Нұр-Сұлтанда мешіттер мен дәмханалар ашылды видео

397
Елордада мешіттер мен шағын тамақтану орындары ашылды. Алайда барлық жерде қатаң санитарлық шаралар сақталады

Sputnik Қазақстан тілшілері мешіттер мен дәмханаларды аралап, карантиндік жағдайда жұмыс жасау тәртібімен танысып қайтты. 

Үш құлшылыққа рұқсат

"Әзірет Сұлтан" мешітіне бетпердесіз кіруге болмайды. Бұдан бөлек, имамдар қолғап киіп келуге кеңес береді. Ал мешіттің өзінде әзірше тек үш құлшылыққа ғана рұқсат етілген. Бас имам Ерболат Нұрылдаұлының айтуынша, біріншіден, намаз оқуға болады. Бірақ жеке құлшышыққа ғана рұқсат бар.

"Адам жеке құлшылығын 15 минуттың ішінде орындап шығып кетуі керек. Жамағатпен құлшылық жасалынбайды, яғни тек жеке құлшылыққа ғана рұқсат. Екінші құлшылықтың түрі - құран оқыту, адамдар арнайы бөлмеге кіріп, ата-бабаларына құран бағыштай алады. Ал үшінші құлшылық – некелесу. Некеге рұқсат бар, бірақ жас жұбайлар екі куәгермен ғана келуі керек", - дейді мешіттің бас имамы.

Құран оқытуға арналған бөлмеге 10 адамнан ғана кіргізеді. Орындықтардың арасын да ашып қойған. Келген адам бірінші бөлмеге сыймаса, қосымша бөлмеге баруға болады. Онда да имам құран оқиды.

Жамағаттың қуанышында шек жоқ

Мешіттің жұмыс уақыты белгіленген. Таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін келуге болады. Бүгін таң атқаннан бері мешітке жасы да, кәрісі де келіп жатыр. Араларында 80-90 жастағы қариялар да аз емес.

"Мешітке садақа берейін, әруақтарға құран оқытайын деп келдім. Құран оқыттым, садақамды бердім. Соған ризамын", - дейді қала тұрғыны Күлзада апа.

Ал Алмас Пернебеков жамағатпен бірге намаз оқуды асыға күтіп жүр.

"Қуанышымызда шек жоқ, жалпы өзіміздің жұмысымызда да он-он бес шақты жамағатымыз бар. Қуанып жатырмыз. Мешіттің аты мешіт қой, Алланың үйі. Мешітке келіп, үлкен жамағат болып оқығанға не жетсін", - дейді Пернебеков.

"Карантин бітсе, бір ай үйге бармаймыз"

Бүгіннен бастап астанада шағын дәмханалар мен мейрамханалар да ашылды. Ондай қоғамдық тамақтану орындарының сыйымдылығы 50 адамдан аспауы қажет. Ал бір уақытта тек 30 адамға ғана отыруға рұқсат етіледі. Астаналықтар кофеханалардың ашылғанына қунып жүр. 

"Бүгін бір тойға келгендей болып отырмыз. Үйден кәдімгідей қобалжып шықтық. Шынын айтсақ, үйден шаршап кеттік, тамақ жасаудан шаршап кеттік. Қалада тұрғаннан кейін бір жерге кіріп, кофе ішіп тұруға үйренгенбіз ғой. Қуаныштымыз. Өзіміз жасамай, біреудің қолынан ішіп-жеп, қонақ болып деген сияқты. Үйге кеткіміз келмей отыр. "Карантин бітсе, бір ай үйге бармаймыз" деген болайын деп тұр ғой", - дейді қала тұрғындарының бірі. 

Ал қала әкімдігі тиісті санитарлық талаптар сақталмаса, қатаң карантин енгізілетіні туралы ескертті.

397
Кілт сөздер:
дәмхана, видео, мешіт
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин (669)
Тақырып бойынша
Ресей әлемде COVID-19 жұқтырғандардың саны жағынан екінші орынға шықты
Алматыда 25 мамырдан бастап қандай сауда орталықтары жұмыс істейді
Министрлік үш өңірде коронавирус жұқтырғандар неге артып жатқанын түсіндірді
Қазақстан өңірлері вирус жұқтыру өсімі бойынша үш топқа бөлінді

Астаналықтар адам ағзасын алуға қатысты пікір білдірді видео 

85
Қазақстанда кез келген адам қайтыс болғаннан кейін ағзасын алуға алдын ала келісім бере алады, я болмаса, одан бас тартуға мүмкіндік бар  

Бұған дейін емханада арнайы өтініш жазылса, енді оны электронды үкімет порталы арқылы жіберуге болады.

Ресми мәліметке сәйкес, алғашқы бірнеше күннің ішінде электронды өтініш жазған адамдардың 7-8 проценті қайтыс болғаннан кейін трансплантация үшін тінді немесе ағзаны алуға келісім берді. Қалғаны қарсы болған. Sputnik Қазақстан тілшілері астаналықтардың осы мәселеге қатысты пікірін біліп қайтты.

Менталитет мен мұқтаждық

Қала тұрғындарының көбісі жаңа электронды қызмет туралы білмейтін болып шықты. Бірақ қайтыс болғаннан кейін ағзаны беруге дайын адамдар аз емес. Ал келіспейтіндердің басым бөлігі діни ұстанымды алға тартады.

"Біреулер үшін ол қалыпты жағдай болуы мүмкін. Ондай адамдар батыстық тәрбиеге жақын шығар. Ал біздің менталитетімізге келмейтін тәрізді. Мен де қарсымын. Өйткені ислам бойынша тыйым салынған", - дейді тұрғындардың бірі.

Енді біреулер адам о дүниеге аттанса, жерде ауру адамдардың қалатынын еске салды. Олар өлген адамға ағзаның қажеті жоқ, ауру адамға берген дұрыс деп есептейді.   

"Сіз жасай алмай кеткен жақсылықты ағзаңызды алған адамдар жалғастырып, "әттеген-ай" деп армандап кеткен ісіңізді аяқтауы мүмкін", - дейтіндер де бар.

Ал егде жастағы адамдар жемқорлықтан қауіптенеді. Дін тұрғысынан тыйым бар екенін біле тұрса да, мұқтаж адамға өз ағзасын беруге дайын адамдар да жоқ емес.

Электронды қызметті қалай алады?

13 қазанда электронды үкімет порталында қайтыс болғаннан кейін трансплантация үшін тіндерді немесе ағзаларды алуға келісім беру, я болмаса, бас тарту бойынша онлайн қызмет іске қосылған болатын. Бұрын адам өзі тіркелген емханада өтініш жазатын. Енді оны үйден шықпай-ақ рәсімдеуге болады.

Электронды қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталында "Денсаулық сақтау" бөлімінде авторизация жасау қажет. Осыдан кейін "Транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алуға көзі тірісінде өз еркімен келісуді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу" қызметін таңдау керек.

Бұдан әрі қолданушы өтініш түрін таңдайды: "Келісімді қайтарып алуды тіркеу" немесе "Келісімді тіркеу".

Келісім берген жағдайда қолданушыға қандай органдарын алуға болатынын көрсету мүмкіндігі беріледі.

Айта кетейік, биыл жазда президент "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске қол қойды. Оған сәйкес, енді қайтыс болған адам көзі тірісінде донор болуға келісетінін немесе келіспейтінін білдірмесе, онда оның органын алу үшін жұбайының немесе жақын туыстарының жазбаша рұқсаты қажет.

Бұдан бөлек, Қазақстан аумағынан адам ағзалары мен тіндері тек шетелде ем алып жатқан Қазақстан азаматына медициналық көмек көрсету үшін ғана шығарылады.

85
Кілт сөздер:
видео, трансплантация, адам ағзасы

Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан судьяларының съезі өтіп жатыр - онлайн-трансляция

29
(Жаңартылды 11:31 23.10.2020)
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан судьяларының VIII съезі басталды. Жиын онлайн режимде өтіп жатыр

Съезге Қазақстан судьялары одағының делегаттары, халықаралық сарапшылар мен серіктес ұйымдар, қоғам және мемлекеттік құрылымдардың өкілдері жиналды. 

Съезде сот жүйесін дамыту, оның ішінде судьялардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыру, кейбір қылмыс үшін жазаны қатаңдату секілді мәселелер талқыланады. 



29
Сыртқы істер министрлігінің ғимараты

"Дүрліктіруге ниетті": министрлік атышулы фильмге қатысты түсініктеме берді

61
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде ел азаматтары ашық нәсілшіл шабуылдарға наразы екені айтылады

НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. Фильм авторлары арандату жолымен Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін мазақ етіп, дүрліктіруге ниетті, деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.

"Арандатушылық мақсатта Қазақстан халқы да, оның мемлекеттік рәміздері де мазаққа ұшыруда. Наразылық нота жолдау мағынасыз, өйткені оның адресаты жоқ. Неғұрлым дүрліктіре берсек, соғұрлым фильм авторлары пайда табады. Үлкен пайда табу авторларды фильмді жалғастыруға итермелейді. Негізінде, фильмде нәсілшілдік пен ксенофобияның айқын формасы бар. Біздің азаматтарымыз ашық нәсілшіл шабуылдарға әділ наразы", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, 23 қазанда бір топ жас АҚШ Бас консулдығына жиналып, "Борат-2" фильмінің шығуына қарсы шықты. Олар фильмге тыйым салуды талап етіп, петициясын ұсынды.
Ұйымдастырушылар бұл петиция арқылы қоғамда теріс реакция тудырған фильмнің көрсетілуіне тыйым салуды сұрайды, олардың пікірінше, ол бүкіл мемлекеттің беделін түсіреді.

Бұған дейін Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова британдық актер және режиссер Саша Барон Коэннің атышулы "Борат-2" фильмі туралы пікір білдірген еді. 

Министрдің айтуынша, сенсациялық фильмнің Қазақстанда пайда болуы фактісін елемеуге болмайды. 

"Борат" тарихы

"Журналист" Борат Сагдеевтің Америкаға сапары туралы 2006 жылы шыққан фильм хитке айналды. Бұл фильмді шығаруға 18 миллион доллар жұмсап, оны дайындағандар 261,5 миллион доллар пайда тапты. Тіпті, "Алтын глобус" иегері атанды және "Оскарға" ұсынылды.

Ал Қазақстанда фильм қоғам тарапынан наразылық тудырды. Фильм түсірушілерге елді қорлады деген айып тағылды.

Екінші бөлімнің сюжеті бойынша, ойдан шығарылған кейіпкер, қазақстандық журналист Бораттың тағы да АҚШ-қа жолы түседі. Ол америкалықтардың әдеттегі өмір салтын гротеск тәсілімен мазақ ете келе, президенттік сайлау қарсаңындағы елдің саяси өмірін зерттейтін болады.

Оқи отырыңыз: АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі "Борат" фильміне қатысты пікір білдірді

Жаңа трейлер шыққаннан кейін көптеген қазақстандық фильмді теріс бағалады. Осыдан кейін әлеуметтік желіде "Бораттың" жалғасының шығуына қарсы флешмоб ұйымдастырылды. Оған әлемнің түкпір-түкпіріндегі қолданушылар қосылды, олар #СancelBorat хэштегімен фильмге қарсы шығып жатыр.

61
Кілт сөздер:
сыртқы істер министрлігі, Борат