Қазтуған Сүйінішұлы

Қазтуған Сүйінішұлы шамамен ХV ғасырда Астрахань облысына қарайтын Красный Яр қаласының төңірегінде, Бозан, Ақтұба өзендерінің бойында дүниеге келген. Көшпелі тірлік салтын ұстанған ықпалды әулеттен шыққан. Айтулы жорық жырауы, әскербасы, батыр болған. Ел арасында "Қарға бойлы Қазтуған" атанып кеткен.

Қазтуған жыраудың туған және қайтыс болған жылдары күні бүгінге дейін белгісіз. Кейбір деректерде ХV ғасырда өмір сүргені жазылса, енді бірінде XVІІ ғасырдың перзенті екені айтылады.

Қазуған жыраудың артынан өмір, болмыс туралы, атамекен, туған ел жайлы және әскери тұрмысқа қатысты сан алуан жырдан құралған мол мұра қалды. Бірақ жырларының көпшілігі сақталмаған. Бізге жеткен шығармаларынан қазіргі кезде "Бұдырайған екі шекелі", "Алаң да алаң, алаң жұрт", "Белгілі биік көк сеңгір" атты толғауларын атауға болады. Дегенмен, бұл шығармаларының өзі-ақ Қазтуған жыраудың қазақ әдебиеті тарихының төрінен орын алуына негіз бола алды.

Қиялының ұшқырлығы, кеңдігі, суреттеу тәсілдерінің байлығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде және өзіндік сипатқа толы болғанын аңғартады. Ұлттық бояуы ашық, өршіл романтикаға толы, көркем тіркестерге бай Қазтуған жырлары бірнеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болған.