Құрбан айт мейрамы

Биыл Қазақстанда Құрбан айт қашан және қалай аталып өтеді

6040
Құрбан айт – мұсылмандардың қасиетті мерекелерінің бірі. 2021 жылы бұл мейрам 20, 21, 22 шілде күндері аталып өтеді

Құрбан айт – Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң келетін мейрам. Мұсылман қауымы Құрбан айтты қатарынан үш күн тойлайды. Айт күндері құрбандық шалынады.

Қазақстан заңнамасы бойынша Құрбан айттың бірінші күні – демалыс. Биыл 20 шілде сейсенбіге түсіп тұр.

Құрбан сөзі нені білдіреді

Құрбан – араб тілінде "жақындау" дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы "шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау" дегенге келеді.

Құлшылық жасаудың түп мәні – Жаратушының жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Құрбан айт мерекесінің тарихы сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады.

Құрбан шалу кімдерге уәжіп

Құрбан шалу белгілі бір адамға уәжіп болуы үшін мына шарттар керек:

  • мұсылман болу;
  • Құрбан айт уақытында жолаушы болмау;
  • негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады.

Жалпы Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу – уәжіп.

Құрбан шалу уақыты

Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.

Құрбандық қалай шалынады

Құрбандық шалғанда, ең алдымен, құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу керек.

Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызады. Сосын "Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!" деп бата жасалады. Сосын "Аллаһу акбар!" және "Лә иләһа иллаллаһ" деп айтылып тұрады.

Тағы оқыңыз: Құрбандық шалу кезінде неге тыйым салынады?

Малды қинауға болмайды, сол үшін оны өткір пышақпен бауыздайды. Пышақты малдың көзінше қайрауға тыйым салынады.

Құрбан шалып жатқан адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс.

Сойылатын мал құрбандық ниетімен бауыздалуы керек.

Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады.

Құрбан шалғаннан кейін малдың қан-жынын далаға қалдырмай, көміп тастаған жөн. Бұл – құрбандық малына әрі құрбан құлшылығына деген құрметтің белгісі.

Құрбандыққа шалуға болатын мал

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектерін де, ұрғашыларын да шалуға болады.

Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.

Түйе мен сиырды 7 адам бірлесіп немесе бір адам жеке шала алады.

Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екіншісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал құрбан болып есептелмейді.

Құрбандыққа жарамайтын мал

Құрбандыққа бір немесе екі көзі соқыр мал, құрбан шалу орнына өз бетінше жетуіне шамасы жетпейтін ақсақ мал жарамайды. 

Сонымен қатар тісінің көбі жоқ, мүйіздерінің бірі сынған мал құрбандыққа шалынбайды. Тым әлсіз мал мен құйрығының жартысынан көбі жоқ және құлағы жоқ мал сойылмайды. Лас нәрсемен тамақтанып жүрген мал да құрбандыққа жарамсыз.

Құрбандыққа шалынған малдың еті

Құрбандық шалған отбасы еттің бір бөлігін өзіне қалдырып, екінші бөлігін ағайын-туыс, көршілерге, ал ұшінші бөлігін мұқтаж жандарға үлестіргені абзал.

Тағы оқыңыз: "Көбісі намыстанады": қазақ жігіті қойдың ішегінен қалай пайда тауып отырғанын айтты

Шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өз отбасына да қалдыра алады.

Құрбан айт намазына дайындық

Құрбан айт намазына баратын адамдар сол күні ертерек тұрып, ғұсыл алып, таза киім киіп, хош иісті әтір сеуіп, үйінен көтеріңкі көңіл-күймен шығады.

Ораза айт намазында таңертең мешітке барар алдында үйден құрма секілді тағамдардан дәм татып шыққан абзал болса, Құрбан айтта, керісінше, нәр татпай шыққан дұрыс. Өйткені пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған.

Сондай-ақ Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі.

Құрбан айтта ауыз бекітуге бола ма  

Зүл-хиджа айының алғашқы он күні Аллаға құлшылық қылып, игі амалдар жасауға ең берекелі күндер болып саналады.

Құрбан айтқа бір күн қалғанда ораза ұстаудың маңызы зор. Яғни, Зүл-хиджа айының 9-шы жұлдызында болатын Арапа күні ауыз бекітуге болады.

Құрбан айт қалай тойланады

Құрбан айт намазынан кейін барлық мұсылман ағайын-туыстарға, дос-жарандары мен көрші-қолаңға "Айт қабыл болсын!" айтып, айтшылайды. Үйлерге кіріп, құран оқып, тілек тілейді.

Бір-біріне сыйлық беріп, мерекелік көңіл-күйде жүреді, айттық сұрайды. Қазақ айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанның бетін ешқашан қайтармаған.

Тағы оқыңыз: Әлемге әйгілі әсем мешіттер – фото

Ренжісіп қалған адамдар бір-бірінен кешірім сұрап, қайта табысады. Әр шаңырақта қазан асылып, мол дастарқан жайылады.

Сырқат кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға айттың қуанышын сездіру де өте сауапты іске жатады.

6040
Кілт сөздер:
құрбан айт, мереке, құрбандық мал
Тақырып:
Құрбан айт 2021 (17)
Архивтегі сурет

Қазақстанда табылған нигериялық Eta штамм туралы не білеміз

220
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың Eta штамын "назар аударатын" санатқа жатқызды. Қазақстан аумағында табылған жаңа штамм туралы толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

ДДСҰ мәліметінше, Eta штамм алғаш рет былтыр желтоқсанда бірқатар елде анықталды. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі ауру жұқтырған науқастар алғаш Нигерияда (кейін коронавирустың бұл түрі "нигериялық" деген атауға ие болды) және Ұлыбританияда тіркелгенін мәлімдеді.

Әлем зерттеушілері вирус штамдарының таралуын бақылау үшін қолданатын Pango жіктеуі бойынша Eta штамм (B.1.525) Канадада (20%), АҚШ-та (16%), Германияда (10%), Францияда (9%), Данияда (8%) жиі кездеседі.

Қазақстанда коронавирустың Eta штамы төрт өңірде табылды: Нұр-Сұлтанда, Қарағанды, Маңғыстау және Павлодар облыстарында.

Нигериялық штамның ерекшелігі

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпаратынша, 2021 жылдың 15 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Eta штамм 77 елде кездесті. ДДСҰ санаты бойынша "бақылауды" қажет ететін штаммға жатады.

Нигериялық штаммның клиникалық белгілері Alpha (британдық) және Beta (оңтүстікафрикалық) штаммдарымен бірдей: дене қызуы, жөтел, иіс пен дәм жоғалту, аурудың ауыр өтуі.

Eta штамм коронавирустың "Йота", "Каппа" және "Лямбда" түрлері сияқты аурудың ауырлығын өзгерту, сондай-ақ иммундық жауаптан, диагностика құралдарынан немесе дәрі-дәрмек әсерінен жалтару қабілетіне ие.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустың жаңа штамы табылды – Цой үндеу жасады

Коронавирустың тез таралуына, тиісінше вирус жұқтырған адамдар санының өсуіне әкеп соғуы мүмкін.

ДДСҰ мәліметінше, қазіргі таңда Eta штамм коронавирустың "өлтіретін" түрлеріне қарағанда соншалықты қауіпті емес.

220
Кілт сөздер:
коронавирус, вакцина
Архивтегі сурет

"Өзімнен жерідім де, жаза бастағанымды тастап кеттім": Тахауи Ахтанов туралы не білеміз

172
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халық жазушысы Тахауи Ахтановтың өмірі мен шығармашылығы туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Жазушы Тахауи Ахтанов 1923 жылдың 25 қазанында Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған.

Бір деректерде жазушы туып-өскен Қарабұтақ ауылындағы мектеп 10 кластық мектеп болмағаны айтылады. Әрі қарай білім алғысы келген ол алтыншы сыныпты бітірген соң табельдегі "6" санын "9" деп өзгертіп, сол құжатпен Алматы мұғалімдер институтына келіп түскен.

Әкесінің аты – Ақтан, анасы – Дәйілхан. Екеуінің Тахауи, Сапа деген екі ұлы болған.

Тахауи Ахтанов 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды.

Тахауи да алғашқы шығармашылық ізденісін өлеңнен бастаған. Қаһарлы соғыс жылдарында да, одан кейін де поэзияда бағын біраз сынады. Естеліктерінің бірінде бесінші класс оқып жүргенде алғаш өлең жазғанын айтады.

Тахауидың поэзиядағы ізденісі оқырманға 1949 жылы шыққан "Жастар даусы" деген Қазақстан жас ақындарының танымал өлеңдері мен поэмаларының жинағы арқылы таныс. Ол жерде "Майдан лирикасы" деген атпен 16 өлеңі жарияланған.

Соғыстан кейінгі әдебиет

1942 жылы соғысқа аттанып, төрт рет жараланғанымен, бағына орай елге оралғандардың бірі – Тахауи Ахтанов. Елге аман-есен оралған соң балалық, жастық шағы туралы былай дейді: "Біздің жастығымыз туралы не айтуға болады? Балалығымыз ашаршылықпен тұстас келді. Жастығымыз Отан соғысымен тұстас келді... Соның бәрінен аман қалып, әдебиетке кірген кезде бізде тағы бір майданға енгендей екпін, от бар болатын.

...Жастығымның майданда өткенін айттым. Ал майданның адамды тазалыққа, әділдікке, тәртіпке үйрететіні белгілі. Менің бір іштей шүкіршілік ететінім – осы қасиеттер менің өзімнің де, майдандас тұлғаластарымның да бой-басында қалып қойды ғой деймін".

Тағы оқыңыз: "Үкіметке өкпем жоқ": жазушы Мұхтар Мағауин Қазақстаннан неге кетті

1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін шығармашылықпен айналысты. Соғыстан кейінгі жылдары әдебиетке келген ол үстінен сұр шинелі түспеген өзге әріптестері секілді аға буын қаламгерлердің шынайы қолдауына ие болды. Құлашын кең жайып, шығармашылыққа ден қойды. Соның нәтижесінде "Қаһарлы күндер", "Боран", "Шырағың сөнбесін" романдары ұлттық әдебиетімізге қосылды. Драматургия саласында қалам сермеді, әңгіме, хикаяттар жазды. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда: "...соғыстан бергі қазақ әдебиетін талантты сыншы, талантты аудармашы, талантты драматург, талантты прозашы Тахауи Ахтановсыз көзге елестету мүмкін емес".

"Қаһарлы күндер" романының жазылуы жайында автордың да айтқаны бар.

"Бұл романның жазылуы онша көп уақыт алмағанымен, толғағы ұзақ болды. Үш жыл бастан кешкен соғыс туралы роман жазуды көп ойладым. 1949 жылы бас жағын жазып, кірісіп те кеттім. Бірақ жұмысым өнбеді. Шамасы, келер жылы болар, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Курляндия" романы жарық көрді. Соны оқып шығып, ойға қалдым. Шығарма біраз кемшілігі болса да, маған қатты ұнады. Онда сол кездегі қазақ жазушыларының басым бөлігінде жоқ, кәдімгі тірі, жанды сурет, бусанып тұрған өмір бөлшектері бар екен. Ал менің бастап қойғандарымның тұрған дәрежесі одан әлдеқайда төмен болатын. Содан өзімнен-өзім жерідім де, жаза бастағанымды тастап кеттім. Кейде болашақ шығарманы ойлап, толғанып жүрсем де, үш-төрт жылға дейін қайтып оралуға зауқым соқпады. Сын мен көркем аударма саласында жұмыс істей бердім",- деген еді Тахауи Ахтанов.

Ал қаламгер Ғабит Мүсірепов Тахауи Ахтанов жайлы былай дейді:

"Ұлы Отан соғысынан кейін әдебиетке келгендердің ішінде мен төрт жігітті, төрт прозаикті бөліп атар едім. Олар: Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Сафуан Шаймерденов. Бұлардың қай-қайсының да мүшел жастары партия мен үкімет тарапынан еленбей қалған емес. Ал, партия мен үкімет тарапынан олардың еңбегінің еленуі – халықтың бағалауынан туып отырады. (...) Майданнан қайтқан Тахауи Ахтанов "Қаһарлы күндер" атты романымен Ұлы Отан соғысы тақырыбын бастады. Дәл осы тақырып – меніңше, Аханов творчествосының негізгі тақырыбы ғой деп ойлаймын. Сол романымен-ақ совет әдебиетіндегі Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған шығармалардың ішінде кеуде тұстағы туынды болды. Сол шығармасымен ол соғыстан кейінгі дәуірде әдебиетке келген жастардың алды болса, бүгінде алпысқа келгендердің де алдыңғы сапында", - деді қаламгер Ахановтың алпыс жылдық мерейтойы қарсаңында.

Ахтановтың шығармашылығы мен еңбек жолы

Жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанры – проза мен драматургия. Баспасөз бетінде алғаш жарық көрген әңгімесі – "Күй аңызы".

"Боран" романы Тахауи Ахтановтың шығармашылығында алатын орны ерекше. Қаламгер ретінде тәжірибесі толысқан шағында жазылған бұл туындысына автор үлкен ізденіспен келген. 1963 жылы "Дала сыры" повесі болып жарияланып, қайта өңдеу, толықтырудан соң "Боран" драмасына, содан кейін осы аттас романға айналды. Осы шығарма үшін жазушы 1966 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты иеленді. Роман көптеген шетел тіліне аударылды.

Ал мемлекеттік сыйлықтың иегері Тахауи Ахтановтың "Шырағың сөнбесін" романы өткен ғасырдың 60-80 жылдары қазақтың ұлттық прозасын көркемдік биік деңгейге көтерген, шеберлік тағылымы мол туынды.

Тағы оқыңыз: "Мемлекеттік қызметте жүру қиын болды": жазушы Төлен Әбдік жайлы қызық деректер

1968 жылы жазылған "Сәуле" драмасы, одан кейінгі "Боран", "Ант", "Әке мен бала" драмалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. "Махаббат мұңы", "Күтпеген кездесу" драмалары, "Арыстанның сыбағасы", "Күшік күйеу" комедиялары қазақ, орыс және туысқан халықтар сахнасында қойылды.

Толстойдың "Азапты сапарда" трилогиясын, М.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды.

Көркем әдебиет баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, киностудияда сценарий бөлімінің бастығы, "Әдебиет және искусство" – "Жұлдыз" журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көркемөнер бас басқармасының бастығы, республикалық кітап палатасының директоры сияқты жауапты қызметтер атқарды.

ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, "Құрмет белгісі" ордендерімен марапатталған. Қаламгерге Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілген.

Халқына өшпес мұра қалдырған Тахауи Ахтанов 71 жасқа қараған шағында 1994 жылы 25 қыркүйекте ұзаққа созылған сырқаттан қайтыс болды.

Жазушының қазасына қатысты ақын Өтеген Оралбаев:

  • Сынды тағы,
  • Тыңды тағы бір алып.
  • Қазақ сөзін бір асқарға шығарып.
  • Шырақ сөнді,
  • Ажал жеңді, амал не?
  • Оның сөзін оқыдым мен дұға қып, деп жазды.

Ал ақын Есенғали Раушанов:

  • Ой, Кеңсай, мен қайтейін биігіңді,
  • Басыңа қап-қара бұлт үйірілді.
  • Теңселтіп нән кемені барады алып,
  • Қара су есік алды иірімді.
  • Нән кеме гауһар-маржан толған іші,
  • Бағасыз жез бен мыста болмады ісі.
  • Тік жүріп, тік құлаған сені көрдім,
  • Қазақы қара сөздің жолбарысы, деп жоқтады.
172
Кілт сөздер:
өмірбаян, жазушы, шығармашылық
Тақырып:
Өмірбаяндар
Пожар возле лицей №60 в Сарыаркинском районе столицы

Нұр-Сұлтанның оң жағалауында салынып бітпеген ғимарат өртеніп жатыр видео

0
(Жаңартылды 20:19 24.09.2021)
Өрт сағат 19.49-да оқшауланды. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ

НҰР -СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Өрт елордада салынып жатқан тұрғын үй кешенінен басталды.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Сағат 19.35-те өрт сөндірушілер Кенесары көшесі, 3А мекенжайында түтін көрінгені туралы хабарламаға шығып кетті.

Өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минут ішінде жетіп, жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешенінің аумағында 50 шаршы метр аумақта рубероид жабыны мен жиналған қоқыс өртеніп жатқанын анықталды.

Өрт сағат 19.49-да оқшауланды.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

0