Ручка и бумага - Sputnik Қазақстан
Өмірбаяндар
Sputnik Қазақстан саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, спортшылар мен әншілердің өмірбаянын ұсынады. 

"Әйеліме тамақ тауып берудің өзі оңай болмады": ақын Қасым Аманжолов жайлы не білеміз

© Sputnik / Абзал КалиевКнижная полка
Книжная полка - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов жайлы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

"Өзге емес, өзім айтам өз жайымда" деп жырлаған ақын Қасым Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл қыстауында дүниеге келген. Әке-шешесінен жастай жетім қалып, біраз жыл ағасының қолында өседі. Алғашында туған ауылында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауат ашады.

1924 жылы Семей қаласындағы интернатта білімін жалғастырады. Қасым сол жердегі балалар үйінде 1927 жылға дейін тәрбиеленген. Одан кейін білімін Семей мал дәрігерлік техникумында жалғастырады. Алғашқы өлеңдерін де осы кезде жаза бастаған. Алайда сол кездегі өлеңдері көп сақталмаған.

Түседі еске жалаң аяқ күндерім,

Ақ сүйекті ала қашқан түндерім,

Сол қашқаннан мол қашыпты балалық,

Қайдан екенін көптен бері-ақ білмедім, - дейді ақын.

Аманжоловтың балалық шағы туралы жазған өлеңінен оның талай қилы заманды басынан өткеріп, тар жол, тайғақ кешкенін аңғаруға болады.

"Қасым өмірін зерттеушілер оны кедейдің баласы деп суреттейді. Қасымның әкесі мықты ат мініп, жан-жағына жігіт жинап жүретін серілігі бар азамат болған. Атының өзін жібек арқанмен арқандайды деген де әңгіме бар. Қазірге дейін Аманжол Рақымжанның құдығы деген бар. Қарқаралының қазіргі Қасым ауылында Қасым Аманжоловты кедей әулетке жатқызбайды", - дейді ақын Ғалым Жайлыбай.

Қасымның әкесі Рақымжан Қарқаралы өңіріне серілігімен танылған адам болған. Ал арғы аталары Абылайдың тұсында қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен болған екен.

Аманжол Рахымжанның Қасымымын,

Мен қалған бір атаның ғасырымын.

Біреуге жұртта қалған жасығымын,

Біреуге аспандағы асылымын, - дейді Аманжолов.

Ақын кіндік қаны тамған Қарқаралы жеріне Семейге кеткеннен кейін оралмаған. Кейіннен Орал қаласына барған. Алғашқы махаббатын да осында кездестіреді.

"Батыр болуға тиісті азамат еді": Жұбан Молдағалиев туралы не білеміз?

Қасым Аманжолов он тоғыз жасында Алматыға келіп, біраз уақыт "Лениншіл жас" газетінде істейді. Ақынның өмірбаянында оның 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түскенімен, денсаулығына байланысты еліне оралғаны туралы айтылады. Ал кей зерттеуші бұл дерек нақтылауды қажет етеді деген пікірде. Себебі ақын шығармашылығында ол жайлы ештеңе жазылмаған.

1935 жылы әскери борышын өтеп келген соң Оралда көркем өнерпаздар труппасын құрып, өзі жетекшілік етеді. 1936-1941 жылдары Алматыға барады. Сол кездегі "Социалистік Қазақстан", "Лениншіл жас" газеттерінде, Жазушылар одағында қызмет атқарады.

Алғашқы өлеңдер жинағы 1938 жылы "Өмір сыры" деген атпен жарық көрді.

Соғыс жылдарындағы жырлары

Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол кезде "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештің бес ұлы" секілді әсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады.

1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін алдыңғы шепте жүреді.

"Қасым ақын жанының бар толғауын, кек күшін, сезім тереңін түгел бере алған. Жалынды сөзін жауға аттандырар, жан сезімімен жас тамшылатар ақын сөзі өзегін, жүрегін тербей шыққан. Қасым поэмасы майданнан шыққан жаңа леп сияқты", - деп жазды қаламгер Ғабит Мүсірепов.

Ақын соғыста жүріп "Елге хат" (бес бөлімнен тұратын ұзақ толғау), "Ұлы күтіс", "Үстімде сұр шинелім", "Подполковник Әлпинге", "Қапанға", "Сәбитке", "Ғалиға жауап", "Қызғалдақ", "Сен фашиссің, мен қазақпын", "Дариға, сол қыз" өлеңдерін жазады.

"Келмейді өлгім,

Келмейді өлгім.

Қайратым қайда

келші осындайда

дедім де тұрдым,

жүгіре бердім,

қолымда найза,

шағылып Айға.

Жеңдік қой жауды,

Арман не, құрбым,

Күркіреп күндей

Өтті ғой соғыс", - дейді ақын "Дариға, сол қыз" өлеңінде.

"Қазақ поэзиясының көш керуенін қарап отырсаң, жиырмасыншы ғасырдағы қазақ өлеңін "Қасымға дейінгі" және "Қасымнан кейінгі" деп бөліп қарауға болады. Қасым поэзиясы жаңа поэзияның бастауы секілді көрінді", - дейді ақын Ғалым Жайлыбай.

Майданнан оралғаннан кейінгі алғашқы жылдары Қасым журнал редакцияларында жұмыс істеген. Сол жылдары "Достар", "Туған жер", "Құрбыма", "Сауыншы жеңгейдің жыры", "Домбыра", "Май келді", "Күйім тасып барады, күйім тасып" өлеңдері жарық көрді.

"Қасым Аманжолов – ғажап ақын. Оның өлеңдерін сүйіп, қастерлеп оқыңыздар", - дейді жазушы Мұхтар Әуезов.

Ал ақын Әбділдә Тәжібаев "Қасым бәрімізді қоса бір-ақ сілкіп қалғандай, поэзия жауапкершілігін қорқытып отырып, қайта оқытқандай болды", деп бағалайды.

"Мен Отан соғысына 1941 жылдың төртінші авгусында кеттім де, 1945 жылдың жиырмасыншы июнінде демалысқа келдім. Құсатай Сүлейменов деген жақын інімнің ізденуі арқасында әскерден босадым… 1945-46 жылдары мен қазақ ақындары ішіндегі нағыз ақыны болып шықтым. Осылай деп жұрт та түсінді. Осылай деп ақындар да мойындады. Өзім де солай деп ойладым. Бұл кез менің ақындық қуатымның нағыз қайнап жеткен кезі еді. Көп істер істегім келді", - делінген Қасым Аманжоловтың күнделігінде.

Қасым мен Сақыпжамалдың махаббаты

Соғыс басталған кезде Сақыпжамалдың күйеуі де соғысқа аттанады. Алайда ол майданнан аман оралмайды. Соғыс біткен соң Қасым Аманжолов екеуі Алматыда табысады.

Қасым мен Сақыпжамал 1946 жылы отбасын құрған. Ол кезде Сақыпжамалдың 1941 жылы туған Жанна есімді қызы болады. Әкесі – Қасым ақынның досы Әнуар. Ал Қасым мен Сақыпжамалдың тұңғышы 1947 жылы Дариға дүниеге келеді.

"Қыздың атын Дариға қоямын деп Сәпенге хат жазып бердім. Хаттан басқа жөнді ештеме апарып бере алмадым, ақша таба алмадым. Тұрмыстың михнатын нақ сол кезде қайыса көтердім. Жаным қатты ауырды. Амал жоқ, жеті күн өткен соң  әйелім мен баламды үйге алып келдім. Қарызға алған 75 сомды беріп, машина жалдадым. Жас босанған әйеліме тамақ тауып берудің өзі  оңайға түскен жоқ. Қызыма Дариға деп ат қойдым, менің тойым сол болды. Дариғам аман-есен өссе, тойым да сол, қуанышым да сол", - деп жазды Аманжолов.

Ақын 1947 жылдан бастап сырқатқа шалдығады. Екі жылдан кейін оған Алматыда Виноградов көшесінен пәтер беріледі. Бұл уақытта өмірінің көбін жоқшылықта өткізген ақынның аз күні қалған еді.

Қасым Аманжолов дүниеден өтерінде көзі көрмей, құлағы естімей қалған деген де дерек бар.

Қасымның өлеңдері "Гроза" деген атпен 1946 жылы, "Стихи" деген атпен 1949 жылы орыс тілінде жеке кітап болып басылады. Қасым Аманжолов ұзаққа созылған науқастан 1955 жылдың 18 қаңтарында 43 жасында қайтыс болды.

Жаңалықтар
0