Дерекқор

Қазақтың сәукелесі туралы қызықты деректер - фото

© Sputnik / Анатолий УстиненкоНаурыз 2018 в Алматы
Наурыз 2018 в Алматы - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.10.2021
Жазылу
Қазақ халқының қызға деген көзқарасын көрсететін сәукеле туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

Сәукеле – ұзатылатын қыздың бас киімі, ол қазақтың бай тарихи-мәдени мұрасы, өткен ғасырлардағы әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен хабар береді. Қазақтың ұлттық киімі өзіндік қасиетке толы, себебі ол сол халықтың табиғат төсінде өсіп, еркін ғұмыр кешуіне байланысты қалыптасқан.

Ертеректе ұзатылатын қызға арнап сәукелені алдын ала тіктірген. Тіпті сәукеленің сәнді болуына, құнына аса мән берген. Сәукеле де басқа ұлттық киімдер секілді халықтың ақыл-ойының, эстетикалық талғамының жемісі. Ондағы қымбат бағалы тастар, матасы мен ою-өрнегі қыз баланың қоғамдағы статусын көрсетеді.

Сәукеленің негізі – төбесі

Сәукеле – қазақтың қызына деген көзқарасының бір белгісі. Дәстүр бойынша сәукелені ұзатылатын қыз киіп, оны ештеңеге айырбастамайды, басқаға киюге бермейді.

Сәукеленің өн бойы қымбат матамен қапталып, аса бағалы таспен сәнделеді. Бағалы тастың өзі матаға түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі. Бастан қисайып немесе түсіп кетпеу үшін тамақтан өткізіп бау тағылады.

Дөңгелек бас киім төбе жағына қарай жіңішкере береді, жоғары жағына үкі тағылады.  Сәукелеге үкі тағу сақ дәуірінің сарқыншағы деп атауға болады.

Сәукелені ісмерлігі шыңдалған тігінші, кестелеуші шеберлер дайындаған. Сәукелеге арналған алтын, күміс және қоладан жасалған салпыншақтар мен жапсырма белгілерді зергерлер құю, шекілеу, мөр басу әдістерін қолдану арқылы жаcаған. Әдетте шебер бір сәукелені жасауға бір жыл уақыт жұмсаған.

© Sputnik / Анатолий Устиненко20 ғасырда қымбат сәукеленің бағасы 1000 сомға дейін немесе таңдаулы 100 аттың құнына дейін жеткен
Қазақтың сәукелесі туралы қызықты деректер - фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.10.2021
20 ғасырда қымбат сәукеленің бағасы 1000 сомға дейін немесе таңдаулы 100 аттың құнына дейін жеткен

Этнолог Садық Қасиманов "Қазақ халқының қолөнері" еңбегінде сәукеленің төбесінің ерекшелігіне тоқталады. Сәукеленің негізі – оның төбесі. Төбесі қозы жүнінен арнайы басқан ақ киізден, не арасына қыл салып, асыл матадан істеледі. Содан кейін төбені кестелеп, шет-шетін алтын, күміспен көмкереді. Сәукеле төбесінің биіктігі – екі сүйем, кейде одан да биік болады. Төбенің өн бойын алтын, күміс, меруерт, маржан секілді асыл тастармен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді.

Сәукеленің екі жақ самай тұсынан бетке жеткізе шолпы тәрізді ендіріп бірнеше қатар маржан тізілген салпыншақтарды "бетмоншақ" немесе "сәукеленің бетмоншағы" деп атайды.

Сәукеленің төбесінде алтынмен, күміспен әшекейленген қатырға болады. Жібектен жүргізілген матаны осы қатыраға бекітеді. Мұны бергек деп атайды. Сәукеленің арт құлағы белге дейін жетеді. Сәукеленің ең сыртынан жабатын шашақты әшекейлі жібек мата көйлектің етегі секілді жерге сүйретіліп жүреді.

Сәукелеге не үшін үкі қадайды

Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі саналады. Ертеректе киімдердің етек-жеңіне ою-өрнек салу, үкі тағу жын-перілерден, пәле-жаладан, ауру-сырқаудан қорғайды, магиялық күш әсер етеді деген сенімнен туған. Кейіннен үкіні тақия, сәукеленің төбесіне, домбыраға, бесікке қадаған. Үкінің қара қасқасын ерлер, балақ жүнінің ұлпасын әйелдер қолданған. Үкі құсын қазақ қасиетті деп білген. Ежелгі бақсылар, батырлар, сал-серілер де үкі тағып жүрген. Тіпті бір үкі бір аттың құнына бағаланған.

© Sputnik / Анатолий УстиненкоСәукеле төбесінің биіктігі – екі сүйем, кейде одан да биік болады. Төбенің өн бойын алтын, күміс, меруерт, маржан секілді асыл тастармен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді
Қазақтың сәукелесі туралы қызықты деректер - фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.10.2021
Сәукеле төбесінің биіктігі – екі сүйем, кейде одан да биік болады. Төбенің өн бойын алтын, күміс, меруерт, маржан секілді асыл тастармен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді

Қазақтың киімінің ең тәуірін ежелден қыз-келіншек киген. Әсіресе ұзатылатын қызды үлде мен бүлдеге ораған. 1915 жылдары жазылған "Киргизский той" деген еңбекте сәукеле былай сипатталады:

"Киімнің ең жақсысы қалыңдықтың үстінде. Желбірекші жібек көйлекпен, барқыт қамзолдың сыртынан кигені жібек көк бешпент, иығына жамылғаны парша шапан. Қос бұрымында сылдыраған күміс шашбау, басына майда күміс теңгелермен әшекейленіп, төбесіне үлбіреген үкі қадалған "қыз қалпақ". Қыздың ұзатыларда киетін киімі қымбат матадан тігіледі. Асыл тастармен, моншақталған желегі бар сәукеле – қыздың оң жақта отырғандағы бас киімі. Күйеуінің ауылына жеткен соң басына жаулық салынады", - деп жазған.

Тұрмысқа шыққан қыздар алғашқы жылы сәукеле, күнделікті өмірде желек киген. Жас келін үлкен кісілерді көрген кезде бетін желегімен көлегейлеп, яғни иба көрсеткен. Бірнеше балалы болып, әлеуметтік статусы бекіп болған соң кимешек, шылауыш киген.

Таңдаулы 100 аттың құны

Сәукеле туралы этнограф Иван Георги, ғалым-саяхатшы Шоқан Уәлиханов, қырым этнографы Ибрайым Ибрагимов секілді бірқатар зерттеушілердің еңбегінде жазылған. Ибаргимовтың жазбасында "сәукеле – күміс және алтын ақшамен, інжумен, сондай-ақ маржанмен әшекейленген, биік конус тәрізді құрастырылған бас киім" делінеді.

Өнертану ғылымдарының профессоры Сабыркүл Асанованың "Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы" еңбегінде сәукеле туралы бірқатар дерек келтірілген.

Сәукелені келін күйеуге шыққан алғашқы күндерінен бастап бір жылға дейін таққан. Содан кейін сәукелені төрт немесе бес жыл қатарынан тек үлкен той-жиын, мерекелерде киетін. 20 ғасырда қымбат сәукеленің бағасы 1000 сомға дейін немесе таңдаулы 100 аттың құнына дейін жеткен. Олардың металдан жасалған торлы тәжінің маңдайында салпыншақтары және иек асты әшекейлері болған.

© Sputnik / Анатолий УстиненкоСәукелені келін күйеуге шыққан алғашқы күндерінен бастап бір жылға дейін таққан. Содан кейін сәукелені төрт немесе бес жыл қатарынан тек үлкен той-жиын, мерекелерде киетін.
Қазақтың сәукелесі туралы қызықты деректер - фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.10.2021
Сәукелені келін күйеуге шыққан алғашқы күндерінен бастап бір жылға дейін таққан. Содан кейін сәукелені төрт немесе бес жыл қатарынан тек үлкен той-жиын, мерекелерде киетін.

Сәукеленің қаңқасы матамен қапталған және оған әртүрлі конфигурациялы металдан жасалған белгілер жапсырылған, олардың арасына қымбат және жартылай қымбат тастар қойылған. Белгілердің ұсақ та, ірі де түрі болған. Сәукеленің үстінен жібек не барқыттан жасалған орамал жамылған.

Сәукеленің құны туралы этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбегінде де кездеседі. Ол XIX ғасырдың алғашқы жартысында Кіші жүздің Байсақал атты байы мен Орта жүздің Сапақ байы құда болған оқиғаны жазған. Сонда Байсақал құдаларына қыздың сәукелесін жіберіп: "Басқа ештеңе сұрамаймын, тек осы бір сәукеленің бағасын өздері есептеп берсе болды", - депті. Сонда Кенесарының ағасы Саржан төре: "Бұл сәукеленің бағасы 500 байтал болады екен, сондықтан қызының малы 500 жылқы болсын",- деп кескен екен.

Осыдан-ақ сәукеленің қашан да құнды болғаны байқалады.

Оқи отырыңыз: "Не деген көргенсіздік!": Белгілі этнодизайнер бүгінгі тойдың кемшілігін атады

Сәукеле сөзінің шығу тарихы

Бір деректерде сәукеле сөзі "сәуле" сөзінен шыққан делінген. Оны күнге табынған елдің дүниетанымымен байланыстырады.

Ал екінші тарап сәукеле сөзінің шығуы да қыз ұзату дәстүрімен байланысып жатыр деген пікірде. Олардың сөзінше, қалыңдық сәукелені өз жұртына жеткенше киіп барады. Ол уақытта бір қауым ел аттылы-жаяулы қызды ұзатып алады. Бұл сапар бірнеше күнге, бір апта, бір айға созылуы да мүмкін. Осындай кезде қалыңдық ұзатып алып бара жатқан қосынға қарақшылар шабуылдап, бар мүлікті талан-таражға салуы мүмкін.

Алтын мен күміс, барқыт пен жібек қосып тігілген сәукелені де олжалап алады. Ал келінді күтіп отырған елдің жастары тайға мініп, қозы көш жерден қалыңдықтың сәукелесін іздеген. Алыстан жарқырап сәукеле көрінсе, ауылға келіп "сау келеді, сау келеді" деп хабар берген. Осылайша, бүтін бір көштің саулығын қалыңдық таққан сәукеле арқылы білген.

Тағы бір пікір бойынша сәукеле сөзі "чокилә" сөзінен шыққан. Яғни, шоқиған, шошақ, "шошайған бөрік" деген ұғыммен байланыстырады.

© Sputnik / Анатолий Устиненко20 ғасырда қымбат сәукеленің бағасы 1000 сомға дейін немесе таңдаулы 100 аттың құнына дейін жеткен
Қазақтың сәукелесі туралы қызықты деректер - фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.10.2021
20 ғасырда қымбат сәукеленің бағасы 1000 сомға дейін немесе таңдаулы 100 аттың құнына дейін жеткен

Сәукелені өлең мен әнге қосқандар

Сәукеле туралы ақындардың өлеңінде жиі кездеседі. Мысалы, Қадыр Мырза Әлі "Символ" деген өлеңінде сәукелені сипаттайды.

Желі-желі,

Көген-көген тел ұстар

Кез алдымда сонау көне қоныстар.

Сәукеле боп,

Бастарына қыздардың

Қона қалған үкілі бір конустар.

Отан тыныш болса керек бұл кезде.

Оттан ыстық басылады гүл кезге...

Батырлардың басындағы дулыға

Өлгеннен соң

Айналады-ау күмбезге!

Қандай болса көктемдегі қыр гүлі,

Сондай сұлу сахараның тұрғыны.

Әр тақия отау болып бөлініп,

Киіз үйге айналады бір күні.

Бірақ тағдыр ұмытпайды пәлеңді.

Соғыс.

Жорық.

Талан-тараж...

Ал енді

Әжелердің ақ жаулығы —

Ақ жалау

Тыныштыққа шақыратын әлемді!

Ал жазушы Сәкен Жүнісовтің "Аманай мен Заманай" повесінде Сәукеле шыңы "Сәукеле" туралы аңыз арқылы суреттеледі. Әдеби шығарманы талдау барысында қаламгердің сол шың арқылы заман шындығын көрсетуге тырысқаны айтылады.

"Сәукеле – биік шың. Жұрт оны шың демейді, Сәукеле тауы деп кеткен. Сәукеле десе дегендей – қысы-жазы аппақ боп, маңындағы кішігірім таулардың арасында да ерекше көрінетін үп-үшкір шың, расында да қалыңдықтың сәукелесінен аумайды. Тіпті тұла бойына қадаған асыл тастарына дейін шын сәукеледен айнымайды.

Қайсыбір кезде күнге шағылысып, алыстан көз ұялтатынын қайтерсің. Жазда мөлдір аспанда жүзген ақша бұлттар да сұлу шыңды айналшықтап, мамырлап жатып алады. Кейде дәл төбесіне қонақтағанда-ақ шыңға үлбірете қадаған шоқ үкі ме дерсің. Күзді күндері жиі түсетін ақ тұман да осы шыңға үйірсек. Ертеден қара кешке оның белуарынан құшақтап, көпсіте түтілген ақ түбіт құсап, тапжылмай тұнып қалады. Сәукеле болса, тұман арасынан шошақ төбесі озық көрініп, бүкіл төңірекке сылана қараудан танбайды", - делінген повесте.

Бұл шығармада сәукелеге ұқсас шыңның екі ғашықты артынан қуған бір топ адамнан аман алып қалған сәті суреттеледі.

Сонымен қатар екі жыл бұрын екі жігіттен құралған дуэт Raim & Artur "Сәукеле" әнін шығарды. Ән екі жыл ішінде YouTube платформасында 34 миллион қаралым жинады.

Жарасады өзіңе

Басыңдағы сәукеле

Қанша ақын қосқан әніне

Хәләлаулім хәләләку лай.

Еркектің артында емес

Еркектің алдында емес

Еркектің жанында жүретін

Бірге беріп кеңес.

Қарсы алады құшағын

Еңбекпен келсең терлеп

Бір қолмен бесік

Бір қолмен әлем тербеп.

Кімдер екен сендерді теңеген

Қазақ қыздарын біреуге теңеу

Қате екен.

Үндер екен біздерді үңілдірген

Ең әдемі ән анамның шайқағандағы үні екен.

Әлди, әлди, әлди, әлди

Анамның үні екен.

Встаёт таңертең, енеге даёт сәлем

Никакая мода не украсит сәукеле

Накрытый дастархан, приготовит блюдо мужу

Бауырсақ, қазы-қарта и бешбармақ на ужин.

Накормит и оденет, на работу провожает

Не танцует тверк, танцует қамажай.

Она знает, что такое воспитание мамы

Где надо поклониться, где надо "до свидания".

Народ помнит, и я об этом не забуду

Историю любви о Қыз Жібек и Баян Сұлу

Храбрее девушек казашек не найти

Бери пример от Маншук и Алии.

В общем, наши девушки просто огонь

Сжигают красотой и дарят только тепло

А теперь спросите у нее, что за милашка?

Она ответит скромно: "я девушка казашка".

Жаңалықтар
0