Қалам, қағаз

"Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді": Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығы

989
Жазушы-драматург, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Оралхан Бөкей туралы ақпаратты Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз

Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Әкесі Бөкей сөзге шешен кісі болған, анасы Күлия да ділмар, қажет жерінде өлең шығаратын кісі болған. Анасының әншілік өнері де болған. Оралхан отбасыдағы жалғыз ұл еді, Шолпан, Әймен, Ләззат, Мәншүк, Ғалия есімді бес қыздың ортасында өскен. Оралхан әкесі еңбек майданына кеткен кезде туған. Анасы әкесі Оралдан аман-есен оралсын деп, сәбидің атын Оралхан деп қойған.

"Ауылдағы кітапхананы түгел тауысып оқыған. Оралханның ұстаздары оның өзге балалардан ерекше деп айтатын. Көркем әдебиетті сабақтың үстіне әкеліп оқып отыратын. Әйтеуір бір амалын тауып, тығып оқып отыратын", - дейді қарындасы Ғалия Бөкеева.

Оралхан жазушы болуды бала кезінен армандаған. Мектеп қабырғасында жүргенде тынымсыз, шағып сөйлейтін бала болыпты. Оқуда озат болып, мектепті үздік тәмамдаған. Тіл мен әдебиеттен бөлек есепке, алгебра, геометрияға жүйрік болған.  Мектеп қабырғасында жүргенде "Бригадир" деген әңгіме жазған. Бұл қаламгердің алғашқы шығармасы.

Алматыға келгенде...

Оралхан мектепті тәмамдаған соң өнер жолын таңдап, Алматыдағы консерваторияның актерлік бөліміне оқуға қабылданады. Алайда әкеден қалған жалғыз бала болған соң анасы ұлының таңдауына қарсылық танытып, Оралхан оқудан шығады. Содан кейін қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің сырттай бөліміне ауысып, ауылына қайтады. Ауылда екі жыл тракторшы болып жұмыс істейді. Содан кейін Нарын аудандық "Еңбек туы" газетінде корректор, кейіннен тілші болып жұмыс істейді.

"Бірінші таңдаған мамандығы – актерлік. Әртістік мамандыққа оқып жатқан кезде шешеміз қарсы болды. Ол кезде әртістерге көзқарас қазіргідей емес болатын. Қаншама жыл оқып әртіс болғанша, елге келіп тракторшы бол деп қайта-қайта хат жазатын. Шешең ретінде әртіс болғаныңа қарсымын деп жазғаннан кейін бірінші курс бітіргеннен кейін ауысты", - дейді Ғалия Бөкеева.

Қазақ баспасөзінде "Шерханның шекпенінен шыққан" деген сөз бар. Шерхан Мұртаза еліміздің бас басылымдарына редакторлық қызмет атқарған жылдары қаншама таланттың бағын ашты, қанат бітірді. Соның бірі әрі бірегейі – от ауыз, орақ тілді Оралхан Бөкей. Асқар Алтайдың қойнауында трактор айдап жүрген арманшыл бозбаланың редакцияға жолдаған хатынан-ақ дарынын байқап, оны Алматыға арнайы алдыртқан.

"Арада шамасы жарты ай өткенде орынбасарым Тельман Жанұзақ кабинетке бір жап-жас жігітті ертіп келді. Сұлулана жымиып:

– Мынау өзің айтқан... – дей бергенде,

– Айтпай-ақ қой, таныдым, – деппін.

Әлгі жігіт босаға жақта сазарыңқырап, басын бір кегжең еткізген кезде толқын-толқын болып, иығына дейін төгілген қара шашы желп-желп ете қалды. Көзі аш қасқырдың көзіндей екен. Мен қашан "отыр" дегенше кекірейіп тұрды да қойды", - деп жазды Шерхан Мұртаза Оралхан Бөкей жайлы естелігінде.

Осылайша, Оралхан Бөкей 1968 жылы Алматыға қоныс аударған. Келген соң "Жас Алаш" газетіне жұмысқа орналасты.

1974-1983 жылдары Оралхан Бөкей "Жұлдыз" журналының проза бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редакторы болды.

Қайталап оқуды қажет ететін жазушы 

1970 жылы Алматы қаласындағы "Жазушы" баспасынан басылып шыққан "Қамшыгер" алғашқы жинағы жас жазушының атағын шығарды. Осы баспадан оның "Үркер"  (1971 ж.), "Қайдасың, қасқа құлыным?" (1973 ж.), "Мұзтау" (1975 ж.) әңгімелер мен повестері шықты.

"Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер", - деп жазды замандасы қаламгер Дулат Исабеков.

Ал Қасым Қайсенов "Оралхан өзі туған табиғатына ұқсас еді. Алтайдай асқақ, оның оқ жетпес құзар шыңдарындай биік еді! Заңғар тауларынан құлап аққан өзендеріндей тасқын еді. Тауларының сілемдерін жайлаған ерке еліктеріндей елгезек еді. Өркеш-өркеш тастарындай ірі еді. Қалам сілтеген алыптардың бірі еді. Шығыстан жарқырап шыққан жұлдыз еді", - деген пікір айтты.

Оралхан Бөкейдің "Ән салады шағылдар" (1978 ж.), "Үркер ауып барады" (1981 ж.), "Біздің жақта қыс ұзақ" (1984 ж.) әңгімелер мен повестері "Жалын" баспасынан жарық көрді.

1986 жылы оның "Құлыным менің" деп аталатын драмалық шығармалары "Өнер" баспасынан, 1987 жылы "Ұйқым келмейді" деп аталатын творчестволық әңгімелері "Жазушы" баспасынан шықты.

"Алданған ұрпақ" трилогиялық романы қолжазба ойлар күйінде аяқталмай қалған.

"Құлыным менің", "Текетірес", "Қар қызы", "Зымырайды поездар", "Жау тылындағы бала", "Мен сізден қорқамын" пьесалары қазақ және орыс тілінде республикалық, облыстық театрларда қойылған.


Кітаптары орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай тілдеріне аударылған.

Оралхан мақтан сүйгіш болмаса да, марапаттан құралақан қалмады. 1976 жылы "Құлыным менің" пьесасы үшін Қазақстан Республикасы жастар сыйлығының лауреаты, араға екі жыл салып "Найзағай ізі" повестер мен әңгімелері үшін бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты атанды.

1986 жылы "Біздің жақта қыс ұзақ" повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды.

Қаламгердің қазасы

Саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен қазақ журналистикасына сарп еткен Оралхан Бөкей 1993 жылы 17 мамырда Үндістан жерінде іс сапарда жүріп, Делиде қайтыс болды.

Артында Айхан есімді ұлы мен Айжан есімді қызы қалды.

"Әдебиетіміздің қазіргі аспанын жарқыратып тұрған аяулы жұлдыздарымыздың бірі, ғажайып нәзік суреткер, тамаша журналист Оралхан Бөкей қапыда, қиыр алыста оралмас сапар кешті, біз тіл жетпейтін өкініш кешіп, тағы жылап қалдық", - деп жазды Ғафу Қайырбеков.

Ал туған ағасындай болған Шерхан Мұртаза 2003 жылы естелік жазды.

"Оралхан дүниеден озғалы, міне, тура он жыл болды. Кітаптары өмір сүріп келеді, өмір сүре береді. Олар жасқа – ақыл, кәріге – қуат береді. Бақытқа бақыт қосады. Бақытсызға медет болады", - деп жазды Шерхан Мұртаза.

989
Кілт сөздер:
жазушы, Оралхан Бөкей
Тақырып бойынша
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
"Халық тағдыры – карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы туралы қызықты деректер
Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл: композитордың өмірі жайлы қызықты деректер
"ХХ ғасыр Гомері" деген бағаға ие болған Жамбыл Жабаев жайлы қызықты деректер
Ауызашар

Рамазан-2021: маңызды 10 сұрақтың жауабы

6123
Рамазан айында ораза ұстаған мұсылман күндіз есінен танып қалса, ол күннің қазасын өтеу парыз етілмейді

НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір — Sputnik. Келесі аптада қасиетті Рамазан айы басталады. 13 сәуірге қараған түні мұсылман қауымы ауыз бекітіп, 30 күн ораза ұстауға кіріседі. Sputnik Қазақстан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған ақпарат негізінде биылғы оразаға қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын назарларыңызға ұсынады.

Рамазан-2021: Ораза кестесі

1.  Былтырғы оразаның қазасы қалса, оны Рамазан айына дейін өтеу керек пе?

- Оразаның қазасын ұстап үлгермесеңіз, ешнәрсе етпейді. Биылғы оразаға ниет етіп, ауыз бекітуге болады. Бірақ ораза өткеннен кейін былтыр қаза болған күндерді өтеу керек.

2. Ораза кезінде коронавирусқа қарсы вакцина салуға және ПТР-тест тапсыруға бола ма?

- Егер екпе терінің астына бұлшықетке салынса, ораза бұзылмайды. Жалпы, пенициллин, инсулин, вакцина, ауырсыну мен қызуды басатын препараттар мен дәрумендер қолданылған жағдайда ораза бұзылмайды. Қазір ислам ғалымдарының көбісі екпе арқылы денеге салынатын дәрі-дәрмекке ем және адам ағзасына қажетті энергия ретінде қарайды. Ал көктамырға салынатын екпеге қатысты ортақ бір шешім жоқ. Сол сияқты  ПТР-тест оразаны бұзбайды. Өйткені тест құрғақ күйінде тамақтан және мұрын қуысынан алынады. Ішке қарай ешқандай дәрі немесе сұйықтық өтпейді.

3. Кімдер пітір садақаны мөлшерінен артық береді?

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы пітір садақаның мөлшерін екі келі ұнның бағасы көлемінде бекітті. Ол 420 теңгені құрайды. Бұл – пітір садақаның ең төменгі мөлшері. Сондықтан жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіздің немесе құрманың бағасымен бере алады. Қазіргі кезде екі келі мейіз 3 580 теңге тұрады. Сондай-ақ, 4 келі құрманың құнымен беруге болады. Оның бағасы – 7 300 теңге.

4. Фидияны кімдер береді?

- Ислам дінінде фидия садақасы бар. Кейбір адамдар фидия беріп, оразаны ұстамауға да болады деп ойлайды. Олай емес. Денсаулығы дұрыс және балиғат жасқа толған кез келген мұсылман баласы ораза ұстауға міндетті. Ал денсаулығы ораза ұстауға келмейтін адамдар және ауыз бекітуге әл-ауқаты жетпейтін қарт кісілер фидия садақасын берсе болады. Оның көлемі – 2 500 теңге (сәресі мен ауызашардың құны).

5. Биыл Рамазан айында Меккеге баруға бола ма?

- Сауд Арабиясының қажылық және умра министрлігі таратқан хабарламаға сәйкес, Рамазан айында Мекке мен Мәдинадағы екі қасиетті мешітке умра жасауға коронавирусқа қарсы вацинаның екі дозасын алғандар, қажылықтан екі апта бұрын вакцина салғандар немесе коронавируспен ауырып жазылған адамдар ғана бара алады.

6.   Оразаның мәкруһтері қандай?

- Оразада сүйісу, тағамның дәмін татып көру, сағыз шайнау, мисуактан басқа щетка сияқты нәрселермен тісті тазалау мәкруһ істерге жатады. Щеткамен тіс тазалау рұқсат амалдардан, бірақ ішке кетіп қалмауын қадағалау қажет. Бұдан бөлек, әйелге жас баласына тамақ шайнап беруі мәкруһ. Алайда баласын тамақтандырудың басқа амалын таппаса, солай істеуге болады.

7. Ауыз бекіткен адам есінен танып қалса, ол күннің қазасын өтеу керек пе?

- Рамазан айында ораза ұстаған адам күндіз есінен танып қалса, ол күннің қазасын өтеу парыз емес. Алайда есінен тануы көпке созылған жағдайда айыққан соң қаза болған күндерін өтейді.

8.  Рамазан айында балиғатқа толған бала немесе мұсылман болған адам ораза ұстай берсе бола ма?

- Олар оразаның қалған күндерін тұтады. Ал мұсылман болған күнінің немесе балиғатқа толған күнінің қазасын тұту шарт емес.

9. Рамазан айында жолаушы мен науқастан басқа тағы кімге ораза ұстамауға болады?

- Аяғы ауыр әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің және балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауына болады. Бірақ кейін қазасын өтеуі керек. Сосын Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады.

10.  Мешіттерде тарауық пен жұма намазы оқылып, ауызашар беріле ме?

- Былтыр коронавирусқа байланысты мешіттер толығымен жабық болса, биыл бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы мен  ауызашар әрбір өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына қарай өткізіледі. Мәселен, "жасыл" аймаққа кіретін өңірлерде мешітке барып, тарауықты, бес уақыт пен жұма намазын оқуға болады. Ауызашар өткізуге де рұқсат бар. Бірақ санитарлық талаптар сақталуы шарт. "Сары" аймақта тұрған облыстарда тарауық пен бес уақыт намазын оқуға мүмкіндік бар. Жұма намазы мен ауызашар өткізілмейді. Ал "қызыл" аймақта тек бес уақыт намазды оқуға рұқсат берілген. Соның өзінде әрбір адам жеке-жеке оқуға тиіс.

Айта кетейік, мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал 13 мамыр Ораза айттың бірінші күні болады.

6123
Кілт сөздер:
қажылық, пітір садақа, Ораза кестесі-2021, Рамазан-2021
Тақырып:
Рамазан - 2021
Архивтегі фото

Көлік салығын төлеу уақыты жақындады маңызды 10 сұрақтың жауабы

2107
Көлік салығын қолма-қол ақшамен кез келген банк бөлімшесінде, я болмаса, төлем терминалында төлеуге болады. Бұдан бөлек, банкоматтар мен мобильді қосымшалар арқылы аударуға мүмкіндік бар

НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз — Sputnik. Бұған дейін 2020 жылдың көлік салығын төлеу мерзімі өзгерген болатын. Оны биыл 1 сәуірге дейін төлеу керек. Ал салық уақытында аударылмаса, өсімақы жүреді. Артынан сот орындаушылары хабарласып, мазаны ала бастайды. Sputnik Қазақстан көлік салығы бойынша маңызды 10 сұрақтың жауабын ұсынады.

1. Көлік салығына қатысты ақпаратты қайдан табуға болады?

Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында https://kgd.gov.kz/kk "Электрондық қызметтер" деген бөлім бар. Сол жерде салық берешегіне қатысты ақпаратты табуға болады. Бұдан бөлек, "E-SalyqAzamat" мобильді қосымшасын жүктеп, қажетті мәліметті көруге мүмкіндік бар. Бірақ ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында (ХҚКО-да) ЖСН-ге тіркеліп тұруы қажет. Оны қауіпсіздік үшін жасаған. Бірақ кей кезде мобильді қосымша дұрыс істемей қалады. Оның орнына "Электронды үкімет" порталын қолдануға болады. Сондай-ақ, Kaspi.kz, Homebank сияқты мобильді қосымшалардан салықты көруге мүмкіндік бар. Ал қандай да бір сұрақтар болса, "1414" нөміріне (сосын "4"-ті басу керек) қоңырау шалып, оператордан барлығын сұрап алыңыз.

2. Көлік салығы қалай есептейді?

Көлік салығы айлық есептік көрсеткіш негізінде есептеледі. Биыл АЕК-тің мөлшері өсті. Алайда көлік салығы 2020 жылға төленеді. Сондықтан өткен жылдың есептік көрсеткішін пайдалану қажет. Оның мөлшері – 2 651 теңге. Тәртіп бойынша салық қозғалтқыштың көлеміне қарай төленеді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында арнайы калькулятор бар. Соның көмегімен көлік салығын есептеп шығаруға болады.

3. Қозғалтқыштың көлемі үлкен көліктер үшін салықтың мөлшері қандай?

Егер жеңіл көлік Қазақстанда 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін құрастырылса, я  болмаса, осы уақыттан кейін республика аумағына әкелінсе, онда салық қозғалтқыштың көлеміне қарай есептеледі.

  • 3 000-3 200 текше сантиметр — 35 АЕК;
  • 3 200-3 500 текше сантиметр — 46 АЕК;
  • 3 500-4 000 текше сантиметр — 66 АЕК;
  • 4 000-5 000 текше сантиметр — 130 АЕК;
  • 5 000 текше сантиметрден жоғары — 200 АЕК.

4. Жеке тұлға көлік салығын қайда төлейді?

Көлік салығы жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша салық басқармасына төленеді. Оны қолма-қол ақшамен кез келген банк бөлімшесінде, я болмаса, төлем терминалында жасауға болады. Бұдан бөлек, банкоматтар мен мобильді қосымшалар арқылы салықты төлеуге мүмкіндік бар. 

5. Салықты төлеу үшін қандай реквизиттер керек?

Көлік салығының реквизиттері: БСК коды - 104402, СТК коды -911; пайыздық мәліметтер: СТК коды – 912.

6. Көлік салығын төлемесе, не болады?

Салық уақытында төленбесе, қарызды мәжбүрлеп өндіріп алады. Барлық материал сот орындаушыларға жіберіледі. Ондайда өсімпұлды төлеуге, оған қоса, сот орындаушыларының қызметіне де ақша шығаруға тура келеді.

7. Салықтың мөлшері жыл сайын өсіп келеді. Оның себебі неде?

Салықтың мөлшері айлық есептік көрсеткішке байланысты. Мәселен, былтыр 1 АЕК-тің көлемі 2 651 теңге болған. Биыл ол 2 917 теңгеге дейін көтерілді. Сол себепті көлік салығы жыл сайын өсіп отырады.

8. Адамның атында көлік жоқ, бірақ салық шығып тұрса, не істеу керек?

Салық ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті ұсынған мәліметтер негізінде есептеледі. Автокөлік болмаған жағдайда тиісті анықтаманы алып, мемлекеттік кірістер департаментіне тапсыру қажет. Сонда дұрыс есептелмеген көлік салығын алып тастайды.

9. Мүгедек адамның қозғалтқыш сыйымдылығы үлкен автокөлігі болған жағдайда қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Осы санаттағы азаматтар бір ғана көлік құралы үшін салықтан босатылады. Дегенмен қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары болса, жеңілдік жасалмайды. Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткен жөн, егер қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөлік 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін уәкілетті мемлекеттік органда тіркелсе және тіркелген уақыттан бастап көлік құралының иесі өзгермесе, онда көлік құралының иесі салық төлеуден босатылады.

10.  Мүгедектерден бөлек көлік салығынан кімдер босатылады? 

Салық кодексінің 490-бабы, 3-тармағына сәйкес, бірнеше санатқа кіретін адамдар көлік салығынан босатылады. Олар:

  • белгілеген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін шаруалар мен фермерлер, сондай-ақ, оларға тиесілі қозғалтқышының көлемі 2500 текше сантиметрге дейін қоса алғанда бір жеңіл автомобильге және қозғалтқышының шекті жиынтық қуаты егіндіктің 1000 гектарына 1000 кВт мөлшеріндегі жүк көліктеріне де жеңілдік жасалады;
  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген азаматтар мен тыл еңбеккерлері;
  • Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi;
  • "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденiмен және "Отан" орденiмен наградталған адамдар;
  • "Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" не "Күмiс алқамен" наградталған көпбалалы аналар.

Барлығына тек бір автөліктің салығы бойынша жеңілдік жасалады.

2107
Кілт сөздер:
салық, көлік
Әскери оқу-жаттығу

Жағдай шиеленісіп барады: Ресей мен Украина қатынасы қалай өрбиді

0
Британдық және америкалық радиоэлектронды барлау ұшақтары мен кемеге қарсы ұшақтар Қара теңіздің бейтарап аумағында тынымсыз ұшып жүр

НҰР-СҰЛТАН, 16 сәуір – Sputnik. Соңғы күні Солтүстікатлантикалық альянс шығыс Еуропада күрт белсенділік танытып жатыр. Бұл Киевтің Донбаспен шекараға қосымша бөлімшелер мен техника жеткізуіне қатысты жауапты әрекет екені ешкімге жасырын емес, деп жазады РИА Новости.

Донбастағы жағдайдың кезекті рет өршуіне байланысты НАТО елдерінің авиациясы бұл аймақта жиі төбе көрсетіп жүр. Түйісу орнында RQ-4 Global Hawk барлаушы дрондары тұрақты күзетте тұр. Олар ДХР мен ЛХР әскерінің қорғанысқа даярлығын назардан тыс қалдырмауда. Ұшқышсыз ұшу аппараттары түсірген суреттер сол мезетте киевтік әскери қолбасшылардың үстеліне жететініне еш күмән жоқ.

Украина қарулы күштері де әуе барлауын күшейтті. Сарбаздар Түркиядан сатып алған Bayraktar TB2 соққы жасаушы дрондарын байқаған. УҚК-де мұндай алты дрон бар. Қосымша ұшқышсыз ұшу аппараттарын жеткізу туралы келісімшарт жақында Украина президенті Владимир Зеленскийдің Түркияға сапары кезінде жасалғаны мәлім болды.

Сонымен қатар, батыс авиациясы Қырым жағалауына күн сайын мониторинг жүргізіп отыр. Британдық және америкалық Boeing RC135W және Lockheed P-3COrion радиоэлектронды барлау ұшағы мен P-8APoseidon кемеге қарсы ұшағы Қара теңіздің бейтарап аумағында тынымсыз ұшып жүр. Олардың басты міндеті – Қара теңіз флоты кемелерінің әрекетін қадағалау және түбекте орналасқан әскери топтың әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерінің позицияларын анықтау.

НАТО өңірдегі әскери-теңіз қатысуын да күшейтіп жатыр. Сәуірдің соңына дейін АҚШ ӘТК-нің екі зымыран эсминеці Қара теңізге шығуы керек. Пентагонның ресми мәлімдемесі бойынша, кемелерді бағыттау қалыпты сипатқи ие. Алайда Кремль жағдайды назарда ұстап отыр. Себебі бұл эсминецтер елуден астам "Томагавк" қанатты зымыранын тасымалдайды.

"Америка Құрама Штаттарының әскери белсенділігіне, соның ішінде Қара теңізге кеме кіргізуіне келсек, бұл тұрақты болып жатыр. Қазір бұл әсіресе агрессивті қарқында орындалуда", – дейді Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров.

Тағы бір қызық жағдай: АҚШ ӘӘК әскери-көлік авиациясының ұшақтары Киевке қандай жүк жеткізіп жатыр?

Мамандар FlightRadar интернет сервисінің көрсеткішіне назар аударып, АҚШ, Германия мен Балтық маңы елдерінен ұшып шыққан америкалық С-17 мен С-30 Борисполь әуежайына тоқтап, жүк түсіріп, кері қайтып жатқанын анықтады.

Әскери сарапшы Алексей Леонковтың пікірінше, Вашингтон Украинаға радиоэлектронды күрес кешендерін жеткізіп жатыр. Бұл жақын уақытта УҚК шабуыл жасайды дегенді білдіреді. Ресей де қол қусырып отырмайтыны анық.

"Егер жағдай ушығатын болса, онда біз өзіміздің және қай жерде жүрсе де, өз азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлығын жасаймыз. Мұндай өршуге Киев пен оның Батыстағы кураторлары толық жауапты болады. Сондай-ақ біз Қырымнан, Қара теңіздегі жағалаудан аулақ болу туралы АҚШ-қа ескертеміз", – деді СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябков.

Батыс елдерінің ресейлік шекара маңында белсенділігінің артуына тағы бір себеп – НАТО әскерлерінің мамырдың ортасында өтетін ең ауқымды Defender Europe 2021 оқу-жаттығуына дайындығы.

Өткен жылмен салыстырғанда 2021 жылғы әскери шара кезінде Шығыс емес, Оңтүстік Еуропаға көп көңіл бөлінеді. Маневрлер Черногория, Косово және Албанияда жоспарланған. Болгария мен Румынияда әуедегі шабуылдан қорғаныс жүйелері мен "жер – жер" тобындағы зымырандардың жаттығуы өтеді. Ал Венгрия тыл қызметін атқарады. Маневрлерге украин әскери қызметшілері де қатысады.

Еуропадағы АҚШ Құрлық әскерінің ресми сайтында жарияланған баспасөз релизіне сәйкес, оқу-жаттығулар "АҚШ, НАТО бойынша одақтастар мен серіктестері арасындағы стратегиялық және жедел дайындық пен өзара әрекеттесуді күшейтуге бағытталған". Бұл маневрлер үшінші мемлекеттер үшін ешқандай қауіп төндірмейтіні жазылған. Алайда Defender Europe 2021 антиресейлік бағытта өрбитіні айдан анық.

Сондықтан Ресей мен Белоруссия қыркүйекте "Батыс-2021" маневрлерін өткізеді. Белоруссияның қорғаныс министрі Виктор Хренин атап өткендей, "бірлескен оқу-жаттығулар жоғары урбанизацияланған елді мекендерде шабуылдау бөлімшелерінің бірлескен іс-қимылдарының жаңа әдістерін сынауға мүмкіндік береді" деп санайды.

0
Кілт сөздер:
Украина, Ресей