Дерекқор

Қазақтың қыз-келіншектері қандай әшекей бұйымдарды таққан

© Sputnik / Анатолий УстиненкоАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.10.2021
Жазылу
Қазақ зергерлік өнерінің тарихын, 15 ғасырдан бастап зергерлік бұйымды дайындауда қандай техника қолданылғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақ халқының зергерлік өнері Қазақстанның Алтайдан Оралға және Сырдариядан Солтүстік орман далаларына дейінгі жерлерін мекендеген көшпелі халықтар мәдениетінің дәстүрі негізінде қалыптасты. Археологиялық қазбалар жүргізген кезде осы аталған аймақтардан алтын, күміс, қоладан жасалған, қымбат тастармен әшекейленген ескерткіштер табылған. Табылған заттар арқылы қазақтың зергерлік өнерімен салыстырып, түрлі-түсті асыл тастарды, алтынды пайдалану тәсілдерінің сол уақыттан бері келе жатқанын анықтаған.

Зергерлік бұйымға көз орнатқан қай өңір

Зергерлік бұйымға шыны, көз орнату Орталық Қазақстан, Жетісу және Маңғыстау жерін мекендеген халықтарға тән. 16 ғасыр тарихшысы Рузбихан мәліметіне сәйкес, Сырдария қалалары мен Орталық Қазақстан, Жетісу ауылдары қолөнер орталығы болған. Осы жерден кесу, құю, қашау, шекілеу істерінің атақты шеберлері шыққан.

Рузбиханның жазуы бойынша Шайбани хан қазақ шеберханаларын жауыздықпен жойған, ал Бұрындық хан дәуірінде қазақтар Дешті қыпшақ пен Алтын Орда дәуірінде дамыған өнерге жан бітірген. Ал сол кезеңдегі шеберханаларды адам әдейі бұзғанын 16-18 ғасырларға жататын шеберханалар қалдығы, пештер мен ою-өрнектер, ру таңбалары әшекейленген керамикалар дәлелдейді. Шеберхана қалдықтары мәдениет саласы жақсы дамыған Отырар, Сауран, Сығанақ, Күлтөбе, Тараз және Түркістан қаласынан табылған.

16-18 ғасырларда жазғы және қысқы ауылдарда темір соғатын орын – темірхана, темір өңдейтін орын – ұсталық, зергерлердің жұмыс істейтін орны – шеберхана болған.

19 ғасыр зерттеушілері зергерлік бұйымдарды өндіру жұмыстары суреткерлік пен шеберлікті талап ететінін анықтаған. Халық ауыз әдебиеті үлгілерінде де шаңырақ, ер тоқым, сарай, сандық, жүген, қылыш, әйелдер әшекейлері сияқты қолөнер бұйымдары назардан тыс қалмаған.

Алтын мен күмістен бұйым жасайтын шеберлерді "зергер" деп атаған. Зергерлерді кей жерде алтын, күміс соғушы деп те атаған.

Әйелдердің әшекей бұйымдары

Зергерлер алтын мен күмістен әйелдер әшекейін жасады. Оларға қымбат тастардан, маржаннан көздер орнатқан. Қазақ әйелдерінің омырау әшекейлеріне тікбұрыш пішінді өңіржиек, доға тәрізді тұмарша немесе бойтұмар жатады. Қыздардың шаш ұшына байланатын әшекейі шолпы деп аталған.

Зергерлер бұдан басқа да шаш салпыншағын – шашбауды, сондай-ақ білезік, жүзік, сырға, қапсырма, ілгек, сәукеле әшекейі – шілтірді, түйме мен түрлі түйреуіш жасаған.

Оқи отырыңыз: Қазақ әйелдері жасына қарай қандай көйлек киген

Өңіржиек –  кеудеге тағылатын әшекей зат. Дәстүрлі қазақ қоғамында өңіржиекті мереке күндері қыздар мойын-омырауына сән ретінде таққан. Өңіржиек төртбұрышты немесе дөңес етіп жасалған бірнеше күміс тілікшеден тұрады, олардың арасы қатар түскен бірнеше жіңішке шынжырмен шығыршық арқылы жалғасады. Қазақ шеберлері тілікшелерді жұқа немесе арасын қуыс етіп, ортасына ақ балшық толтырып жасайды.

Тұмарша – ою-өрнегі үшбұрыш болып келетін тылсым күші бар әрі сұлулық үшін тағылатын әшекей. Әдетте тұмар тіл-көзден сақтау үшін тағылады.

© Sputnik / Болат ШайхиновҰлттық әшекей бұйымдар
Қазақтың қыз-келіншектері қандай әшекей бұйымдарды таққан - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.10.2021
Ұлттық әшекей бұйымдар

Шолпы – қыздардың бұрымға тағатын әшекейі. Шолпыны екі үзбелі етіп, күмістен соққан. Күмістен әшекей үшбұрышты не төртбұрышты етіп жасалады, ортасына асыл тас орнатылады. Төменгі жағына бірнеше салпыншақ тағылады. Дәстүрлі қазақ қоғамында шолпының көзді шолпы (асыл тас қондырылған), қозалы шолпы, қоңыраулы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы, меруертті шолпы сияқты түрі мен атауы кездеседі. Шолпыны, ең алдымен, әйелдер қара ниетті тылсым күштерден қорғану үшін таққан. Кейде олардың салмағы 3 келіге жеткен. Шолпы жас қыздардың жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастырған.

Шашбау – қыз-келіншектер шашына тағатын сәндік әшекей бұйым. Әйел шашының ажарын аша түсетін, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін алтын, күміс тиындар, кейде маржан қадалған бұйым таққан. Шашбауды түркі халықтары ежелден қолданып келеді. Жасалу, әшекейлеу әдістеріне қарап оларды үзбелі шашбау, шашақты шашбау деп топтастырады. Шашбау көбіне күмістен соғылады, ұшына теңге тағылады. Шашбау, әйел шашының өсуіне ықпал етеді.

Зерттеушілердің айтуынша, қазақ әйелдері шаштарына темір ақша тәрізді әшекейлер таққан. 18 ғасырда жазылған Георги жазбаларында "Әйелдер шаштарына кең көлемді, жылтыратылған және әсемдетілген әшекей таққан" деген мәліметтер де кездеседі. Шаш әшекейлері алтын не күміс ақша тізбегінен құрастырылған.

© Sputnik / Vladislav Vodnev / Медиабанкке өтуҚазақы нақыштағы сырғада ою-өрнек бейнеленеді
Қазақтың қыз-келіншектері қандай әшекей бұйымдарды таққан - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.10.2021
Қазақы нақыштағы сырғада ою-өрнек бейнеленеді

Білезік – білекке тағылатын әшекейлі, сәнді бұйым. Білезік сөзі білек және жүзік (білекжүзік) сөзінің бірігуінен шыққан. Білезік қымбат металдардан жасалады. Білезіктің көлемі, пішіні, әшекейі әр алуан болады. Оған асыл тастардан көз орнатылады.

Бұйымдар ішінде білезіктің түрі өте көп болған. Олар баулы шынжырмен қосылған сақиналары бар білезіктер, асыл тастан көз орнатылған көзді білезіктер деп бөліне береді.

Жүзік – соғу, қалыптау, ширату, сәндеу арқылы жасалып, сәндік үшін саусаққа салынатын әшекейлі сақина. Жүзік сөзі жүз сөзінен шыққан деген де дерек кездеседі. Жүзіктер құю не шекілеу тәсілі арқылы дайындалған. Батыс Қазақстан жүзіктері көлемінің үлкен болуымен, асыл тастармен көмкерілгенімен ерекшеленген.

Сырға – қыз-келіншектердің құлаққа тағатын сәндік әшекей бұйымы. Сырға тағу барлық елдің дәстүрінде бар деуге келеді. Ал қазақы нақыштағы сырғада ою-өрнек бейнеленеді. Сондай-ақ ұзатылатын қызға алдымен сырға салу дәстүрі де қазірге дейін жалғасып келеді.

Қапсырма – қамзол, кәзекей, кеудеше тәрізді әйелдердің сыртқы киімінің екі өңірін бір-біріне қаусырып тұратын ою-өрнекті, сіркелі, асыл тасты, асты ілгекті күміс әшекей. Оның астыңғы бетіне киімнің екі өңірін бір-біріне бекітетін ілгек орнатылады. "Қапсырма" сөзі қаусыру сөзінен туындаса керек. Оны қазақ зергерлері қыз-келіншектер киімін сәндеу үшін жасаған. Қапсырманы қымбат бағалы металдардан әшекейлеп, асыл тастардан көз орнатып жасайды. Қапсырма ілмек, сақина тәріздес екі бөлшектен тұрады. Сөйлеу тілінде қаптырма, қаусырма, тістестірме деп те атайды.

Әйелдер әшекейлерін дайындау барысында құю, қашау, шекілеу, мөр басу секілді тәсілдер қолданылған.

Өнертану саласының маманы Сабыркүл Асанованың "Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы" еңбегінде ауқымды сырғалар ертеден келе жатқан дәстүрлі әшекейлердің бірі болғаны айтылады. Олардың пішіні дөңгелек тәрізді және оларға асыл тастардан салпыншақ қосылған.

Зергерлік өнер түрлері

Құю – зергерлік өнердегі қола дәуірінен белгілі ежелгі техниканың бірі. Құю тәсілімен алтыннан және басқа да металдардан жүзік, жүген, бас киім әшекейлері дайындалған.

Мөр басу үшін мырыштан жасалған дискілер қолданылған. Мөр басу тәсілі Сырдария, Орталық Қазақстан мен Торғай алқаптарында, Маңғыстауда сақталған. Мөр басу тәсілі арқылы сәукелеге арналған әшекейлер дайындалған. Ірі жапсырмалар белбеу мен жүген әшекейлері үшін қолданылған.

Безеу – болат кескіштер және шекіме көмегімен бедер түсірудегі ежелгі техниканың бірі. Безеу тәсілімен ат әбзелдерін, киімдерді, ыдыстарды әшекейлеген.

Оқи отырыңыз: "Киімнің киелісі – кимешек": Алматы орталық музейіндегі көрме – фото

Тағы бір зергерлік тәсіл – шекілеу. Шекілеу тәсілімен металдан жасалған бұйымдарға әртүрлі өрнектер, иректер, айқаспалар түсірілген. Осы тәсілмен жасалған бұйымдарға көбінесе геометриялық өрнектер қолданылған.

15-19 ғасырдағы қазақтардың зергерлік өнерінде кең дамыған тәсілдің бірі – филигрань. Филигрань алтын және күміс сымдардың бірге балқытылған балқымасынан жалпақ тілікшелердің үстіне "шырша", "арқан жіп", "бау", "ши" бейнелері пішінінде дәнекерлеу тәсілі. Білезіктер, омырау әшекейлері және жүзіктерге қолданылатын филигрань техникасы Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Орталық Қазақстан облыстарындағы шеберлердің зергерлік бұйымдарында сақталған.

Жаңалықтар
0