Видео

"Отанымды жақсы көремін": қазақстандықтар басқа елге неге кетпейтінін айтты - видео

Жазылу
Жуырда Ranking.kz Қазақстаннан былтыр 29,1 мың адам көшіп кеткенін хабарлады. Негізінен, техник-мамандар, экономистер мен педагогтер шетел асқан. Ал елге келгендер саны небәрі 11,4 мың ғана

Мұндай жалаң цифрлар көңілге қаяу, ойға алаң салары анық. Елді тастап кетіп жатқан кімдер? Олардың қоныс аударуына не себеп? Осы сынды сұрақтар көпшілікті мазалайды. Осыған байланысты Sputnik Қазақстан тілшісі Нұр-Сұлтан тұрғындары арасында сауалнама жүргізді. Қазақстандықтар "Елден кеткіңіз келе ме?" деген сұраққа жауап берді.

Сауалнамаға қатысқандардың барлығы дерлік Қазақстанды ешқандай елге айырбастамайтынын қадап айтты. Олар кіндік қаны тамған Отанын тастап кетуді ойламайды, керісінше, қазақ елінің көркейіп, дамығанын қалайды.

"Не үшін кетемін? Қазақстан – ата-бабамыз туып-өскен жер, кіндік қанымыз тамған жер, елді мекеніміз. Ешкімге сатпаймыз да, бергіміз де келмейді, кеткіміз де келмейді. Балаларымызды да солай тәрбиелейміз", - дейді тұрғындардың бірі.

"Өз елімді жақсы көремін. Оның одан әрі дамып, тәуелсіз болғанын, адамдар өз құқығын қорғап, барлық мүмкіндік жасалғанын қалаймын. Сол кезде бәрі жақсы болады деп ойлаймын", - деген пікір білдірді тағы бірі.

Енді бірі шет елдерде ұзақ қала алмайтынын, бір-екі аптадан кейін Қазақстанды сағынатынын айтады.

"Шет елдерді араладым, бір-екі жұмадан кейін үйге қайтқың келеді. Бұдан да қиын заманда ата-анамыз өмір сүрді ғой. Оған қарағанда біз өмір көрдік, білім алдық, сондықтан Қазақстанды жамандай беруге болмайды",- деді астаналық.

Десе де, бірлі-жарымы Қазақстаннан кеткісі келетінін жасырмады. Мәселен, біреуі Англияда өмір сүруді армандайды. Шет елге ақша табу үшін барып қайтқысы келетіндер де кездесті. Толығырақ біздің видеодан тамашалаңыз.

Жаңалықтар
0