Мұстафа Шоқайдың ескерткіші

Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқай туралы не білеміз?

3851
Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған біртуар азамат. Алаш партиясында болды, Түркістан автономиясының басында тұрды. 21 жыл Еуропада эмиграцияда жүріп, қазақтың бостандығы үшін күрескен тұлға

Қазақ халқы мен барша түркі жұртының тәуелсіздігін аңсаған күрескер туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Бала Мұстафа

Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсанда Сыр бойындағы Наршоқы деген жерде дүниеге келді. Отбасында бес ағайынды еді.

Бала кезінен оқу-білімге құштар болды. Мұстафаның сауат ашуына үйде сақталған ескі қолжазбалар түрткі болыпты. Атасы Торғай датқа Сырдария болысын басқарған кезде, кітап жинауды әдет еткен. Әкесі Шоқай болса, өз ортасына сыйлы, қара қылды қақ жаратын би болған. Бес баласын бірдей оқытса да, ерекше ұғымтал, зерек Мұстафаның орысша білім алуын қалап, Перовскідегі орыс мектебіне жібереді. Кейін Мұстафа Шоқай Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. Аз уақыттың ішінде қатарластарынан оқ бойы озып шығады.

Осыдан кейін Санкт-Петербургтегі императорлық университетке заңгерлерді даярлайтын факультетке түседі. Бұл сол замандағы ең үздік оқу орындарының бірі болатын. Бірнеше тілді жетік меңгереді.

Мұстафа Шоқай саясатқа қалай келді?

Мұстафа Шоқай саясатқа Санкт-Петербург университетінде оқып жүрген кезде араласа бастады. Университет қабырғасында жүріп, Шоқай баспасөз бетінде патша өкіметінің ислам діні жөніндегі саясатына қарсы үндеу жариялайды. Бұл үндеуге қазақ, башқұрт, татар және өзбек студенттері қол қойған.

Тағы оқыңыз: Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер

Петерборда Мұстафа Шоқай ұлттық мұсылман қозғалысының өкілдерімен танысады. Мұстафаның үлкен саясатқа араласуына ықпал еткен бірден бір адам Әлихан Бөкейханов еді. Бөкейхановты Шоқайдың саяси ұстазы деуге де болады. Ол Мұстафаның бойындағы қажыр-қайраты мен ұлтжандылығын байқап, жас Шоқайды сол кезде Петербордағы саясаткерлермен, қоғам қайраткерлерімен, мемлекеттік Дума депутаттарымен, оқымысты ғалымдармен және жазушылармен таныстырды.

Мұстафаны Ресей мемлекеттік думасы мұсылман фракциясының хатшылығына ұсынған да Әлихан болатын.

1917 жылғы революция нәтижесінде патша өкіметінің құлауы Мұстафа Шоқай үшін үлкен қуаныш еді. Ол түркі халықтары сол төңкеріс кезінде Ресей бодандығынан құтылып, автономия алады деп үміттенді. Алайда 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін Ташкенттегі жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі жергілікті халықтың өзін-өзі басқару құқығын мойындаудан бас тартты. Сөйтіп, өлкедегі барлық билік еуропалық нәсілділерден құралған Түркістан халық комиссарлары кеңесіне көшеді деген қаулы қабылдады. Мұстафа Шоқай мұны барып тұрған әділетсіздік деп бағалады.

Түркістан үшін от кешкен күрескер

Осыдан кейін Мұстафа Шоқай бастаған мұсылмандар қозғалысының өкілдері шұғыл жиналып, төтенше съезд өткізді. Съезд шешімімен құрылған Түркістан-Қоқан автономиясының 54 адамнан тұратын уақытша халық кеңесінің құрамына сайланды. Уақытша үкіметтің сыртқы істер министрі болды. Уақытша үкіметтің төрағасы Мұхамеджан Тынышпаев қызметінен кеткеннен кейін, оның орнына Шоқай сайланды. Мұстафа Шоқай автономияны сақтап қалу үшін аянбай еңбек етті. Бірақ, өкінішке қарай автономияның ғұмыры ұзаққа созылмады.

Мұстафа Шоқай Қоқанда алғашқы парламенттік сайлауын өткізгісі келген. Бірақ, қолдаушылары аз болып, бұл ойы іске аспай қалды.

1918 жылдың ақпанында Кеңес үкіметінің әскери жасағы Түркістан автономиясын күшпен таратты. Үш күннің ішінде көне қаланың күлі көкке ұшты. Большевиктердің осы қатыгездігіне қарсы "басмашылар" аталып кеткен ұлт-азаттық партизан қозғалысы құрылды. Кеңес өкіметі басмашыларды тек отызыншы жылдары ғана біржолата құртады. Ал Мұстафа Шоқай осы кезде Ташкентке қашып, аман қалды.

Мұстафа Шоқайдың эмиграциядағы өмірі

Түркістан автономиясы құлағаннан кейін, Шоқайды ұстау үшін Кеңес өкіметі оның басына бір миллион рубль тігеді. Мұстафа қашып жүріп, Ташкентке барады. Одан кейін Бакуге, кейін Тбилисиге келеді. Тбилиси кеңес үкіметінің қолына өткен соң, Түркияға барып бас сауғалайды. Бірақ түрік елінде тұрақтап қала алмайды. Ақыры Франция астанасы Парижден бір-ақ шығады.

Мұстафа Шоқай 21 жыл бойы Еуропада эмиграцияда жүреді. Жан-тәнімен жақсы көретін туған елін тастап кету қайраткерге оңай соқпағаны анық. Елінен жырақта жүрсе де, қазақтың бостандығы үшін күресіп өткен. Еуропада жүріп, бүкіл әлем назарын Түркістан проблемасына аударды. Туған елі мен Түркістандағы жақтастарымен байланысын үзбей, үнемі хат алысып тұрды.

Публицистік қырынан танылды. Өз күшімен шетелде "Яш Түркістан" журналын шығарды. Түрлі басылымдарда саяси мақалалары басылды. Германия, Англия, Франция секілді ірі елдердің саяси мінберінен сөз сөйлеп, түркі халқының кеңестік кертартпа саясаттан кесапат көріп отырғанын ашына айтты. Мұстафаның қайраткерлік абырой-атағы мұхит асып, тіпті АҚШ-қа жетті. Америкалықтар да оны бірнеше рет шақырып, саяси алаң ұсынған. Алайда оның ақшасы болмай, Америкаға жолы түспеді.

Тағы оқыңыз: Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті

1925 жылы Парижде өткен "ЭКСПО" көрмесі кезінде Мұстафа Шоқай Әміре Қашаубаевпен кездеседі. Осы сапардан кейін НКВД қызметкерлері талантты әншінің қыр соңына түсіп, сұрақтың астына алады. Осылайша басталған тергеу ақыры тоғыз жылға созылған.

Бүгінде Мұстафа Шоқайдың еңбектерінің біразы Франциядағы кітапханада сақтаулы. Шоқайдың еңбектерін зерттеуге қазақстандық ғалымдар ғана емес, шетелдіктер де көп келетін көрінеді.

Шоқайдың Сталин мен Гитлер жайлы ойлары

Екінші жүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін, соғыс қаупі Францияға да төнді. Нацистік қауіп-қатерді байқаған Париждегі эмигранттар бас сауғалап, АҚШ-қа қаша бастады. Олар Мұстафа Шоқайға да бірге кетуді ұсынды. Алайда ұлы күрескер ешуақытта Франциядан кетуді ойламаған. Себебі қиын-қыстау кезеңде өзін құшақ жая қарсы алған Францияны екінші Отаны санаған еді. Сөйтіп ол Парижде қалады.

Көп ұзамай Парижді де соғыс оты шарпыды. Бір жыл өткеннен кейін, нацистер Кеңес одағына соғыс жариялаған күні Шоқайды үйінен тұтқындап алып кетті. Лагерьге қамады. Шоқай лагерьде Түркістан туралы бір баяндама жасады. Немістер Шоқайдың түркістандықтарға қарата жасаған баяндамасын радио арқылы таратты.

Мұстафа Шоқай концлагерьдегі тұтқындардың адам төзгісіз ауыр хәлін көріп келгеннен кейін, "Гитлер мен Сталиннің кемшілігі көп, олар шын мәнінде залымдар. Мен олардың қайсысы күштірек екен деп ойламаймын. Шындығында, олардың саясат пен зұлымдыққа дәрежелері бірдей" деп жазды.

Тағы оқыңыз: "Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер

Кейін неміс армиясының группенфюреріне жазған хатында: "Гете, Фейербах, Бах, Бетховен, Шопенгауэр сынды ұлыларды тәрбиелеген ұлттың тұтқындарға жасап отырған зұлымдығын көре отыра, мен Түркістан легионын басқару туралы ұсыныстан және сіздермен әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамын" деп кесіп айтты.

Мұстафа Шоқайдың отбасы

Мұстафа Шоқай Қоқан қырғынынан кейін, Ташкентке қашып келген кезде, болашақ жары Мария Горина оған араша түседі. Бір-екі рет өз басын қауіпке тігіп, Мұстафаның аман қалуына себепкер болады. Осыдан кейін екеуінің арасындағы сыйластық махаббатқа ұласады. Мария Горина бұрын тұрмыста болған әйел.

Опера әншісі Мария Горина Мұстафаға адал жар, өмірлік серік бола білді. Горинаның арқасында қайраткердің барлық мұрасы бүгінгі ұрпаққа жетті.

Жұмбақ өлім

Мұстафа Шоқай 1941 жылы Берлиндегі Виктория ауруханасына ауыр хәлде жеткізілді. Сол жылдың 27 желтоқсанында ешкімге түсініксіз, жұмбақ жағдайда көз жұмды.

Дәрігерлер жасаған медициналық сараптама бойынша Шоқай қандағы бөртпе сүзегінің асқынуынан қайтыс болған. Бұл сырқатты Мұстафа концлагерьлерді аралап жүріп жұқтыруы мүмкін деп болжаған. Бірақ қайраткердің жары Мария күйеуінің бұл дертпен Түркістанда жүріп ауырып жазылғанын, оған қарсы тұратын күш-қуаты бар еді дегенді айтады.

Мұстафа Шоқай Берлиндегі түріктердің зиратында жерленген.

Мұстафа Шоқай деген еді...

  • Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп-дамиды, жемiс бередi.
  • Ұлттық рухтың негiзi – ұлттық тiл.
  • Бiз құл болып тұра алмаймыз. Бiз ұлт азаттығымызды аламыз.
  • Ағалар, қыпшақ деген ұлт болмайды, қазақ деген ұлт бар. Егер әрқайсымыз бөлiнiп, қыпшақтың көсемi, арғынның көсемi, үйсiннiң көсемi болып жатсақ, бiздiң халық азады.
  • Төлқұжат деген нәрсе "ұлт" бермейдi, оның "ұлтын" өзгерте алмайды. Төлқұжат деген нәрсе сол төлқұжат иесiнiң оны берушi үкiметке тәуелдi екенiн ғана куәландырады.
  • Ылғи да Отаныма қайту ойында жүремiн және соған жету үшiн тырысамын. Демек, атамекенiмдi құтқару үшiн күресемiн.
  • Қазақпын деп мақтануды ар көретiн, қазақтың тiлiнде сөйлеудi масқаралық көретiн салт қайдан шығып отыр? Балалардың көбi не қазақ, не орыс болып тәрбиеленбей, шөре-шөре бiрдеме болып өсiп жатқанын неге көрмейсiңдер?
  • Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады және оны қорғап қала алады.
  • Жалпы адамгершiлiк және философиялық тұрғыдан алғанда жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ, болмайды да.
  • Тарих рақымсыз. Ол – ғұламаны да, бiлгiрдi де, өнер иесiн де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердiң бәрiн езiп-жаншып жүре бередi. Тарих заңдары керi қайтуды бiлмейдi және оны жаратпайды.
  • Атамекендi сүю – оның тұтас мүддесiне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жанпида қылуға дайын тұру болып табылады.
3851
Кілт сөздер:
Мұстафа Шоқай, Түркістан, Алашорда, Әлихан Бөкейхан, өмірбаян
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
"Батыр болуға тиісті азамат еді": Жұбан Молдағалиев туралы не білеміз?
Ринат Зайытов туралы не білеміз?
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Айыбым – тірі қалғаным" "Түнгі мыстан" атанған Хиуаз Доспанова туралы не білеміз?
21 жасында Кеңес одағының батыры: Сағадат Нұрмағамбетов туралы не білеміз?
"Сталин қос бұрымыма мақтау айтты": Роза Бағланова туралы не білеміз - фото
Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов жайлы не білеміз?
Нақақтан-нақақ жала жабылды: Қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова туралы не білеміз
Сайлау, дауыс беру, иллюстративті сурет

Мәжіліс сайлауы: кім дауыс бере алады

549
Мәжіліс сайлауында дауыс беруге құқылы сайлаушылар, дауыс беру уақыты мен тәртібі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Мәжiлiс депутаттарын сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Азаматтар жасырын дауыс береді және сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасауға тыйым салынады.

Сайлаушылар тізімінде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшiн – қосымша күнi мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетiледi.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді

Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне жүгінуге құқылы. Жазбаша өтiнiшті сайлаудан кемінде отыз күн бұрын беру керек.

Азамат өтiнiш жасаған соң, әкімдік оны тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығарып, сол қаладағы дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзеді.

Дауыс беру уақыты

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Алайда учаскелiк сайлау комиссиялары басқа уақытты белгiлей алады. Бұл орайда дауыс берудi сағат 06.00-ден ерте бастап, сағат 22.00-ден кеш аяқтауға болмайды.

Учаскелiк сайлау комиссиясы азаматтарды дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, БАҚ арқылы, сондай-ақ, өзге де әдiстермен хабардар етуі тиiс.

Дауыс беру тәртібі

Учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс берудің басталуына бiр сағат қалғанда дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастайды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан 30 минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар-жоғын, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады.  Комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Бюллетеньдер сайлаушылар тiзiмі негiзiнде жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң берiледi.

Сайлаушылар тiзiмге бюллетеньдердi алғаны туралы қол қояды.

Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясы төрағасы мен хатшысының бюллетень бepуге құқығы жоқ.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

549
Кілт сөздер:
сайлау, Мәжіліс
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Мәжіліс залы

Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

743
(Жаңартылды 18:32 27.09.2020)
Қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Қазақстан президенті парламент сайлауының өтетін күнін 2020 жылдың 24 қазанынан кешіктірмей белгілеуі тиіс

Парламент – Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: сенаттан және мәжілістен тұрады.

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 107 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Сайлауды кім және қалай тағайындайды

Мәжілістің соңғы сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтіп, бірінші сессия 2016 жылдың 25 наурызында ашылған еді. Тиісінше, қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Конституцияға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауы парламенттің жұмыс істеп тұрған шақырылымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Осылайша, төменгі палата депутаттарының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

"Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауын президент депутаттар өкiлеттігінің бiтуiне кемiнде бес ай  қалғанда тағайындайды.

Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Үміткерге қойылатын талаптар

Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан, жасы жиырма беске толған адам мәжіліс депутаты бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Мыналар:

  • сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • сот сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам парламенттің депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, кандидат бола алмайды.

Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркелген саяси партиялар, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттарды Ассамблея кеңесі ұсынады.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.

Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын үміткерлерді ұсыну сайлаудан 2 ай бұрын басталып, оған 40 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

ҚХА сайлайтын кандидаттарды ұсыну сайлаудан 1 ай бұрын басталып, оған 20 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Кандидатураны алып тастау

Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

743
Кілт сөздер:
сайлау, мәжіліс депутаты, Мәжіліс
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Коронавирус, госпиталь

Қазақстандағы коронавирус: комиссия соңғы ақпаратты бөлісті

17
(Жаңартылды 09:03 26.10.2020)
Індетке шалдыққандар саны Шығыс Қазақстанда көп тіркелді. Бір тәулікте жиырма бес адам, астанада - 23 науқас

НҰР-СУҰЛТАН, 26 қазан — Sputnik.  Қазақстанда өткен тәулікте 140 адамда коронавирус індеті ПТР арқылы расталды. 

Індетке шалдыққандар саны Шығыс Қазақстанда көп тіркелді. Бір тәулікте 25 адам, астанада - 23 науқас, деп хабарлайды коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия.

Аймақтар бойынша:

  • Нұр-Сұлтан қаласы - 23
  • Алматы қаласы - 15
  • Ақмола облысы - 14
  • Ақтөбе облысы - 4
  • Алматы облысы - 8
  • Атырау облысы - 3
  • Шығыс Қазақстан облысы - 25
  • Жамбыл облысы - 3
  • Батыс Қазақстан облысы - 5
  • Қарағанды облысы - 10
  • Қостанай облысы - 6
  • Маңғыстау облысы - 1
  • Павлодар облысы - 12
  • Солтүстік Қазақстан облысы - 9
  • Түркістан облысы - 2

Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 110 542. 

Коронавирустық пневмония

Өткен тәулікте коронавирустық инфекция белгілері бар пневмонияның 26 жағдайы тіркелді. 71 адам емделіп шықты, бір адам қайтыс болды.

1 тамыздан бері 36 921 адам дертке шалдығып, 394 науқас көз жұмды. Жазылып шыққандардың саны  - 28 531 адамға жетті.

 

17
Кілт сөздер:
Қазақстан, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
Ғалымдар коронавирус қалай таралатынын видео арқылы көрсетті
Коронавирус ақша мен телефон экранында қанша уақыт сақталады – ғалымдар зерттеу жасады
"Коронавирустың екінші толқыны жоқ": ДДҰ мәлімдеме жасады
Қара бұрыш коронавирустан қалай қорғайды – ғалымдар жауабын айтты
Кавасаки синдромы коронавирустың асқынған түрі ме - ғалым жауап берді