Видео

Қазақстандықтар Денис Тен жайлы ой бөлісті – видео

Жазылу
Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің көз жұмғанына үш жыл толды. Қазақстандықтар оны ақжарқын және жаңа идеялардың жаршысы ретінде еске алды

Бүгін алматылықтар Денис Теннің ескерткішіне гүл шоғын қойып, оны құрметпен еске алды. Sputnik Қазақстан тілшілері мемориалға келген алматылықтардан қазақстандықтар үшін Денис Теннің орны мен оның қазасы неге ауыр соққы болғаны туралы блиц-сауалнама жүргізді.

"Денис Тен біздің заманымыздың батыры болды. Ол Қазақстанның атын шығарды, біз барлығымыз оны жақсы көрдік, мақтан тұттық. Қазір аза тұтып отырмыз. Бұл біздің спорттың орны толмас өкінішіне айналды. Ол әлі де талай биікті бағындырып, елді әлемге танытар еді", - дейді қала тұрғыны.

Блогер Жанна Ахметова Денис Теннің қазасына қатты қайғырғанын жеткізді.

"Бұл үлкен қасірет. Мен оның анасына хат жаздым. Анасын танимын. Бұл адам сенгісіз жағдай. Бұлай болмауы керек еді. Ел мақтанышы, дарын иесінің қазасы әрине қасірет", - дейді ол.

Алматылық Алексей қайғылы жағдайдың қаланың қақ ортасында күндіз болғанына және Денис Теннің жастай көз жұмғанына қынжылады. Ол спортшы тірі болғанда Қазақстанның қоржынына әлі талай медаль салатын еді дейді.

"Ол үлкен биіктерді бағындырған ұлы адам. Барлығы соған қарап бой түзейтін. Сондықтан ол тап осы орталықта көз жұмғанда, бұл жағдай барлығын есеңгіретіп тастады. Себебі тәртіп сақшылары қала ортасында осындай жағдайдың болуына жол берді", - деді Денис Теннің мемориалына келген қала тұрғыны.

Тағы бір алматылық Денис Тен көз жұмған ауданға жақын жерде тұратынын айтып, сол маңнан өткен сайын спортшыны еске алатынын жеткізді.

"Біз Денисті жақсы көрдік, ол біздің мақтанышымыз болатын. Небәрі 25 жаста еді. Универсиада болған кезде Денис Тен үшін "Алматы Аренаға" барған едім. Ол сол жақта өнер көрсетті. Димаштың SOS концертінде Тен билеуі керек еді. Бірақ олай болмады. Мен Денис Тен қайтыс болған жерге жақын тұрамын. Сол маңнан өтіп бара жатқан кезде әркез оны еске аламын. Ол мәңгі біздің жүрегімізде қалады", - деді ол.

"Біз қызықты әрі мейірімді, өз саласындағы индустрияны дамыта алатын адамнан айырылып қалдық. Ол ақылға қонымсыз жағдайда көз жұмды", - деп санайды сауалнама қатысқандардың бірі.

Анастасия есімді қала тұрғыны Денис Тен ел мақтанышы болғанын және сол қайғылы жағдай Қазақстанның бір бөлшегін жұлып әкеткендей әсер қалдырғанын айтты.

"Денис Тен спорттағы басты тұлғалардың бірі болатын. Бізде төзімділігі, қабілеті мен дарыны осыншалықты жоғары спортшы көп емес. Бұл ешкім күтпеген қайғылы жағдай болды. Әлі күнге дейін сол оқиға ешкімді бей-жай қалдырмай отыр. Сондықтан біз ол көз жұмған орынға келіп, оны құрметпен еске аламыз", - дейді алматылық.

Денис Теннің қазасы

Тура үш жыл бұрын, 2018 жылдың 19 шілдесінде қазақстандық танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен көз жұмды. Ұрылар оның көлігінің айнасын шешіп жатқанда спортшы оларға кедергі жасамақ болды. Денис Тен олардың соңынан қуып, біреуін ұстаған сәтте екінші қылмыскер оның жамбас тұсынан пышақпен жарақаттады. Жедел жәрдем жеткенге дейін Денис Тен көп қан жоғалтып, ес-түссіз жатқан. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше сағат күрескенімен, аман алып қала алмады.

Кейіннен спортшыны Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов атты екі азамат өлтіргені белгілі болды. Тергеу барысында олар өздері жаралаған азаматтың танымал спортшы екенін білмегенін жеткізді. Сот үкімімен қос қылмыскердің әрқайсысы 18 жылға сотталды. Жауапқа тартылғандардың бірі Жанар Толыбаева қылмыс туралы хабарламағаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды.

Денис Теннің қайғылы қазасы тек қазақстандықтарды емес, бүкіл әлемді есеңгіретіп тастады. Спортшының өлімінен кейін адамдар ішкі істер министрлігінде реформалау жүргізуді талап етіп, Қазақстандағы өмірді қауіпсіз ету үшін бірікті.

Денис Тен қайтыс болған орында қоршаудағы фотопортреттен құралған еске алу қабырғасы пайда болды. Қайғылы оқиғадан кейін адамдар мұнда гүл шоқтарын қойып, ойыншықтар әкелді. Бір жылдан кейін Тенді жарақаттаған жерде спортшыға ескерткіш қойылды.

Жаңалықтар
0