Қаныш Сәтбаев

Академик, геолог және қоғам қайраткері 1899 жылы 12 сәуірде Теңдік ауылынан 1 километр қашықтықта орналасқан Айрық деген жерде дүниеге келді. Бүгінде бұл - Павлодар облысы Баянауыл ауданы Сәтбаев ауылдық округіндегі Мұса Шорман ауылы. Дүниеге келген сәбиге Ғабдул-Ғани деген есім берілген. Анасы ұлын еркелетіп Ғани, Ғаныш деп атапты. Артынша баланы барлығы Қаныш деп атай бастаған. Қаныш Сәтбаев ауыл молдасынан білім алады. Ол араб, парсы тілдерінде оқыған. Мұнан кейінгі екі жыл көлемінде Сәтбаев уездегі алғашқы қазақ-орыс мектебінде білім нәрімен сусындайды. 1911 жылы Қаныш Павлодардағы орыс-қазақ училищесіне түседі. Ол үш жыл ішінде төртжылдық бағдарламаны меңгеріп алып, артынша Семейдегі мұғалімдер семинариясына оқуға түскен.

Қазақтан шыққан тұңғыш геолог Қаныш Сәтбаев Жезқазған және Қарсақбай ауданындағы, басқа да пайдалы қазбалар кен орындары геологиясын зерттеді. Сәтбаев геологиялық барлау жұмыстарын жүргізді, оның жетекшілігімен бұрғылау шеберлері, сызба сызушылар, прорабтар және т.б. мамандар қалыптасты. Қазақстандық ғалым Жезқазған мыс кен орнының қоры бұрынғыдан әлдеқайда көп екенін дәлелдеді. Осы жаңалық үшін оған 1940 жылы КСРО жоғары мемлекеттік наградасы – Ленин ордені берілді. Кейінірек оған тағы төрт орден табыс етілді.

Қаныш Сәтбаев соғыстан кейінгі жылдары елдегі ғылымда жүрген адамдардың басып қосып, Қазақ ғылым академиясын құрды. 1946 жылы ашылған ҚазКСР ғылым академиясының алғашқы президенті болып Қаныш Сәтбаевтың сайлануы кездейсоқтық емес.

Қаныш Сәтбаев соңғы рет туған жері Баянауылда 1959 жылы болған. Ол 1964 жылы Мәскеуде ауруы асқынып қайтыс болды. Ғалым Алматыдағы орталық зиратқа жерленді.