Автокөліктер, архивтегі фото

Армения мен Қырғызстанның көліктерін тіркеуге қанша ақша кетеді?

3708
(Жаңартылды 17:48 30.01.2020)
Шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді уақытша тіркеуге рұқсат берілді. Алайда бір жылдың ішінде барлық алым-салықты төлеп, темір тұлпарды тұрақты тіркеуге қою қажет. Шетелден келген автомобильді тіркеуге кететін шығыстар жайында Sputnik Қазақстан дерекқорында

Кедендік баждың көлемі қандай?

Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімшартқа сәйкес, сырттан келетін  автокөліктерді кедендік рәсімдеудің нақты тәртібі бар. Бірыңғай кедендік тариф бойынша жеңіл көліктерге импорттық баж салығы салынады. Ал оның көлемі қозғалтқыштың бір текше сантиметрі үшін 0,32-3,2 еуроны құрайды.

Мысалы, 2 литрлік (2000 текше сантиметр - Sputnik Қазақстан) қозғалтқыш үшін 640-6400 еуро төлеу керек. Импорттық кеден салығын есептегенде қозғалтқыштың көлемі ғана емес, көліктің шығарылған жылы да ескеріледі.

Ал Армения мен Қырғызстан ЕАЭО-ға қосылғанда импорттық тауарға уақытша жеңілдік беруді сұраған. Содан олар үшін салықтың мөлшері 10 процент немесе 0,14-1,4 еуро (2 литрлік көлік үшін 280-2800 еуро - Sputnik Қазақстан) деңгейінде бекітілді. Бірақ ондай тауарлар Армения мен Қырғызстанның аумағынан шықпауы тиіс. Одаққа мүше басқа елдерге сатылса, кедендік баж салығының айырмашылығын, яғни қалған 90 процентін бюджетке төлеу керек.

Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында арнайы калькулятор бар. Соның көмегімен кедендік төлемдердің орташа мөлшерін есептеп шығаруға болады.

Айта кеткен жөн, ЕАЭО елдері шетелдік көліктерге кедендік баж салығын салу арқылы өз өндірісін қорғауды көздейді.

Утилизациялық алым қалай есептеледі?

2016 жылдан бастап Қазақстанда автомобиль жасайтын компаниялар мен ресми импорттаушылар утилизациялық алымды төлеуге міндеттелді. Олардың қатарына көлікті сырттан әкелетін қарапайым азаматтар да кіреді. Алым көлікті алғашқы тіркеуге қойғанға дейін төленуі керек.

Утилизациялық алымның мөлшері жыл сайын айлық есептік көрсеткішке қарай өзгеріп тұрады. Жаңа жылдан бастап бір айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңгеге көтерілді. Ал утилизациялық алымның базалық коэффиценті 50 АЕК, яғни 132 550 теңгені құрайды. Қозғалтқыштың көлеміне қарай коэффицент беріледі де, утилизациялық алым мөлшері есептеледі.

Жеңіл автокөліктер:

  • 1 000 текше см. – коэффицент 3 (150 АЕК) - 397 650 теңге;
  • 1 001 – 2 000 текше см. – коэффицент 7 (350 АЕК) - 927 850 теңге;
  • 2 001 – 3 000 текше см. – коэффицент 10 (500 АЕК) - 1 325 500 теңге;
  • 3 001 текше см. жоғары – коэффицент 23 (1 150 АЕК) - 3 048 650 теңге.

Микроавтобустар:

  • 2 500 текше см. дейін - коэффициент 8 (400 АЕК) — 1 060 400 теңге;
  • 2 500 - 5 000 текше см. – коэффициент 16 (800 АЕК) – 2 120 800 теңге;
  • 5 000 - 10 000 текше см. – коэффициент 21 (1 050 АЕК) – 2 783 550 теңге;
  • 10 001 текше см. жоғары – коэффициент 27 (1 350 АЕК) – 3 578 850 теңге.

Алғашқы тіркеудің салығы қандай?

Осы санаттағы салық та айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Оның мөлшері көліктің шығарылған жылына қарай есептеледі. Автомобиль неғұрлым жаңа болса, салықтың көлемі соғұрлым төмен болады. Мәселен, жасы екі жылдан аспайтын көлік үшін небәрі 663 теңгені төлеу керек.

Жеңіл көліктер ("М-1" категориясы, 8 орынға дейін):

  • 2 жылға дейін – 0,25 АЕК – 663 теңге;
  • 2-3 жыл – 50 АЕК – 132 550 теңге;
  • 3 жылдан бастап – 500 АЕК – 1 325 500 теңге.

Микроавтобустар ("М-2", 8 орыннан жоғары, салмағы 5 тоннаға дейін):

  • 2 жылға дейін – 0.25 АЕК – 663 теңге;
  • 2-3 жыл – 240 АЕК – 636 240 теңге;
  • 3-5 жыл – 350 АЕК – 927 850 теңге;
  • 5 жылдан бастап – 500 АЕК – 6 627 500 теңге.

Қосымша шығындар:

Көлікті тіркеуге қойғанда нөмір мен техникалық төлқұжат үшін мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Олар:

  • Мемлекеттік нөмірге  – 2,8 АЕК (7 423 теңге);
  • Тіркеу рәсімі үшін – 0,25 АЕК (663 теңге);
  • Техникалық төлқұжат үшін – 1,25 АЕК (3 314 теңге);

Қандай құжаттар қажет?

Көлік құралдары арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеледі. Ол үшін келесі құжаттар қажет:

  • Жеке куәлік;
  • Автомобильдің мемлекеттік тіркеу нөмірлері;
  • Техникалық төлқұжат (көлікті тіркеу туралы куәлік);
  • Техникалық байқаудан өткені туралы анықтама (7 жылдан аспаған көліктерге ондай анықтама алудың қажеті жоқ);
  • Көліктің адам меншігіне жататынын куәландыратын құжат (сатып алу туралы келісімнің нұсқасы немесе мұрагерлікпен алғаны туралы құжаттар);
  • Көліктің салығы төленгені туралы анықтама (ондай анықтама арнайы ХҚКО-да беріледі);
  • Көлік қайта жабдықталған, я болмаса, оған арнайы құралдар орнатылған жағдайда қосымша құжаттар қажет.

Олар:

Құрал-жабдықтарды орнатқан өндіруші зауыттың немесе ұйымның куәлігі немесе тиісті кедендік құжаттар, сәйкестік куәлігі;

Көліктің қауіпсіздік талаптарына сай келетіні туралы куәлік.

Көлікті қандай жағдайда тіркеуге қоймайды?

  • Еуро-4 стандартына сәйкес келмеуі;
  • Оң жақ рөлдің болуы;
  • Күндіз қосылатын шамдардың болмауы;
  • Балалар креслосына арналған ISOFIX бекіткішінің болмауы;
  • Қауіпсіздік көпшігінің болмауы;
  • Көліктен шығатын газдарды нейтрализациялау жүйесінің жұмыс істемеуі;
  • Иммобилайзердің болмауы;
  • ABS (тежегіштің бұғатталуына жол бермейтін жүйе) болмауы.

Айта кетейік, Тоқаевтың тапсырмасы бойынша шетелдік нөмірмен жүрген көліктерді уақытша тіркеуге қойғанда арнайы сары түсті нөмірлер беріледі.

Образец госномера, который будет присваиваться временно зарегистрированным авто
© Sputnik
Уақытша тіркелген автомобильдерге берілетін нөмірдің үлгісі

Оған қоса, техникалық төлқұжат рәсімделеді. Бірақ нөмір мен төлқұжат тек 2021 жылдың 1 наурызына дейін ғана жарамды. Осы уақыттың ішінде барлық алым-салықты төлеу керек. Сонда ғана көлік тұрақты тіркеуге қойылып, оған барлығына бірдей ақ түсті нөмір беріледі. 

Тоқаевтың тапсырмасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында ЕАЭО елдерінен әкелінген автокөліктерді уақытша тіркеуге рұқсат берді. Атап айтқанда, Армения мен Қырғызстаның нөмірімен жүрген көліктерге келесі жылдың наурызына дейін жеңілдік беріледі.

Президент ондай автокөліктер техникалық регламент талаптарына сай болуы керектігін айтты. Сондай-ақ, азаматтар тіркеу алымдары мен мемлекеттік бажды төлеуі тиіс.

Тағы оқыңыз: Шенеуніктер арасында ең көп сұранысқа ие көліктер белгілі болды

Тоқаев бас прокуратураға қалыптасқан жағдайға құқықтық баға беруді тапсырды.

"2021 жылдың 1 наурызына дейін автокөлік иелері көлікті тұрақты тіркеуге қойып, кедендік баж бен утилизациялық алымды төлеуі тиіс. Немесе көлікті елден шығаруы керек, не болмаса, заңнамамен тыйым салынбаған әдіспен мәселесін шешуі керек", - деді президент.

3708
Кілт сөздер:
ақша, тіркеу, көлік, Қырғызстан, Армения
Тақырып бойынша
Тоқаевтың тапсырмасы: шетелдік көліктерге арнайы нөмір беріледі
Ақтауда шетелдік нөмірмен жүрген көлік жүргізушілері наразылық білдірді - видео
Қазақстандықтар көлігіне "әдемі" нөмір алу үшін 1 миллиард теңге жұмсаған
Елімізде 16 мыңға жуық қымбат нөмір сатылып кетті
Министрлік ресейлік көлікпен жүрген жүргізушілер не істеу керек екенін айтты
Жамбыл Жабаев

"ХХ ғасыр Гомері" деген бағаға ие болған Жамбыл Жабаев жайлы қызықты деректер

129
Жыр алыбы, ақын, суырыпсалма ақын, қазақ халқының ұлы перзенті Жамбыл Жабаев туралы деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Ұлы жүздің шапырашты тайпасының екей руынан шыққан. Арғы аталары дәулетті болғанымен, Жамбылдың әкесі Жапа шаруа кісі болған. Кей тарихи деректе жыр алыбының әкесі туралы шоқпыт шапанды кедей болған деген сипаттама кездеседі.

"Қақаған қар аралас соғып боран,
Ел үрей - көк найзалы жау торыған.
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,
Жамбыл деп қойылыпты атым содан", - дейді Жамбыл ақын.

"Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкен кезде бесінмен ала жүрді", дейді ақынның өзі балалық шағы жайлы. Соған қарағанда ақын бала күнінде қоңырқай тірлік кешкен.

Жамбылдың туған нағашысы Жетісу өңіріне танымал әнші болған.

"Жетісудың даңқы асқан биі Бөлтірік Алатаудың баурайындағы ағайынды аралап келген екен. Сонда үлкен сөз өнері ортаға түсіп жатқанда даладан бір бала жүгіріп келген екен. Бірден барып Бөлтіріктің қолын алыпты. Сонда Бөлтірік баланың қолын ұстап тұрып, "атың кім, балам?" депті. "Атым - Жамбыл" деп жауап берген екен. "Атың Жамбыл болса, көкірегің даңғыл болар. Шырғалаңнан сөз келсе, шырқаушының өзі болар екенсің" деген екен", - дейді қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде көпшіліктің аузынан түспей жүрген Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

Жамбыл "Шағым", "Жылқышы", "Шәбденге", "Сәт сайланарда", "Өстепкеде", "Патша әмірі тарылды", "Зілді бұйрық" сияқты өлеңінде елдің әлеуметтік саяси өмірін көрсеткен.

Жамбыл Жабаев шығармашылығының шарықтау шегі тоқсан жастан асқан шағына тура келеді. 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстанның онкүндігінде шымылдығын Жамбыл ашты. 360 өнерпаз барған бұл мәдениет күндерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, әнші Күләш Байсейітованың абыройы асқақтады. Жамбыл сол жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталды.

"1936 жылдан бастап Жамбылдың аты орыс тілі арқасында шетелге де тарала бастады. Кеңес үкіметі сол кезде 75 жылдық шығармашылық тойын тойламақ болады. Соның қарсаңында үй салып береді", - дейді Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалдық мұражай директоры Мәулен Қожашев.

Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Ақынның "Өтеген батыр", "Сұраншы батыр", "Көрұғлы", "Бақ, дәулет, ақыл" деген дастандары бар.

ХХ ғасыр Гомері

Бірде Жамбылдың ел арасында оның ақындық қабілетіне күмән келтіргісі келетіндер де табылған. Сонда орталық комитет жазушы Леонид Соболевті жағдайдың анық-қанығын білуге Ұзынағашқа жіберген. Жамбылдың жыршылығына таңқалған жазушы үш күн қасында болып, "жиырмасыншы ғасырдың Гомері" деп баға берген.

Жамбыл саналы ғұмырында Құлманбет, Досмағамбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Шашубай ақындармен айтысқан. Соның ішінде Айкүміспен айтысы қыз бен жігіт айтысының жақсы бір көрінісі. Жас күнінде Жамбыл ақын Сара, Айкүміс, Сайқал, Кәмшат қыздармен айтысқан.

Жыр алыбы Жамбыл күйші Дина Нұрпейісовамен де жақын таныс болған. 1936 жылы танысып, таныстық соңы жақсы сыйластыққа ұласқан деген дерек бар.

Ақынның отты жырлары

Ақынның соғыс жылдары отан қорғау тақырыбына арнап жазған өлеңдері үш мың жолды құрайды. Әсіресе, "Ленинградтық өренім", "Москваға", "Майданға хат" сынды өлеңдері бар. Жамбыл ақын өмір мен өлім апралысына түскен Кеңес жауынгерлеріне отты жырлары арқылы жігер беруге тырысты.

Жамбылдың ұлы Алғадай жат елде оққа ұшқан болатын. Ұлының қазасынан кейін "Жамбылдың Алғадайды жоқтауы" деген өлеңі шықты. Кей дерекке сәйкес, Алғадайдан ұрпақ тарап, бүгінде бүтін бір отбасы болып отыр.

Жамбыл өзінің алдындағы аға буын өкілі Сүйінбай ақынды өзіне пір тұтқан. Ал Кенен Әзірбаев Жамбыл Жабаевты тәлімгері деп таныған.

Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.

1946 жылы ақпанда Қазақстан халқы жыр алыбының жүз жылдық мерейтойын тойлады. Сол жылы ақынның таңдамалы шығармаларының академиялық жинағы қазақ және орыс тілінде басылды.

129
Кілт сөздер:
қызықты деректер, Жамбыл Жабаев
Тақырып бойынша
"Өз жаназасын өзі шығарды": Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы деректер
"Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі
Қазақтың "қазақ" деп атанып жүргені Сәкен Сейфуллиннің арқасы - танымал ақын
Абайдың үш әйелі: ақын сүйіктілеріне не сыйлаған - фото
Абайдың 175 жылдығы: ұлы ақын жайлы фильмдерді қайдан тамашалауға болады
Перо, ручка, бумага, письмо, иллюстративное фото

"Көкейімнен кетпейді": ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсариннің тілегі

195
(Жаңартылды 11:56 30.11.2020)
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Балалық шағы

Бүкіл ғұмырын қазақ балаларын оқытуға, мектеп ашуға сарп еткен Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда азіргі Қостанай облысы Қостанай ауданында дүнеге келген. Азан шақырып қойған аты – Ибрагим.

Бала Ыбырай үш жасқа толғанда әкесі Алтынсарыдан айырылады. Осыдан кейін туған атасы, сол кездегі белгілі би, рубасы Балқожа Жаңбыршыұлының қолында тәрбиеленеді.

Немересінің білім алғанын қалаған атасы тамыр-танысының көмегімен Ыбырайды Орынбордағы Шекара коммиссиясы жанынан ашылған мектепке жаздырады. 1850 жылы 22 тамызда Ыбырай сол мектепке алғашқы 30 баланың бірі болып қабылданады.

Балғожа би немересін кішкентайынан адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешендікке баулыған. Өзімен бірге жиын-тойларға ертіп,  билік айтқызып, қанатын қатайтқан. Ыбырай жасынан зерек болып, алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленіп өседі.

Еңбек жолы

1857 жылы жазда Ыбырай Орынбордағы мектепті үздік тәмамдап шығады. Осыдан кейін екі жылдай атасы Балқожа бидің хатшысы болып жұмыс істейді. Кейін Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаш болып қызметке алынады.

1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде алғашқы мектебін ашты.

1866-1868 жылдары Торғай уезінде уақытша судья болып қызмет етті.

1868 жылы Торғайдағы қазақ мектебі бір класстық орыс-қазақ училищесі болып қайта құрылды. Сол жылы Ырғыз қаласында екі класстық орыс-қазақ училищесі ашылады.

1869 жылы ол уезд бастығының аға жәрдемшісі болып тағайындалды. 1871 жылдар аралығында Торғай уезінің судьясы болып жұмыс істеді.

1874 жылы орыс географиялық қоғамына мүше болып сайланды. 1875-1876 жылдары Орынбор, Қазан, Петербург қалаларына сапар шегіп, ол жақтан оқушыларға қажет әдістемелік және тағы басқа кітаптар әкеліп, ағартушылық ісіне қызу кіріседі.

1879 жылы 1 қыркүйекте Торғай облысындағы мектептердің инспекторы болып тағайындалды.

Алтынсарин ашқан мектептер

Ыбырай Алтынсарин қазақ балаларын білім нәрімен сусындатуға асықты. Осы арманын жүзеге асыру үшін облыстық басқармаға мектеп ашу туралы өтініштер жіберді. Ақыры 1860 жылы облыстық басқарма Алтынсаринге Торғайдан қазақ балаларына арналған бастауыш мектеп ашуды тапсырды, әрі өзін сол мектепке орыс тілінің  мұғалімі етіп тағайындады.

Бірақ, жергілікті үкімет Алтынсаринге қол ұшын соза қоймады, сөйтіп мектеп ашу ісі ұзаққа созылды. Ыбырайдың армандаған мектебі араға төрт жыл салып, 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай жерінде салтанатты түрде ашылды. Бұл ұлт ұстазы негізін қалаған алғашқы білім ордасы еді. Мектепті Алтынсарин төрт жыл бойы жинаған ақшасына ашты.

"Қаңтардың сегізі күні менің көптен күткен ісім жүзеге асып, мектеп ашылды  және оған қазақтың тамаша да, сүйкімді де, зерек те 14 ұл баласы қабылданды. Мен оларды оқытуға қойға тиген аш қасқырдай кірістім. Қуанышыма қарай балалар айналдырған үш айдың ішінде орысша және татарша оқуды да, тіпті жазуды да меңгеріп алды", - деп жазған еді Ыбырай Алтынсарин.

1879 жылы Алтынсарин Торғай облысы бойынша орыс-қазақ учищелерінің  инспекторы болып тағайындалды. Бұл оның қолын ұзартты. Торғай, Жітіқара, Обаған, Қарабалық, Әуликөл болыстарында және Қостанай қаласында тағы он бес мектеп салынды.

1882 жылы Ыбырай Алтынсарин барлық мектепке ән-күй сабақтарын енгізді. Жергілікті, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, кітапхана ашты.

Қазақ балаларын тек біліммен сусындатпай, еңбекке баулуды көздеген ол 1883 жылы 15 қарашада Торғай қолөнер мектебін ашты.

Алтынсарин қазақ қыздарын оқытуға да көп күш салды. 1887 жылы 15 қарашада Ырғыз қыздар училищесінің негізін қалайды. 1888 жылы қыздарға арналған 12 орындық мектеп интернат ашады.

"Қазақ хрестоматиясы" немесе ағартушылық еңбегі

Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан кезде, балаларға арналған оқулықтар  мүлде жоқ болатын. Дәл осы жылдарда өнегелі ұстаз қысқа-қысқа әңгімелер мен өлеңдер шығар бастайды, оқу құралдарын жазуға кіріседі.

1879 жылы ақынның қазақ мектептеріне арналып жазылған алғашқы ұлттық оқулық –  "Қазақ хрестоматиясы" жарық көрді.

Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңінде ақын, бір жағынан, жастарды оқуға, білім алуға үндесе, екінші жағынан, оқу, өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектігіне еш мән бермейтін ескі көзқарасқа соққы береді. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екенін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді.

Ал "Өнер-білім бар жұрттар" атты өлеңінде оқу, білім алудың мақсатын кеңінен сөз етеді. Өлеңнің негізгі идеясы – қазақ қауымына озық мәдениетті елдерді үлгі етіп көрсету.

Бұдан бөлек, Алтынсариннің шығармашылығында табиғат көріністерін суреттейтін өлең жолдары да кездеседі. Ақын оқырмандардың көңілін табиғатқа аудару арқылы жас шәкірттерінің бойында Отанға сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін қалыптастыруды мақсат етті.

Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. Оған "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш", "Атымтай жомарт", "Әке мен бала" және тағы басқа әңгімелері дәлел.

"Қандай әділдік күтуге болады"

1883 жылы Ыбырай Алтынсариннің Кеңес үкіметі тұсында көп айтыла қоймаған тағы бір кітабы басылып шықты. Ол – "Мұсылмандық тұтқасы".

Бұл кітапта ағартушы дүмше молдаларды аяусыз сынайды. Мұндай сын молдалардың тарапынан жауапсыз қалмайды, әрине. Ақыры отаршылыққа, шоқындыруға қарсы күрескен, қазақ тілін білім мен ғылым тіліне айналдырған Алтынсарин туралы "орысшыл, отаршыл, шоқынған" деген қауесет әңгімелер таратылады. Ақынның болыстыққа таласқан туыстары оның үстінен арыз жазады. Билік мектептеріне шүйліге бастайды.

"Қазір жан дүнием құлазып, өте көңілсіз жүрмін. Көмек күткен үкімет орындары қолдаудың орнына заңды да, заңсыз жолдармен мені қудалауға салып отыр. Бұдан кейін қандай әділдік күтуге болады.Осының бәрі ашық сот арқылы анықталса екен деген тілек көкейімнен кетпейді", - делінген Алтынсариннің Катаринскийге жазған хатында.

Ыбырай Алтынсариннің отбасы

Ыбырай 1864 жылы Сырдария облысы (қазіргі Қызылорда облысы ) Перовский уезіне қарасты Жаппас руындағы Шолақ деген кісінің Айғаныс атты қызына үйленеді. Ерлі-зайыпты көпке дейін бала сүйе алмайды, сөйтіп олар туысқандары Оспанның Хамитбек деген баласын бауырына басады. Алайда ол алты жасында қайтыс болады.

Ыбырайдың тұңғыш баласы Абдолла 1880 жылы дүниеге келеді. 1887 жылы Әбдірахман деген екінші ұлы, 1888 жылы Шарипа атты қызы туды. Балалары Әбдірахман мен Шарипа кішкентай кезінде ауырып қайтыс болды.

1920-1930 жылдардағы дүрбелеңнен Ыбырайдың ұрпақтары да байдың тұқымы ретінде қуғындалған. 1928 жылы Алтынсариннен қалған жалғыз тұяқ Абдолла да Қазақстаннан тыс жерге қоныс аударады.
Нағима Абдоллақызы — Ыбырай Алтынсариннің жалғыз немересі. Нағима атасын көрмесе де, 1924 жылы қайтыс болған әжесі Айғаныстың көзін көріп өскен.

Нағима Ыбыраева 1916 жылы Қостанай облысы Талапкер ауылында дүниеге келді. Бала кезінде атасы Ыбырай ашқан Қостанайдағы мектепте үш жыл оқиды. 11 жасында анадан айырылады. Нағима Ыбыраева екі баланы дүниеге әкелген, өмірінің соңғы жылдарын Тараз қаласында өткізді. 1998 жылы 30 наурызда 82 жасында қайтыс болды.

Ыбырай Алтынсарин 1889  жылы 17 шілдеде Қостанай қаласынан үш шақырым жердегі көл жағасында салдырған ағаш үйінде ауырып өмірден өтті. Өлерінің алдында өзіне тиесілі жерлерді Қостанай қаласындағы ауыл шаруашылық училещесінің меншігіне беруді тапсырды. Ұлт ұстазының жасы бұл кезде небәрі 48-де еді.

195
Кілт сөздер:
Ыбырай Алтынсарин, ұстаз
Тақырып бойынша
Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлымен сұхбат: "Назарбаевтың айтқаны болмады"
Қабдеш Жұмаділов 83 жаста: шекараны бұзып, Қытайдан 200 мың қазақты бастап келген жазушы
"Кінәсін мойындаған" Әуезов: жазушы туралы қызықты деректер
Жазушы Ғабит Мүсірепов туралы қызықты деректер
Мүсіреповпен құда болған: әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов туралы қызықты деректер
Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстанда 3 желтоқсанда қандай маңызды оқиғалар болады

0
Sputnik Қазақстан 3-15 желтоқсан аралығында болатын негізгі іс-шаралар мен оқиғаларға шолу жасайды (ақпарат толықтырылып отырады)

Қазақстанда бұқаралық іс-шараларды өткізуге уақытша тыйым салынды. Мемлекеттік органдардың мәжілістері мен баспасөз конференциялары онлайн режимде ұйымдастырылады. Десе де, біз алдағы күндерге жоспарланған іс-шаралар туралы ақпарат беруді жалғастырамыз.

3 ЖЕЛТОҚСАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

10.00 – Парламент сенатының отырысы. www.parlam.kz сайтында онлайн режимінде көрсетіледі.

11.00 - 13.00 – "Әділ сөз" қоры журналистер мен блогерлерге үшін вебинар өткізеді. Онда сіз қандай жағдайда теріске шығару туралы талап заңсыз болып есептелетінін; сотқа дейінгі талапқа жауап беру қажет пе; сот процесінде қандай дәлелдер қажет; "моральдық шығын" дегеніміз не және ол сотта қалай дәлелденетінін білесіз. Қатысқысы келетіндер бұл туралы алдымен +7 727 313 1473, 8 707 700 1322 телефондары немесе info@adilsoz.kz поштасы арқылы хабарлап, байланыс мәліметтерін қалдыруы керек.

11.00 – "2020 жылға арналған "Самұрық-Қазына"АҚ сатып алу процестерін жетілдіру нәтижелері" деген тақырыпта онлайн брифинг. Спикер –  "Самұрық-Қазына" қоры басқарма төрағасының орынбасары Ә.Пірметов. Тіркелудің аяқталу күні мен уақыты – 2 желтоқсан сағат 18.00-ге дейін. Тіркелуге арналған байланыс: press@sk.kz, +7 700 545 02 01. Трансляцияға сілтеме тікелей тіркелген журналистерге жіберіледі.

4 ЖЕЛТОҚСАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

11.00 - 13.00 – "Әділ сөз" қоры журналистер мен блогерлерге үшін вебинар өткізеді. Онда сіз қандай жағдайда теріске шығару туралы талап заңсыз болып есептелетінін; сотқа дейінгі талапқа жауап беру қажет пе; сот процесінде қандай дәлелдер қажет; "моральдық шығын" дегеніміз не және ол сотта қалай дәлелденетінін білесіз. Қатысқысы келетіндер бұл туралы алдымен +7 727 313 1473, 8 707 700 1322 телефондары немесе info@adilsoz.kz поштасы арқылы хабарлап, байланыс мәліметтерін қалдыруы керек.

8 ЖЕЛТОҚСАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

10.00 - Алтыншы шақырылған Алматы қаласы мәслихатының сессиясы бейнеконференц-байланыс режимінде өтеді. Күн тәртібі – Алматы қаласының 2021-2023 жылдарға арналған бюджеті. Бандамашы – Алматы қаласы стратегия және бюджет басқармасының бастығы Батанов Алмас Сұлтанұлы.

9 ЖЕЛТОҚСАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

Нұр-Сұлтан

19.00 - " Ғажайып сол сәт әлі есте..."концерті.  "Астана Опера" театры ресейлік және шетелдік композиторлардың вокалды миниатюралары шырқалатын "Романс тарихы" жаңа топтамасын ұсынады (Қонаева көшесі, 1)

11 ЖЕЛТОҚСАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

Нұр-Сұлтан

10.00 - Алтыншы шақырылған Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясы Zоm сервисінің бейнеконференц-байланыс алаңында өтеді. Сессияның қарауына мынадай мәселелер ұсынылады:

  • Нұр-Сұлтан қаласын газдандыру бағдарламасы;
  • 2021-2023 жылдарға арналған Нұр-Сұлтан қаласының бюджеті;
  • Нұр-Сұлтан қаласы мәслихаты хатшысының 2020 жылы атқарылған жұмыс туралы есебі;
  • мәслихаттың құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының есебі;
  • жер учаскелерін мемлекет қажеттілігі үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе басқа жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы келісімдердің жобалары.

12 ЖЕЛТОҚСАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

Нұр-Сұлтан

18.00 – "Күлбике" балеті, "Астана Балет" театры (Ұлы Дала даңғылы, 9)

15 ЖЕЛТОҚСАНҒА ЖОСПАРЛАНҒАН ШАРАЛАР

Нұр-Сұлтан

19.00 – "Жас Абай" драмасының премьерасы. Режиссер – Нұрлан Жұманиязов (Nomad City Hall, байланыс телефоны: +7 775 284 02 96)  

Жоспарланған шаралар тізімі ашық дереккөзден алынды. Sputnik Қазақстан шаралардың уақыты мен күнінің өзгеруіне жауапты емес.

0