Жүсіпбек Аймауытов

Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы "Қызыл ту" ауылында (қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы) дүниеге келген. Арғы аталары Дәндебай мен Қуан ел арасында абыройлы, дәулетті кісілер болған. Ал әкесі Аймауыт кедейшіліктің қамытынан құтыла алмады. Бұның бәрі Жүсіпбектің жолына да әсер етпей қоймады. Жастайынан арабша хат таныса да, мектепке кеш барды. Бірақ алғашқы өлеңін 13 жасында жазды.

Жүсіпбек Аймауытов 1907 жылдан бастап Баянауылдағы қазақша-орысша екі кластық мектепте, одан кейін Керекудің қазыналық ауыл шаруашылық және екі кластық қазақ-орыс мектебінде тиіп-қашып оқиды. Бір жағынан бала оқытып, қосымша қаражат тауып жүрді. Ал 1911 жылы ауылға мұғалім болып барады. Үш жылдан кейін Семейдегі оқытушылар семинариясына қабылданды. Оны 1918 жылы аяқтап шығады.

Жүсіпбек Аймауытов Семейде жүргенде Алашорданың жұмысына араласады. Мұхтар Әуезовпен бірге "Абай" журналын шығарды. Осы журналда "Екеу" деген бүркеншік атпен екеуі Абай туралы бірнеше көлемді мақала шығарып, ұлы ақынның мұрасын кеңінен насихаттады. Пушкин орыс әдебиетінде қандай тарихи қызмет атқарса, Абайдың да қазақ әдебиеті үшін сондай тарихи іс тындырғанын дәлелдеді. Осылайша, Жүсіпбек Аймауытов қазақ әдебиетінде Абайдың шығармашылық мұраттарын ілгері жалғастырды.

Жүсіпбек Аймауытов Шымкент педагогикалық техникумының директоры болып жүргенде аяқ астынан саяси жалаға ұшырайды. 1929 жылы басталған кеңестік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы атылды.