздері батыстың қайғылы жағдайдың себептерін анықтауға қатысты ниетінің шынайы еместігін көрсетеді, деп жазады РИА Новости. 

Нидерланды сыртқы істер министрі Стеф Блоктың: "Бүгін Ресей Федерациясы MH17 рейсінің жойылуы төңірегінде өз жауапкершілігіне қатысты келіссөздерді тоқтату туралы біржақты шешім қабылдады" деген ресми мәлімдемесінен осыны аңғаруға болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылдың шілдесінде малайзиялық "Боинг" ұшағы апатының мән-жайына қатысты алғашқы консультация 2019 жылдың басында өткен болатын. Ресей тарапы бірден: "Олардың назары "апатқа байланысты Ресейдің заңды тұрғыдағы жауапкершілігін мойындауға" емес, осы оқиғаға байланысты және оның шынайы себептерін анықтауға бағытталған түбегейлі маңызды мәселелердің барлығына аударылатын болады" деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Мәскеу соғыс жүріп жатқан аймақта өз әуе кеңістігін жаппағаны үшін Украинаның жауапкершілігі мәселесін қарау қажеттігін баса айтты.

Әрине, Блок мұны жақсы біледі. Бірақ шындықты әдейі бұрмалап отыр. Ресейдің нәтижесіз консультациялардан бас тартуы "әсіресе, құрбандардың туыстары үшін ауыр тиді" деген сөзі осыған дәлел бола алады.

Мәскеуді осы шешімі үшін айыптауға асыққан батыстың көптеген қайраткері де құрбандар тақырыбына қатысты шындықтан алшақ кетуге тырысуда. Осылайша, АҚШ-тың Нидерландыдағы елшісі Пит Хукстра Ресейдің консультациядан шығуын "құрбан болғандардың туыстарына және олардың әділеттілікке ұмтылысына жасалған кезекті бір соққы" деп мәлімдеді.

Мұндай жаңалықтарды шенеуніктер ұсынған қалыпта қабылдаған кейбір голландықтар реакциясының қатал шыққаны таңғаларлық емес. Мысалы, Блок оқырмандарының бірі бірден Ресейге қатысты: "Нидерландыдан барлық ресейлікті дереу шығарыңыз, елшілікті толығымен жабыңыз, Ресеймен сыртқы сауданы тоқтатыңыз, енді Ресей газын сатып алмаңыз. Біздің флотты Қырымға жіберіңіз" деп ашулы кеңес берді.

Алайда ешкім көңілі қалған Голландия қоғамына Мәскеудің мұндай қадамға не үшін барғанын нақты түсіндіріп бермей отыр. Ресей сыртқы істер министрлігі бұған дейін егер голландықтар ақыр аяғында басқа жолды таңдамаса, яғни Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа Ресейге қарсы шағым түсірмесе, консультацияны айрықша ынтызарлықпен жалғастыратынын түсіндірген еді.

Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде: "Нидерландықтардың достық пиғылға жат мұндай әрекеттері үшжақты консультацияның жалғасуына және оған Ресейдің қатысу тетігіне нұқсан тигізеді. Ендеше, үшжақты консультацияның бұзылуына байланысты жауапкершілік толықтай ресми Гаагаға жүктеледі" делінген. Батыс баспасөзі міне, осы жәйтті көрсетпеуге, тіпті бұл туралы мүлде жақ ашпауға тырысуда. Айтпақшы, Гаага Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа шағым түсіру арқылы құрбан болған жандардың туыстарына зиян тигізіп отырғанын айтқан жөн.

Шындығында, нидерландықтар Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа бірнеше рет шағым түсірген. Алғашқысы 2016 жылдан бері қаралып келеді, кейін ол жаңа шағыммен толықтырылды. Ол кезде MH17 ұшағына қатысты іс жан-жақты қаралып жатты. Ал осы жылдың 10 шілдесінде Нидерланды үкіметі сол сотқа мемлекетаралық шағым түсіреді, оны сол жерде қаралып жатқан істерді қолдау мақсатында түсіргенін мәлімдейді.

Белгілі бір мәселе бойынша Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа мемекетаралық шағым түсірген кезде, осы мәселе бойынша сол жерде қаралып жатқан барлық жеке істің тоқтатылатыны белгілі. Бұл 2018 жылы Еуропалық кеңеске мүше мемлекеттер бірауыздан қабылдаған Адам құқықтары туралы еуропалық конвенция жүйесін реформалау туралы Копенгаген декларациясының 45-тармағында нақты көрсетілген.

Сондай-ақ, Нидерландының Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа түсірген шағымы басқа заңды органмен - Украинаның Ресейге қарсы ісін қарастырып жатқан БҰҰ-ның халықаралық сотымен мүдделер қақтығысын тудыруы мүмкін екенін ұмытпаған жөн, оған MH17-ге қатысты жауапкершілік те кіреді. Еуропалық сот (ЕО-дағы жоғарғы инстанциялық сот) 2014 жылы Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотта қаралатын мемлекетаралық істер басқа халықаралық сот органдарының юрисдикциясын бұзбауы керек деген пікірін білдірді. Демек, Нидерланд үкіметі жекелеген істерді қарауды кешіктіріп қана қоймай, әртүрлі инстанциялар арасында мүдделер қақтығысын туғызып отыр, бұл да іске кедергі келтіруі мүмкін.

Бұл жерде заңды сауал туындайды: Гаагаға дәл қазір жанжалға негізделген шағымын түсіре отырып, бір уақытта Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сот пен Ресеймен консультация мәселесі төңірегінде сот процесін бастау не үшін қажет болды? Бір қызығы, Нидерланд баспасөзі өзінің премьер-министрі Марк Рюттенің бұл сұраққа жауабын талап еткен емес. Марк Рютте тек: "ең жақсы уақытты таңдадым" дегенді ғана айтты, бірақ неге олай ойлайтынын түсіндіруден бас тартты.

Біріншіден, тағайындалған төрт "айыпталушының" MH17-тің жойылуына еш қатысы жоқ. Екіншіден, ресейлік арнайы қызметтің офицерін (демек, Ресей мемлекетін) осы процеске қатысты етіп көрсетуге тырысқан әрекет сәтсіз аяқталды. Есіңізде болса, 2018 жылдың көктемінде бүкіл әлемде бұқаралық ақпарат құралдары антиресейлік Bellincgat құрылымының ұсынысы бойынша бұл оқиғаға қатысты етіп Олег Иванниковтың есімін көрсетті. Алайда MH17 ісі бойынша Гаагада өткен алғашқы сот отырысында прокурорлар Иванниковты күдікті деп санамайтынын және бұл іске ешқандай қатысы жоқ екенін айтқан еді. Дегенмен, БАҚ бұл фактіні мүлдем елемеуге тырысты. 

"Боингте" қаза тапқандардың туыстары істің тұйыққа тірелуіне қатысты қатты алаңдайтынын америкалық елші Хукстраға жолдаған хатында білдіреді. Олар 2014 жылы мемлекеттік хатшы Джон Керри айтқандай, АҚШ-ты оқиғаға қатысты спутниктен түсірілген суреттерді сотқа ұсынуға шақырды. Алайда, ешқандай суреттер жіберілмеді. Бірақ Хукстра қазір қаза тапқандардың туыстарына алаңдап отырғандай сыңай танытып, белгілі бір дәрежеде бұған Ресейді айыптап отыр.

Соттағы істің тұйыққа тіреліп жатқанын түсінген Гаага Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа шағым түсіретін қадамға дейін барады. Ондағы көздеген мақсаты – жаңа шағым арқылы сот процесін мейлінше созу.

Ендеше, Нидерландымен, тіпті ресми емес топ шеңберінде болса да, қандай да бір диалогты бастаймын деп үміттенген Ресей не істеуі керек еді? Егер екінші тарап бәрін өзі шешіп қойған болса, қандай диалог туралы әңгіме айтуға болады?

Осындайда Сергей Лавровтың "Батыстың сыртқы саясатқа жауап беретін азаматтары өзара сыйластықтың қажет екенін түсінбейді. Мүмкін, біз олармен сөйлесуді біраз уақытқа доғаруымыз керек" деген сөзі еске түседі: Ресейдің MH17 бойынша консультациядан шығу туралы шешімі министрдің осы сөзін жүзеге асыру бағытында жасалған алғашқы қадамы деуге болады.

0