Казахский писатель Сабит Муканов

Мүсіреповпен құда болған: әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов туралы қызықты деректер

10678
Қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқановтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жастайынан жетім қалған

Сәбит Мұқанов 1900 жылы 26 сәуірде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданындағы Жаманшұбар ауылында кедей отбасында дүниеге келген. Жеті жасқа толғанда әкесі Мұқан қайтыс болып, сегізге аяқ басқанда анасынан айырылады. Сөйтіп жастайынан жетім қалған бала Сәбит ағасы Мұстафаның қолында қалады.

Жетімдіктің тауқыметін тартқан Сәбит еңбекке ерте араласады. Он жасынан бастап байлардың есігінде жүріп күн кешті. Қойын бақты, отыны мен суын тасыды, жылқышы болды. Жоқшылықтан көзін аша алмай, мұқтаждық қолын байлап оқи да алмады. Алайда білімге деген құштарлығы бір сәт те басылған емес. Өз бетінше оқу-білімге ұмтылып, ауыл молдасынан хат таныды. 14-15 жасында ел аузындағы жыр-толғауларды, қисса-дастандарды жаттап, мақамдап айтып үйренді. Өлең шығаруға талаптанды, ел аузына ілігіп, ауыл ішінде өлеңші бала атанды. Абай Құнанбайұлының 1909 жылы басылған өлеңдер жинағымен танысып, Абайдай ақын болуды армандады. Абайдың поэзиясы Сәбит Мұқановтың ақындық талантына зор қозғау салады.

Сәбит Мұқановтың еңбек жолы

Сәбит Мұқанов 1918 – 1919 жылдары Омбыдағы оқытушылар курсында білім алды. Оқып жүріп Мағжан Жұмабаевқа хатшылық етті. Оның педагогика курсы тарихынан оқыған дәрістерін қағаз бетіне түсірді. Өзі шығарған алғашқы өлеңдерін Мағжанға оқып беріп‚ ақындық өнерін шыңдады. Оқуын тәмамдағаннан кейін Сәбит Мұқанов біраз уақыт мұғалім болып қызмет етті. 1920 жылы жазда Мағжан Жұмабаевтың жетекшілігімен оқытушылар курсы қайта ашылып‚ күзге дейін сонда оқуын жалғастырды.

Тағы оқыңыз: Бибігүл Төлегенова 90 жасқа толды: "Әдемі қартайып келемін"

1921 жылы Сәбит Мұқанов коммунистік төтенше әскери бөлімнің жауынгері болды. 1921–22 жылдары әр түрлі қызметтер атқарды. 1922 жылы Орынбордағы жұмысшылар факультетіне түсіп, 1926 жылы бітіріп шықты.

Сәбит Мұқанов 1926-1928 жылдары баспасөз орындарында қызмет атқарып, республикалық "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газеті бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Мемлекеттік баспасының бас редакторы болды. 1928 жылы Петропавл қаласының "Кеңес ауылы" газетінің редакторы және Жазушылар бөлімінің жетекшісі қызметін атқарды. 1930 жылы жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары негізінде "Жарыс" альманахын шығарды.

1932-1935 жылдары Мәскеудегі Қызыл профессорлар институтының әдебиет бөлімінде оқыған. 1935 жылы республикалық "Кеңес ауылы", "Қазақ әдебиеті" газеттерінің редакторы болып, 1936-1937 жылдары Қазақстан Жазушылар одағын басқарды.

Сондай-ақ, Сәбит Мұқанов 1937-1941 жылдары Абай атындағы педагогикалық институттың профессоры болып, қазақ әдебиетінен сабақ берген. 1943-1951 жылдары екінші рет Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін атқарды. 1958-1969 жылдары Дүниежүзілік Бейбітшілікті қорғау комитетінің мүшелігіне, 1965-1969 жылдары Араб елдерімен достық жөне мәдени байланыстар қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағалығына сайланған.

Сәбит Мұқановтың шығармалары

Сәбит Мұқанов қазақ әдебиетінің барлық жанрында өнімді еңбек етті. Жазушы қаламынан туған әдеби мұра – көп жанрлы, мол көлемді, идеялық-эстетикалық мәні жоғары әрі құнды. Сәбит Мұқанов 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме, очерктер, оннан астам пьеса, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар, қазақ мәдениетінің тарихы мен этнографиясы туралы зерттеу еңбектер және тағы басқа кітаптар жазып қалдырды.

Сәбит Мұқановтың алғашқы өлеңдері мен поэмалары, мақалалары мен әңгімелері 1917 жылдан жариялана бастады. 1924 жылы өлеңдер мен мақалалардан және аударма шығармалардан тұратын "Совет өкіметі һәм қазақ әйелі" атты тұңғыш кітапшасын шығарды.

Жиырма жасынан поэма жаза бастады.

1928 жылы "Сұлушаш" дастаны, 1931 жылы "Адасқандар" романы және тағы басқа туындылары жарық көрді. "Сұлушаш" дастанында ғашықтық, махаббат мәселесін көтере отырып, әлеуметтік мәні зор түйіндерді толғаған. Ал "Адасқандар" романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш романдардың бірі саналды. Ол бұл романды едәуір өзгерістер енгізіп, 1959 жылы "Мөлдір махаббат" деген атпен қайта бастырып шығарды.

"Жұмбақ жалау" (кейіннен "Ботагөз" аталған) романында Қазақстандағы 1910-1920 жылдардағы күрделі оқиғаларды бейнелеген. Бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан революциясы, Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауы, тағы басқа ірі тарихи оқиғалар роман сюжетіне арқау болды. Романдағы басты тақырып – қазақ халқының, Қазақстанның тарихи тағдыры. "Ботагөз" романы – қазақ халқы өміріндегі төңкерістік ірі кезеңді шебер бейнелеген келелі шығарма. Роман КСРО халықтары тілдерінде және бірқатар шет ел тілдерінде аударылып басылды. "Ботагөз" романына негізделіп пьеса жазылып, Казақстан театрлары сахнасына шықты, кинофильм түсірілді.

Сәбит Мұқанов 40-шы жылдары "Менің мектептерім" романын, "Балуан Шолақ" повесін, "Сырдария" романын, "Поэзия маршалы", "Майданға хат", "Жеңімпаз Қызыл Армия", "Фашизмнің ажалы" және тағы басқа прозалық және поэзиялық шығармаларын жазды.

Прозада роман мен мемуарлық әдебиеттің дамуына үлес қосты.

Сәбит Мұқанов қазақтың он тоғызыншы ғасырдағы ойшыл-ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармаларын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Омбының, Ленинградтың (Санкт-Петербор) мұрағаттары мен кітапханаларында болып, Шоқан өміріне қатысты материалдар жинаған. Соның нәтижесінде оның қаламынан "Шоқан Уәлиханов" пьесасы мен "Жарқын жұлдыздар" атгы зерттеу еңбегі туды. Сәбит Мұқанов өмірінің соңғы жылдарында Шоқан өмірінен "Аққан жұлдыз" романын жазып, оның екі кітабын шығарған. Жазушы 4 том ретінде жоспарлаған бұл роман аяқталмай қалды.

Сәбит Мұқанов драматургия саласында да көп еңбектенді, сын, әдебиеттану саласына да көп еңбек сіңірді.

Сәбит Мұқановтың шығармалары әлемнің 46 тіліне аударылған.

Алаш зиялыларына қиянат жасаған ба?

Қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов туралы таласты пікірлер көп. Алаш қайраткерлерін жаппай ақтау кезінде кейбір тұлғаларға күйе жағылды. Олардың арасында Мұқанов та бар еді. Ел арасында Сәбит Мұқанов "Алаш зиялыларына қиянат жасады" деген қаңқу сөз тарады.

1932 жылы Сәбит Мұқановтың "20 ғасырдағы қазақ әдебиеті" атты кітабы жарық көрді. Бұл кітаптың төңірегіндегі дау көпке дейін басылмады. Бірі бұл кітапты Мұқановтың ғылыми еңбегі деп тапса, екіншілері бұл кітапта Мұқанов Алаш зиялыларына қиянат жасады деп есептеді.

Тағы оқыңыз: Түрмедегі соңғы күн: Қайрат Рысқұлбековтің өліміне кім кінәлі?

Еңбекте Ахмет Байтұрсынов‚ Міржақып Дулатов‚ Жүсіпбек Аймауытов, Ғұмар Қараш‚ Сұлтанмахмұт Торайғыров‚ Мағжан Жұмабаев‚ Мұхтар Әуезов және тағы басқа ақын-жазушылардың шығармаларына сол кезеңнің саяси талабына сай сыншылдық көзқарас тұрғысынан келгенімен‚ көркемдік тұрғыдағы озық үлгілерін шынайы бағалады. Жұмабаев туралы "Ақындық жағынан келгенде Мағжан‚ әрине‚ қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде‚ әдебиетке жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп‚ Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын жоқ" деп пікірін ашық жазды.

Сәбит Мұқанов кеңестік идеологияға шын жүрегімен сенген, Алашорданы қабылдамаған. Сол себепті де Алаш зиялыларын таптық тұрғыдан аяусыз сынаған. Олардың бағытының дұрыс еместігіне сеніп, жаны ашып, тура жолға салғысы келген. Алайда ешкімге қастық ойламаған, сатқындық жасамаған.

"Мұқановты ақтайтын да, қаралайтын да еңбегі 1923 жылы "Еңбекші қазақ" газетінде жарияланған –  "Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер" мақаласы. Бұл мақаласында жазушы Абайдан бастап, Шоқан, Ыбырай, Кенесары, Ахмет Байтұрсыновтың шыққан ортасын, тегін, бай орта екенін айтып сынайды, ал шығармашылығына тиісе қоймайды. Бірақ осы мақаласы Сәбит Мұқановты күні бүгінге дейін сөзге қалдырып келе жатыр. Шын мәнісінде Мұқанов сол мақаласына қайтып оралды. Соның ішінде өзі сынаған Ахмет Байтұрсыновқа ғана орала алмады. Ал қалғанына оралды.  Шоқан туралы, Абай жайлы зерттеу еңбегін жазды, Ыбырай, Кенесары туралы да айтты. Сол мақаланы қайта қарап, мен сол кезде саяси сауатсыз едім, әдеби білімім кемшін еді, сондықтан сауатсыздығымды мойындай отырып, саяси сауатын жетілдіріп, өзінің қатесін мойындады", - деген еді филология ғылымдарының докторы, профессор Күләш Ахметова.

Мұқанов пен Мүсірепов құда болған

Жазушы Ғабит Мүсіреповтің үлкен қызы Энгелина Сәбит Мұқановтың Арыстан есімді ұлына күйеуге шыққан. Екеуі де бір жерден, бір рудан.

Тағы оқыңыз: КСРО мемлекеттік сыйлығын алған үш қазақтың бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы деректер

Ғабит Мүсіреповтің анасы Дина Оңғарбайқызы Сәбит Мұқановтың кіндік шешесі болған. Ғабит Мүсіреповті алғаш оқуға алып келген де Сәбит Мұқанов екен. Мүсіреповтің туған ағасы Хамит Махмұтов Сәбит Мұқановтың алғашқы ұстазы болған.

"Шашыңнан айналайын, Мәриям"

Сәбит Мұқанов екі рет үйленген. Бірінші жары көп тұрмай қайтыс болған соң, екінші рет шаңырақ көтереді. Жұбайы – Мәриям Қожахметқызы Мұқанова. Мәриям апаймен жазушы 47 жыл отасқан.

Мәриям Мұқанова "Менің Сәбитім", "Сағынышым Сәбитім" естеліктерінде былай дейді:

"Мен он алты жасымда Сәбитке тұрмысқа шықтым. Сәбит екеуміз 47 жыл бірге өмір сүрдік... Сәбиттің жиі айтар сөзі "шашыңнан айналайын Мәриям" болушы еді. Расында да шашым ұзын болатын. Екі шешем (туған анам мен әжем) шашымды қымызбен жуып мәпелейтінін білетін Сәбит: "Бір үйдің еркетотайы едің, қайдан білейін күте алып жүрсің бе, жоқ па шашыңды" - дейді. Бақсам мені жассынады, жайы болмай жүр ме деп ойлайды екен ғой. ...Содан бір күні Мәриям деп шақырып алып, түюлі шашымды тарқаттырды. Өргізді. Жаңа көргендей үңіліп, әр қырынан қарайды. Жас кезім, қатты қысыламын. Бірақ ештеңе демеймін".

Сол кезде Мәриям апайдың шашына қарап отырып, жазушы Сұлушаш бейнесін суреттеген екен.

Сәбит Мұқанов 1973 жылы 18 сәуірде Алматы қаласында қайтыс болды.

Алматы қаласында Сәбит Мұқанов атындағы көшеде ескерткіш мүсіні орнатылып, әдеби мемориалдық мұражай-үйі жұмыс істейді.

10678
Кілт сөздер:
жазушы, өмірбаян
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқай туралы не білеміз?
Асқар Бейсенбаев туралы не білеміз?
Құнанбай қажылыққа аттанған: Қазақстандағы ежелгі мешіт туралы не білеміз?
Ринат Зайытов туралы не білеміз?
Ат тергеу дәстүрі туралы не білеміз?
Брюс Лиден де мықты: 6 дан дәрежесін алған тұңғыш қазақ Мұстафа Өзтүрік туралы не білеміз?
Адамды есінен айыруы мүмкін: Адыраспан туралы не білеміз?
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Батыр болуға тиісті азамат еді": Жұбан Молдағалиев туралы не білеміз?
Сайлау, дауыс беру, иллюстративті сурет

Мәжіліс сайлауы: кім дауыс бере алады

621
Мәжіліс сайлауында дауыс беруге құқылы сайлаушылар, дауыс беру уақыты мен тәртібі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Мәжiлiс депутаттарын сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Азаматтар жасырын дауыс береді және сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасауға тыйым салынады.

Сайлаушылар тізімінде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшiн – қосымша күнi мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетiледi.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді

Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне жүгінуге құқылы. Жазбаша өтiнiшті сайлаудан кемінде отыз күн бұрын беру керек.

Азамат өтiнiш жасаған соң, әкімдік оны тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығарып, сол қаладағы дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзеді.

Дауыс беру уақыты

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Алайда учаскелiк сайлау комиссиялары басқа уақытты белгiлей алады. Бұл орайда дауыс берудi сағат 06.00-ден ерте бастап, сағат 22.00-ден кеш аяқтауға болмайды.

Учаскелiк сайлау комиссиясы азаматтарды дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, БАҚ арқылы, сондай-ақ, өзге де әдiстермен хабардар етуі тиiс.

Дауыс беру тәртібі

Учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс берудің басталуына бiр сағат қалғанда дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастайды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан 30 минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар-жоғын, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады.  Комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Бюллетеньдер сайлаушылар тiзiмі негiзiнде жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң берiледi.

Сайлаушылар тiзiмге бюллетеньдердi алғаны туралы қол қояды.

Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясы төрағасы мен хатшысының бюллетень бepуге құқығы жоқ.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

621
Кілт сөздер:
сайлау, Мәжіліс
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Мәжіліс залы

Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

767
(Жаңартылды 18:32 27.09.2020)
Қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Қазақстан президенті парламент сайлауының өтетін күнін 2020 жылдың 24 қазанынан кешіктірмей белгілеуі тиіс

Парламент – Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: сенаттан және мәжілістен тұрады.

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 107 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Сайлауды кім және қалай тағайындайды

Мәжілістің соңғы сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтіп, бірінші сессия 2016 жылдың 25 наурызында ашылған еді. Тиісінше, қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Конституцияға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауы парламенттің жұмыс істеп тұрған шақырылымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Осылайша, төменгі палата депутаттарының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

"Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауын президент депутаттар өкiлеттігінің бiтуiне кемiнде бес ай  қалғанда тағайындайды.

Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Үміткерге қойылатын талаптар

Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан, жасы жиырма беске толған адам мәжіліс депутаты бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Мыналар:

  • сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • сот сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам парламенттің депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, кандидат бола алмайды.

Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркелген саяси партиялар, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттарды Ассамблея кеңесі ұсынады.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.

Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын үміткерлерді ұсыну сайлаудан 2 ай бұрын басталып, оған 40 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

ҚХА сайлайтын кандидаттарды ұсыну сайлаудан 1 ай бұрын басталып, оған 20 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Кандидатураны алып тастау

Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

767
Кілт сөздер:
сайлау, мәжіліс депутаты, Мәжіліс
Тақырып:
Мәжіліс сайлауы
Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді

Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді

12
Белсенділер "Борат" фильмінің екі бөлімін де Америка Құрама Штаттарында көрсетуге тыйым салуды талап етті

АЛМАТЫ, 29 қазан – Sputnik. Алматыда белсенділер Америка Құрама Штаттарының Бас консулдығы ғимараты жанында плакат ұстап, ұрандатып, табыт әкеліп пикет ұйымдастырды. Осылайша АҚШ-та "Борат" фильмін көрсетуге тыйым салуға тырысып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Алматинцы принесли гроб с фотографией Бората к генконсульству США
© Sputnik / Тимур Батыршин
Белсенділер "Борат" фильмінің екі бөлімін де АҚШ-та көрсетуге қарсы

Бір топ адам Американың Алматыдағы дипломатиялық миссиясының ғимаратына жиналды. Қолдарында үш тілде түрлі ұран жазылған плакаттар бар. Ол жерде Stop racism and discrimination against Kazakhs living in the USA (АҚШ-та тұратын қазақтарға қатысты нәсілшілдік пен кемсітушілікті тоқтатыңдар), құлап жатып сүрінгенге күлме, those that live in glass houses shouldn't throw stones (шыны үйдегі адам тас атпастан бұрын ойлануы керек) деп жазылған.

Сонымен қатар белсенділер өзімен бірге пенопластан жасалған табыт алып келді. Қақпағында "Америкаға әкетіп, Отанында жерлеңдер" деп жазылған.

Алматинцы принесли гроб с фотографией Бората к генконсульству США
© Sputnik / Тимур Батыршин
Табыттың қақпағында "Америкаға әкетіп, Отанында жерлеңдер" деп жазылған

Ал табыттың ішінде Бораттың фотосы бар, оны АҚШ туымен жауып қойған.

"Америкада фильмде көрсетілгеннің барлығы болып жатыр (...). Соған қарамастан Америкада тұратын қазақтарға қатысты нәсілшілдік мен кемсітушілік жайлы фильм шығарылып жатыр. Трамптың өзі Боратты сынға алды, бірақ өз елінде тыйым салмай отыр", - деді шараны ұйымдастырушы Сұлубике Жақсылықова.

Жиналғандар бір уақытта "Саша, өл. Фильмнің барлық актері өліп қалсын" деп айғайлады. Содан кейін өлген адамды жоқтағандай дыбыс шығарды.

Сонымен қатар белсенділер фильмді Америкада көрсетуге қарсы петиция алып келді. Ұйымдастырушылар егер фильмге тыйым салынбаса, нәсілшілдік пен кемсітушілік фактісін анықтау үшін сараптама жүргізетінін айтты. Содан кейін халықаралық сотқа шағым беру жоспары да бар.

Сонымен қатар белсенділер келесі аптада дәл осындай шараны Ұлыбритания консулдығында өткізуге уәде берді.

  • Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді
    Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді
    © Sputnik / Тимур Батыршин
  • Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді
    Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді
    © Sputnik / Тимур Батыршин
  • Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді
    Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді
    © Sputnik / Тимур Батыршин
  • Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді
    Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді
    © Sputnik / Тимур Батыршин
  • Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді
    Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді
    © Sputnik / Тимур Батыршин
1 / 5
© Sputnik / Тимур Батыршин
Алматылықтар Бораттың суреті салынған табытты АҚШ-тың Бас консулдығына алып келді

Сол жерде қала әкімдігінің өкілдері де болды. Олар жиналғандарға пикетті ұйымдастыру үшін билікпен келісу қажет екенін ескертті. Ал бүгінгі пикетке рұқсат берілмеген.

Белсенділерге АҚШ Бас консулдығынан ешкім шыққан жоқ.

Айта кетейік, өткен аптада бір топ азамат АҚШ дипломатиялық миссиясының ғимаратына жиналып, фильмге қатысты наразылық білдірді.

12
Кілт сөздер:
АҚШ, Алматы, Борат