Ақтоты Райымқұлова

Жаңа мәдениет министрі: Ақтоты Райымқұлова туралы не білеміз?

2597
(Жаңартылды 20:59 17.06.2019)
Қазақстанның жаңа мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 25 ғылыми еңбектің авторы

2019 жылдың 17 маусымында Ақтоты Райымқұлова Қазақстанның мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалды. 2014 жылдан бері бұл қызметті Арыстанбек Мұхамедиұлы атқарған болатын.

Ақтоты Райымқұлова 1964 жылы 2 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. Тұрмысқа шыққан, Оспан және Әлім есімді екі ұлы бар.

Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген. 25 ғылыми еңбектің авторы.

Ақтоты Райымқұлованың шығармалары ресми іс-шараларда орындалады. 

Ол "Ел бақыты", "Apple of Peace", "Көкжал қантатысы", "Толғау", "Дала сыры", "Жәмиля", симфониялық поэмаларының, "Аспан көші" екі актілі балеті, "Алатау" пьесасы, "Соңғы сезім", "Тұзды шөл", "Абай", "Еңлік-Кебек", "Абылайхан", "Адам баласы Қайын", "Естайдың Қорланы", "Гамлет", "Қорқыттың көрі", 'Сыған серенадасы" сынды спектакль, фильмдер мен сериалдардағы саундтректердің авторы.

Ақтоты Райымқұлованың алған білімі

1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын "композиция" және "фортепиано" мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін осы жоғары оқу орнында "композиция" бағыты бойынша аспирантурада оқыды;

2007-2010 жылдары докторлық диссертациясын сәтті қорғап, доктор атанды;
Ресей Федерациясы жанындағы халық шаруашылығы бизнес академиясының МВА дәрежесін алды. Ғылыми атағы – DBA (Doctor of Business Administration).

Райымқұлова қайда жұмыс істеді

Жаңа министр өзінің еңбек жолын Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында педагог болып бастады. Кейін қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында оқытушы қызметін атқарған.

Ақтоты Райымқұлова Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы "дирижер" кафедрасының меңгерушісі, ректордың көмекшісі, доцент, профессордың міндетін атқарушы, әлеуметтік-экономикалық істер жөніндегі проректоры лауазымына дейін жетті. 

2003-2007 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының "Композиция және оркестрлік дирижер" кафедрасының меңгерушісі болған. 

Райымқұлова 2014 жылдың маусымынан қараша айына  дейін  Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер ісі комитетінің төрағасы міндетін атқарушы болды. Бұдан соң екі жыл бойы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаментінің директоры болып қызмет етті.

2016 жылдың 3 қарашасынан мәдениет және спорт вице-министрі қызметіне тағайындалды.

2019 жылдың 17 маусымынан ҚР Мәдениет және спорт министрі.

Министрдің марапаттары

Ақтоты Райымқұлова – көптеген байқаудың лауреаты;

  • Бүкілодақтық жас композиторлар байқауының лауреаты және дипломанты (Мәскеу, 1984, 1987). Республикалық композиторлар конкурсының лауреаты 1992, 1995, 1997, 1998, 2000);
  • 1997 жылы Қазақстан президенті стипендиясының иегері;
  • 1998- Қазақстан жастар одағы сыйлығының лауреаты;

Тағы оқыңыз: Арыстанбек Мұхамедиұлы ұжымымен қоштасты

  • 2010 - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
  • 2012 - "Тәуелсіздік толғауы" ІІІ республикалық конкурсында І орынға ие болды;
  • 2013 - Қазақстанның жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы атанады;

Ақтоты Райымқұлова мәдениет және спорт министрлігінің,  білім және ғылым министрлігінің, ҚР ақпарат және коммуникация министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған. Сонымен қатар Қазақстан композиторлар одағының және халықаралық заманауи музыка қауымдастығының мүшесі.

2597
Кілт сөздер:
министр, мәдениет, Ақтоты Райымқұлова
Тақырып:
Өмірбаяндар (117)
Тақырып бойынша
Тоқаев Арыстанбек Мұхамедиұлын қызметінен босатты
"Тосын сый болады": Еуразия кинофестиваліне Голливуд жұлдызы келеді
Әйгілі "Ер Тұғырылдың" режиссері Қасым хан жайлы кино түсіретін болды
"Сөзбен жеткізу қиын" Мұхамедиұлы президенттер алдында өнер көрсетті
Димаш мемлекеттік наградаға қашан ұсынылады – Мәдениет министрлігі жауап берді
Книжная полка

"Мемлекеттік қызметте жүру қиын болды": жазушы Төлен Әбдік жайлы қызық деректер

85
(Жаңартылды 18:05 14.06.2021)
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Төлен Әбдік жайлы Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі ерекше есімдердің бірі – Төлен Әбдік. Қазақ прозасында ерекше қолтаңбасы бар қаламгер 1942 жылы 4 қыркүйекте Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген.

"Әкем мен шешем кәдімгі, қарапайым адам болатын. Елге белгілі адам емес, бірақ әркімнің ата-анасы өзіне өте қымбат қой. Ол сені дүниеге әкелді, өлшеусіз жақсы көрді, сен үшін жанын қиюға бар. (...) Әке-шешем мені шексіз жақсы көретін. Өйткені мен жалғыз бала болдым", - дейді Төлен Әбдік ата-анасы жайлы.

"Әлекең өзіндік юморы бар керемет, сұлу адам болатын. Орта бойлы еді. Жарықтық қулық айтар кезінде көзі бір күлімдейтін еді, сол кезде таза сүйкімді болып кететін еді. Әкесінің тәрбиесінде өскеннен болар Төленнің әр шығармасында әдемі юмор бар", - дейді Төлен Әбдіктің досы, жазушы Қойшығара Салғара.

Қаламгердің қызмет жолы

Төлен Әбдік 1965 жылы қазіргі  Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Шығармалары 1964 жылдан бастап түрлі газет-журнал беттерінде жарияланды.

"Адам алдына үлкен мақсат қойғаннан кейін, мысалы ғылым әлемінде қалай болғанда да үлкен жаңалық ашуға тырысады. Оның қандай жаңалық болатыны – екінші әңгіме. Сенің ашқан жаңалығың халқыңа, еліңе, адамзатқа қалай әсер етеді деген шекараны сезу ғой", - дейді Төлек Әбдік.

Ал қаламгер қалам тартқан тақырып жайлы жазушы-досы Қойшығара Салғара: "Төлен не жазу керек екенін толық меңгерген адам. Бар айыбы оның жетістігі де шығар. Сирек жазады, бірақ әр шығармасы оқырманын ерекше күйге бөлейді, ойға шақырады, еріксіз ойландырады. Қаламынан шыққан шығарманың  әрқайсының өзінше жаңалығы бар", - дейді.

Жазушы 1965-1970 жылдары "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті.

1970-1977 жылдары "Жалын" альманахында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды. 1977-1979 жылдары "Қазақфильм" киностудиясында бас редактор, 1979-1990 жылдары Қазақстан орталық партиясында жауапты қызметте болған.

Біраз жыл "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағының екінші хатшысы болып істеді. 1993 жылы ҚР президенті әкімшілігіне жауапты қызметте болды.

1997 жылдан Қазақстан президенті аппаратының ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары болған.

"Мемлекеттік қызметте жүру маған қиын болды. Бұл уақытта өсіп қалған адамбыз. Жазушылар одағында, баспаларда жұмыс істеп қалғанбыз. Содан кейін орталық комитетке келіп жұмыс істеу – ауыр шаруа. Галстугың қисаймай, барлық түймені салып жүру керек. Осының бәрі адамды қинайды, еркін жүргің келеді. Кішкене өмірімді жеңілдеткен нәрсе Әбіш Кекілбай, Марал Ысқақбай, Әшірбек Сығай төртеуміздің бір бөлімде істегеніміз. Өзгелерге ұқсамаймыз, әзіл айтып, күліп, мәз болып жүреміз", - дейді Әбдік.

Жазушы шығармалары

"Бүгінгі тарихқа да, баяғы тарихқа да сын көзімен қарауға қалыптасқанмын. Қазір хандарды көкке көтеріп, фильм түсіріп жатамыз ғой. Хандарды көкке көтерудің қажеті жоқ. Қазақтың халық ауыз әдебиетінде хандар жыры деген жоқ, батырлар жыры деген бар", - дейді жазушы.

Төлен Әбдіктің алғашқы шығармасы университет қабырғасында көңіліне ұнаған бойжеткенге байланысты жазылған. Замандастарының айтуынша, сол күнде жас та болса сол әңгімесі өз ортасында біраз талқыланып, жақсы бағаланған. Одан кейінгі жылдары "Көкжиек" (1969 жыл), "Күзгі жапырақ" (1971 жыл), "Ақиқат" (1974 жыл), "Айтылмаған ақиқат" (1979 жыл) әңгіме, повестер жинақтарын, "Өліара" (1985 жыл), "Ақшоқыда қыс қатты" (1987 жыл), "Парасат майданы" (2002 жыл) романдары жарық көрді.

"Өліара" романын жазған кезде қиналдық. Жоспар деген болады, соған үлгеруің керек. Жоспарда тұрған соңғы жүз беттей бітпеген. Содан бір шипажайға жолдама алып, барып бір күн ұйықтадым. Кешкі сағат сегізден таңғы сағат сегізге дейін отырдым. Менің бір жаман жерім түнде жазамын", - дейді қаламгер.

Айтуынша, күніне 12 беттен жазған.

Сонымен қатар қаламгердің әңгіме, повестері орыс тілінде "Истина" (1980 жыл, 1981 жыл) деген атпен шықты. Грек аңыздары – "Эллада ерлерін" (1977 жылы) қазақ тіліне аударған.

"Біз үшеу едік" драмасы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда сахналанған.

"Маған әкемнің барлық шығармасы ұнайды. Ішінде ерекше ұнайтыны - "Әке" және "Өліара". Себебі "Әке" өзіміздің өмірбаянымызға байланысты жазылған. Өте жақсы көретін Әбдік атам шығарма прототипі", - дейді қаламгердің қызы Қарлығаш Әбдікова.

Төлен Әбдіктің үлкенді-кішілі отызға жуық еңбегі бар. Себебі автор әр кейіпкерінің мінезін зерттеп, өлшеп жазады. Ал оның образдары қиялдан емес, сіз бен біздің жанымыздағы адамдар.

Қаламгердің жары Күлән Ашуова Төлен Әбдіктің адалдығын жоғары бағалайды. "Жас күнінде өмірі кекірейіп, жан-жағына қарамай жүретін. Кеудесін жоғары ұстайтын. Өзі бір адам менсінбейтін деп ойлайтынмын. Сөйтсем кәдімгі қарапайым, өркөкіректік жоқ екен, Құдай берген таланты, талабы бар. (...) Төленнің жаратылысы адал жігіт. Мен оған үлкен әдеби сын айта алмаймын, бірақ "мына жері келіспей тұр" деген ой айтамын. Соны оқып шығады да, "шынында бірдеңе бар екен" деп, жөндейді", - дейді жазушының жары.

"Адамды жануарлар әлемінен бөліп ұстайтын – адамгершілік. Сондықтан адамгершілік қасиет тәрбиемен келеді, ата-анаңның бойынан да келуі мүмкін. Содан кейін білім деген болады, білімнің ішінде әдебиет пен өнер", - дейді қаламгердің өзі.

Марапаттары

Қаламгер 2002 жылы президент жарлығымен "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағымен марапатталды.

2003 жылы Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлығы мен алтын медалу берілді.

2004 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

2013 жылы "Парасат" ордені берілді.

85
Кілт сөздер:
жазушы
Тақырып:
Өмірбаяндар (117)
Тақырып бойынша
"ХХ ғасыр Гомері" деген бағаға ие болған Жамбыл Жабаев жайлы қызықты деректер
"Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі
Адам жанының суреткері Қадыр Мырза Әли туралы не білеміз
"Әйеліме тамақ тауып берудің өзі оңай болмады": ақын Қасым Аманжолов жайлы не білеміз
"Туып-өскен үйім – домбыра, ән, күй, жыр": Ахмет Жұбанов жайлы не білеміз
Қарт әйел, архивтегі сурет

Қазақстанда зейнет жасы қашан көтеріледі

3641
Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін кезең-кезеңмен көтеріледі. Олар құрметті демалысқа ерлер сияқты 63 жаста шығады

Қоғам белсенділері мен депутаттар талай рет зейнет жасын төмендетуге шақырды, алайда билік бұл соңғы шешім екенін айтудан жалығар емес.

Қазақстандағы әйелдердің зейнет жасы

2021 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда әйелдер үшін зейнет жасы – 60 жас.

Зейнет жасының кезең-кезеңмен өсуі 1960 пен 1964 жылдар аралығында туған қазақстандықтарға қатысты.

2027 жылы елдегі әйелдер зейнетке 63 жасында шығады:

  • 2022 жылдың 1 қаңтарынан — 60,5 жас;
  • 2023 жылдың 1 қаңтарынан — 61 жас;
  • 2024 жылдың 1 қаңтарынан — 61,5 жас;
  • 2025 жылдың 1 қаңтарынан — 62 жас;
  • 2026 жылдың 1 қаңтарынан — 62,5 жас;
  • 2027 жылдың 1 қаңтарынан — 63 жас.

Кімдер зейнетке ерте шыға алады

  • 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер – 53 жас;
  • Семей ядролық сынақ полигонының төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында 1949 жылдың 29 тамызы мен 1963 жылдың 5 шілдесі аралығында кемінде бес жыл тұрған қазақстандықтар: ерлер – 50 жаста, әйелдер – 45 жаста.

Зейнет жасын төмендету  

Қазақстанда зейнет жасын төмендету туралы ұсыныстар ара-тұра айтылып тұрады.

Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов зиянды және қауіпті өндірістерде істейтін жұмысшылардың зейнет жасын төмендету қажет деп санайды. Ол ұзақ жылдарға созылған ауыр жұмыс қазақстандықтардың денсаулығына кері әсер ететінін мәлімдеді.

Үкімет бұл депутаттық сауалға "еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зейнетақыны көтеру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп жатыр" деп жауап берді.

Тағы оқыңыз: Мүгедектер одағының төрағасы зейнет жасын төмендету жайлы: бір шартым бар

Мәжілісмен Александр Милютин кеншілер, металлургтер, өнер адамдары мен балериналарды зейнетке ерте шығаруды ұсынды. Билік бұл санаттағы азаматтардың зейнет жасын төмендету зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін нашарлатып жіберетінін айтты.

Сонымен қатар Милютин ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын 60-қа дейін түсіруді ұсынды.

Үкіметтегілер құрметті демалысқа ерте шыққан жағдайда, қазақстандықтар зейнетақы жинағын жеткілікті көлемде жинап үлгермейді деп есептейді.

"Қазақстан халық партиясының" парламенттік фракциясы мүгедектігі бар адамдардың зейнеткерлікке шығу жасын төмендету бастамасын көтерді. Үкіметтен бұған да мардымды жауап келмеді.

3641
Кілт сөздер:
зейнет жасы
Встреча президентов России и США В. Путина и Дж. Байдена в Женеве

Путин мен Байден кездесуінен кейін әлемдік саясат қалай өзгереді

0
Сарапшылар Путин мен Байден кездесуінен кейін әлемдегі саяси жағдай қалай өзгеретіні туралы пікірін бөлісті

НҰР-СҰЛТАН, 17 маусым — Sputnik. Күні кеше ғана Женевада Ресей мен АҚШ президенттерінің кездесуі өтті. Екі көшбасшы да кездесуге көңілдері толатынын жеткізді. Алайда бұл кездесу екі елдің арасындағы шиеленістің біршама бәсеңдеуіне ықпал етті ме? Қос көшбасшының диалогы Ресей Федерациясының Еуропамен қарым-қатынасына қалай әсер етеді? Осы туралы Sputnik материалында толығырақ.

Болашаққа бағдар

16 маусымда Женевада Владимир Путин мен Джо Байденнің кездесуі революциялық өзгерістерге алып келмегенімен толыққанды диалогтың бастамасы болуы әбден мүмкін. Саммит қорытындысы бойынша "Россия сегодня" ХАА мультимедиялық баспасөз орталығындағы пікірталасқа қатысқан сарапшылар осындай пікір білдірді.

Ресей мен АҚШ-тың стратегиялық қаруландыруды бақылауда ұстауды көздеуін растайтын бірлескен мәлімдемеге қол қойылуы екі президент кездесуінің маңызды нәтижесі болды. Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің бас директоры Андрей Кортунов осылай деп санайды.

"Стратегиялық шабуылдау қаруларын шектеу туралы шарт бес жылға созылғанымен, уақыт соншалық көп емес. Тараптар қаруландыруды бақылаудың жаңа моделі туралы келісімге келгені жақсы болар еді", - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, өзара консультациялар мәселесіне киберқауіпсіздік проблемаларын қосуға АҚШ-тың келісуі де аса маңызды. Себебі бұған дейін Америка бұл мәселеден түбегейлі бас тартып келді. Сонымен қатар Андрей Кортунов Вашингтон мен Мәскеудегі елшілердің қайтарылуы да болашаққа оптимизммен қарауға себеп екенін айтты.

Ал РҒА АҚШ және Канада институтының директоры Валерий Гарбузов Ресей-Америка қарым-қатынасында проблемалар қордаланып қалғанын және ол бір кездесуде түгелдей шешіле қоймайтынын айтты.

"Бұл саммит консультациялар, келіссөздердің бастауы болуы керек. Егер жұмыс топтары құрылып, кездесулер басталса, мемлекет басшылары телефон арқылы немесе бетпе-бет кездесу арқылы сөйлесетін болса, онда диалог қалпына келеді. Алдағы бірнеше аптада-ақ нәтижесін көре аламыз", - деп болжам жасады ол.

Трамппен кездесуден өзгерек

Женевада өткен саммит Владимир Путиннің 2018 жылы Хельсинкиде Дональд Трамппен кездесуін еске салады, дейді Валерий Гарбузов.

"Трамппен кездесуден де көп нәтиже күтті. Кейбіреулер бұл кездесуді тарихи деп атады. Алайда бәрі құрдымға кетті. Болашақта Женева саммиті де осындай күй кешпесе деймін", - деді сарапшы.

Андрей Кортунов Байденнің Ресей президентімен кездесуді қысқа мерзімде тез ұйымдастыруы да жақсы нышан екенін айтты. Себебі алдыңғы президент Дональд Трамп Владимир Путинмен алғашқы және соңғы кездесуін өткізуі үшін жарты жыл уақыт жұмсаған болатын.

Еуропа, санкциялар және Украина

АҚШ пен Ресей арасындағы аздаған "жылымық" Вашингтонның еуропалық одақтастарының антиресейлік ұстанымын біршама жібітуге ықпал етеді. Сондықтан саммиттің позитивті нәтижесі Мәскеу үшін геосаяси аспектіде де тиімді деп санайды Валерий Гарбузов.

"Брюссельдегі Ресеймен ынтымақтастықты жақтаушылар үшін енді біршама жеңіл болады. Себебі ЕО үнемі Вашингтонға қарайлап келді. Олар Ресей бойынша америкалық позицияны есепке алады. Менің ойымша, Германия, Италия және Франциядағы әріптестерімізге Мәскеумен өзара әрекеттестік бойынша жаңа бастамалар, форматтар ұсыну жеңіл болады", - деп түсіндірді Андрей Кортунов.

Сарашы 2014 жылы жүмысын тоқтатқан Ресей – НАТО кеңесін қайта іске қосуға ықпал етуі мүмкін деп санайды.

Ал ММХҚИ доценті Иван Тимофеев Ресейге қарсы батыстық санкцияларда қандай да бір өзгеріс болмайды деп пайымдады.

"Жақын уақытта ешқандай америкалық санкцияны алып тастамайды. Оған еш себеп жоқ. Бірқатар санкция АҚШ заңнамасында көрініс тапты. Байден оларды "Солтүстік ағын – 2" жобасы секілді тоқтатуы мүмкін, бірақ күшін жоя алмайды. Санкциялар жеңілдетілмейді. Бірақ жаңа қатаң шаралар да енгізілмейді", - деді ол.

0