Дерекқор

Жол апатына ұшыраған адамға алғашқы көмекті қалай көрсету керек?

© Sputnik / Сергей Пятаков / Медиабанкке өтуИскусственное дыхание
Искусственное дыхание - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жол апатынан зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмекті қалай көрсету қажеттігі туралы  Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

Медициналық білімі жоқ адам да көмек көрсете алады

Нұр-Сұлтан қаласындағы "Байқоңыр" жедел жәрдем станциясының тәжірибелі дәрігері Марина Разуваева жол апаты кезінде куәгер бірден жедел жердем қызметін шақырып, кейін зардап шегушіге көмектесу қажет екенін атап өтті. Алайда бұл жағдайда өте сақ болған абзал.

"Көмектесетін адам алдымен жедел жәрдем қызметіне хабарласып, жол апатының нақты қайда болғанын айту керек. Бұл өте маңызды. Осылайша, дәрігерлер апат орнына уақытында келуге мүмкіндік алады. Адам көліктің ішінде қысылып қалса, оған тиіспеген жөн. Себебі, алғашқы көмек дұрыс көрсетілмесе, науқастың денсаулығы нашарлап кетуі ықтимал", - дейді маман.

Дәрігердің пікірінше, уақытында берілген ақпарат зардап шегушінің өмірін аман сақтап қалуға себеп болады. Осы орайда ол медициналық білімі жоқ адам қандай көмек көрсете алатынын жеткізді.

"Көліктің ішінде дәрілер салынған қорап (аптечка) бар. Адам жол апатынан жеңіл жарақат алды делік. Мысалы, қол-аяғын ауыртып алды, қан қолынан, аяғынан ақса, оны матамен орап, қанды тоқтатуға тырысу керек", - дейді маман.

Сондай-ақ Марина Разуваева жүргізуші куәлігін алатындар үшін жаңа талаптың енгізілуіне қатысты пікірін білдірді.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға жүргізуші куәлігін алған кезде, алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеру курсын міндеттеуді көздеп отыр.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда жүргізуші куәлігін алатындар үшін жаңа талап енгізіледі

"Менің ойымша, бұл дұрыс бастама. Өз басым оны қолдаймын. Себебі, жол апаты кезінде көрсетілген сапалы алғашқы медициналық көмек зардап шегушінің өмірін аман сақтап қалуға септігін тигізеді", - дейді дәрігер.

Мамандар алғашқы 10 минутта жол-көлік апатынан зардап шеккен науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетілсе, оны құтқаруға мүмкіндік зор екенін айтады. Бірақ мұнда ескеретін жайттар бар.

Қолдан тыныстандыру

Мысалы, алған жарақатынан жүргізуші ес-түзсіз жатыр делік. Мұндай жағдайда қолдан тыныстандыруға болады. Оны қалау жасау керек? Зардап шеккен адамның аузын сұйықтан (түкірік, құсық) тазартқан жөн. Кейін оның жүрек соғысына, деміне көңіл аудару керек. Яғни жүрек қағысына, мұрнына құлағыңызды тосып демалысын тыңдағаныңыз абзал. Егер 10 секунд ішінде зардап шегушінің демалмай, тыныссыз жатқанына көзіңіз жетсе, оны көліктен шығарып, тегіс жерге шалқасынан жатқызып, келесі әрекеттерді жасау қажет.

Жүргізушінің кеудесін ашып, омырауының қақ ортасындағы төс сүйегіне сол алақаныңыздың білек сүйегі және оның үстінен оң алақаныңызбен айқастырып, бар күшіңізбен басып, кеудеге 3-4 см төменірек 30 рет серпіліс жасайсыз. Басқан сайын міндетті түрде дауыстап санау қажет. Массаж 30 рет жасалады. Осыдан зардап шегушінің басын сәл шалқайтып, аузына 2 рет тыныс беру қажет. Бұл көмек адамның жүрек соғысы қалпына келгенге дейін жасалады.

Қан ақса не істеу керек?

Жол апаты кезінде зардап шегуші қан жоғалтуы мүмкін. Дәрігерлер қан кетудің екі түрі болатынын айтады: сыртқы және ішкі. Біріншісін адам көре алады. Сондықтан қан ағып жатқан жерге дәке басып, матамен таңып тастау керек.

Сонымен қатар адамның мұрнынан қан кетсе, басын шалқайтпаған жөн. Өйткені, қан тамағына кетіп, адам қақалып өліп кетуі ықтимал. Сондықтан оның мұрнын қысып, еңкейту қажет.

Ішке қан кеткенін зардап шегушінің әлсіздігінен, суық тердің шығуынан және тағы басқа белгілерден анықтауға болады.
 

Жаңалықтар
0