Қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, соғыс ардагері, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1924 жылы 22 қазан Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ата-бабасы Арал маңында ежелден қоныстанған. Жетінші атасы - Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған. Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туады.
Осы үшеуі және Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардан аман қалғаны Әбдіжәміл ғана. Әкесі Кәрім ауылнай қызметін атқарған. Соғыс қарсаңында балық колхозында істеген. 1944 жылы 21 сәуір күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапты.
"Өзім туған 1923 жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: "Қай күні тудым? " – деп сұраған едім, "Оны қайтесің?" – деді. "Комсомолға өтейін деп едім. Ит біліп пе. Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін”, – деп жазды Нұрпейісов өз естелігінде.
Әбдіжәміл бірінші сыныпта оқымады, бірден 2-сыныпқа барды. 3-сыныпты Құландыда, ал 4-сыныпты Көкаралда бітірді.
"Менің оқуым ит тістеген терідей болды. 5-сыныптан бастап дұрыстап оқыдым. 6-сыныпта интернатта жаттым. Сәбит Мұқановтың "Адасқандар", "Жұмбақ жалау", Мұхтар Әуезовтің "Абай" романындағы алғашқы екі кітабы, Сервантестің "Дон-Кихот" романының қазақша аудармасы қол сөмкемізден түспеуші еді", - деп еске алды Нұрпейісов.
Әбдіжәміл Нұрпейісов орта мектепті тәмамдаған бойда армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанды. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты.
"1943 жылдың наурыз айында лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқыттым. Курс маған қиын болды. Әуеге көтерілген кезде көп құсатын едім. Ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын, – дейді жазушы.
1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған "Курляндия" романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды.
"10-сыныпты оқып жүріп повесть жазуға бел будым. Әскерден қайта оралсам – баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді, жоғалғаны жақсы болды", – деп еске алады Нұрпейісов.
Осылайша, "Курляндия" романы жазылады. Жазушы тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады. Проза саласында үзбей еңбектеніп, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түседі.
1954 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітіреді. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – "Жұлдыз" журналының бас редакторы болып істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданады. Халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланады.
2000 жылы ПЕН клубының жанынан "Таң-Шолпан" журналын шығарады. Көп жылдардан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы. Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытты. "Соңғы парыз" дилогиясы да әлем әдебиетшілерінің үздік бағасына ие болды.
1978 жылы Әзірбайжан Мамбетов пен Юрий Мастюгин Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен тер" романының желісі бойынша екі бөлімнен тұратын кино түсірді. Сценарий авторлары - Андрей Михалков-Кончаловский мен Родион Тюрин. Фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен ВДНХ КСРО-ның Алтын медалін алады және Ашхабад қаласындағы өткен кинофестивальда "Ең үздік тарихи-революциялық фильм" номинациясы бойынша үздік деп танылды.
2008 жылдың 14 қарашасында Ақтөбе қаласында "Қан мен тер" трилогиясының кейіпкерлеріне арналған Ерік Жауымбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл - Қазақстандағы әдеби туындының кейіпкерлеріне арналып жасалған алғашқы туынды. Мүсіндік копозицияда романның негізгі жеті кейіпкері және ит бейнеленген.
"Біраз жасадым. Еш уақытта бұл жасқа келемін деп ойламаппын. Тәркілеу болып жатқан уақыт есімде. Сол кездегі көп нәрсе көз алдымда. Ашаршылықты көрдім: өмірге өкпем жоқ. Қайғы-қасіреті, қуаныш-қызығы да көп болды. Аштықта есектің етін жегендер де болыпты", - деп жазды Нұрпейісов.
Қаламгердің тұңғыш романы "Курляндия" 1950 жылы жарияланып, кейіннен "Күткен күн" деген атаумен өңделген нұсқада жарық көрді. Бұдан бөлек, ол - "Сең", "Соңғы парыз" роман-дилогиясының, "Толғау" атты сыни еңбектің, көптеген очерктер мен көркем аудармалардың авторы. Ал басты туындысы - "Қан мен тер" трилогиясы (1-кітап – "Ымырт", 1961; 2-кітап – "Сергелдең", 1964; 3-кітап – "Күйреу", 1970).
Трилогия 1916–1918 жылдардағы аласапыран кезең мен қазақ халқының әлеуметтік қайшылыққа толы күрделі өмірін көркем бейнелеген шығарма болды. Онда 200-ге тарта кейіпкер шеберлікпен сомдалған. Бір ғана Еламанның жігерлі бейнесі арқылы қазақ халқының өршіл қаһармандық рухы шынайы көрсетілген.
Ал әлеуметтік-психологиялық "Соңғы парыз" роман-дилогиясында Арал теңізінің апатқа ұшырауына кінәлі адамдардың хикаясы нақты суреттелген. Шығармада экология, табиғат пен адам арақатынасын толғаған қаламгер оқырмандарды рухани-адамгершілік мұраттарға жетелейді.
Нұрпейісовтің "Толғау" атты әдеби-сын мақалалар мен эсселер жинағы 1972 жылы қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді. Артынан тағы толықтырылып, "Жүрегі толы жыр еді" деген атпен қайта басылды. "Көгілдір көлдер өлкесі", "Ақбидай туралы аңыз" секілді бірнеше очерктер жинағы шықты. "Қасиетіңді қадірле" атты кітабына соңғы уақытта жазған әдеби мақала, очерк, эсселері енді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов Чехов, Горький, Хикмет пен испан жазушысы Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар, Нұрпейісовтің туындылары да бірнеше шетел тіліне тәржімаланған.
КСРО мемлекеттік сыйлығын үш-ақ қазақ алған. Олар – Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және Әбдіжәміл Нұрпейісов. Биыл қазан айында Қазақстанның еңбек ері 95 жылдығын атап өтті.
"Халық жөнінде бәріміз үлкен-кішіміз жазуымыз керек. Халық жөнінде жазуға шаршамау керек, көп айту керек. Өзім не жазсам да, үлкен шығарма жазайын, орташа шығарма жазайын, кіші шығарма жазайын, соның бәрін өздеріңе арнап жаздым ғой. Соның бәрін жазып, басқызып, содан кейін мына көңіл күпті, апыр-ай, қалай қабылдар екен деп күтетін, бір қиналып күтетін күндерім болатын. Әйтеуір жазған кітабым дүкенде сөреде жатқан жоқ", - дейді Нұрпейісов.
Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді.
Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке-жеке төленеді.
Жұмыс істемейтін әйелдерге бала бiр жасқа толық толғанға дейiн төленетін ай сайынғы төлем:
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдерге бала күтіміне байланысты төленетін ай сайынғы төлем былай есептеледі:
Соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастайсыз.
Мәселен, әйел босанғанға дейін екі жыл ішінде 2 500 000 теңге табыс тапты делік.
Осы соманы 24 айға бөлеміз: 2 500 000/24= 104 166 теңге.
104 166 теңге – орташа айлық жалақы.
104 166*0,4 = 41 666 теңге.
41 666 теңгенің 10%, яғни 4 167 теңгесі – ай сайынғы зейнетақы жарнасы.
Сонда жұмыс істейтін әйел бала күтімі үшін ай сайын 37 499 теңге алып отырады.
Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілікке және босануға байланысты төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері былай есептеледі:
орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейтіп, кейін шыққан сомадан 10 процент зейнетақы жарнасын алып тастайсыз. Коэффициент 4,2-ге тең.
Мысалы, соңғы бір жыл ішінде табысыңыз 1 800 000 теңге болды. Осы соманы он екі айға бөлген кезде, орташа жалақы шығады.
1 800 000/12 = 150 000 теңге;
150 000 теңге * 4,2 = 630 000 теңге;
Осы сомадан 10% зейнетақы жарнасын шегересіз. 630 000 – 63 000 = 567 000 теңге.
Яғни, жүктілікке және босануға байланысты біржолғы төлем 567 000 теңгеге тең болды.
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы 6,4 АЕК немесе 18 669 теңге.
2020 жылдың қаңтарынан көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан бала санына қарай сараланған мөлшерде жәрдемақы төленеді.
2021 жылы оның мөлшері:
8 және одан көп баласы бар отбасыларға әр бала үшін 4 АЕК мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
Ахмет Қуанұлы Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысы Темір ауданында Ақжар деген жерде дүниеге келген. Ахметтің әкесі Қуан балаларын оқытуды армандайды, осы ниетпен Темір уезіне берілген екі мектептің бірін өз ауылында ашқызады.
1911 жылы Темір уезінде екі орыс мектебі ашылды. Сол жылы оқу бітірген Құсайын есімді мұғалім уезге келеді. Ол Ахмет Жұбановтың үйінде жатады. Құсайын домбыра мен скрипка, мондолин тартады, аздап нотадан да хабары болған. Осы аспаптың қайсысында ойнаса да, Ахмет Жұбанов жанынан табылған.
Бес жастан асқан Ахмет сол аспаптың бәрінде ойнап кетеді. Дирижер өз естеліктерінде мектептегі ұстазының музыкаға деген ұмтылысын арттырғанын айтады.
"Менің туып-өскен үйім – домбыра, ән, күй, жыр. Көркем әңгімені кәрі-жасына дейін қадірлейтін осындай ауылда өскен мен бес жасымда хат танып, домбыра тартып, өлең айтып, тақпақ жаттайтынмын. Ауылдың қақ ортасында суы мол үлкен құдық болатын, кешке қарай салқын түскен соң ауыл адамдары құдықтың басына жиналушы еді. Ән, күй, жыр тыңдап, ақындар айтысын тамашалайтынмын. Әсіресе, күйге деген ықыласы ерекше-тұғын. Күй тартпайтын кәрі-жас, әйел, еркекті кездестірмейтінбіз", - дейді естелігінде Жұбанов.
Тағы бір есте қалғаны, ауылдастарым қуанышты да, қаңғыны да өлең, жыр арқылы білдіретін. Сондықтан маған бүкіл дала ән-жыр айтып, күмбірлетіп күй тартып, әсем әсерге бөлейтін. Әнші, күйші, жырау дегендерді ауыл адамдары пір тұтатын, дейді дирижер.
Ахметтің әкесі Қуан 1919 жылы қайтыс болады. Содан кейін үн үш жасар Ахмет оқудан қол үзуге мәжбүр болады. Келесі жылы әкеден қалған аз ғана мал жұтап, үй ішінің бар ауыртпалығы баланың басына түседі.
1924 дирижер ауыл комсомолына мүше болады. Сол жылы ауылында ашылған "Шамшырақ" оқу үйінің меңгерушісі болып, ауылдың мәдениетіне қызу араласады. Сол жылдары киноға барғанда дыбыссыз фильмді сүйемелдеп тұрған скрипакашымен танысады. Қарт музыкант жас жігітті ілтипатпен қарсы алады. Содан кейін кәсіби білім алу үшін Ленинградқа оқуға түседі.
"1932 жылы оқуды бітіріп, аспирантураға түсті. Бірақ ол кезде біздің үкімет хат жазып, училище ашылып жатқанын айтты. Музыкант керек екенін айтып, шақырды", - дейді Жұбановтың қызы Ажар Ахметқызы.
Ахмет Жұбанов 1933 жылы Алматы музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметке келеді. Осы кезден бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ол қазақтың музыкалық мәдениеті жолында қызмет етті.
1934 жылы бір топ домбырашының басын қосып, қазақ ұлт аспаптар оркестрінің негізін қалаған. Сол оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері болған. Жұбанов өзі құрған оркестрге Құрманғазының атын береді.
1936 жылы алғаш Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне, кейін 1949 жылы өткен екінші онкүндікте де Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі үлкен абыройға ие болған.
1936 жылы композитордың "Музыка әліппесі" атты тырнақалды кітапшасы жарық көрген.
1945-1951 жылдары Алматы консерваториясының ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер мен аспаптану пәнінен сабақ берді.
"Ол – тумысынан ерекше туындыгер, ерекше композитор. Оның барлық музыкасы өміршең. Оның композиторлық таланты опералық шығармаларды шығаруда кеңінен ашылды деуге болады", - дейді Ахмет Жұбановтың шөбересі, дирижер Алан Бөрібаев.
1938 жылдан бастап Ахмет Жұбанов композиторлық жұмыспен айналыса бастайды. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің "Қозы-Көрпеш – Баян сұлу" драмасына, Мұхтар Әуезовтің "Абай" спектакліне, "Амангелді" кинофильміне музыка жазды. Камералық шығармалардың ішінде "Қазақтың жеті биі", "Тәжіктің он биі" сияқты фортепианоға арналған, "Ария", "Көктем", Жезкиік", "Романс" сияқты қобызға арналған шығармаларының қазақ өнерінде алатын орны ерекше.
Ахмет Жұбанов 1936 жылы "Халық композиторлары. Құрманғазы", 1942 жылы "Қазақтың халық композиторларының өмірі мен творчествосы" атты кітаптарын жазды.
Ахмет Жұбановтың композиторлық шығармаларының көрнектілері Латиф Хамидимен бірлесіп жазған "Абай" (1944 жылы) және "Төлеген Тоқтаров" (1947 жылы) опералары, қызы Ғазиза Жұбанова аяқтаған "Құрманғазы" (1970 жылы) операсы.
Қазақстан тарихындағы алғашқы дыбысты фильм "Амангелді" фильміне Михаил Гнесин мен Ахмет Жұбанов музыкасын жазды.
1968 жылы "Замана бұлбұлы" атты кітабы үшін Ахмет Жұбанов Қазақ ССР Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығына ие болды.
Жұбановтар әулеті дарын қонған отбасы. Сөзімізге Ахмет өнер саласындағы бірінші академик болғаны, бауыры Құдайбергеннің қазақ тіл білімі саласын зерттеген профессор екені дәлел бола алады. Ахметтің қызы Ғазиза Жұбанова қазақ әйелдерінің ішінен шыққан бірінші кәсіби композитор, жиені Алан Бөрібаев дарынды дирижер.
Құдайберген Жұбанов – қазақ тілінің теориялық негізін қалаушы, қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры, педагог, түркітанушы. Ал оның ұлы Асқар Жұбанов өмірін математикалық лингвистикаға арнаған ғалым.
Ахмет Жұбанов 1968 жылы Алматыда 62 жасында дүниеден өтті.
НҰР-СҰЛТАН, 27 қаңтар – Sputnik. Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракция депутаттары ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Александр Милютиннің ойынша, қазіргі зейнетақы жүйесі түбегейлі өзгертуді қажет етеді.
"Қазақстандықтардың көбінде жалақы аз болғандықтан, зейнетақы жинағы жеткілікті емес. Сол себепті біздің партия бұған дейінгі ынтымақты зейнетақы жүйесіне қайта оралуды ұсынады. Біздің басты ұсынысымыз – еңбек жағдайларының қиындығына байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарастыру. Зейнетке шығу жасын азаматтың жынысына қарамастан 60 жасқа дейін төмендету қажет ", - деді ол премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Мәжілісмен елде жұмыссыз жастар мәселесі өткір тұрғанда, зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен көтеру ақылға сыймайтынын айтты.
Сондай-ақ, Милютиннің пікірінше, ең төменгі базалық зейнетақы жыл сайынғы түзетумен орташа жалақыға тең болуы тиіс.
"Қазақстан халық партиясы үкіметтен болашақ зейнеткерлер үшін қаржылық "қауіпсіздік жастығын" қалыптастыруға арналған тетіктер тізімін кеңейтуді талап ететін болады", - деді депутат.
Оның айтуынша, зейнетақыны жыл сайын индексациялау кезінде тек номиналды инфляцияны ғана емес, нақты тұтыну бағасының өсу индексін, сондай-ақ, жалақы өсімі индексін де ескеру қажет.
Милютин карантиндік шектеу шараларынан елде жұмыссыздық деңгейі өсіп жатқанына алаңдады.
Бұдан бөлек, жұмыс істейтіндердің зейнетақы, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелерінен шығып қалу қатері күшеюде.
БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасы бойынша зейнетақы жинақтары 5 жыл ішінде алғаш рет төмендеген. 2020 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша ол 11 триллион 405 миллиард теңге, ал 2020 жылдың 1 маусымына қарай 11 триллион 388 млрд теңгеге дейін, яғни 17 миллиард теңгеге қысқарды.