Видео

Бішкекте не болып жатыр - дронмен түсірілген видео жарияланды

Жазылу
Бішкекте милиционерлер мен митингке шыққандар арасындағы қақтығыстар түнгі сағат 3:00-де басылды. Наразылық акциясы кезінде "Ақ үй" отқа оранды

Бұдан бөлек, көшеде тұрған бірнеше көлікті өртеп жіберді. Sputnik Қырғызстан тілшілері түнгі оқиғалардан кейінгі Бішкекті аралап шықты. 

Қақтығыстар кезінде құқық қорғаушылар арнайы құрал-жабдықтарды қолданды. Ал наразылық акциясына шыққандар тас лақтырды. Таяқ пен арматура ұстағандар да көп болды. Ресми мәліметке сәйкес, жүздеген адам жарақат алды. Митингке шыққан бір адам бас жарақатынан қайтыс болды. 

Түнде көшеге шыққан адамдар "Ақ үйге" кіріп алды. Ішін қиратып, ресми қағаздың бәрін далаға лақтырды. Компьютерлік техника ұрлау фактілері де болды. Ал түнде біреулер төртінші қабаттағы кабинетке өрт қойды. Тілсіз жау басқа кабинеттерге тез тарап кеткен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келді. 

Айта кетейік, кеше Ала-Тоо алаңында оппозицияның наразылық акциясы өтті. Парламент сайлауының алдын ала қорытындысымен келіспейтіндер жиналды. Олар "Ақ үйге" кірмек болғанда, халық пен милиция арасында қақтығыс басталды. Митингіге шыққандар түнде президент аппараты мен "Жогорку Кенеш" парламенті отыратын "Ақ үйге" басып алды. 

Артынан наразылыққа шыққандардың бір бөлігі Алмазбек Атамбаевты босату үшін мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне аттанды. Оны босатып, Ала-Тоо алаңына жеткізді. Бұдан бөлек, митингке шыққандар бұрынғы премьер-министрлер Сапар Исаков пен Жанторо Сатыбалдиевті, экс-депутаттар Садыр Жапаров пен Равшан Жээнбековті босатып алды. 

Оқи отырыңыз: Қырғызстандағы дүрбелең: президент Жээнбековтің қайда екені белгілі болды

Бүгін таңертең наразылық акциясына шыққан халық Бішкек мэриясын басып алды. Қала басшысының кабинетін Жоошбек Коеналиев кіріп алды. Ол Азиз Суракматовтың орнына Бішкекті басқаратынын мәлімдеді. Коеналиев "Республика" партиясының атынан парламент сайлауына түскен болатын. Алайда осы саяси ұйым дауыс жинай алмай, Жогорку Кенешке өтпей қалған.

Жаңалықтар
0