кітап, қалам

"Батыр болуға тиісті азамат еді": Жұбан Молдағалиев туралы не білеміз?

6853
Көркем сөз шебері, қазақ және кеңес поэзиясын ілгері дамытуға өз үлесін қосқан айтулы ақын, жауынгер, "Мен қазақпын" поэмасының авторы Жұбан Молдағалиев туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Балалық шағы

Қаламгер 1920 жылдың 5-қыркүйегінде қазіргі Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Жыланды ауылында жарық дүние есігін ашты. Әкесі жастайынан қайтыс болып, анасы Зәріптің тәрбиесінде өседі. Өз ауылындағы мектепте білім алады.

"Мен 1920 жылы Орал облысы қазіргі Тайпақ ауданындағы Жыланды деген жерде дүниеге келдім. Көктемде көз-жасындай сығып шығарып, жыланып, жысырап ағатын, жазда кеуіп қалатын "Жылан" деген өзен сымақты көз алдыңызға келтіріңіз. Осыған қарап менің руластырымның қалай тіршілік еткенін шамалауға болады. Бір жұтым су үшін жасағанға жалбарынып, сол үшін шын мағынасында алысып өтіпті. Мұң-мұқтаждық жағынан менің әкем Молдағали да кемде қалмаса керек. Ол жарлы, жуас, момын, кісі болыпты", - дейді ақын өз естелігінде.

Анасының жастайынан берген тәрбиесі болашақ ақынның әдебиетке әуестенуіне әсер етеді.

"Өлең-жырға ерте әуестендім. Жас кезімде ақын атанып, айтыстарға түскен аяулы анам кейін жесір қалып, сәл қолы босай қалса, мені алдына алып отыратын. Ол өз-өзінен күңіреніп, өлеңмен сыр шертетін, шер тарқататын. Қазақ эпосының көптеген шығармасын жатқа білетін анам мені шын мәнінде өлеңмен ауыздандырды. Кейін мен мұны талай-талай еске алғаным бар", - дейді ол.

Алғашқы өлеңі

Ол Оралдағы ауыл шаруашылық техникумында оқи жүріп, қаладағы әдебиет үйірмелерінің жұмысына белсенді қатысты. 1939 жылы "Комсомол ұрпағы" атты облыстық жастар газетінде оның "Ленин тірі" деген тұңғыш өлеңі де жарық көрді.

"Жұртшылық үшін маңыздысы да ақынның жеке басының күйкі-шүйкі жайттары емес. Оның азаматтық тұлғасы, қоғамдық сыр-сипаты ғой. Өлең қай әдіспен жазылса да, оның әр өлеңінен сол өлеңнің эстетикалық, көркемдік талғамынан, идеялық мұратынан танылып отыруы тиіс", - дейді ол деректі фильмде.

1940 жылы Жұбан міндетті әскери қызметке шақырылады. Бір жылдан соң сұрапыл соғысқа араласады. Осылайша, ақынның шығармашылық өмірі майдан жағдайында өтеді.

"1940 жылы армия қатарына алынғанда екі-үш дәптер өлеңімді жәшік түбіне салып, ала кеттім. Олар Отан соғысының алғашқы күндерінің бірінде өртке оранды. Әрине, олар бір әдеби мұра болғандай дүниелер еді демек емеспін. Тек өлеңге қашан, қалай келгенімді сипаттайтын нәрселер болатын. Сөйтсе де, олар маған соғыста "қаза тапқан" өлеңдер боп көрінеді. Соғыспен 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат төртте душарластым. Әрине, ол күндері өлең емес, бас қайғы болды", - дейді Жұбан Молдағалиев ағынан жарылып.

Үміттің тұтануы

Ақын өз естелігінде шығармашылық жолына қалай оралғынан былайша есіне алады:

"Батарея комиссары болып қызмет істеп жүргенімде ойда-жоқта майдандық "За родину" газетінің жанынан ашылып жатқан "Отан үшін" қазақ газетіне жіберілдім. Сөйтіп, сөніп бара жатқан ақындық үміт қайта тұтанды".

Қаламгер жауға қарсы сұрапыл соғыстың ауыртпалығын бастан кеше жүріп, "Отан үшін", "Майдан ақиқаты", "Жеңіс туы" атты майдан газеттерінде қызмет істейді, өлеңдерін жариялайды.

Тағы оқыңыз: "Сталин қос бұрымыма мақтау айтты": Роза Бағланова туралы не білеміз - фото

Молдағалиев майдан газетінде жұмыс істеп жүргенде орыстың белгілі ақын-жазушыларымен әрі журналистерімен танысады. Олардың ішінде Александр Исбах, Михаил Матусовский, Борис Бялик, Михаил Светлов, Сергей Михалков, Степан Щипачев бар. Бұған қоса, ол "Отан үшін" (кейін "Майдан ақиқаты") газетінің редакциясында қаламгер ақын Сағынғали Сейітов, журналист Ахмет Елшібековпен қызметтес болады.

"Соғыс соңында қазақтың қуатты ақындарының бірі Қалижан Бекхожинмен кездесіп, бірнеше қуанышты күнді бірге өткіздік", - дейді Молдағалиев өз естелігінде.

Шығармашылықтағы қиындықтар

1943 жылдың қарашасында Жұбан Молдағалиев арнаулы тапсырмамен Алматыға келеді. "Отан үшін" атты майдандық газетте басылған "Қазақ" деген өлеңін өзімен бірге ала келеді. Өзі сияқты соғыстан уақытша келген жазушы, ақын Әбу Сәрсенбаевпен кездеседі. Ол өлеңмен танысып, ақынды Жазушылар одағына апарады, әрі туындыны Сәбит Мұқанов алдында оқиды.

Өлең ақырында радиодан беріліп, "Социалистік Қазақстан" газетінде басылады.

Алайда өлең коммунистік идеология талабына сай келмей, 35 жыл бойы еш жерде басылмай, ақын жинағына да кірмейді. Бұл туынды тек 1979 жылы шыққан үш томдыққа енеді.

Соғыстан кейінгі өмір

Кеңес армиясы қатарынан кейін Жұбан Молдағалиев "Лениншіл жас", "Қазақ әдебиеті" газеттері мен "Жұлдыз" журналының редакцияларында, Қазақстан жазушылар одағында басшылық қызметтер атқарды. 1949 жылы оның "Жеңіс жырлары" атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді.

Бұл кезде Жұбан 29 жаста еді. Алғашқы өлеңдер жинағы оның өз ауқымынан алыстап, өскенін көрсетті. Оның үстіне оқ пен оттың жырларын бастан кешті. Бұл жай ақынды бірден есейтіп, әлеуметтік, саяси құлашы кең поэзияға бағыттады.

Қалам үшкірлігі әлі де жастықты аңғартса, айтып отырған пікірі – өлім мен өмір арпалысындағы жанның ойын, көңілін сездіреді. 1942-45 жылдары жазылған "Отан", "Бір бассаң да алға бас", "Туған елге", "Қазақ", "Шығыста туған елім бар", "Жеңімпаздар сәлемі" атты өлеңдерден осы жағдайды аңғарамыз.

Тағы оқыңыз: Жазушы Ғабит Мүсірепов туралы қызықты деректер

Кейін Жұбан Молдағалиев "Қызыл галстук" (1949), "Нұрлы жол" (1951), "Бастаушымыз партия" (1954), "Жыр туралы жыр" (1957), "Заман тынысы" (1960), "Жесір тағдыры" (1962), "Ғашық көзбен" (1964), "Мен қазақпын" (1965) тағы басқа кітаптарын жариялады.

Сонымен қатар, Жұбан Молдағалиев Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты, Қазақ КСР жоғарғы кеңесі төралақасының, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі (XII—ХӀӀӀ-съездерде) болып сайланды.

Ол екі рет "Еңбек Қызыл ту" және 2-дәрежелі "Отан соғысы", "Құрмет Белгісі" ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Мен қазақпын

Жұбан Молдағалиевтың ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығарма – "Мен қазақпын" поэмасы (1964). Ақын бұл шығармасында қазақ халқының өткен өмірі мен тағдырын лирикалық-публицистикалық стильде терең толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері, ерлік дәстүрі, туған жер мен елі, байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді.

"Мен қазақпын" деген тамаша поэманы орысшаға аудардым. Қарап отырсам, кейде сол шығармаға жаныммен кіріп кеткендеймін. Мүмкін фамилиям Казакова болғандықтан шығар. Сол еңбекті аударғанда әсер алғаным соншалық, образға еніп, түн ортасында "мен қазақпын" деп шошып оянатын кездерім болды. Мен қазақ ақыны Жұбан Молдағалиевтың оқушысы болғаныма қуанамын", - дейді аудармашы Римма Казакова "Жұбан Молдағалиев" атты деректі фильмде.

Арзан атаққа қарсы

Жұбан Молдағалиев өз естеліктерінде поэзияға қатысты өзінің жеке пікірін білдіріп, ақынға әрқашан жоғары талаптар қойылатынын айтады.

"Мен шығармашылығымды уақыттан биік те, сырт та қоя алмаймын. Мені оған ағалар үйретті. Уақыттан қалып қалу деген ақылыма сыймайды. Сондықтан мен біздің жас таланттарға қарап, өз шабытыма қамшы басып отырамын. Олардан да үйренемін. Олардың өмір шындығын пайымдауы, батыр ізденістері, татымды табыстары мені әрі қызықтырады әрі қуантады. Әрине, ақын еңбегі соқпақсыз да емес, самғау да ғана емес", дейді ол.

Тағы оқыңыз: Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер

Оның айтуынша, бұл қиындықтарға қарамастан ақын мұраты қоғамдық тұғырдан шегінбеуі тиіс.

"Мен қайтсе де, батылдық пен іздемпаздықты қуаттаймын. Бірақ мен құр ұйқас, өлеңшілікпен көрсе қызар мода қуып, поэзияға "мини көйлек" кигізуге, арзан атаққа қарсымын", - дейді қаламгер "Жұбан Молдағалиев" фильмінде.

Замандастар пікірі

Жұбан Молдағалиевтың орыс тілінде және тағы басқа халықтар тілінде басылған шығармаларын қоса есептегенде 70-ке тарта кітабы шыққан.

"Мен кемеңгерлер мен ұстаздарға бас иемін. Кітаптарым орыс және басқа халықтардың тілдерінде талай рет шықты. Сол үшін менің жан жүрегім аудармашыларға, қаламдас достарыма деген алғыс сезімге толы және оларға көп қарыздармын деп білемін", - дейді ол өз естелігінде.

Қазақ сөз өнерінің майталман шебері, сирек талант иесі, көркем сөз зергері, халық жазушысы Ғабит Мүсірепов ақынның талантын мойындайды.

"Ақын Жұбан бүгінгі күннің ең өзекті мәселелеріне жедел үн қосып отыратын, соның өзінде де шығармаларынан асығыстық ақауы кездеспейтін алымды талант", - дейді Мүсірепов.

Ал Қазақстан халық жазушысы Сафуан Шаймерденов қаламгердің еңбекқорлығын жоғары бағалады.

"Жұбан - поэзияда оңай жол іздемейтін, өз шығармашылығына барынша қатал, жалпы қазақ әдебиеті алдындағы жауапкершілікті айнытпай ту етіп көтерген қайраткер", - дейді драматург.

ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Баққожа Мұқай өз естелігінде Жұбан Молдағалиевтың тәрбиелі, парасатты адам болғанын есіне алады.

Тағы оқыңыз: Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті

"1979 жылдың қыркүйегінде Жұбан Молдағалиевтың Жазушылар одағына бірінші хатшы болғанын "Литературная газетадан" оқып білдім. Ол кезде жазушылардың демалыс үйінде драматургтердің дәстүрлі семинарына қатысып жүр едім. Көп ұзамай Жазушылар одағында ұйымдық мәселелер қаралып, біраз адам орын ауыстырды. Бердібек Соқпақбаев шығармашылық демалысқа кетіп, орнына мен келдім. Жұбан Молдағалиев маған "Сені жігіттер мақтап отыр. Қызметке алатын шығармыз. Бұл өзі жұмысы аз, дауы көп жер. Кім-көрінгеннің жетегінде кетпе. Әділ бол, айналайын" деді", - дейді Баққожа Мұқай өз естелігінде.

Колбиннің алдында сөйлеген сөзі

1986 жылы 17-18 желтоқсан аралығында Алматыда КСРО үкіметінің әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы қазақ жастары көтеріліске шықты. Қазақстан тарихына бұл оқиға "Желтоқсан көтерілісі" болып енді.

Көтерілістің басталуына Ресейдің Ульянов облысы партия коммитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбин Қазақстан коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалуы түрткі болды.

Осы қиын кезеңде Жұбан Молдағалиев Колбиннің алдында қыршыннан қиылған жастарды қорғап, өз ойын ашық айтты.

"Мен сондай ұят оқиғаға және артынша не болғанын естігенде, жасырып қайтейін, осы күнге дейін өмір сүргеніме өкіндім. Иә, мен кез келген қоғамға қарсы бой көтерулерді түбірінен қиып отыруды толық жақтаймын. Өйткені демократия – анархия емес. Солай болғанмен де, кінәлілерді де оған деген сенімнен айырмау керек. Біз олардың жасағанына емес, олардың азаматтық болашағы үшін жауаптымыз. Сіз бен біз балаларымызды төбелестіріп, ұрпағың қыздарымыздың шашынан сүйреуі үшін соғысқа бардық па? Осы Отанды сол үшін қорғадық па? Бұл жағынан сізді қолдай алмаймыз. Жақтас бола алмаймын", - деді Молдағалиев Колбиннің алдында.

Тағы оқыңыз: Ғалым Әл-Фарабидің ұлты "қазақ" дейтіндерге жауап берді

Қазақстан халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі "Иірім" атты естелік кітабында бұл жағдайды былайша есіне алады.

"Колбиннің алдында қыршынынан қиылғандарды қорғап сөз айтқан бір ғана ақын болды. Ол – Жұбан Молдағалиев. Ол Жазушылар одағында өткен жиналыста Колбиннің алдында өз ойын ашық айтты. Осының бәрін немен тынарын сезіп тұрып, біліп тұрып, солай істеді. Батыр болуға тиісті азамат еді. Батырлық істеді. Жылдар бойы жүрегін қысып келген запыранын құсып тынды. Ондай батылдықтан кейін оның тірі жүруі ақылға сыймас еді", - деп жазды Қадыр Мырза Әлі өз кітабында.

Отбасы

Ақынның сүйікті жары – София Мәлікқызы. Екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсірген. София Мәлікқызы өз естелігінде отбасылық өмірі жайлы айтады.

"Мен ол кісінің маған қойған талаптарының бәрін орындадым. Себебі менің жас кезімде жалғыз ұлдың, жалғыз баланың анасының сезімін, мінезін түсінуге сабыр, ақыл берген Құдайға мың тәубә деймін. Біз Жұбан екеуіміз көзбен, көңілмен ұғыстық. Әлдебір жағдайларда ол менің сөзімді сөйлей қалса, мамам кәдімгідей ашуланып қалатын. Сондықтан Жұбан сыртқы елге шығып, сыйлық әкелетін болса, екеуімізге бірдей етіп алатын", - дейді София өз естелігінде.

Жұбан Молдағалиев 1988 жылдың 6 қазанында 68 жасында қайтыс болды.

6853
Кілт сөздер:
Жұбан Молдағалиев, өлеңдер, қазақ, ақын
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Халық тағдыры – карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
Сайлау, дауыс беру, иллюстративті сурет

Мәжіліс сайлауы: кім дауыс бере алады

546
Мәжіліс сайлауында дауыс беруге құқылы сайлаушылар, дауыс беру уақыты мен тәртібі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Мәжiлiс депутаттарын сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Азаматтар жасырын дауыс береді және сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасауға тыйым салынады.

Сайлаушылар тізімінде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшiн – қосымша күнi мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетiледi.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді

Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне жүгінуге құқылы. Жазбаша өтiнiшті сайлаудан кемінде отыз күн бұрын беру керек.

Азамат өтiнiш жасаған соң, әкімдік оны тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығарып, сол қаладағы дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзеді.

Дауыс беру уақыты

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Алайда учаскелiк сайлау комиссиялары басқа уақытты белгiлей алады. Бұл орайда дауыс берудi сағат 06.00-ден ерте бастап, сағат 22.00-ден кеш аяқтауға болмайды.

Учаскелiк сайлау комиссиясы азаматтарды дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, БАҚ арқылы, сондай-ақ, өзге де әдiстермен хабардар етуі тиiс.

Дауыс беру тәртібі

Учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс берудің басталуына бiр сағат қалғанда дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастайды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан 30 минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар-жоғын, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады.  Комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Бюллетеньдер сайлаушылар тiзiмі негiзiнде жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң берiледi.

Сайлаушылар тiзiмге бюллетеньдердi алғаны туралы қол қояды.

Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясы төрағасы мен хатшысының бюллетень бepуге құқығы жоқ.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

546
Кілт сөздер:
сайлау, Мәжіліс
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Мәжіліс залы

Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

743
(Жаңартылды 18:32 27.09.2020)
Қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Қазақстан президенті парламент сайлауының өтетін күнін 2020 жылдың 24 қазанынан кешіктірмей белгілеуі тиіс

Парламент – Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: сенаттан және мәжілістен тұрады.

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 107 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Сайлауды кім және қалай тағайындайды

Мәжілістің соңғы сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтіп, бірінші сессия 2016 жылдың 25 наурызында ашылған еді. Тиісінше, қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Конституцияға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауы парламенттің жұмыс істеп тұрған шақырылымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Осылайша, төменгі палата депутаттарының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

"Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауын президент депутаттар өкiлеттігінің бiтуiне кемiнде бес ай  қалғанда тағайындайды.

Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Үміткерге қойылатын талаптар

Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан, жасы жиырма беске толған адам мәжіліс депутаты бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Мыналар:

  • сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • сот сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам парламенттің депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, кандидат бола алмайды.

Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркелген саяси партиялар, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттарды Ассамблея кеңесі ұсынады.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.

Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын үміткерлерді ұсыну сайлаудан 2 ай бұрын басталып, оған 40 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

ҚХА сайлайтын кандидаттарды ұсыну сайлаудан 1 ай бұрын басталып, оған 20 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Кандидатураны алып тастау

Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

743
Кілт сөздер:
сайлау, мәжіліс депутаты, Мәжіліс
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Астана көрінісі

Қазақстанда 26 қазанда қандай маңызды оқиғалар болады

0
Sputnik Қазақстан 26 қазан мен 5 қараша аралығында болатын негізгі іс-шаралар мен оқиғаларға шолу жасайды (ақпарат толықтырылып отырады)

Қазақстанда бұқаралық іс-шараларды өткізуге уақытша тыйым салынды. Мемлекеттік органдардың мәжілістері мен баспасөз конференциялары онлайн режимде ұйымдастырылады. Десе де, біз алдағы күндерге жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат беруді жалғастырамыз.

26 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР  

08.30 – Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акардың Қазақстанға ресми сапары. Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігінде Қазақстан мен Түркияның қорғаныс ведомстволары басшыларының кездесуі өтеді. Орналасқан жері: Нұр-Сұлтан, Достық көш., 14. Түркістан көшесі жағынан кіру (2 өткізу пункті). Анықтама үшін телефон: 8 (7172) 72-18-69, 72-15-59. Тіркелу үшін: 8 (7172) 72-18-69, 72-15-59.

09.00 – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі "Жыл еріктісі" халықаралық сыйлығына байқау жариялайды. Байқауға қатысу үшін өтінім беріп, qazvolunteer.kz интернет-платформасында волонтерлік қызмет туралы мәліметтерді толтыру керек. Өтінішт қабылдау 2020 жылдың 15 қараша күнгі сағат 09:00-ге дейін жалғасады (қосымша мәліметтер мына сілтемеде).

10.00 – Қазақстан жастары конгресі мен Нұрсұлтан Назарбаев қоры ұйымдастырған әмбебап және конвергентті журналистерді даярлауға арналған "Jas Qalam" республикалық жобасының басталуы. Жоба дәстүрлі сипатқа ие болды және үшінші рет өткізіліп отыр. Биыл оқыту екі тілде өтеді: 26 қазаннан 20 қарашаға дейін – орыс тілді аудитория үшін, ал 16 қарашадан 11 желтоқсанға дейін – қазақтілді аудитория үшін. Орыс тілді аудиторияға өтінімдер қабылдау 22 қазанда, ал қазақтілді аудитория үшін 16 қарашада аяқталады (тіркелу мына сілтеме бойынша).

10.30 – БҰҰ комитеттерінің көзқарасы бойынша сарапшылар мен жол картасы авторларының қатысуымен "Әділ сот талқылауына құқық" тақырыбындағы брифинг. Брифинг бейнеконференция форматында өтеді. Сарапшылар – Адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандағы халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис, адвокат Светлана Ковлягина, Данияр Қанафин, Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Анар Ибраева, "Қадір-Қасиет" ҮЕҰ сарапшысы – онлайн-форматта өз ұсыныстарын республика заңнамасына енгізеді (тіркелу +7 (7172) 45-76-21 телефоны немесе prestigeedu20@gmail.com электронды  почтасы арқылы жүргізіледі).

11.00 – Интернеттегі трансляция форматындағы алаяқтықпен күрес тақырыбында ІІМ брифинг өткізеді. Спикер: ІІМ криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Омарбеков. Тақырып бойынша сұрақтар mvd_pr@mail.ru поштасы немесе 8 (705) 440 83 65 WhatsApp арқылы қабылданады.

Нұр-Сұлтан

08.30 – Түркия Республикасының қорғаныс министрі Хулуси Акардың Қазақстанға ресми сапары. Қорғаныс министрлігінде Қазақстан мен Түркияның қорғаныс ведомстволары басшыларының кездесуі өтеді (Өтетін орны: Қорғаныс министрлігі, Достық көшесі, 14. Байланыс телефоны: +7 (7172) 72-18-69, 72-15-59).

Алматы

17.00 – "Счастливые поют" музыкалық қойылымы – қос сахна саңлағы – Фрэнк Синатра мен Эдит Пиафқа арналған қойылым (Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры).

28 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР
Нұр-Сұлтан

19.00 – "Мадам Баттерфляй" операсының премьерасы, "Астана Опера" театры (Қонаев көшесі, 1. Байланыс телефоны: +7 (7172) 70 95 94).

29 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

19.00 – "Дикарь. Третье слово" қойылымы, Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры (Нұр-Сұлтан қаласы, Желтоқсан көшесі 11-13).

31 ҚАЗАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР
Нұр-Сұлтан

18.00 – ХХ ғасырдың әйгілі хореографы Ролан Петидің Лео Делибес әуенімен сахналаған "Коппелия" комедиялық балеті. Либретто Эрнст Гофманның шебер Коппелиус жасаған механикалық қуыршаққа ғашық болған жас жігіт туралы "Песка" әңгімесінің негізінде жазылған ("Астана Опера" театры, Қонаев көшесі, 1. Байланыс телефоны: +7 (7172) 70 95 94).

5 ҚАРАШАҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР
Нұр-Сұлтан

12.00 – Эрнст Гофманның ертегісі бойынша "Щелкунчик" балеті, "Астана Опера" театры (Қонаев көшесі, 1. Байланыс телефоны: +7 (7172) 70 95 94).

Жоспарланған шаралар тізімі ашық дереккөзден алынды. Sputnik Қазақстан шаралардың уақыты мен күнінің өзгеруіне жауапты емес.

0