Видео

Меркідегі спорт мектебінде құсбегілер даярланады – видео

Жазылу
Жамбыл облысы Меркі ауданы Ойтал ауылдық округінде халықаралық додалардың жеңімпаздары даярланатын спорт мектебі бар. Мұнда қазір 760 бала оқып жатыр. Мектеп 1980 жылдан бері жұмыс істейді, алайда жаңа ғимарат 2017 жылы пайдалануға берілген

Мектепте құсбегілік, асық ату, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, еркін күрес, шахмат, волейбол, қол күрес, жеңіл атлетика, тхэквондо, каратэ бөлімі ашылған.

"2012 жылы Меркі ауданында құсбегі бар екенін естіп, құсбегінің штатын аштық. Сол жылы Қарағанды облысында жастар арасында Қазақстан чемпионаты болды. Бірінші орынды иелендік. Сол уақыттан бері 9 жылдың ішінде Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы атағын алдық", - деді №22 спорт мектебінің директоры Дулат Маратұлы.

Мектептің мақтанышы – ағайынды Бабажановтар. Бір үйдің үш ұлы ұлттық спортпен айналысады. Әке жолымен келе жатқан ағайындылар алдымен қаршыға баптайды, өсе келе бүркітке ауысады. 21 жастағы Бақдәулет Бабажанов құсбегілік бойынша Қазақстан чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, кейінгі жылдары "жамбы атудан" жетістікке жетіп жүр.

"Ер жетіп, жігіт болған соң қаршығадан бүркітке ауыстым. Әкеміздің артынан еріп, бәріміз құсбегі болып кеттік. Қазір екі інім үшеуміз осы іспен айналысамыз. 2017 жылдан бастап құсбегілікпен қатар жамбы атуға келдім. 2018 жылы Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен соң, ұлттық құрама сабына қосылдым. Сол құраммен Оңтүстік Кореяға барып, 3-орынды қанжыладық", - деді Бақдәулет.

Бақдәулет пен інісі Серікболсын жамбы ату бойынша екеуі де Қазақстан чемпионы атанған. Бақдәулет бүгінде өзі оқыған спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ізінен келе жатқан 15 ауыл баласын құсбегілікке баулып жүр.  Отбасының кенжесі Берікболсын Бабажанов та келешекте ағаларына ұқсап ат үстінде садақ атумен айналысатынын айтты, оған тек уақыт керек.

Ойталдағы спорт мектебіне сол маңдағы 9 ауылдың балалары келіп жаттығады. Жалпы, мектепте 6-18 жас аралығындағы балалар тегін оқиды. Ал чемпиондар шыққан спорт мектебіне қабылдану үшін аса қатаң талап жоқ. Тек баланың денсаулығы спортқа жарамды болуы керек.

Жаңалықтар
0