Қазақстандық спортшылар WhiteCard флешмобын қолдады видео

32
(Жаңартылды 09:29 07.04.2021)
6 сәуірде спорт қоғамдастықтары БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Халықаралық олимпиада комитеті бекіткен – Халықаралық спорт күнін атап өтті

Қазақстан ұлттық олимпиадалық комитетінің сайтында жыл сайынғы мұндай спорттық фестиваль "спорттың қоғамдағы рөлі мен өзара диалог пен түсінушілікті, әлеуметтік интеграция мен бейбітшілікті нығайту күші ретінде мойындалатыны атап көрсетілген.

Спортшылар осы күнді атап өтуге қолдау көрсету үшін жаһандық флешмобқа #TeamKZ хэштегімен қатысты және спорттың позитивті әрі сындарлы құндылықтарын насихаттайтын, толеранттылық пен бейбітшіліктің белгісін білдіретін қозғалысты қолдады.

Биылғы мерекенің тақырыбы таза спортты қорғау болды. Whitecard флешмобының ережелері бойынша ақ парақты келесі қатысушыға беру керек.

"Бұл бұрын-соңды болмаған пандемиямен бетпе-бет келген адамдар мен қауымдастықтарға коронавирус тудырған қиындықтарды жеңуге қолдау көрсетудегі спорттың ерекше күшін көрсетуге мүмкіндік береді. Жыл сайын Халықаралық спорт күнінде бүкіл әлемді WhiteCard қозғалысына қолдау көрсетуге шақырамыз", – делінген комитет сайтында.

32
Кілт сөздер:
спортшылар, спорт

Ғарышкерлер орбитадан құттықтау жолдады видео

58
(Жаңартылды 21:27 12.04.2021)
Халықаралық ғарыш станциясының ресейлік экипажы Жер планетасының тұрғындарын Ғарышкерлер күнімен құттықтады

Осыдан тура 60 жыл бұрын кеңестік зымыран тасымалдағыш "Восток-1" Юрий Гагаринді орбитаға жеткізді. Осылайша Гагарин ғарыш кеңістігіне аяқ басқан алғашқы адам болды.

2011 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 12 сәуірді ғарышқа алғаш рет адам ұшқан Халықаралық мейрам ретінде белгілеуді қарастыратын резолюцияны қабылдады.

Ресейлік ғарышкер Олег Новицкий Гагариннің ғарышқа ұшуы кеңестік технологиялардың артықшылығын күллі әлемге паш етіп, КСРО-ны тұңғыш ғарыш державасына айналдырғанын атап өтті.

Ғарыштан жолданған бұл құттықтауға ғарышкерлер Петр Дубров, Сергей Рыжиков пен Сергей Кудь-Сверчков те қосылды.

58
Кілт сөздер:
ғарышкерлер, видео

"Ешқашан ұмытылмайды": Олжас Сүлейменов Гагарин, ғарыш және Алматы туралы - видео

48
Юрий Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуы қарсаңында белгілі қазақстандық ақын, жазушы, лингвист және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов "Адамға табын, Жер, енді!" поэмасы шыққаннан кейін өзінің әдеби әлемге бірден танымал болғанын еске алды

Олжас Сүлейменов саналы ғұмырында Алматыда екі думанды күннің есінде қалғанын айтты. Бірі – 1945 жылдың 9 мамырындағы Жеңіс күні, екіншісі – 1961 жылдың 12 сәуірінде Юрий Гагарин ғарыш кеңістігін бағындырған сәт.

"Бүкіл әлем 12 сәуірде дүркіреп тұрды. Алматы тікесінен тік тұрды. Бұл мереке болды! Алматыда болған осындай керемет екі-ақ оқиғаны білемін. Бірі – 12 сәуір және 1945 жылдың 9 мамыры. Ол кезде жас болдым. Алматы көшелерінде де осындай үлкен қуаныш болды. Барлығы жақсы көңіл-күйде жүрді. Таңғаларлық. Өкінішке қарай, бұдан басқа мұндай мереке күндері есімде қалмапты", - деп еске алады Олжас Омарұлы.

Оның сөзінше, 1961 жылдың сәуірінде оның жазушы ретінде мансабы басталды. Бұл оның ғарышқа адамның ұшуына арнап "Адамға табын, Жер, енді!" поэмасы шыққаннан кейін болды. Өлең бірнеше күнде бүкіл әлемге тарады, поэма үзінділері әлемнің әр тіліне аударылды.

"Жаздым. Бір апта жазған болармын. Тоқтамастан жаздым, жаздым. Айғайладым! Себебі мұндай дүние үнсіз жазылмайды. Дауыстап айтып отырып жазылады. Бөлме ішінде ары-бері жүргенімнен үйдегілер де қорқып кететін. Нәтижесінде сәуірде "Адамға табын, Жер, енді!" поэмасын аяқтадым", - дейді Олжас Сүлейменов.

Сонымен қатар ақын ғарышкер Юрий Гагаринмен қалай кездескені жайлы да айтты. Олар жиі кездеспесе де, бірнеше басқосудың өзі есінде жақсы сақталған. Олар Вешенская ауылында бірге сөз сөйлеген. Кейін дәмдес болған.

Оның сөзінше, ғарышкердің қазасы туралы қаралы хабар бүкіл елді дүр сілкіндірді.

"Біз сол жерге бардық (Юрий Гагарин қайтыс болған жер – Sputnik). Владимирский облысы Киржач ауданы болу керек. Орманда мүсінші Рукавишников темір ескерткіш, темір құлпытас орнатыпты... темірдің төмен жағына "Адамға табын, Жер, енді..." деп ойып жазылған екен. Ол жерде леп белгісі емес, көп нүкте қойылған. Юрий Алексеевичті осылай шығарып салдық", - деді Сүлейменов.

Олжас Сүлейменов қазір жұрттың ғарышкер Юрий Гагаринді сирек еске алатынын айтып қынжылды.

"Жаңа ұрпақ келді. Не дегенмен арада 60 жыл өтті. Жаңа буын алғашқы ғарышкерлерді ұмытып кетті. Олардың өз қызығушылығы бар. Алғашқы ғарышкерлердің атын атамайды. Қазір олардың өз қаһарманы бар. Алайда осы ерліктің 60 жылдығында адамзат шын түсініп, қандай да бір акция арқылы атап өтуі өте маңызды. Өткізеді деген үміт бар. Гагарин ешқашан ұмытылмайды", - дейді ақын.

48
Кілт сөздер:
Олжас Сүлейменов, видео
Смартфон

Қазақстандықтар мемлекеттік сайттардың осалдығын анықтап ақша таба алады

0
(Жаңартылды 19:30 13.04.2021)
Қазақстандықтар мемлекеттік сайттың осалдығы туралы Bug Bounty бағдарламасының көмегімен хабарлай алады

НҰР-СҰЛТАН, 13 сәуір – Sputnik. Мемлекеттік сайттардың кемшілігі мен осалдығын анықтап, оны жоюға көмектескен қазақстандықтарға ақшалай сыйақы төленеді. Бұл туралы "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығының директоры Серік Холдас мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Қазақстандықтар сайттың осалдығы туралы Bug Bounty бағдарламасының көмегімен хабарлай алады.

"Мұндай бағдарламалар көптеген ірі компанияда – Mail.ru, Яндекс, Uber, Google-да бар. Егер қандай да бір маман, хакер жүйенің осалдығын тапса, ол оны тапсырып, ақшалай сыйақы ала алады. Қазақстанда біз бірегей бағдарламаны іске қостық, мұндай бүкіл әлемде жоқ. Азаматтар барлық мемлекеттік жүйеде анықталған осалдық туралы хабарлай алады", - деді Холдас брифингте.

Ол Ұлттық банкпен бірлесіп BugBounty бағдарламасына барлық банкті қосу мәселесі шешіліп жатқанын айтты.

"Осал емес жүйе болмайды, тіпті пентагонның өзін бұзып жатады. Бірақ қалай да соны қорғау процесін ұйымдастыру қажет. Мәселен, өткен аптада зерттеушілердің бірі бүкіл қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге әсер ететін осалдықты анықтады. Мұның өзі осы бағдарламаның қаншалықты пайдалы екенін көрсетеді", - деді орталық директоры.

0
Тақырып бойынша
Маман телефондағы көпшілік біле бермейтін PIN-кодтың пайдасы туралы айтты
"Кез келген адам ақша таба алады": Қазпошта жаңа қызметті іске қоспақшы
Алаяқтар картаның кодын қалай біліп алады – министрлік ақпарат берді
Ұялы телефон арқылы қалай қосымша ақша табуға болады – маман кеңесі