Көзілдірік пен қаламсап

Адам жанының суреткері Қадыр Мырза Әли туралы не білеміз

768
(Жаңартылды 12:37 05.05.2021)
Ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің өмірі мен шығармашылығы туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

"Қазақ осы күй шығарып, ән салып,

Көкпар тартып, қыз қууға жаралған" деп жырлаған ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Ғинаятұлы Мырзалиев 1935 жылы 5 қаңтарда Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылында туған. Қан майдан, сұрапыл соғыс ақынды жақындарынан ерте ажыратты, балалығын ұрлады.

...Сүмбіледе суы кепкен өзекте

Құрақ ордық,

Тердік тіпті тезек те.

Әкемізді аттандырып майданға,

Тоқаш үшін тұрдық күнде кезекте...

немесе

...Біздер үшін тым ертерек басталды өмір сынағы.

Біреуміздің басымызда әкеміздің тымағы.

Балалардың жоқтық көрген белгілі ғой халдары

Біреуміздің бұтымызда әкеміздің шалбары.

Жерұйық

"Туған жерім тарихта бар. Сәкен Сейфуллиннің "Тар жол, тайғақ кешу" романында бар. Батыс Қазақстан қазақтары Алашорданың іргесін өздерінше сол жақта қалаған. Бірақ орталығына Оралды таңдамаған... Ол жерде тәп-тәуір ұлттың қамын ойлаған азаматтар болған. Олардың бәрі ұсталып кеткеннен кейін ести алмай өстік. Жас кезімізде байқағаным, ол жақтың азаматтарын билікке, ел басқаруға көп арластырмайтын", – деген еді ақын туған жері жайлы естелігінде.

Айтуынша, өзі өскен ауданға басқа жақтан адамды әкеліп, өңір тізгінін ұстатып отыратын болған.

"Мәдени деңгейі, ұлттық деңгейі, ұлттық сана басқаша болатын. Аталарымыздың ол жерді Алашорда астанасындай көргені содан шығар", – деген Қадыр Мырза Әли Жымпиты жайлы.

Сол кезеңде жүздеген баланың әкесі соғыстан аман оралмады. Оның арасында Асқар Сүлейменов, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбаев, Қадыр Мырза Әли жетім балалар арасынан суырылып шығып, әдебиетке үлес қосты.

Бұл туралы Қадыр Мырза Әли бір өлеңінде:

Өмірімді ойлаймын күнімен де,

Өмірімді ойлаймын түнімен де:

Мен жалғызбын – жоқ жалғыз аға менде,

Мен жалғызбын – жоқ жалғыз іні менде.

Өмірдің бір қызығы – туысқан ғой,

Осылайша мазалар тоғысқанда ой…

Соның бәрі, о достар, әке жоқтан,

Әке жоғы – кешегі соғыстан ғой!, деген.

"Балдырғаннан" басталған еңбек жолы

1958 жылы Қадыр Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған.

"Оқуды бітіргеннен кейін не істеймін деп ойладым. Жұрттың бәрі жүгіріп жүр. Мұғалімнің, ғалымдардың қолы тимейді. Университетті бітіргеннен кейін бір жерге қарауылшы болып орналасайын деп ойладым. Күндіз қолым бос, түнде отырған жерімде жұмыс істеуге болатын еді. Бағыма орай, мен бітірген жылы "Балдырған" журналы ашылды. Еліме, әріптес ағаларыма өкпем жоқ. Олардан көп пайда көрдім", – дейді Қадыр Мырза Әли.

Иә, ақын еңбек жолын сол кезде жаңадан ашылған "Балдырған" балалар журналынан бастаған. Ол кезде журналдың редакторы – белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев болған.

"Аға буынның қазаққа деген көңілдері сондай таза еді. Сәбит Мұқановтың "Есею жылдары" шыққаннан кейін Жазушылар одағы тәлтіректеп қалды. Ғабиден ағам Жазушылар одағының төрағасы. Бір апта талқылады. Арыстандай айқасқан азаматтар жастарды араластырған жоқ. Бұл – қазақтың бірлігін ерте түсінген буын", – деген ақын.

Одан кейін Қадыр Мырза Әли "Жұлдыз" журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары "Жазушы" баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, "Балауса" баспасының редакторы болды. Кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған.

"Әр заманның өз ауру, дерті болады. Бізде 1970 жылдарға дейін поэзия өте қатты өсті. Қазір сол деңгейде көтеріліп жатқан поэзия бар деп айта алмаймын. Бұл трагедия Кеңес үкіметі құламастан бұрын басталған", – деген еді.

Адам жанының суреткері

Оның тұңғыш туындысы 1954 жылы республикалық "Пионер" балалар журналында жарияланды. Содан бергі уақыт ішінде оның жетпістен астам поэзиялық, прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көрді, өлеңдері мектеп оқулықтарына енді. 200-ден астам әнге сөз жазды.

Бір деректерде бала Қадырдың өлең жинағын жақын досының өртеп жібергені туралы да айтылады.

"...Өлеңнің жөні бөлектеу. Ол қай сапардан келе жатқаныңа, қай көлікте келе жатқаныңа қарамайды. Ол жарқ етті де, жоқ болды көрген түстей, сағымдай... Адам әр шығармаға отырарда мешіттен шыққандай болу керек. Айғайламай, ант ішпей-ақ, адам ретінде қалсаң болады", – деген еді ақын поэзия жайлы.

1966 жылы Қадыр Мырза Әлиге "Ой орманы" жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. Сонымен қатар ақынның "Дала дидары", "Ақ отау", "Домбыра", "Көш", "Жерұйық", "Алақан", "Қорамсақ", "Қызыл кітап", "Күміс қоңырау", "Мәңгі майдан" секілді жыр жинақтары шықты.

Қадыр ақын Қазақ даласының барлық аймағын аралап, оны "Жерұйық" кітабына арқау етті. Сол үшін 1980 жылы ақынға Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы берілді.

1995 жылы Қазақстанның халық жазушысы атағы берілді. 2001 жылы Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығын алды.

1992 жылы республика әнұранының мәтіні мен әніне конкурс жарияланды. Сонда Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев бірлесіп жазған мәтін 750 нұсқа арасында жеңіп шықты. Алайда 2006 жылы жаңа Әнұран қабылданды. 

Дала дидары

"Ұйықтар алдында бір сағат тек афоризмдерді ойлап жатамын. Сәтті шумақтар түсіп жатса жазып қоямын. Жатарда бас жағымда кітап, дәптер, қарындаш жатады. Ұйқы қысып жатса да еріншектікті қойдық", – деген еді ақын бір естелігінде.

Осылайша халқы сүйген ақын ұл Қадыр мырза Әли 2011 жылдың 22 қаңтарында 77 жасқа қараған шағында мәңгі ұйқыға кетті.

Мен ақынмын,

Әулие емен,

Бақсы емен.

Әрине ғой, күндерім бар көксеген.

Соның бірі –

Ел есінен шықпайтын

Жазып кету ғажайып бір жақсы өлең.

Керемет күш

Кернеп шығып жер төсін,

Кесірлердің түп-тамырын өртесін!

Деген оймен жатамын да кешқұрым,

Тек сол оймен оянамын ертесін...

Осылайша, ғұмырының соңына дейін қаламды серік еткен ақын артында өлмейтін сөз бен өшпейтін із қалдырды.

768
Кілт сөздер:
Қадыр Мырза Әли, жазушы, ақын
Тақырып:
Өмірбаяндар (116)
Құрбан айт мейрамы

Биыл Қазақстанда Құрбан айт қашан және қалай аталып өтеді

338
Құрбан айт – мұсылмандардың қасиетті мерекелерінің бірі. 2021 жылы бұл мейрам 20, 21, 22 шілде күндері аталып өтеді

Құрбан айт – Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң келетін мейрам. Мұсылман қауымы Құрбан айтты қатарынан үш күн тойлайды. Айт күндері құрбандық шалынады.

Қазақстан заңнамасы бойынша Құрбан айттың бірінші күні – демалыс. Биыл 20 шілде сейсенбіге түсіп тұр.

Құрбан сөзі нені білдіреді

Құрбан – араб тілінде "жақындау" дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы "шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау" дегенге келеді.

Құлшылық жасаудың түп мәні – Жаратушының жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Құрбан айт мерекесінің тарихы сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады.

Құрбан шалу кімдерге уәжіп

Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болуы үшін мына шарттар керек:

  • мұсылман болу;
  • Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
  • негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.

Жалпы Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.

Құрбан шалу уақыты

Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.

Құрбандық қалай шалынады

Құрбандық шалғанда, ең алдымен, құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу керек.

Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызады. Сосын "Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!" деп бата жасалады. Сосын "Аллаһу акбар!" және "Лә иләһа иллаллаһ" деп айтылып тұрады.

Тағы оқыңыз: Құрбандық шалу кезінде неге тыйым салынады?

Малды қинауға болмайды, сол үшін оны өткір пышақпен бауыздайды. Пышақты малдың көзінше қайрауға тыйым салынады.

Құрбан шалып жатқан адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс.

Сойылатын мал құрбандық ниетімен бауыздалуы керек.

Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады.

Құрбан шалғаннан кейін малдың қан-жынын далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.

Құрбандыққа шалуға болатын мал

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектерін де, ұрғашыларын да шалуға болады.

Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

Түйе мен сиырды 7 адам бірлесіп немесе бір адам жеке шала алады.

Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екіншісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді.

Құрбандыққа жарамайтын мал

Құрбандыққа бір немесе екі көзі соқыр мал, құрбан шалу орнына өз бетінше жетуіне шамасы жетпейтін ақсақ мал жарамайды. 

Сонымен қатар тісінің көбі жоқ, мүйіздерінің бірі сынған мал құрбандыққа шалынбайды. Тым әлсіз мал мен құйрығының жартысынан көбі жоқ және құлағы жоқ мал сойылмайды. Лас нәрсемен тамақтанып жүрген мал да құрбандыққа жарамсыз.

Құрбандыққа шалынған малдың еті

Құрбандық шалған отбасы еттің бір бөлігін өзіне қалдырып, екінші бөлігін ағайын-туыс, көршілерге, ал ұшінші бөлігін мұқтаж жандарға үлестіргені абзал.

Тағы оқыңыз: "Көбісі намыстанады": қазақ жігіті қойдың ішегінен қалай пайда тауып отырғанын айтты

Шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өз отбасына да қалдыра алады.

Құрбан айт намазына дайындық

Құрбан айт намазына баратын адамдар сол күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, үйінен көтеріңкі көңіл-күймен шығады.

Ораза айт намазында таңертең мешітке барар алдында үйден құрма секілді тағамдардан дәм татып шыққан абзал болса, Құрбан айтта, керісінше, нәр татпай шыққан дұрыс. Өйткені пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған.

Сондай-ақ Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі.

Құрбан айтта ауыз бекітуге бола ма  

Зүл-хиджа айының алғашқы он күні Аллаға құлшылық қылып, игі амалдар жасауға ең берекелі күндер болып саналады.

Құрбан айтқа бір күн қалғанда ораза ұстаудың маңызы зор. Яғни, Зүл-хиджа айының 9-шы жұлдызында болатын Арапа күні ауыз бекітуге болады.

Құрбан айт қалай тойланады

Құрбан айт намазынан кейін барлық мұсылман ағайын-туыстарға, дос-жарандары мен көрші-қолаңға "Айт қабыл болсын!" айтып, айтшылайды. Үйлерге кіріп, құран оқып, тілек тілейді.

Бір-біріне сыйлық беріп, мерекелік көңіл-күйде жүреді, айттық сұрайды. Қазақ айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанның бетін ешқашан қайтармаған.

Тағы оқыңыз: Әлемге әйгілі әсем мешіттер – фото

Ренжісіп қалған адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, қайта табысады. Әр шаңырақта қазан асылып, мол дастарқан жайылады.

Сырқат кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға айттың қуанышын сездіру де өте сауапты іске жатады.

338
Кілт сөздер:
құрбандық мал, мереке, құрбан айт
Самарқан келбеті

Өзбекстанға саяхаттайтын қазақстандықтар нені білуге тиіс

107
Өзбекстанға саяхаттау үшін ПТР-тест тапсыру қажет пе, балалар үшін қандай құжаттарды алу керек, ірі айыппұл төлемеу үшін не істеу керек – толығырақ Sputnik материалында

Қазір Қазақстаннан Өзбекстанға ұшақпен немесе автокөлікпен жетуге болады. Пойыз қатынасы қашан қалпына келтірілетіні әзірше белгісіз. Бірақ "Узбекистон темир йуллари" компаниясы пойыз қатынасын қайта іске қосу үшін Қазақстан мен Ресейге хат жолдады.

Осы жылдың 15 наурызынан бастап күшіне енген Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекарадан өту ережелерімен коронавирустың бар-жоғын анықтайтын жедел тест тапсыру тәртібі жойылды.

Қазақстаннан Өзбекстанға қалай жетуге болады

Әлемнің кейбір елінде пандемия әлі де өршіп тұрғанына қарамастан, Өзбекстан туристер үшін өз шекарасын ақырындап аша бастады. Ел билігі мұны барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып, жоғары жауапкершілікпен жүзеге асырып жатыр.

Биыл наурыздың ортасында әуежайда, теміржол бекетінде және шекарадағы өткізу орындарында елге келген туристер мен басқа да жолаушылардың ағзасында коронавирустың антигені бар-жоғын анықтайтын жедел тест тапсыру тәртібі жойылды. Алайда жаңа ережелер жарияланды.

15 наурыздан бастап Өзбекстанға ұшақпен немесе пойызбен келген барлық шетелдік азамат коронавирус жұқтырмағанын растайтын ПТР-тест нәтижесі бар анықтаманы қоса алып жүруге міндетті. Ол тесті шекарадан өткенге дейін кемінде үш тәулік бұрын тапсыруы керек.  

Оқи отырыңыз: 2021 жылы саяхат жасауға ең қауіпті елдер аталды 

Бұл ереже автокөлік құралы арқылы шекараны кесіп өтетін жолаушыларға да қатысты. ПТР-тест нәтижесі бар анықтама болмаған жағдайда шетелдіктер COVID-19 антигенінің бар-жоғын анықтайтын жедел тест тапсыруы керек.  

Антигенді анықтайтын жедел тест адамның бойындағы коронавирусты инфекцияның диагностикасына арналған. Бұл тест те ПТР-тест секілді әдіспен алынады. Яғни, зертхана қызметкері мақта тампонының көмегімен мұрын қуысынан жұғынды алады. Бұл тексеру әдісінің басты артықшылығы – нәтижені жылдам алу мүмкіндігі. Тест нәтижесі орыс және ағылшын тілінде ұсынылады.

Сондай-ақ шекарадан жеке көлік құралымен де өтуге болады. Ол үшін жеке басын растайтын куәлік, жүргізуші куәлігі мен техникалық паспорт, коронавирус жұқтырмағанын дәлелдейтін ПТР-тест нәтижесі қажет.

ПТР: тест талаптары

Өзбекстанға саяхаттағысы келетін қазақстандықтар осы жылдың 25 наурызынан бастап белгіленген сапа стандарттарына сәйкес келетін зертханада ПТР-тест тапсырған болса ғана ел аумағына кіре алады. Мұндай зертхананың тізімін Өзбекстан Республикасының салалық ведомстволары әзірледі. Қазақстандықтар үшін:

  • "ОЛИМП" клиникалық-диагностикалық зертханасы;
  • INVIVO зертханасы;
  • "Сұңкар" медицина орталығы;
  • INVITRO зертханасы;
  • EL Lab PCR зертханасы.

Өзбекстанда карантинді бұзғаны үшін айыппұл көлемі қанша

Коронавирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты Өзбекстан билігі күшейтілген карантин талаптарын енгізіп, құқық қорғау органдары бетперде тағу мен әлеуметтік қашықтықты сақтау режимін бақылауды күшейтті.

Өзбекстанның әкімшілік жауапкершілік туралы кодексінің 54-бабы қоғамдық орындарда бетпердесіз жүру беске дейінгі базалық есептік шамада, яғни 1 225 000 сом (шамамен 116 доллар) көлемінде айыппұл салуды көздейді.

Осы жылдың 30 сәуірінен бастап инфекцияның таралуына жол бермеуге бағытталған басқа да талаптарды бұзғаны үшін азаматтар 20 базалық есептік шама көлемінде – 4 900 000 сом (шамамен 465 доллар) айыппұл төлейді. Лауазымды тұлғалар үшін бұл жаза көлемі 30 базалық есептік шама көлемінде, яғни 7 300 000 сом (шамамен 693 доллар) болуы мүмкін.

Қазақстандықтарға арналған виза мен тіркеу

Бүгінгі күні Өзбекстанға бару үшін қазақстандықтарға виза қажет емес. Өзбекстан аумағында 90 күн ішінде 30 тәулікті визасыз өткізуге болады. Шекарадан өту үшін небәрі шетел төлқұжаты қажет. 14 жасқа дейінгі балалар туралы мәлімет ата-ананың бірінің төлқұжатына жазылуға тиіс немесе балаларда да жеке шетел төлқұжаты болуы керек. Ал 14 жастан асқан балалардың міндетті түрде жеке шетел төлқұжаты болуы қажет.

Өзбекстан аумағында тіркеусіз жеті күн өткізуге болады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін тіркелу керек. Алайда тіркеуді алу үшін міндетті түрде құқық қорғау органдарына жүгіну қажет емес. Бұл рәсімді қонақ үйлерде, пәтер жалға беретін жеке тұлғалардан және виза мен тіркеу бөлімдерінен алуға болады. Тіркеу туралы анықтаманы барлық кезде өзімен бірге алып жүруі керек. Себебі төлқұжатты тексеру орнының қызметкерлері аталған анықтаманы Өзбекстан аумағынан шығар кезде сұрауы мүмкін.

Өзбекстанда саяхаттап қайтқан қазақстандықтардың басым бөлігі ел билігі туристерге мейлінше жақсы көзқараспен қарайтынын атап өтті. Бірақ жағымсыз жағдайға тап болмас үшін елдің ішіндегі заң мен ережені қатаң сақтауға кеңес береді.

107
Кілт сөздер:
саяхат, Өзбекстан
Жолдағы көлік қозғалысы

Туысының көлігін ұрлап мінген: Шымкентте жасөспірім сұмдық жол апатын жасады видео

0
(Жаңартылды 14:19 14.05.2021)
Жүйткіген көліктің соққысынан ауыр жарақат алған 21 жастағы бойжеткен аурухана реанимациясына жатқызылды

НҰР-СҰЛТАН, 14 мамыр – Sputnik. Кәмелет жасқа толмаған жасөспірім Шымкентте көлікті ұрлап мініп, бойжеткенді қағып кетті, деп хабарлайды жергілікті "Отырар" телеарнасы.

Жантүршігерлік жол апаты бейнебақылау камерасына түсіп қалған. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ОТЫРАР Новости Шымкент (@otyrarkz)

"Бойжеткен жолдың арғы бетіне өтіп жатқанда жоғары жылдамдықпен келген жеңіл көлік оны қағып кетті", – делінген ақпаратта.

Кейбір деректер бойынша, зардап шеккен қыз автобуста бейресми кондуктор болып жұмыс істеген және сол күні құрбысының жұмысына уақытша шыққан көрінеді.

Ал жаяу жүргіншіні қаққан көлік тізгінінде кәмелетке толмаған жас жігіт болып шықты. Ол туысының көлігін ұрлап мініп, қала көшесінде жүйткіген.

Қатты соққы нәтижесінде 21 жастағы қыз ауыр жағдайда реанимацияға жеткізілді. Дәрігерлер мидың 1-2 дәрежелі контузиясын, сондай-ақ кеуде қуысының жарақаттарын және жамбас сүйектерінің сынғанын анықтады.

"2000 жылы туған науқас үшінші дәрежелі травматикалық шокпен ауруханаға жеткізілді. Ауыр жағдайдағы оған шокқа қарсы және симптоматикалық терапия жүргізілді. Қазіргі кезде жағдайы ептеп түзеле бастады", – деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Оқи отырыңыз: Рөлде шенеуніктің ұлы болған: Нұр-Сұлтанда жетім баланы көлік қағып кетті

0
Кілт сөздер:
Шымкент, жол апаты
Тақырып бойынша
Мектептен келе жатқан: Ақмола облысында баланы пойыз қағып кетті
Алматы облысында жантүршігерлік жол апаты екі адамның өмірін қиды – фото
Алматыда автобус бойжеткенді қағып кетті
Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апаты болды: екі адам көз жұмды
Денесі әр жерде шашылып жатыр: Таразда жантүршігерлік жол апаты болды