Вакцина, коронавирус

Вакцина салдырғаннан кейін моншаға баруға бола ма маман жауабы

367
Екпе салдырғаннан кейін алкогольді ішімдік ішуге бола ма, созылмалы ауруы бар азаматтарға, жүкті немесе бала емізетін әйелдерге вакцина салына ма? Осы жөнінде Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

Қазақстанда 2021 жылдың ақпанынан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау жүріп жатыр. Әзірше екпе тек дәрігерлерге, мұғалімдерге, әскерилерге, полиция қызметкерлеріне салынады. Дегенмен жақын уақытта кез-келген адам вакцина салдыра алады.

Sputnik Қазақстан коронавирусқа қарсы вакциналауға қалай дайындалу керектігі жөнінде толық мән-жайды нақтылау үшін медицина ғылымдарының докторы, Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас аллерголог маманы Елена Ковзельмен сұқбаттасты.

Вакциналау талабы

Дәрігердің айтуынша, коронавирусқа қарсы екпе салдыруға ерекше дайындалудың қажеті жоқ.

"Ең бастысы екпе салдыратын адамның дене қызуы көтерілмесе, созылмалы аурулары асқынбаса болды. Жүкті немесе бала емізетін әйелдерге екпе салынбайды", - деп түсіндірді Ковзель.

Сонымен қатар, вакциналауға дейін екі апта қалғанда дене қызуы жоғары және коронавирус жұқтырған адамдардан бойын аулақ ұстағаны дұрыс.

Тыйым салынады

"Екпе салғаннан кейін де ерекше нұсқаулар берілмейді. Вакциналық иммундық әсер қалыптасып жатқан шақта инфекция жұқтырып алмас үшін инфекциялық аурулардан сақтанып жүру керек. Сол сияқты эмоциялық күйзелістен де аулақ болу керек. Тым ауыр жаттығумен айналысудың қажеті жоқ", - деді аллерголог.

Екпе салдырғаннан кейін тыйым салынады:

  • моншаға, саунаға баруға, себебі тоңып қалу қаупі бар. Бұл ағза үшін стресс тудырады. Сондай-ақ бұл орындарда адамдар көп шоғырлануы ықтимал;
  • алкогольді ішімдік ішуге, себебі ол ағзаны улайды;
  • бір-екі күн бойы екпе салған жерге су тигізуге болмайды.
367
Кілт сөздер:
вакцина, коронавирус
Тақырып:
COVID-ке қарсы вакцина (161)
Тақырып бойынша
Бұрынғы денсаулық министрі Досқалиев COVID-ке қарсы вакцина туралы не дейді
Коронавирусқа қарсы вакцина бедеулікке ұшыратпайды
COVID-19-бен ауырмаған және вакцина салдырмаған адамдарды не күтіп тұр
Қатерлі дертке шалдыққандарға вакцина салуға бола ма – академик жауап берді
Министр сәуірде кімдерге вакцина егілетінін айтты
Ауызашар

Рамазан-2021: маңызды 10 сұрақтың жауабы

6625
Рамазан айында ораза ұстаған мұсылман күндіз есінен танып қалса, ол күннің қазасын өтеу парыз етілмейді

НҰР-СҰЛТАН, 10 сәуір — Sputnik. Келесі аптада қасиетті Рамазан айы басталады. 13 сәуірге қараған түні мұсылман қауымы ауыз бекітіп, 30 күн ораза ұстауға кіріседі. Sputnik Қазақстан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған ақпарат негізінде биылғы оразаға қатысты маңызды 10 сұрақтың жауабын назарларыңызға ұсынады.

Рамазан-2021: Ораза кестесі

1.  Былтырғы оразаның қазасы қалса, оны Рамазан айына дейін өтеу керек пе?

- Оразаның қазасын ұстап үлгермесеңіз, ешнәрсе етпейді. Биылғы оразаға ниет етіп, ауыз бекітуге болады. Бірақ ораза өткеннен кейін былтыр қаза болған күндерді өтеу керек.

2. Ораза кезінде коронавирусқа қарсы вакцина салуға және ПТР-тест тапсыруға бола ма?

- Егер екпе терінің астына бұлшықетке салынса, ораза бұзылмайды. Жалпы, пенициллин, инсулин, вакцина, ауырсыну мен қызуды басатын препараттар мен дәрумендер қолданылған жағдайда ораза бұзылмайды. Қазір ислам ғалымдарының көбісі екпе арқылы денеге салынатын дәрі-дәрмекке ем және адам ағзасына қажетті энергия ретінде қарайды. Ал көктамырға салынатын екпеге қатысты ортақ бір шешім жоқ. Сол сияқты  ПТР-тест оразаны бұзбайды. Өйткені тест құрғақ күйінде тамақтан және мұрын қуысынан алынады. Ішке қарай ешқандай дәрі немесе сұйықтық өтпейді.

3. Кімдер пітір садақаны мөлшерінен артық береді?

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы пітір садақаның мөлшерін екі келі ұнның бағасы көлемінде бекітті. Ол 420 теңгені құрайды. Бұл – пітір садақаның ең төменгі мөлшері. Сондықтан жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіздің немесе құрманың бағасымен бере алады. Қазіргі кезде екі келі мейіз 3 580 теңге тұрады. Сондай-ақ, 4 келі құрманың құнымен беруге болады. Оның бағасы – 7 300 теңге.

4. Фидияны кімдер береді?

- Ислам дінінде фидия садақасы бар. Кейбір адамдар фидия беріп, оразаны ұстамауға да болады деп ойлайды. Олай емес. Денсаулығы дұрыс және балиғат жасқа толған кез келген мұсылман баласы ораза ұстауға міндетті. Ал денсаулығы ораза ұстауға келмейтін адамдар және ауыз бекітуге әл-ауқаты жетпейтін қарт кісілер фидия садақасын берсе болады. Оның көлемі – 2 500 теңге (сәресі мен ауызашардың құны).

5. Биыл Рамазан айында Меккеге баруға бола ма?

- Сауд Арабиясының қажылық және умра министрлігі таратқан хабарламаға сәйкес, Рамазан айында Мекке мен Мәдинадағы екі қасиетті мешітке умра жасауға коронавирусқа қарсы вацинаның екі дозасын алғандар, қажылықтан екі апта бұрын вакцина салғандар немесе коронавируспен ауырып жазылған адамдар ғана бара алады.

6.   Оразаның мәкруһтері қандай?

- Оразада сүйісу, тағамның дәмін татып көру, сағыз шайнау, мисуактан басқа щетка сияқты нәрселермен тісті тазалау мәкруһ істерге жатады. Щеткамен тіс тазалау рұқсат амалдардан, бірақ ішке кетіп қалмауын қадағалау қажет. Бұдан бөлек, әйелге жас баласына тамақ шайнап беруі мәкруһ. Алайда баласын тамақтандырудың басқа амалын таппаса, солай істеуге болады.

7. Ауыз бекіткен адам есінен танып қалса, ол күннің қазасын өтеу керек пе?

- Рамазан айында ораза ұстаған адам күндіз есінен танып қалса, ол күннің қазасын өтеу парыз емес. Алайда есінен тануы көпке созылған жағдайда айыққан соң қаза болған күндерін өтейді.

8.  Рамазан айында балиғатқа толған бала немесе мұсылман болған адам ораза ұстай берсе бола ма?

- Олар оразаның қалған күндерін тұтады. Ал мұсылман болған күнінің немесе балиғатқа толған күнінің қазасын тұту шарт емес.

9. Рамазан айында жолаушы мен науқастан басқа тағы кімге ораза ұстамауға болады?

- Аяғы ауыр әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің және балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауына болады. Бірақ кейін қазасын өтеуі керек. Сосын Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады.

10.  Мешіттерде тарауық пен жұма намазы оқылып, ауызашар беріле ме?

- Былтыр коронавирусқа байланысты мешіттер толығымен жабық болса, биыл бес уақыт намаз, жұма намазы, тарауық намазы мен  ауызашар әрбір өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына қарай өткізіледі. Мәселен, "жасыл" аймаққа кіретін өңірлерде мешітке барып, тарауықты, бес уақыт пен жұма намазын оқуға болады. Ауызашар өткізуге де рұқсат бар. Бірақ санитарлық талаптар сақталуы шарт. "Сары" аймақта тұрған облыстарда тарауық пен бес уақыт намазын оқуға мүмкіндік бар. Жұма намазы мен ауызашар өткізілмейді. Ал "қызыл" аймақта тек бес уақыт намазды оқуға рұқсат берілген. Соның өзінде әрбір адам жеке-жеке оқуға тиіс.

Айта кетейік, мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні. Ал 13 мамыр Ораза айттың бірінші күні болады.

6625
Кілт сөздер:
қажылық, пітір садақа, Ораза кестесі-2021, Рамазан-2021
Тақырып:
Рамазан - 2021
Архивтегі фото

Көлік салығын төлеу уақыты жақындады маңызды 10 сұрақтың жауабы

2110
Көлік салығын қолма-қол ақшамен кез келген банк бөлімшесінде, я болмаса, төлем терминалында төлеуге болады. Бұдан бөлек, банкоматтар мен мобильді қосымшалар арқылы аударуға мүмкіндік бар

НҰР-СҰЛТАН, 22 наурыз — Sputnik. Бұған дейін 2020 жылдың көлік салығын төлеу мерзімі өзгерген болатын. Оны биыл 1 сәуірге дейін төлеу керек. Ал салық уақытында аударылмаса, өсімақы жүреді. Артынан сот орындаушылары хабарласып, мазаны ала бастайды. Sputnik Қазақстан көлік салығы бойынша маңызды 10 сұрақтың жауабын ұсынады.

1. Көлік салығына қатысты ақпаратты қайдан табуға болады?

Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында https://kgd.gov.kz/kk "Электрондық қызметтер" деген бөлім бар. Сол жерде салық берешегіне қатысты ақпаратты табуға болады. Бұдан бөлек, "E-SalyqAzamat" мобильді қосымшасын жүктеп, қажетті мәліметті көруге мүмкіндік бар. Бірақ ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында (ХҚКО-да) ЖСН-ге тіркеліп тұруы қажет. Оны қауіпсіздік үшін жасаған. Бірақ кей кезде мобильді қосымша дұрыс істемей қалады. Оның орнына "Электронды үкімет" порталын қолдануға болады. Сондай-ақ, Kaspi.kz, Homebank сияқты мобильді қосымшалардан салықты көруге мүмкіндік бар. Ал қандай да бір сұрақтар болса, "1414" нөміріне (сосын "4"-ті басу керек) қоңырау шалып, оператордан барлығын сұрап алыңыз.

2. Көлік салығы қалай есептейді?

Көлік салығы айлық есептік көрсеткіш негізінде есептеледі. Биыл АЕК-тің мөлшері өсті. Алайда көлік салығы 2020 жылға төленеді. Сондықтан өткен жылдың есептік көрсеткішін пайдалану қажет. Оның мөлшері – 2 651 теңге. Тәртіп бойынша салық қозғалтқыштың көлеміне қарай төленеді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында арнайы калькулятор бар. Соның көмегімен көлік салығын есептеп шығаруға болады.

3. Қозғалтқыштың көлемі үлкен көліктер үшін салықтың мөлшері қандай?

Егер жеңіл көлік Қазақстанда 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін құрастырылса, я  болмаса, осы уақыттан кейін республика аумағына әкелінсе, онда салық қозғалтқыштың көлеміне қарай есептеледі.

  • 3 000-3 200 текше сантиметр — 35 АЕК;
  • 3 200-3 500 текше сантиметр — 46 АЕК;
  • 3 500-4 000 текше сантиметр — 66 АЕК;
  • 4 000-5 000 текше сантиметр — 130 АЕК;
  • 5 000 текше сантиметрден жоғары — 200 АЕК.

4. Жеке тұлға көлік салығын қайда төлейді?

Көлік салығы жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша салық басқармасына төленеді. Оны қолма-қол ақшамен кез келген банк бөлімшесінде, я болмаса, төлем терминалында жасауға болады. Бұдан бөлек, банкоматтар мен мобильді қосымшалар арқылы салықты төлеуге мүмкіндік бар. 

5. Салықты төлеу үшін қандай реквизиттер керек?

Көлік салығының реквизиттері: БСК коды - 104402, СТК коды -911; пайыздық мәліметтер: СТК коды – 912.

6. Көлік салығын төлемесе, не болады?

Салық уақытында төленбесе, қарызды мәжбүрлеп өндіріп алады. Барлық материал сот орындаушыларға жіберіледі. Ондайда өсімпұлды төлеуге, оған қоса, сот орындаушыларының қызметіне де ақша шығаруға тура келеді.

7. Салықтың мөлшері жыл сайын өсіп келеді. Оның себебі неде?

Салықтың мөлшері айлық есептік көрсеткішке байланысты. Мәселен, былтыр 1 АЕК-тің көлемі 2 651 теңге болған. Биыл ол 2 917 теңгеге дейін көтерілді. Сол себепті көлік салығы жыл сайын өсіп отырады.

8. Адамның атында көлік жоқ, бірақ салық шығып тұрса, не істеу керек?

Салық ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті ұсынған мәліметтер негізінде есептеледі. Автокөлік болмаған жағдайда тиісті анықтаманы алып, мемлекеттік кірістер департаментіне тапсыру қажет. Сонда дұрыс есептелмеген көлік салығын алып тастайды.

9. Мүгедек адамның қозғалтқыш сыйымдылығы үлкен автокөлігі болған жағдайда қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Осы санаттағы азаматтар бір ғана көлік құралы үшін салықтан босатылады. Дегенмен қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары болса, жеңілдік жасалмайды. Осы орайда маңызды бір мәселені атап өткен жөн, егер қозғалтқышының сыйымдылығы 4000 текше сантиметрден жоғары жеңіл автокөлік 2013 жылдың 31 желтоқсанына дейін уәкілетті мемлекеттік органда тіркелсе және тіркелген уақыттан бастап көлік құралының иесі өзгермесе, онда көлік құралының иесі салық төлеуден босатылады.

10.  Мүгедектерден бөлек көлік салығынан кімдер босатылады? 

Салық кодексінің 490-бабы, 3-тармағына сәйкес, бірнеше санатқа кіретін адамдар көлік салығынан босатылады. Олар:

  • белгілеген тізбеге енгізілген ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін шаруалар мен фермерлер, сондай-ақ, оларға тиесілі қозғалтқышының көлемі 2500 текше сантиметрге дейін қоса алғанда бір жеңіл автомобильге және қозғалтқышының шекті жиынтық қуаты егіндіктің 1000 гектарына 1000 кВт мөлшеріндегі жүк көліктеріне де жеңілдік жасалады;
  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген азаматтар мен тыл еңбеккерлері;
  • Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi;
  • "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденiмен және "Отан" орденiмен наградталған адамдар;
  • "Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" не "Күмiс алқамен" наградталған көпбалалы аналар.

Барлығына тек бір автөліктің салығы бойынша жеңілдік жасалады.

2110
Кілт сөздер:
салық, көлік
Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшылары Тоқаевты құттықтап жатыр

0
Олар мемлекет басшысына зор денсаулық және бақыт тіледі, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді

НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына қасиетті Рамазан айының басталуына орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде, деп хабарлайды Ақорда.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жеделхатында Тоқаевқа ұзақ өмір, зор денсаулық және оның аса жауапты қызметіне табыс тілеп, бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.

"Екі ел арасындағы тату көршілікке, жақын достыққа, өзара құрметке және қолдау көрсетуге негізделген стратегиялық серіктестік ортақ саяси ерік-жігеріміздің арқасында соңғы жылдары мүлде жаңа деңгейге көтерілгені күмәнсіз. Біздің табысты байланыстарымыз бен ұзақмерзімді серіктестігіміз одан әрі дами беретініне сенімдімін", – делінген Өзбекстан басшысының жеделхатында.

Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд және Сауд Арабиясы Корольдігінің тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделәзиз Әл Сауд өздерінің жеделхаттарында Қазақстан президентін қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, оған зор денсаулық және бақыт тілеген, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының одан әрі өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірген.

Тағы оқыңыз: Рамазан-2021: маңызды 10 сұрақтың жауабы

Сонымен қатар Қазақстан президентіне Қатар әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Тәни, Иордания королі II Абдалла, Оман сұлтаны Хайсам Бен Тариқ, Кувейт әмірі Шейх Наваф әл-Ахмад әл-Джабер Әс-Сабах, Кувейттің тақ мұрагері Мишаль әл-Ахмед әл-Джабер Әс-Сабах, Бахрейн королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Марокко королі VI Мұхаммед, Египет президенті Әбдель Фаттах Әс-Сиси, Ирак президенті Бархам Салех, Палестина президенті Махмуд Аббас, Қатар шейхінің орынбасары Абдалла Бен Хамад Әл Тәни және Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Юсеф әл-Осеймин өздерінің құттықтау хаттарын жолдады.

Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталады. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – қасиетті Қадір түні.

Пітір садақаның мөлшері жан басына 420 теңгені құрады.

0
Кілт сөздер:
Рамазан-2021, Қасым-Жомарт Тоқаев
Тақырып бойынша
Ақордада өткен кездесуде қырғыз президенті Тоқаевты таңғалдырды  
Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктегі ауыс-түйіс туралы айтты
Тоқаев жұмысын дұрыс атқармаған басшыны қызметінен босатуды бұйырды
Тоқаев кейбір салаларға қосымша қаражат бөлуді тапсырды