Қыздың бетіндегі ту бейнесі

Жалақы, жәрдемақы және кредит: Қазақстанда 2020 жылдан бастап не өзгереді

18721
Тышқан жылы елімізде жағымды өзгерістер аз емес. 2020 жылдың басты жағымды жаңалығы көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы болмақ

Келер жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұрғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жаңа жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ай сайынғы  жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі.

Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай сараланады:

  • төрт баласы бар отбасыларға –  42 496 теңге;
  • бес балаға – 53 127 теңге;
  • алты балаға – 63 757 теңге;
  • жеті және одан да көп балаларға – 74 388 теңге.

Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі өзгереді.

Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады.

Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі.

Кімдердің жалақысы өседі?

Қазақстанның еңбек заңнамасы бойынша, елімізде тек ең төменгі жалақының мөлшері ғана реттеледі. Қалғаны – жұмыс берушінің қалауына қарай.

2019 жылдың басынан бері әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мың кәсіпорын 1,2 миллион жұмысшының жалақысын 32%-ке – 46 мың теңгеден 61 мың теңгеге дейін көтерді.

Тағы оқыңыз: Елімізде кейбір мұғалімдерге 2,5 миллион теңге сыйақы төленеді

1 шілдеден бюджет қызметкерлерінің айлығы 30%-ке ұлғайды.

Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан мұғалімдердің жалақысы 25%-ке, мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығы 35-50%, әлеуметтік сала қызметкерлерінікі 30-60%-ке өседі деп жоспарланып отыр.

Зейнетақы, күнкөріс деңгейі және АЕК

2020 жылы ең төменгі базалық зейнетақы 800 теңгеге ұлғайып, 16 839 теңгені құрайды.

Биыл ең төменгі зейнетақының мөлшері 36 108 теңге болса, келесі жылы 38 636 теңгеге жетеді. 2020 жылдың басынан қазақстандықтардың зейнетақысы инфляция деңгейіне қарай өседі.

  • ең төменгі күнкөріс деңгейі –  31 183 теңге;
  • ең төменгі жалақы – 42 500 теңге;
  • айлық есептік көрсеткіш – 2 651 теңге.

Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты, мемлекеттен балаларға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылу бойынша, аса зиянды және ауыр жұмыстарда еңбек ететін адамдарға төленетін әлеуметтік жәрдемақылар да көбейеді.

Бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшерінің Sputnik Қазақстан материалынан біле аласыздар.

Паспорт пен жеке куәлік қымбаттайды

Келесі жылдан төлқұжат пен жеке куәлік алу қымбаттайды.

  • паспорт алуға мемлекеттік баж салығы – 8 АЕК немесе 21 208 теңге;
  • жеке куәлік – 0,2 АЕК немесе 530 теңге.

Егер азамат жеке куәлікті ауыстыруға уақытылы өтініш бермесе, онда оған 7 АЕК немесе 18 557 теңге айыппұл салынады.

Әдетте құжаттарды алу мерзімі 15 күнге дейін уақыт алады. Десе де қосымша ақы төлеп, құжаттарды жедел алуға болады.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары үшін:

  • Жеделдіктің бірінші санаты – бір жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
  • Жеделдіктің екінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.

Облыс орталықтары үшін:

  • Жеделдіктің бірінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
  • Жеделдіктің екінші санаты – бес жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.

Облыстардың аудандары мен қалалары үшін:

  • Жеделдіктің үшінші санаты – жеті жұмыс күніне дейін – 1 166 теңге.

Ал жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік баж салығы – 1,25 АЕК немесе 3 314 теңге.

Стипендия көтеріледі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан студенттердің шәкіртақысын 25%-ке ұлғайтуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл туралы Жастар жылының жабылу салтанатында мәлімдеген еді.

Келер жылдан бастап студенттердің стипендиясы былай өзгереді:

  • бакалавриатта – 20 949 теңгеден 26 186 теңгеге дейін;
  • магистратурада – 53 530 теңгеден 66 913 теңгеге дейін;
  • докторантурада – 81 998 теңгеден 102 498 теңгеге дейін.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

2020 жылдан бастап елімізде пациенттерді қабылдау мен емдеу жаңаша жүргізіледі. Оған себеп – Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкелі жатыр.

МӘМЖ аясында мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды.

Тағы оқыңыз: Қазақстандық маман 2020 жыл қандай болатынын айтты

1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар медициналық сақтандыру қорына жарна аударуға міндеттеледі:

  • жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2%-і;
  • жұмысшылар үшін – еңбекақының 1%-і;
  • жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-і;
  • азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтіндер – табысының 1%-і;
  • өздігінен төлеушілер – 1 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-і.

Ал жеңілдікке ие азаматтардың 15 санатына мемлекет жарнаны қорға өзі аударады.

Кредит берілмейді

Жаңа жылдан бастап кірісі күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтарға кепілсіз кредит берілмейді. 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңгеге тең болады.

Бұған қоса, жұмыссыздар да кредит ала алмайды. Өйткені банктен қарыз алу үшін соңғы 3-12 айдағы ресми табысты көрсету қажет.

Сонымен қатар, банктерге азаматтардың кредит бойынша берешегі 90 күннен асып кеткен жағдайда, комиссия есептеуге тыйым салынды.

Табыс салығынан кімдер босатылады?

2020 жылдың басынан бастап арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылады. Бұл президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы.

Тағы оқыңыз: Қазақстандықтар 2020 жылы қанша күн демалады?

Алайда бұл өзгеріс жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнім өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына қатысты емес.

Бұдан бөлек, шағын және орта бизнеске үш жылға тексеріс жүргізуге мораторий жарияланды. Бірақ бұл тексеріс мүлде жүргізілмейді деген сөз емес.

Кедендік тексеріс, кезікпе салық тексерісі, қылмыстық іс аясында және салық төлеушінің өтініші бойынша өз қызметіне қатысты жүргізіліп жатқан тексерістер қала береді.

Бензин бағасы өседі

2020 жылдың 1 қаңтарынан бензин акцизі екі есеге дейін көтеріледі – тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін. Бұл өз кезегінде бензин бағасына әсер етеді.

Бензин бағасы литріне 10 теңгеге өседі. Яғни, бір литр үшін акциз 8 теңгеден 18 теңгеге дейін ұлғаяды.

18721
Кілт сөздер:
стипендия, кредит, зейнетақы, көпбалалы отбасы, жәрдемақы, жалақы, өзгерістер
Тақырып бойынша
Жаңа жыл – 2020: Тоқаев ең төменгі жалақы мен зейнетақы көлемін бекітті
Тышқан жылы: 2020 жыл қандай болады?
Сайлау, дауыс беру, иллюстративті сурет

Мәжіліс сайлауы: кім дауыс бере алады

398
Мәжіліс сайлауында дауыс беруге құқылы сайлаушылар, дауыс беру уақыты мен тәртібі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Мәжiлiс депутаттарын сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Азаматтар жасырын дауыс береді және сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасауға тыйым салынады.

Сайлаушылар тізімінде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшiн – қосымша күнi мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетiледi.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді

Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне жүгінуге құқылы. Жазбаша өтiнiшті сайлаудан кемінде отыз күн бұрын беру керек.

Азамат өтiнiш жасаған соң, әкімдік оны тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығарып, сол қаладағы дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзеді.

Дауыс беру уақыты

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Алайда учаскелiк сайлау комиссиялары басқа уақытты белгiлей алады. Бұл орайда дауыс берудi сағат 06.00-ден ерте бастап, сағат 22.00-ден кеш аяқтауға болмайды.

Учаскелiк сайлау комиссиясы азаматтарды дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, БАҚ арқылы, сондай-ақ, өзге де әдiстермен хабардар етуі тиiс.

Дауыс беру тәртібі

Учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс берудің басталуына бiр сағат қалғанда дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастайды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан 30 минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар-жоғын, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады.  Комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Бюллетеньдер сайлаушылар тiзiмі негiзiнде жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң берiледi.

Сайлаушылар тiзiмге бюллетеньдердi алғаны туралы қол қояды.

Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясы төрағасы мен хатшысының бюллетень бepуге құқығы жоқ.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

398
Кілт сөздер:
сайлау, Мәжіліс
Мәжіліс залы

Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

723
(Жаңартылды 18:32 27.09.2020)
Қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Қазақстан президенті парламент сайлауының өтетін күнін 2020 жылдың 24 қазанынан кешіктірмей белгілеуі тиіс

Парламент – Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: сенаттан және мәжілістен тұрады.

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 107 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Сайлауды кім және қалай тағайындайды

Мәжілістің соңғы сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтіп, бірінші сессия 2016 жылдың 25 наурызында ашылған еді. Тиісінше, қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Конституцияға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауы парламенттің жұмыс істеп тұрған шақырылымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Осылайша, төменгі палата депутаттарының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

"Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауын президент депутаттар өкiлеттігінің бiтуiне кемiнде бес ай  қалғанда тағайындайды.

Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Үміткерге қойылатын талаптар

Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан, жасы жиырма беске толған адам мәжіліс депутаты бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Мыналар:

  • сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • сот сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам парламенттің депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, кандидат бола алмайды.

Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркелген саяси партиялар, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттарды Ассамблея кеңесі ұсынады.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.

Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын үміткерлерді ұсыну сайлаудан 2 ай бұрын басталып, оған 40 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

ҚХА сайлайтын кандидаттарды ұсыну сайлаудан 1 ай бұрын басталып, оған 20 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Кандидатураны алып тастау

Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

723
Кілт сөздер:
сайлау, мәжіліс депутаты, Мәжіліс
Көлік қозғалысы

Нұр-Сұлтанда жаңа біржақты көше пайда болады

0
Бұл шешім тұрғындардың елорда әкімдігіне осы көшедегі қозғалысқа жасаған шағымынан кейін қабылданған

АЛМАТЫ, 20 қазан – Sputnik. Нұр-Сұлтанда 25 қазаннан бастап Family village ауданында Е652 көшесінде бір бағытты қозғалыс енгізу жоспарланып отыр.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шешім тұрғындардың елорда әкімдігіне осы көшедегі қозғалысқа жасаған шағымынан кейін қабылданды. 

Елордалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы мен әкімшілік полиция басқармасы бірлесіп, осы учаскелердің жол-техникалық жағдайын тексерген.

"Қозғалыс сағат тіліне қарсы бағытта болады. Белгіленген учаскеде бір бағытты қозғалысты енгізу көлік легінің үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге, қарсы бағытпен қақтығыс жағдайын азайтуға, жол апатын болдырмауға мүмкіндік береді", - делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар бұл өзгеріс жол қозғалысын оңтайландыру үшін және көше-жол желісіне жүктемені азайту мақсатында енгізіліп отыр.

0
Кілт сөздер:
көлік қозғалысы, көше, Нұр-Сұлтан
Тақырып бойынша
Көше сыпырып кеткен: Әблязовтің елге оралған сыбайластарының тағдыры белгілі болды
Нұр-Сұлтанда ерекше көше қиылысы пайда болды – видео
Америкалықты бір соққымен құлатқан қазақ па? Көше төбелесінің видеосы
Бұрынғы кәсіби футболшы көше сыпырып кетті – видео
Нұр-Сұлтанда бірнеше көше мен көпір жабылады