Видео

Депутат үш дәрежелі Даңқ ордені иегерінің өмір жолы туралы әңгімелеп берді

Жазылу
Сержант-артиллерист Сүлейменов  Беларусьтің Гродно қаласы түбінде жау әскерін жойғаны үшін алғаш рет III дәрежелі Даңқ орденін алды

Мұташ Сүлейменов Ұлы Отан соғысы кезінде үш рет жараланды. Беларусь пен Польшаны азат ету кезіндегі шайқастардағы ерлігі үшін үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Соғыстан кейін 40 жылдан астам уақыт ауыл мұғалімі болып жұмыс істеп, Қарағанды ​​қаласының құрметті азаматы атанды. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында өзінің туған жиені, Қазақстан парламенті мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Бейбіт Мамраев "Фронтовая перекличка" жобасын қолдап, батырдың өмір жолы туралы әңгімелеп берді.  

Мұташ Сүлейменов Қарағанды ​​облысының Кертінді ауылынан шыққан. 1942 жылы 20 жасында Орск қаласында әскери дайындықтан өтіп, майданға аттанды. 114-атқыштар бригадасында соғысты.

"Біздің отбасымыз үшін үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған Ұлы Отан соғысының ардагері Сүлейменов Мұташ ағамыз әрқашан үлгі-өнеге болды. Оның балалары, біз, туысқандары және ауыл тұрғындары оны мақтан тұтатын. Ол таңғажайып адам еді", - дейді халық қалаулысы.

Сержант-артиллерист Сүлейменов 1943 жылдың ақпанында және 1944 жылы сәуірде екі рет жоғары сарбаз марапаты – "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған. Ол Беларусьтің Гродно қаласы түбінде жаудың екі атыс нүктесі мен жау әскерін жойғаны үшін өзінің алғашқы III дәрежелі Даңқ орденін алды.

Сержант Сүлейменов Польшаның Кнышин қаласы аумағында жаудың үш пулемет нүктесін жойып, ондаған фашисті жер жастандырғаны үшін II дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

1945 жылы ақпанда оның басшылығындағы әскери бөлім Мариенфельд елді мекеніне шабуыл жасау кезінде ерлік пен батылдық танытып, жаудың артиллериялық қаруын, бірнеше пулемет нүктесі мен жау әскерін жойды.

"Бұл шайқаста ол жараланды, бірақ ұрыс алаңын тастап кетпеді, сарбаздарымен бірге қалды. Олардың ерлігі жоғары бағаланып, І дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды, осылайша Даңқ орденінің толық иегері болды", - деп атап өтті Мамраев.

Жауынгерге сондай-ақ Қызыл Жұлдыз орденімен, I Отан соғысы, "1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" медалі табысталды.  

Мұташ Сүлейменов Жеңісті 1945 жылы қарсы алып, 1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңдағы тарихи Жеңіс парадына қатысты. Осыдан кейін ол Мәскеудегі Жеңіс парадтарына бірнеше рет – 1985, 1995, 2005 жылдары қатысты.

Соғыстан кейін бұрынғы майдангер жоғары педагогикалық білім алып, өзі туып-өскен Кертінді ауылында 40 жылдан астам уақыт мұғалім болып жұмыс істеді. Жерлестері мен туыстарына қарапайымдылық пен әдептіліктің үлгісі болды.

"Ол тарихтан, алғашқы әскери дайындықтан сабақ берді. Біз, балалар одан мылтықпен дәл атуды, шаңғымен жүгіруді, волейбол ойнауды үйрендік. Бүгінгі таңда ол жұмыс істеген мектеп Мұташ Сүлейменовтің атымен аталады", - дейді кейіпкердің жиені.

Мұташ Сүлейменұлының бейбіт замандағы еңбегі бірнеше рет мемлекеттік наградамен – "Тың жерлерді игергені үшін" медалімен, 2003 жылы "Құрмет" орденімен марапатталды. Педагогикалық қызметтегі жетістіктері үшін "Қазақ КСР халық ағарту үздігі", "КСРО ағарту үздігі"төсбелгілерін алды. 1994 жылы Қарағанды ​​қаласының Құрметті азаматы атанды. 2006 жылы дүниеден озды.  

Жаңалықтар
0