Дерекқор

Барқыт шапан, былғары белбеу: Ерлердің ұлттық киімдері қандай болған - фото

© Sputnik / Анатолий УстиненкоНаурыз
Наурыз - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.10.2021
Жазылу
Қазақтың ер азаматтарының шапан мен ішіктің белбеуіне баса мән берген. Ерлердің қалтасы, қару-жарақ ілінентін оқшантайы бар белбеуі өте бағалы көрінген. Ер азаматтарының ұлттық киімі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқи аласыз

Қазақ халқының ерлер киімі әйелдер киіміне қарағанда бір типті болып келеді. Ол іштен киетін жейдеден, шапан, шұғадан тігілген шекпеннен, қой жүнінен жасалған балағы етік ішіне салынатын кең шалбардан, саптама етіктен, киізден жасалған шұлық байпақтан және тоннан тұрады.

Ер азаматтардың киімі қандай болған

Қазақ халқының киімдерін зерттеген ғалым Рукия Ходжаеваның зерттеуінше, 18-19 ғасырдағы ерлердің иық киімдері желбегей, желбегей емес деп тігілген. Сол дәуірдегі өте кең, жеңі ұзын, мойны ашық, үшбұрышты ойықты киімді желбегей деп атаған. Ойығы да дәл сол матадан дайындалған.

19 ғасырдың ортасынан бастап жейденің желбегей емес, иығында тігістері бар, омырауына тілік түсірілген, кең қайырма жағалы немесе тіктеме жағалы түрлері пайда болды.

Басында мойын ойығына дейінгі омырауын тіліп, екі жағынан баумен байлаған, кейінірек оны өңіржиекпен көмкерген. Оны түймелеу үшін ілмекке түймеленетін түйме қадаған.

© Sputnik / Анатолий УстиненкоҚазақ халқының ерлер киімі әйелдер киіміне қарағанда бір типті болып келеді
Барқыт шапан, былғары белбеу: Ерлердің ұлттық киімдері қандай болған - фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.10.2021
Қазақ халқының ерлер киімі әйелдер киіміне қарағанда бір типті болып келеді

Ер азаматтың киімдері арасында жігіт костюмі ерекше көзге түскен. Мақтадан жасалған ақ матадан тіктеме жағалы көйлек тіккен. Көйлегінің қолтық астына қолтықшалар салынған. Көйлекке қолданылған матадан дамбал шалбар тіккен. Ол көйлек сияқты кең болған. Шалбардың үстіңгі бөлігін белбеу салу үшін қайырған.

Соның үстінен жігіт қынама белді, тіктеме жағалы, түймеленетін бешпентті не қондырма жеңді немесе жеңсіз көкірекшені киген. Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында бешпент, орталық және батыс аймақтарында көкірекше киген.

Оңтүстік Қазақстанда тұратын ерлер бешпенттің белін сәл түсіріп киген. Оның ішінен киілетін көйлек мақтадан жасалған ақ жұқа матадан тігілген, тіктеме жағасы болған. Жейде шалбардың ішіне салынып, былғарыдан жасалған белдікпен, кейде матадан жасалған құшақпен белбеуленген.
Кең белбеулі, белбеуінде түймесі бар шалбарлар 19 ғасырдың аяғында орыс халқының әсері арқылы пайда болды.

Қыс басталса ерлер қой және қасқыр ішікті тондар, түлкінің үлбірінен дайындалған тымақ, былғарыдан жасалған саптама етіктер киген. Қазақ көшпелілерінің ежелгі қыс киімдерінің бірі үлбірден немесе жүннен астары бар күпі болған.

Ерлер киімінің қатарына ертеден келе жатқан "кебенек" деген киізден жасалған ұзын шекпен де енеді. Оны малшылар, жылқышылар қыс мерзімінде сырт киім есебінде киген. Ерлердің сыртқы киімі түймеленбегендіктен, белдік кимінің негізгі элементі саналған.

Белбеудің қай түрі бағалы саналған

Қазақ киімдерінің құрамдас бөліктерінің бірі – әйелдер мен ерлер белін буатын белбеу. Ол былғары, барқыт, жібек, жүннен жасалады. Салтанатты киімдердің белбеуін жасау барысында тапсырыс иесі қымбат материалдар берген, шеберлер уақыты мен ісмерлігін аямаған.

Ерлердің қалтасы, құтысы, оқшантайы бар белбеуі өте бағалы көрінген. Кейде салпыншақ пен қосалқы белбеуге сән үшін тағылған.

Былғарыдан жасалған белбеулерге жартылай қымбат тастар орнатылған металл жапсырмалар жабыстырылып, сүйектен ойылған жалпақ тілікшелермен әшекейленген. Осындай жиынтығы бар белбеулер ежелгі киім саналып, кісе деп аталған.

© Photo : пресс-служба акима Алматинской областиЕрлердің қалтасы, құтысы, оқшантайы бар белбеуі өте бағалы көрінген
Барқыт шапан, былғары белбеу: Ерлердің ұлттық киімдері қандай болған - фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.10.2021
Ерлердің қалтасы, құтысы, оқшантайы бар белбеуі өте бағалы көрінген

Осыған ұқсас әйелдер белбеуі де бар. Олар кең әрі сәнді көрінген. Әйелдер белбеуі жібектен жасалған. Жібектен жасалған, сәнді ағаштан ойылған өрнегі бар белбеуді "құр белдік" немес "құр белбеу" деп атаған. Қой жүні мен түйе жүнінен жасалған белбеуді де осылай атаған. Барқыттан және жібектен тігілген, інжумен кестеленген, қапсырма тағылған белбеуді "қамар белбеу" деп атаған.

Әйелдер мен ерлердің белбеулері металдан жасалған тікбұрышты, үшбұрышты, жүрек пішінді және мүйіз тәрізді жапсырмамен, сондай-ақ түрлі-түсті асыл тастары орнатылған металдармен де әшекейленген.

Ер адамның белбеуінің бірнеше түрі болған. Күмістен немесе күміс жапқан белдікті "дембет белбеу" дейді. Жұмсақ иленген бұлан не бұғы терісінен жасалған белдікті "күдері белбеу" деген. Қару-жарақ ілінентін белдіктің ең көне түрі – кісе белбеу. Бетіне алтын не күмістен өрнекті жапсыра бекітілген, ішік, тон, шапан сыртынан буынатын жалпақ сәнді былғары белбеу "кемер белбеу" деп атадады. Қон теріден жасалған қалың әрі жалпақ белдікті "көнте" дейді.

Ер адамның киімі – барқыт шапан мен жанат ішік

Ішік – қазақтың ұлттық киімдерінің бірі, оны елтіріден, сеңсеңнен, әр түрлі аң терілерінен тігеді, сырты матамен тысталады. Қазақтар құланның, киік және жолбарыс терісінен, сондай-ақ қара түсті жанаттың, су тышқанының, бұлғын және сусардың, ақ түсті тышқанның, күзеннің үлбірін аса бағалы деп санаған. Сусар мен бұлғынның үлбірі басқа мамық жүнді аңның үлбіріне қарағанда қымбат бағаланған. Теріден тондар тігілген. Мамық жүнді аңның терісінен тігілген тонды қазақтар ішік деп атаған.

© Sputnik / Айгюзель КадирІшік – қазақтың ұлттық киімдерінің бірі, оны елтіріден, сеңсеңнен, әр түрлі аң терілерінен тігеді, сырты матамен тысталады.
Барқыт шапан, былғары белбеу: Ерлердің ұлттық киімдері қандай болған - фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.10.2021
Ішік – қазақтың ұлттық киімдерінің бірі, оны елтіріден, сеңсеңнен, әр түрлі аң терілерінен тігеді, сырты матамен тысталады.

Жанаттың үлбірінен жасалған тон – жанат ішік, қара түлкінің үлбірінен тігілген тон – қара түлкі ішік, Алтайдың қызыл түлкісінен жасалған тон – қызыл түлкі ішігі деп аталған.

Үлбірден тігілген ішіктер шұғамен, жібекпен, қамқамен қапталған. Көк шұғамен қапталып, түкті шұғамен жиектелген ішекті "көк тон" деп атаған. Оны тек атақты адамдар киген.

Түйе жүнінен дайындалатын ежелгі киім түрінің бірі – шекпен. Шекпен жаңбырдан, бораннан, жайсыз ауа райынан сақтайтын өте кең де ұзын тігілген киім. Шекпенді боялмаған жүндерден де, көкке, көк бұлыңғырға және басқа түске боялған жүннен де дайындалған. Сәнді шекпендер тек боялған жүндерден тігілсе, олардың тігістері оқамен көмкерілген.

Шапан – қазақтың негізгі және ежелгі киімі. 9-14 ғасырларда қыпшақтардың тас мүсіндерінен шапан бейнелерін кездестіруге болады. Шапанды әйелдер де, ерлер де киген. Көп жағдайда шапанның күдеріден тігілгені айтылады, алайда ол тек күдеріден тігілмеген, басқа елдерден әкелінген жібек, жүн және мақта маталарынан да дайындалды.

© Sputnik / Болат ШайхиновШапан – қазақтың негізгі және ежелгі киімі
Барқыт шапан, былғары белбеу: Ерлердің ұлттық киімдері қандай болған - фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.10.2021
Шапан – қазақтың негізгі және ежелгі киімі

Шетелдік саяхатшылар 19 ғасырда қазақтың атақты адамдарының киімін былай суреттейді: "үстіне қара түсті барқыттан тігілген шапан, басына әдемі кестеленген тымақ, аяғына биік өкішелі қызыл былғарыдан тігілген етік киген. Оның әйелі салтанатты реңк беретін сары, қызыл және жасыл түсті жібектен тігілген шапан киетін. Сұлтан басына тығыз жібектен тігілген, күміспен кестеленген баскиім, үстіне көк бұлыңғыр түсті шапан, аяғына қызыл қоңыр былғарыдан тігілген биік өкшелі етік киетін".

Шапан Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның ұлттық киімі саналады. Оны қалың матадана арасына жүн, мақта салып, астарлап немесе қос астарлап сырып тігеді. Ол тік жағалы және қайырма жағалы болады. Шапан сырмалы шапан, қаптал шапан, қималы шапан деп бөлінеді.

Ерлер қандай бас киім киген

Ер азаматтар көктемде және жазда бөрік киген, қыста тымағын басынан тастамаған. Қазақ халқының ерлерге арналған бас киімінің басым бөлігі киізден тігілген. Солардың ішінде ең ежелгі және дәстүрлі түрінің бірі – қалпақ. Ол қазірге дейін Қазақстанда сақталған бас киім.

Қалпақ пішініне қарай үш түрге бөлінеді. Біріншісі – артына тігіс түсірілген, жарты шеңбер түрінде пішілген қалпақ. Екіншісі – төбесі биік, тар, дөңгелек пішінді қалпақ. Жарты ай пішінді ернеуі аса кеңейтілген және жалпақ жиек ретінде қайырылады. Төбесінің жоғары бөлігі 2 немесе 4 қимадан тұрады.
Қалпақтың соңғы түрі 18 ғасырда кездесіп, 20 ғасырдың жартысында жойыла бастаған.

© Photo : advooc.kzБас киімнің ең ежелгі және дәстүрлі түрінің бірі – қалпақ
Барқыт шапан, былғары белбеу: Ерлердің ұлттық киімдері қандай болған - фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.10.2021
Бас киімнің ең ежелгі және дәстүрлі түрінің бірі – қалпақ

Үшіншісі – бірдей үшбұрышты пішінді төрт бөліктен тұрады, тігу барысында төбесі дөңгеленіп, жоғарғы бөлігі конус тәрізді безендіріледі.
Қалпақтың тағы бір түрі – телпек. Телпекті тек сұлтандар киетін болғандықтан, ол 19 ғасырға дейін-ақ қолданылды.
Ерлер бас киімінің тағы бір түрі – көктемде және жазда киілетін бөрік.

Қазақ халқының ерлер бас киімінің ішінде дөңгелек пішінді, ернеуі үлбірмен көмкерілген бөрік негізгі түрі саналған. Оның құндыз бөрік, пұшпақ бөрік, қара бөрік секілді түрлері бар. Олар тігілген материалына, пішіміне қарай ажыратылады.

© Photo : Satu.kzҚазақ халқының ерлер бас киімінің ішінде дөңгелек пішінді, ернеуі үлбірмен көмкерілген бөрік негізгі түрі саналған
Барқыт шапан, былғары белбеу: Ерлердің ұлттық киімдері қандай болған - фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.10.2021
Қазақ халқының ерлер бас киімінің ішінде дөңгелек пішінді, ернеуі үлбірмен көмкерілген бөрік негізгі түрі саналған

Пішіні бойынша бөріктің жоғарғы бөлігі биік конус тәрізді дөңгелек немесе бірнеше қималы болады. Ал жиегі бұлғын, кәмшат үлбірімен сәнделеді. Бөрікті қыздар да киген, олардың бас киімі салпыншақ, үкі, құтан мен тауыстың мамығымен әшекейленген.

Тақия – барқыттан, қамқадан тігілген жазғы жұқа бас киім. Ертеректе оның жиегі ақ тиіннің, сусар мен бұлғынның үлбірімен көмкерілген, күміс және алтынмен әшекейленген.

© Sputnik / Розов / Медиабанкке өтуТақия – барқыттан, қамқадан тігілген жазғы жұқа бас киім
Барқыт шапан, былғары белбеу: Ерлердің ұлттық киімдері қандай болған - фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.10.2021
Тақия – барқыттан, қамқадан тігілген жазғы жұқа бас киім

Шығыс Қазақстанда ерлер тақияны астыңғы бас киім ретінде міндетті түрде киген. Оларды сапасы және түсі әртүрлі матадан тіккен. Әдетте олар жұқа матамен астарланған, кейде олардың арасына жүн немесе мақта салынған қабаты болған.

Ер адамдардың тақиясында моншақ, ақша, әшекейлер болмайды. Ерлер биік төбелі, тегіс төбелі, үшкір төбелі тақия киеді. Олар киген тақия мүйіз, шырмауық секілді өрнектер салынады. Тақия пүліштен тігілген, ал астарын жібек матадан тіккен.

Тақияның тағы бір түрі – айдарлы кепеш. Оның төбесінде қысқалау жіпке тағылған күлтесі бар және кестеленіп, әшекейленген. Күйші, сері кісілер киетін айдарлы кепештің әшекейлі күлтесі домбыра шерткен кезде орындаушымен бірге қозғалып тұрады.

Құлақшын – құндыз, бұлғын, сусар, жанат, түлкі, қарсақ, суыр секілді аң мен құлын, бұзау терісінен, лақ, қозы елтірісінен тігілетін ерлердің баскиімі. Құлақшынның төбесін екі түрлі тәсілмен пішеді. Алдымен теріні төрт не алты қиық (сай) етіп пішіп алады.

Қиықтың түйісетін ұшы үшкіл, етек жағы тік төртбұрышты болады. Етегін қусырып тігеді де, оған дөңгелек төбе қондырады. Құлақшын тіккенде теріге өлшеп пішілген астарға мақта не жүн тартып, екінші бетіне шүберек салып сырады. Сыртын терімен тыстап, қалыпқа кигізіп кереді.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0