Ғабит Мүсірепов

Жазушы Ғабит Мүсірепов туралы қызықты деректер

10874
(Жаңартылды 13:40 04.12.2019)
Қазақ сөз өнерінің майталман шебері, сирек талант иесі, көркем сөз зергері, текті қалам иесі, халық жазушысы, драматург, сыншы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Балалық шағы қайда өтті

Ғабит Мүсірепов 1902 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданында шаруа отбасында дүниеге келді. Оның азан шақырып қойған аты – Ғабді әл-Ғабит. Бұл арабша "Құдайдың құлы" деген мағынаны білдіреді. Қаламгердің әкесі Махмұт діни сауатты, өз ортасында беделді, парасатты адам болған.

1908-1910 жылдары өз ауылында молдадан оқып, арабша хат таниды. 1916 жылы Ғабитті нағашысы Оңғарбай шаруаға көмектесуге алып кетеді. Артынша Ақпан көтерілісі басталып, әскерде жүрген Оңғарбайдың балалары елге оралады. Осыдан соң, шаруадан қолы босаған Мүсірепов ауылдағы Ыбырай Алтынсарин жүйесімен ашылған орысша-қазақша бастауыш мектебінде оқиды. Онда ол белгілі ұстаз Бекет Өтетілеуовтен дәріс алады. Мұғалім болашақ жазушының әдебиетке ерекше ықылас аударуына септігін тигізді. Сондай-ақ Ғабит орыс тілін жетік меңгеруге мүмкіндік алды.

1918-1921 жылдары Пресногорьков станциясындағы жоғары жеті жылдық училищеде орысша білімін шыңдайды. Ал 1923 жылы ол жазушы Сәбит Мұқановпен бірге Орынбордағы жұмысшы факультетіне (рабфак) оқуға түседі. Бұл білім ордасында әлем әдебиеті саңлақтары мен XIX ғасырдағы орыс классиктерінің шығармаларымен танысады.

Алғашқы туындысы қабырға газетінде жарияланды

Жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш Мүсірепов жұмысшы факультетінде алғашқы шығармасын жазғанын жеткізді.

"Сәбит Мұқановтың айтуынша, ол рабфактің қабырға газетінде өзінің "Тулаған толқынында" деген очеркін жариялаған. Бұл оның алғашқы шығармасы еді. Көптеген әдебиеттанушы Ғабеңнің алғашқы шығармашылығы "Тулаған толқыннан" басталды деген пікірде", - дейді ол "Ұлт мақтанышы". Ғабит Мүсірепов" деректі фильмінде.

Оның айтуынша, әдебиет зерттеушілері "Тулаған толқынды" таза очерк деп қабылдамайды.

"Олар оны көркем шығарма деп те есептейді. Өйткені бұл шығарманың бойында әрі очерктік сипат, әрі деректілік, әрі көркемдік қасиеттер тоғысқан. Бірақ алғашқы туынды болғандықтан кемшіліктер де бар. Себебі, бұл шығарма сол кездегі кеңестік саясатқа үндес жазылған", - дейді ол.

Әдебиетпен айналысуына кім түрткі болды?

Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің жас айырмашылығы бар болғаны екі жас. Жазушы өзінің "Автобиографиялық әңгімесінде" әдебиетпен шұғылдануына кім түрткі болғанын былайша баяндайды:

"Менің кітапқа деген құмарлығымды, азды-көпті сынай алатынымды байқап, Сәбит маған – "жазуға кіріс" деп мазалап жүрді. "Сәкеннің көрдей қараңғы бөлмесінде Сәбитпен бірге тұрдым. Бейімбет пен Сәкеннің өлеңдерін газет-журналдардан оқи бастадым. Бейімбеттің "Шұғаның белгісі" бір түрлі әдемі жазылғанын көрдім. Ішімнен жазуды қаласам да, қолым бармай жүрген".

Мүсірепов 1926 жылы Орынбордағы жұмысшы факультетін бітіреді. Ал 1926-1927 жылдары Омбы қаласындағы ауылшаруашылық академиясында оқиды. 1927-1928 жылдары Щучинск орман шаруашылығы техникумында оқытушы болып еңбек етеді. 1927 жылдан коммунистік партияның мүшесі атанады.

1928 жылдан бастап Қазақстанның партия, совет баспа орындарындағы әртүрлі жауапты қызметтерде болды. 1928-1932 жылдары Қазақстан мемлекеттік баспаның бас редакторы міндетін атқарды.

1933 жылы Қазақ КСР оқу халық комиссариатының өнер секторының меңгерушісі, 1934-1935 жылдары алдымен "Қазақ әдебиеті" кейін "Социалистік Қазақстан" газетінің бас редакторы болды.

"Бейімбет жау болса, мен де жаумын"

Жазушы 1936 жылы ВКП (б) қазақ өлкелік комитетінің баспасөз бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1937 жылы Қазақстан компартиясы саяси-ағарту бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Қазақстан орталық партия комитетінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. Бірақ шындықтың бетіне тіке қарай алатын Ғабиттің іс-әрекеті кеңес иделогиясына кереғар бола бастайды.

Сталиндік репрессияның зияны Ғабит Мүсіреповке де тиді. Профессор Шериаздан Елеукенов бұл жағымсыз оқиға 1937 жылы болғанын айтады.

"Онда Ғабит Мүсірепов орталық партия комитетінде мәдениет бөлімін басқаратын. Ол жазушылар одағында жиналыс болып жатыр дегенді естіп, сонда барады. Онда отырған адамдар оған "Бейімбет деген жаудың досы келді" деп айтқан. Сонда Ғабекең "Бейімбет Майлиннің ұсталғанын білемін. Бірақ ол қате ұсталып жатыр. Бейімбет жау болса, мен де жаумын" деп, жиналыстан кетіп қалыпты", - дейді ғалым.

Бесеудің хаты

Жазушы мұның соңы жақсы болмайтынын түсінеді. Алайда 1932-33 жылдардағы ашаршылық Ғабит Мүсіреповтің жадында өшпес кезең болып қалды. Қазақтың бір уыс бидайға жарымай қалғаны елінің ертеңін ойлаған қаламгердің жанына қатты батты. Осылайша, бар шындықты бұрмалап, жоғары жаққа "бәрі керемет" деген Голощекиннің саясатын сынағандардың қатарында Мүсірепов те болды.

Тіпті, БК(б)П қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Филипп Голощекиннің жайдарлы отырысын алдына түскен "Бесеудің хаты" өзгертіп жіберген көрінеді.

Хаттың авторлары – Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Емберген Алтынбеков, Мұташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышев.

Салдарынан НКВД-ның офицерлері бесеудің ізіне түсіп, ұстауға себеп іздей бастайды. Барлығы "халық жауы" атанып, қуғынға ұшырайды. Бірақ Мансұр Ғатауллин бар кінәні мойнына алып, ату жазасына кесіледі. Бірақ Ғабеңе де қауіп төнеді. Оған "Тулаған толқында" мен "Шұғыла" шығармаларының мазмұны да елдің колхоздастыру саясатына тікелей қарсы бағытталған деген айып тағылды. Салдарынан 1938 жылдың  Ғабит Мүсірепов қызметтен де алынды, партиядан да шығарылды. Алайда ол абақты мен ажалдан аман қалды.

Осылайша, қаламгер 1938 жылдан 1955 жылға дейін бірыңғай жазушылық еңбекпен шұғылданып, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге кіріседі.

Партия басшылары ауысқан сайын хат жазып, өзінің әділетсіз жазаланғанын түсіндірумен әлек болады. Бірақ одан 1956 жылға дейін еш нәтиже шықпайды. Тек шығармашылығының арқасында ғана жазушы еңсесін көтереді.

Қазіргі таңда қаламгердің шығармалары әлемнің 34 тіліне аударылған. Франция, Англия, Бельгия, Германия, Испания, Венгрия, Въетнам, Моңғолия секілді біршама елдің әдебиет сүйер қауымы Ғабит Мүсірепов шығармаларымен танысып шығуға мүмкіндігі бар. Оның 295 шығармасы орыс тілінде басылып шықты.

"Әлемдік әдебиет кітапханасы" деп аталатын 200 томдыққа Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" эпопеясымен, Ғабит Мүсіреповтың этнографиялық әңгімесі ғана енген.

Мүсірепов өзінің жазушылық еңбегін санмен емес, сапамен өлшеген. Оның қаламынан туған әр шығармасының шоқтығы биік. Ол өмірінің соңына дейін 520 шығарма мен мақала жазды.

"Қазақ солдаты" романы

Қазақ әдебиетінің проза саласында екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған тұңғыш туындыны Ғабит Мүсірепов жазды. Майдан шындығы көрініс тапқан "Қазақ солдаты" туындысы оның тұңғыш романы болды. Қаламгер бұл романды 2-3 рет өңдеген.

"Мен соғыс отын кешкен жоқпын. Майдан сұрапылының суреттерін көз алдыма ақылмен елестетіп жаздым. Шығарманы бірінші жақтан әңгімені геройымның өзіне айтқызып отырып, баяндаған тәсілімде сондықтан еді", - дейді жазушы өз естелігінде.

Жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыштың пікірінше, "Қазақ солдаты"романы ерекше туынды.

"Бір жағынан кейіпкер таза қаһарман емес. Ой үстінде жүрген интеллектуалды адам, әрі өзінің махаббатына берік, қазақтың сарбазы ретінде көрінеді. Отанға, туған жерге деген сағынышы қырғын соғыс кезінде үнемі бас қаһарманның көз алдынан елестеп отырады. Осының бәрі Ғабеңді көркем сөздің шебері деген пікірге еріксіз алып келеді", - дейді ол.

Сонымен қатар "Өмір жорығы", "Қыран жыры" сияқты әңгімелері терең ойлы шебердің қолынан шыққан туындылар. Ал "Кездеспей кеткен бір бейне" атты повесі жазушының шын зергерлігін танытты. Бұл повесте жазушы азамат соғысы жылдарындағы қазақ ауылындағы өмір шындығын айқын суреттейді.

Сонымен қатар жазушы "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш Баян сұлу", "Ақан сері Ақ тоқты" пъесаларын жазып шықты. Бұл – XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің зор табысы. Ол жазған "Қыз Жібек" операсы мен "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" балетінің либреттолары қазақ операсындағы таңдаулы либереттоның қатарында.

"Амангелді" фильмінің сценарийін жазды

Ғабит Мүсірепов "Амангелді" атты бірінші қазақ киносының сценарийін жазуға өз үлесін қосты (Вс. Иванов, Б.Майлинмен бірге). "Махаббат туралы дастан" және екі сериялы "Қыз Жібек" фильмдерінің сценарийін жазды.

Жазушы аударма саласында да біраз еңбек сіңірді. Ол О. Генридің новеллалары, Сильвестр Тагараоның әңгімесін, Максим Горький, Михаил Шолохов, Ванда Василевская, Илья Эренбург шығармаларын қазақ тіліне шебер аударды.

Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов аударған Уильям Шекспирдің "Антоний мен Клеопатра", Александр Островскийдің "Таланттылар мен табынушылар", Мольердің "Сараң", Константин Симоновтың "Орыстар" атты пьесалары да ұлттық драматургияның өсіп, өрлеу жолында оң әсер етті.

Еңбек жолы 

1956-1967 жылдары Қазақстан компартиясы орталық комитетінің органы "Ара - Шмель" атты қазақ, орыс тілінде шығатын сатиралық журналдың бас редакторы болып істеді.

1956-1961,1964-1966 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары міндетін атқарды.

1959 жылдан 1985 жылға дейін КСРО жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1972 жылы Қазақстан жазушылар одағы басқармасының ІІІ пленумында Қазақстан жазушылар Одағы басқармасының  хатшысы болып сайланды.

Ғабит Мүсірепов 1958 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі атанды.

1963, 1967, 1971,1975, 1980, 1985 жылдары Қазақ КСР жоғары кеңесінің депутаты болып сайланды.

Кеңес әдебиетін өркендетуге қосқан елеулі еңбегі үшін Ғабит Мүсірепов Ленин  орденімен үш рет, Октябрь революциясы, Еңбек қызыл ту орденімен екі рет, ордендерімен марапатталды.

1970 жылы жазушы "Кездеспей кеткен бір бейне" кітабы үшін Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

1974 жылы Социалистік еңбек ері, ал 1984 жылы Қазақ КСР халық жазушысы атағы берілді.

1977 жылы "Суреткер парызы" кітабы үшін Қазақ КСР ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығымен марапатталды.

Тазалықты жаны сүйген қаламгер

Жазушы қашанда жинақы, таза жүрген. Шәкіртінің бірі Сәбит Досанов Мүсірепов туралы естелігінде былай деп жазады:

"Алдымен күтушіге бетіне арнайы массажын жасатады. Содан кейін пудра жағып, тон салады. Ырғала жүріп, еш асықпай киінеді. Француз әтірін себеді. Үлкен қара көзілдірік кигенде беттегі әжімдер жасырынып қалады. Сондай-ақ, галстук міндетті түрде костюммен үйлесім табуы керек немесе шұлығы да аяқ киіммен үндесуі керек. Таранып, сыланған соң, Ғабит Мүсірепов 20 жастағы жігітке айналып шыға келеді. Расында, жазушы айна алдында көп тұрып, өзіне сондай керемет күтім жасаған. Оның үстіне Ғабеңнен осылай жүруіне жары Хұсни де себепкер болған. Басқалардың әйелі шалбарды су шашып үтіктесе, Ғабеңнің жары әтір сеуіп үтіктейтін", - делінген естелікте.

Аңшылықты ұнатқан

Қаламгер аңшылыққа жаны құмар болған. Кейде табиғат аясына серуендеп, төрт-бес күндеп қонып, жан сергітіп, әсем табиғатқа ішкі сырын ақтарып, шабыт алып қайтқан. Мүсірепов туралы тағы бір естелікте оның үш мылтығы болғаны айтылады. Оның бірі – ескі бесатар болса, бірі – жапон мылтығы, ал үшіншісі – малопулька. Соңғысын көбінесе өзімен бірге алып жүрген. Сондай-ақ жазушы бильярд ойнауды, таяқ жонуды жақсы көріпті. Ол барған жерінде көзіне түскен әдемі бұтақтарды кестіріп алып, соны жонып, әдемі таяқтар жасаған.

Отбасы туралы не білеміз

Сүйікті жарының есімі – Ғұсни. Екеуі 40 жыл бірге тұрып, Ғалия, Роза, Мара, Райхан есімді 4 қызды тәрбиелеп өсірген. Алайда 1964 жылы жазушының жары Хұсни өмірден өтеді. Бұл уақытта жазушының сүйіктісіне айналған Раиса Мұхамедиярованың аяғы ауыр еді. Олар Хұснидің жылын өткізбей шаңырақ көтереді. Осылайша, 62 жастағы жазушы 25 жастағы актрисаны ұнатып, жаңа отбасын құрады. Алайда Мүсіреповтың екінші көтерген отауы көпке бармайды. Раиса Мұхамедиярованың айтуынша әркімнің алпа-қашпа әңгімелерінен олар айырылысып кетеді.

1985 жылдың 31 желтоқсанында халық жазушысы 83 жасында өмірден өтті.

10874
Кілт сөздер:
өмірбаян, жазушы, Ғабит Мүсірепов
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
Абай Құнанбайұлы ұрпағының шежіресі
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
Ғалым Әл-Фарабидің ұлты "қазақ" дейтіндерге жауап берді
Жамбыл Жабаев

"ХХ ғасыр Гомері" деген бағаға ие болған Жамбыл Жабаев жайлы қызықты деректер

219
Жыр алыбы, ақын, суырыпсалма ақын, қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл Жабаев туралы деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Ұлы жүздің шапырашты тайпасының екей руынан шыққан. Арғы аталары дәулетті болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа шаруа кісі болған. Кей тарихи деректе жыр алыбының әкесі туралы шоқпыт шапанды кедей болған деген сипаттама кездеседі.

"Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей - көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан", - дейді Жамбыл ақын.

"Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкен кезде бесінмен ала жүрді", дейді ақынның өзі балалық шағы жайлы. Соған қарағанда ақын бала күнінде қоңырқай тірлік кешкен.

Жамбылдың туған нағашысы Жетісу өңіріне танымал әнші болған.

"Жетісудың даңқы асқан биі Бөлтірік Алатаудың баурайындағы ағайынды аралап келген екен. Сонда үлкен сөз өнері ортаға түсіп жатқанда даладан бір бала жүгіріп келген екен. Бірден барып Бөлтіріктің қолын алыпты. Сонда Бөлтірік баланың қолын ұстап тұрып, "атың кім, балам?" депті. "Атым - Жамбыл" деп жауап берген екен. "Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар. Шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі болар екенсің" деген екен", - дейді қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде көпшіліктің аузынан түспей жүрген Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

Жамбыл "Шағым", "Жылқышы", "Шәбденге", "Сәт сайланарда", "Өстепкеде", "Патша әмірі тарылды", "Зілді бұйрық" сияқты өлеңінде елдің әлеуметтік саяси өмірін көрсеткен.

Жамбыл Жабаев шығармашылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл сол жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды.

"1936 жылдан бастап Жамбылдың аты орыс тілі арқасында шетелге де тарала бастады. Кеңес үкіметі сол кезде 75 жылдық шығармашылық тойын тойламақ болады. Соның қарсаңында үй салып береді", - дейді Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық мұражай директоры Мәулен Қожашев.

Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Ақынның "Өтеген батыр", "Сұраншы батыр", "Көрұғлы", "Бақ, дәулет, ақыл" деген дастандары бар.

ХХ ғасыр Гомері

Бірде Жамбылдың ел арасында оның ақындық қабілетіне күмән келтіргісі келетіндер де табылған. Сонда орталық комитет жазушы Леонид Соболевті жағдайдың анық-қанығын білуге Ұзынағашқа жіберген. Жамбылдың жыршылығына таңқалған жазушы үш күн қасында болып, "жиырмасыншы ғасырдың Гомері" деп баға берген.

Жамбыл саналы ғұмырында Құлманбет, Досмағамбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Шашубай ақындармен айтысқан. Соның ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі. Жас күнінде Жамбыл ақын Сара, Айкүміс, Сайқал, Кәмшат қыздармен айтысқан.

Жыр алыбы Жамбыл күйші Дина Нұрпейісовамен де жақын таныс болған. 1936 жылы танысып, таныстық соңы жақсы сыйластыққа ұласқан деген дерек бар.

Ақынның отты жырлары

Ақынның соғыс жылдары отан қорғау тақырыбына арнап жазған өлеңдері үш мың жолды құрайды. Әсіресе, "Ленинградтық өренім", "Москваға", "Майданға хат" сынды өлеңдері бар. Жамбыл ақын өмір мен өлім апралысына түскен Кеңес жауынгерлеріне отты жырлары арқылы жігер беруге тырысты.

Жамбылдың ұлы Алғадай жат елде оққа ұшқан болатын. Ұлының қазасынан кейін "Жамбылдың Алғадайды жоқтауы" деген өлеңі шықты. Кей дерекке сәйкес, Алғадайдан ұрпақ тарап, бүгінде бүтін бір отбасы болып отыр.

Жамбыл өзінің алдындағы аға буын өкілі Сүйінбай ақынды өзіне пір тұтқан. Ал Кенен Әзірбаев Жамбыл Жабаевты тәлімгері деп таныған.

Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.

1946 жылы ақпанда Қазақстан халқы жыр алыбының жүз жылдық мерейтойын тойлады. Сол жылы ақынның таңдамалы шығармаларының академиялық жинағы қазақ және орыс тілінде басылды.

219
Кілт сөздер:
қызықты деректер, Жамбыл Жабаев
Тақырып бойынша
"Өз жаназасын өзі шығарды": Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы деректер
"Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі
Қазақтың "қазақ" деп атанып жүргені Сәкен Сейфуллиннің арқасы - танымал ақын
Абайдың үш әйелі: ақын сүйіктілеріне не сыйлаған - фото
Абайдың 175 жылдығы: ұлы ақын жайлы фильмдерді қайдан тамашалауға болады
Перо, ручка, бумага, письмо, иллюстративное фото

"Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі

265
(Жаңартылды 11:56 30.11.2020)
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Балалық шағы

Бүкіл ғұмырын қазақ балаларын оқытуға, мектеп ашуға сарп еткен Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда азіргі Қостанай облысы Қостанай ауданында дүнеге келген. Азан шақырып қойған аты – Ибрагим.

Бала Ыбырай үш жасқа толғанда әкесі Алтынсарыдан айырылады. Осыдан кейін туған атасы, сол кездегі белгілі би, рубасы Балқожа Жаңбыршыұлының қолында тәрбиеленеді.

Немересінің білім алғанын қалаған атасы тамыр-танысының көмегімен Ыбырайды Орынбордағы Шекара коммиссиясы жанынан ашылған мектепке жаздырады. 1850 жылы 22 тамызда Ыбырай сол мектепке алғашқы 30 баланың бірі болып қабылданады.

Балғожа би немересін кішкентайынан адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешендікке баулыған. Өзімен бірге жиын-тойларға ертіп,  билік айтқызып, қанатын қатайтқан. Ыбырай жасынан зерек болып, алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленіп өседі.

Еңбек жолы

1857 жылы жазда Ыбырай Орынбордағы мектепті үздік тәмамдап шығады. Осыдан кейін екі жылдай атасы Балқожа бидің хатшысы болып жұмыс істейді. Кейін Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаш болып қызметке алынады.

1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде алғашқы мектебін ашты.

1866-1868 жылдары Торғай уезінде уақытша судья болып қызмет етті.

1868 жылы Торғайдағы қазақ мектебі бір класстық орыс-қазақ училищесі болып қайта құрылды. Сол жылы Ырғыз қаласында екі класстық орыс-қазақ училищесі ашылады.

1869 жылы ол уезд бастығының аға жәрдемшісі болып тағайындалды. 1871 жылдар аралығында Торғай уезінің судьясы болып жұмыс істеді.

1874 жылы орыс географиялық қоғамына мүше болып сайланды. 1875-1876 жылдары Орынбор, Қазан, Петербург қалаларына сапар шегіп, ол жақтан оқушыларға қажет әдістемелік және тағы басқа кітаптар әкеліп, ағартушылық ісіне қызу кіріседі.

1879 жылы 1 қыркүйекте Торғай облысындағы мектептердің инспекторы болып тағайындалды.

Алтынсарин ашқан мектептер

Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларын білім нәрімен сусындатуға асықты. Осы арманын жүзеге асыру үшін облыстық басқармаға мектеп ашу туралы өтініштер жіберді. Ақыры 1860 жылы облыстық басқарма Алтынсаринге Торғайдан қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырды, әрі өзін сол мектепке орыс тілінің  мұғалімі етіп тағайындады.

Бірақ, жергілікті үкімет Алтынсаринге қол ұшын соза қоймады, сөйтіп мектеп ашу ісі ұзаққа созылды. Ыбырайдың армандаған мектебі араға төрт жыл салып, 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде салтанатты түрде ашылды. Бұл ұлт ұстазы негізін қалаған алғашқы білім ордасы еді. Мектепті Алтынсарин төрт жыл бойы жинаған ақшасына ашты.

"Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды  және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды", - деп жазған еді Ыбырай Алтынсарин.

1879 жылы Алтынсарин Торғай облысы бойынша орыс-қазақ учищелерінің  инспекторы болып тағайындалды. Бұл оның қолын ұзартты. Торғай, Жітіқара, Обаған, Қарабалық, Әуликөл болыстарында және Қостанай қаласында тағы он бес мектеп салынды.

1882 жылы Ыбырай Алтынсарин барлық мектепке ән-күй сабақтарын енгізді. Жергілікті, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, кітапхана ашты.

Қазақ балаларын тек біліммен сусындатпай, еңбекке баулуды көздеген ол 1883 жылы 15 қарашада Торғай қолөнер мектебін ашты.

Алтынсарин қазақ қыздарын оқытуға да көп күш салды. 1887 жылы 15 қарашада Ырғыз қыздар училищесінің негізін қалайды. 1888 жылы қыздарға арналған 12 орындық мектеп интернат ашады.

"Қазақ хрестоматиясы" немесе ағартушылық еңбегі

Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан кезде, балаларға арналған оқулықтар  мүлде жоқ болатын. Дәл осы жылдарда өнегелі ұстаз қысқа-қысқа әңгімелер мен өлеңдер шығар бастайды, оқу құралдарын жазуға кіріседі.

1879 жылы ақынның қазақ мектептеріне арналып жазылған алғашқы ұлттық оқулық –  "Қазақ хрестоматиясы" жарық көрді.

Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңінде ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екенін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді.

Ал "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету.

Бұдан бөлек, Алтынсариннің шығармашылығында табиғат көріністерін суреттейтін өлең жолдары да кездеседі. Ақын оқырмандардың көңілін табиғатқа аудару арқылы жас шәкірттерінің бойында Отанға сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін қалыптастыруды мақсат етті.

Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. Оған "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш", "Атымтай жомарт", "Әке мен бала" және тағы басқа әңгімелері дәлел.

"Қандай әділдік күтуге болады"

1883 жылы Ыбырай Алтынсариннің Кеңес үкіметі тұсында көп айтыла қоймаған тағы бір кітабы басылып шықты. Ол – "Мұсылмандық тұтқасы".

Бұл кітапта ағартушы дүмше молдаларды аяусыз сынайды. Мұндай сын молдалардың тарапынан жауапсыз қалмайды, әрине. Ақыры отаршылыққа, шоқындыруға қарсы күрескен, қазақ тілін білім мен ғылым тіліне айналдырған Алтынсарин туралы "орысшыл, отаршыл, шоқынған" деген қауесет әңгімелер таратылады. Ақынның болыстыққа таласқан туыстары оның үстінен арыз жазады. Билік мектептеріне шүйліге бастайды.

"Қазір жан дүнием құлазып, өте көңілсіз жүрмін. Көмек күткен үкімет орындары қолдаудың орнына заңды да, заңсыз жолдармен мені қудалауға салып отыр. Бұдан кейін қандай әділдік күтуге болады.Осының бәрі ашық сот арқылы анықталса екен деген тілек көкейімнен кетпейді", - делінген Алтынсариннің Катаринскийге жазған хатында.

Ыбырай Алтынсариннің отбасы

Ыбырай 1864 жылы Сырдария облысы (қазіргі Қызылорда облысы ) Перовский уезіне қарасты Жаппас руындағы Шолақ деген кісінің Айғаныс атты қызына үйленеді. Ерлі-зайыпты көпке дейін бала сүйе алмайды, сөйтіп олар туысқандары Оспанның Хамитбек деген баласын бауырына басады. Алайда ол алты жасында қайтыс болады.

Ыбырайдың тұңғыш баласы Абдолла 1880 жылы дүниеге келеді. 1887 жылы Әбдірахман деген екінші ұлы, 1888 жылы Шарипа атты қызы туды. Балалары Әбдірахман мен Шарипа кішкентай кезінде ауырып қайтыс болды.

1920-1930 жылдардағы дүрбелеңнен Ыбырайдың ұрпақтары да байдың тұқымы ретінде қуғындалған. 1928 жылы Алтынсариннен қалған жалғыз тұяқ Абдолла да Қазақстаннан тыс жерге қоныс аударады.
Нағима Абдоллақызы — Ыбырай Алтынсариннің жалғыз немересі. Нағима атасын көрмесе де, 1924 жылы қайтыс болған әжесі Айғаныстың көзін көріп өскен.

Нағима Ыбыраева 1916 жылы Қостанай облысы Талапкер ауылында дүниеге келді. Бала кезінде атасы Ыбырай ашқан Қостанайдағы мектепте үш жыл оқиды. 11 жасында анадан айырылады. Нағима Ыбыраева екі баланы дүниеге әкелген, өмірінің соңғы жылдарын Тараз қаласында өткізді. 1998 жылы 30 наурызда 82 жасында қайтыс болды.

Ыбырай Алтынсарин 1889  жылы 17 шілдеде Қостанай қаласынан үш шақырым жердегі көл жағасында салдырған ағаш үйінде ауырып өмірден өтті. Өлерінің алдында өзіне тиесілі жерлерді Қостанай қаласындағы ауыл шаруашылық училещесінің меншігіне беруді тапсырды. Ұлт ұстазының жасы бұл кезде небәрі 48-де еді.

265
Кілт сөздер:
Ыбырай Алтынсарин, ұстаз
Тақырып бойынша
Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлымен сұхбат: "Назарбаевтың айтқаны болмады"
Қабдеш Жұмаділов 83 жаста: шекараны бұзып, Қытайдан 200 мың қазақты бастап келген жазушы
"Кінәсін мойындаған" Әуезов: жазушы туралы қызықты деректер
Жазушы Ғабит Мүсірепов туралы қызықты деректер
Мүсіреповпен құда болған: әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов туралы қызықты деректер
Елорданың қысқы көрінісі

Бес өңірде дабылды ескерту жарияланды ертеңге ауа райы болжамы

0
6 желтоқсанда елордада түнде 26 градусқа дейін аяз болады, Маңғыстау облысында сынап бағанасы 23 градусқа дейін төмендейді

НҰР-СҰЛТАН, 5 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның бес өңірінде дабылды ескерту жарияланды.

6 желтоқсанда Ақмола облысында кей жерлерде тұман түсіп, бұрқасындатады.

Түркістан облысында кей жерлерді тұман басып, бұрқасын соғады, желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін барады.

Маңғыстау облысының солтүстігінде 23°С дейін аяз болжанып отыр.

6-8 желтоқсан күндері Жамбыл облысында кей жерлерде – тұман.

Қостанай облысында да тұман түседі деп күтілуде.

Өңірлердегі ауа райы

Атмосфералық ағымдардың әсерінен республика бойынша қар жауады деп болжануда. Елдің батысы мен оңтүстік-шығысында ауа райы жауын-шашынсыз. Кей жерлерде тұман түсіп, бұрқасындатады, жел күшейеді.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда желтоқсанда ауа райы қандай болады

Ақмола, Түркістан облыстарында кей жерлерде тұман түсіп, бұрқасын соғады, Түркістан облысында желдің екпіні 15-20 м/с дейін барады.

Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, түнде және таңертең Алматы облысында кей жерлерде тұман түседі.

Мегаполистерде ауа райы қандай болады

Нұр-Сұлтанда көшпелі бұлт шығады, күндіз 18-20 градус, түнде 26 градус аяз.

Алматыда күн бұлтты, күндіз 1-3 градус, түнде 7-9 градус суық.

Шымкентте күндіз 1 градус жылы, түнде 8-10 градус суық.

0
Кілт сөздер:
жел, қар, тұман, ауа райы болжамы