Видео

Отанға оралу: Ржев маңында қазақстандық жауынгерлердің сүйегі табылды – видео

Жазылу
Сәуір айының соңында ресейлік "Пионер" іздеу тобы Ржев маңынан майданда мерт болған үш жауынгердің сүйегін тапты. Марқұмдардың өздерімен болған медальондарының арқасында олардың қазақстандық сарбаздар екені анықталды

Олардың есімі – Қамен Жұманов пен Төлебай Жұмабеков және Жағыпар Оразбаев еді. Сүйектер Белково тоғайынан табылды. Ал бұл жерде Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстаннан шыққан жауынгерлерден құралған 114-атқыштар бригадасы шайқасқан.

Еріктілер қайтыс болған жауынгер Қамен Жұмановтың қызы – 83 жастағы Мәдиниет Аяпбекованы да таба алды. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Мәдиниет апа әкесінің сексен жыл бұрын майданға аттанғанын айтқан. Ал 1941 жылы ол небәрі үш жаста болатын.

Бүгінгі таңда Қамен Жұманов пен Төлебай Жұмабековтің сүйегін отанына жеткізіп, жерлеу жоспарланып отыр. Ал үшінші сарбаз – Жағыпар Оразбаев – 22 маусымда Ржевтегі мемориалды зиратқа жерленеді.

Оқи отырыңыз: Алматылықтар Ұлы Отан соғысының батырларын біле ме – видео

Айта кетейік, "Атамның аманаты" қоғамдық бірлестігі 2019 жылдың мамырында құрылды. Оның басты мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабарсыз кеткен қазақ жауынгерлерінің тағдырын анықтау. Ұйым дерегінше, Қазақстаннан 271 000-нан астам жауынгер ұрыс даласында хабарсыз кеткен.

Қазіргі кезде қоғамдық бірлестік Ресей, Беларусь, Украина және басқа да елдердің іздестіру топтарымен өзара байланыс орнатқан. Екі жыл ішінде "Атамның аманаты" ұйымына 4 мыңнан астам жауынгер ұрпағынан өтініш түскен. Оның ішінде 850-ге жуық адамға қатысты деректер анықталды.

Жаңалықтар
0