Дерекқор

Ұлттық валюта күні: теңгеге 28 жыл толды

© Sputnik / Абзал КалиевФрагменты купюр тенге
Фрагменты купюр тенге  - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.11.2021
Жазылу
Қазақстанның ұлттық валютасы қалай "теңге" аталғанын, оның алғаш рет қай жақта басып шығарылғанын, сондай-ақ 28 жыл ішінде қандай халықаралық марапаттарға ие болғанын Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша – Sputnik. 15 қараша – Қазақстанның ұлттық валюта күні. Ол айналымға осыдан 28 жыл бұрын, 1993 жылы енгізілді.

Sputnik Қазақстан ұлттық валютаның қалай шығарылғанын, не себепті оны "теңге" деп аталғанын бір жерге жинақтады.

Ұлттық валюта қалай айналымға енгізілді

Қазақстанда ұлттық валютаны енгізу процесін бұрынғы КСРО республикаларындағы ақша айналымына қатысты қиын жағдай жылдамдатты. 1993 жылдың шілдесінде Ресейдің Орталық банкі ақша реформасын жүргізді, кеңес рублі айналымнан алынды және олар жаңа ресейлік банкноттарға айырбасталды.

Соған байланысты қиындық бұрынғы кеңес республикаларындағы нарыққа әсер етті, оның ішінде Қазақстан да бар. Баға жылдам өсті, ақша құнсызданды. Бұл гиперинфляцияға және адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкелді.

Ұлттық валюта енгізу – елде қалыптасқан дағдарыстан шығудың және экономика дамуының жаңа кезеңіне өтудің бірден-бір жолы болды.

1993 жылдың үшінші қарашасында Қазақстан президенті ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрды. Оған премьер-министр Сергей Терещенко төрағалық етті. Кейін вице-премьер Дәулет Сембаевтың басшылығымен жұмыс тобы құрылды. Комиссия күн сайын кешкі уақытта жиналған.

Неге "теңге" деп атады

Ұлттық валюта атауын таңдауда үлкен дау болды: "алтын", "ақша", "таньга" ("тенга") нұсқалары ұсынылды. Қазақстандық валютаны тіпті "сом" деп атау жоспарланған – кеңес рублі кеңестік банкноттарда қазақ тіліне аударылғанда осылай белгіленген.

Алайда 1993 жылы Қырғызстан қырғыз сомын енгізгеннен кейін "теңге" атауы қабылданды. Ортағасырлық түркі күміс монеталардың "денге" немесе "танга" деген тарихи атауы болған. Атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Жүз есе бөлігін "тиын" деп атады.

Ұлттық валютаның өз символы бар (〒). Көрсетілген теңгенің графикалық түрі – транскрипцияда "теңге" сөзі басталатын "т" дыбысын, сондай-ақ "тәңірі" дыбысын білдіретін көне түркі алфавитінің символы. Символ ақша бірлігінің тұрақтылығы идеясын, жоғары әлеуетті, даму динамикасын және Қазақстанның ұлттық экономикасының өсуін білдіреді.

Ұлттық валютаны енгізу

Теңге дизайнын дайындау жетекші Тимур Сүлейменов және дизайнерлер Меңдібай Алин, Досбол Қасымов және Ағымсалы Дүзелханов бар авторлық ұжымға тапсырылды.

Алдыңғы жағында ұлттық ою-өрнекпен үйлесімде мәдениет, ғылым және саясат салаларындағы Қазақстанның ірі қайраткерлерінің портретін, ал сыртқы жағында Қазақстанның сәулет ескерткіштері мен көркем жерлерінің көріністерін орналастыру туралы шешім қабылданды. Бұл серияның дизайны қолмен қарындаш, акварель және темпера көмегі арқылы салынды.

1993 жылы 12 қарашада Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы" жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашадан бастап теңге елдегі есептесетін ақшаға айналды.

Бұл күні айналымға "портреттер" банкнотының бірінші топтамасы шығарылды:

  • 1 теңге – Әл-Фараби портреті
  • 3 теңге – Сүйінбай портреті
  • 5 теңге – Құрманғазы портреті
  • 10 теңге – Шоқан Уәлиханов портреті
  • 20 теңге – Абай Құнанбаев портреті
  • 50 теңге – Әбілқайыр хан портреті
  • 100 теңге – Абылай хан портреті.

Банкнот фабрикасы қалай іске қосылды

1992 жылы 26 мамырда Қазақстан Ұлттық банкінің баспа фабрикасын құру туралы президенттің жарлығы шықты. 1993 жылдың маусымында Егемен Қазақстан тарихында тұңғыш рет бағалы қағаздар шығаратын цех іске қосылып, қағаз тиындар шығарылды.

Алғашқы банкноттарды Англияда Harrison&Sons фирмасы басып шығарды. Олар Қазақстанға ұшақтармен жеткізілді – бір апта ішінде 18 рейс орындалды.

Қазір жинақталған тәжірибе мен көп жылдық тәжірибенің арқасында Алматыдағы Банкнот фабрикасында банкноттарды шығару толық жолға қойылған.

Отандық монеталар қайда соғылған

Қазақстан теңге сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды.

Айналымдағы монеталардың алғашқы өнеркәсіптік партиясы 1998 жылдың қарашасында Қазақстанның монета алаңында шығарылды. Кәсіпорын Ұлттық Банктің түсті металдардан, алтын және күмістен ұлттық валюта монеталарын шығару туралы тапсырысын орындайды.

Бұл әр түрлі номиналдағы циркуляциялық, естелік, коллекциялық монеталар, соның ішінде диаметрі 100 мм және салмағы бір келіге дейінгі "proof" сапасындағы бағалы металдардан жасалған бірегей бұйымдар.

Теңге сарайы мемлекеттік наградалар мен медальдарды дайындаумен де айналысады.

Қандай банкноттар мен монеталар айналымда жүр

28 жыл ішінде Қазақстанда теңгенің төрт сериясы шығарылды, алты номиналдағы банкноттар мен жеті номиналдағы монеталар шықты.

Қазір банкноттар қатарында 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңге бар. Монета қатары 1-2-5-10-20-50, 100 және 200 теңге кіреді.

Айналымға шығарылған барлық банкнот шартты түрде бірнеше серияға бөлінеді: "портреттер", "Әл-Фараби", "Бәйтерек", "Самұрық".

Ұлттық валюта монеталары шартты түрде үш түрге бөлінеді: циркуляциялық, инвестициялық және коллекциялық.

Халықаралық марапаттар

Қазақстан банкноттары Халықаралық көрмелер мен конкурстарда жоғары бағаланып келеді.

Халықаралық банкнот қауымдастығы (IBNS) –жыл сайын интернет-дауыс беру арқылы жылдың ең үздік банкнотын таңдайтын әлемнің түкпір-түкпірінен банкнот жинаушылардың тәуелсіз бірлестігі. 90-нан астам елдің сарапшылары қауымдастық мүшесі болып отыр.

Үш жыл қатарынан, 2011 жылдан бастап 2013 жылды қосқанда, қазақстандық банкноттар әлемдегі үздік банкнот деп танылды. 2014 жылы түркі жазуына арналған қазақстандық "КҮЛТЕГІН" естелік банкноты осы қауымдастықтың нұсқасы бойынша 2013 жылдың үздік банкнотына айналды.

Сондай-ақ Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) бар. 2007 жылы ол номиналы 10 мың теңгелік банкнотты әлемдегі ең үздік деп таныды.

Номиналы 20 мың теңгелік банкнот 2016 жылы High Security Printing Europe конференциясында марапат алып үлгерді. Ол 2015 жылдың үздік аймақтық банкноты деп танылды. Сол жылы IACA оның валюта индустриясындағы ең жақсы техникалық жетістігі үшін марапаттады.

Бұдан басқа 2000 жылдан бастап Қазақстан Теңге сарайы мен Ұлттық банк жыл сайын халықаралық конкурстарға қатысып, дайындау сапасы, дизайн және технологияның жаңашылдығы үшін түрлі номинацияларда 23 марапатқа ие болды.

Жаңалықтар
0