Ручка и бумага - Sputnik Қазақстан
Өмірбаяндар
Sputnik Қазақстан саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, спортшылар мен әншілердің өмірбаянын ұсынады. 

Қарға бойлы Қазтуған атанып кеткен жырау туралы қызықты деректер

© Sputnik / Абзал КалиевКітаптар сөресі
Кітаптар сөресі - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жырау, жорық жыршысы және халық эпосын жасаушылардың бірі Қазтуған Сүйінішұлы туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Өскен ортасы

Қазтуған Сүйінішұлы шамамен ХV ғасырда Астрахань облысына қарайтын Красный Яр қаласының төңірегінде, Бозан, Ақтұба өзендерінің бойында дүниеге келген. Көшпелі тірлік салтын ұстанған ықпалды әулеттен шыққан. Айтулы жорық жырауы, әскербасы, батыр болған. Ел арасында "Қарға бойлы Қазтуған" атанып кеткен.

Әкесі Сүйініштің Қазтуғаннан бөлек, Азамат және Әдіжі есімді тағы екі ұлы болған. Оның арғы ата-бабалары Ноғай Ордасының билеушілері еді. Әкесі Сүйініш Абдоллаұлы Еділ бойында өмір сүрген, кейін Қобан жаққа өтіп кеткен.

Қазтуған жыраудың туған және қайтыс болған жылдары күні бүгінге дейін белгісіз. Кейбір деректерде ХV ғасырда өмір сүргені жазылса, енді бірінде XVІІ ғасырдың перзенті екені айтылады.

Мәселен Әнес Сарайдың "Ноғайлының рухани өмірі" атты еңбегінде:

"Қазтуған — Ноғайлы жырауларының ең кенжесі, XVІІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген тұлға. Жыраудың өмір сүрген кезеңін анықтауға Ноғайлы шежірелері септеседі.

Тағы оқыңыз: "Кінәсін мойындаған" Әуезов: жазушы туралы қызықты деректер

Қазтуған шежіресі былай түзіледі: Ысмайыл — Дінбай — Тінікей — Абдол — Сүйініш — Қазтуған. Ысмайыл Мұса бидің ортаншы ұлдарының бірі болғандықтан, 1480 жылдар шамасында дүниеге келді деп болжауға болады. Ал өлген жылы – 1563 жыл. Оның төртінші ұлы Дінбай Орыс би заманының 1578–1590 жылдары атыс-шабыстың бел ортасында болды. Қазтуған — Ысмайылдың бесінші ұрпағы. Əр ұрпаққа 20–25 жастан бергенде Қазтуған 1600 жылдар шамасында дүниеге келген болады", - деп жазады.

Қазтуған жырларынан жыраудың өзінен жасы үлкен Асан Қайғының көзін көргенін аңғаруға болады. Кейін Асан Қайғының баласы Абатпен үзеңгілес болып, ел ісінде мақсат-мүдделерін ортақтастырған. Тарихи еңбектерде Қазтуған жыраудың ХV ғасыр аясында сексен жасқа жақын ғұмыр кешкені жазылады.

Қазтуған жыраудың шығармашылық мұрасы

Қазуған жыраудың артынан өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалды. Бірақ жырларының көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде "Бұдырайған екі шекелі", "Алаң да алаң, алаң жұрт", "Белгілі биік көк сеңгір" атты толғауларын атауға болады. Дегенмен, бұл шығармаларының өзі-ақ Қазтуған жыраудың қазақ әдебиеті тарихының төрінен орын алуына негіз бола алды. Қиялының ұшқырлығы, кеңдігі, суреттеу тәсілдерінің байлығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде және өзіндік сипатқа толы болғанын аңғартады. Ұлттық бояуы ашық, өршіл романтикаға толы, көркем тіркестерге бай Қазтуған жырлары бірнеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған.

Тағы оқыңыз: Жүсіпбек Аймауытовтың балалары неліктен қорқынышпен өмір сүрді?

Қазтуған жыраудың толғауларын алғаш рет Ғабдолла Мұштақ "Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары" атты жинағында топтастырған.

Мадақ жыры

Қазтуған "Мадақ жыры" немесе "Бұдырайған екі шекелі" екі деп аталатын толғауында өзін таныстырады. Өзіне арнаған Мадақ жырының жолдарынан Қазтуғанның жорықшы, жауынгер жырау болғаны аңғарылады.

Бұдырайған екі шекелі,

Мұздай үлкен көбелі,

Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,

Адырнасы шайы жібек окқа кіріс-ті,

Айдаса –  қойдың көсемі,

Сөйлесе - қызыл тілдің шешені,

Ұстаса - қашағанның ұзын құрығы,

Қалайылаған қасты орданың сырығы,

Билер атты би соңы,

Би ұлының кенжесі,

Буыршынның бұта шайнар азуы,

Бидайықтың көл жайқаған жалғызы,

Бұлт болған айды ашқан,

Мұнар болған күнді ашқан,

Мұсылман мен кәпірдің

Арасын өтіп бұзып дінді ашқан

Сүйінішұлы Қазтуған!

Алаң да алаң, алаң жұрт

Қазтуған жырларындағы шоқтығы биік шығарма – оның туған жермен қоштасу жыры. "Алаң да алаң, алаң жұртта" Қазтуған жырау халқының туған мекен Еділін тастап, Шу бойында алғаш хандық құрып, қоныс тебуі, тәуелсіз ел болу кезеңін меңзейді. Бұл қоштасу өлеңі он бесінші ғасырдың екінші жартысында өз қарамағындағы руларды бастап Еділден еріксіз ауып, Қазақ мемлекеті құрамына өткеннен сыр шертеді.

Тағы оқыңыз: Ғалым Әл-Фарабидің ұлты "қазақ" дейтіндерге жауап берді

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала ордам қонған жұрт,

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт,

Қарғадай мынау

Қазтуған батыр туған жұрт,

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт,

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт.

Салп-салпыншақ анау үш өзен,

Салуалы менің ордам қонған жер,

Жабағылы жас тайлақ

Жардай атан болған жер,

Жатып қалып бір тоқты

Жайылып мың қой болған жер,

Жарлысы мен байы тең,

Жабысы мен тайы тең,

Жары менен сайы тең,

Ботташығы бұзаудай,

Боз сазаны тоқтыдай,

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған,

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,

Балығы көлге жылқы жаптырмас,

Бақасы мен шаяны

Кежідегі адамға

Түн ұйқысын таптырмас,

Қайран менің Еділім,

Мен салмадым, сен салдың,

Қайырлы болсын сіздерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт!

Белгілі биік көк сеңгір

Бұл толғауда Қазтуған жырау батырларға тән қажыр-қайратын ұштап, намысын қайрап, елге дем беріп, рухтандыра түседі. Таудың əдемі көріністерін жырлап, адам туралы ойларға көшеді.

Тағы оқыңыз: "Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер

Белгілі биік көк сеңгір

Басынан қарға ұшырмас,

Ер қарауыл қарар деп,

Алыстан қара шалар деп;

Балдағы алтын құрыш болат

Ашылып шапса дем тартар,

Сусыным қанға қанар деп;

Арғымақтың баласы

Арыған сайын тың жортар,

Арқа мен қосым қалар деп;

Ақ дария толқын күшейтер,

Құйрығын күн шалмаған балығым

Ортамнан ойран салар деп;

Азамат ердің баласы

Жабыққанын білдірмес,

Жамандар мазақ қылар деп!

Жаңалықтар
0